Жоғары дәрежелі жүйкелік қызметтің типтері жайлы ілім.Жоғары дәрежелі жүйкелік қызметінің типтері (нұсқалары) деп жүйке жүйесінің жеке дарақтарға тән қасиеттерінің жиынтығын айтады. И.П.Павлов іліміне сәйкес жоғары дәрежелі жүйкелік қызметтің жеке сипаттары қозу мен тежелу процестерінің пайда болып, өршу ерекшеліктеріне байланысты. Жануарлар мінез-қылығын мұқият бақылағанда әрбір дарақтың тітіркендіргішке қайтаратын жауабында тек өзіне ғана тән өзгешеліктері болатынын байқауға болады. Мысалы, бір тауық жемге алдымен келеді, үркіткенде қашпайды, қақтығыстарға батыл кіріседі, өз орнын оңай табады. Басқа тауық астаушаға кеш келеді, жасқаншақ келеді, қақтығыстан қашады, қонақтайтын орнынан адасып жүреді. Құс реакциясындағы мұндай ерекшеліктер оның жүйке жүйесінің қасиеттерімен байланысты. Өз кезегінде жүйке жүйесінің қасиеттері ОЖЖ-де пайда болатын қозу және тежелу процестерінің ара қатынасына сәйкес қалыптасады. Әр дарақта қозу және тежелу процестері бір деңгейде қалыптаспайды. Олар күшімен, теңдестігімен және жылжымалылығымен ерекшеленеді. Осы қасиеттер ара қатынасындағы өзгешеліктер жоғары дәрежелі жүйкелік қызметтің типтік ерекшеліктерінің негізіне алынады.
Жүйкелік процестердің күші ми қыртысы торшаларының жұмыс қабілетімен, олардың ұзақ әрі ауыр жұмыстарға төзімділігімен анықталады. Бұл қасиет қыртыс торшаларының жұмыс қабілетінің шегін сипаттайды. Ол дұрыс не бұрыс шартты рефлекстер қалыптастыруға қажет тітіркендіргіштердің ең жоғары күшімен анықталады. Жүйкелік процестер күшті немесе әлсіз болуы мүмкін. Кейбір құстарда шартты рефлекстер әлсіз тітіркендіргіштерге де, күшті тітіркендіргіштерге де оңай қалыптасады, ал басқа біреулерінде күшті тітіркендіргіштер әсерінен, керісінше, шектен тыс тежелу туындайды. Оларда шартты рефлекстер тек әлсіз және орташа күші бар тітіркендіргіштерге ғана қалыптасады.
Жүйкелік процестердің теңдестігі қозу және тежелу процестері күшінің ара қатынасымен анықталады. Егер жүйке жүйесінде аталған процестер күші бірдей болса, онда ол теңгерілген, ал бірдей болмаса - теңгерілмеген болып табылады. Жүйкелік процестері күшті, бірақ қозу процесі басым жануарларға күшті қозғыштық тән болады, оларда оң шартты рефлекстер жеңіл қалыптасады, бірақ жіктеу процесі өте нашар жүреді. Егер қозу процесі тежелумен салыстырғанда әлсіздеу болса, ондай жануарларда күшті тітіркендіргіштер көбінесе ми қыртысында тежелу тудырады.
Жүйкелік процестердің жылжымалылығы қозу мен тежелудің бірін-бірі алмастыру жылдамдығымен сипатталады. Бұл қасиетпен сыртқы орта жағдайына байланысты жануардың мінез-қылығының өзгеру шапшаңдығы байланысты. Жүйкелік процестер жылжымалы (лабильді) немесе тоқыраңқы (инертті) болуы мүмкін. Жүйкелік процестердің жылжымалылығы жоғары болса, жануар сыртқы ортаның құбылмалы жағдайларына шапшаң бейімделеді.
Жоғарыда аталған жүйкелік процестердің үш қасиеті - күші, теңдестігі және жылжымалылығы, жүйке жүйесінің типтік ерекшеліктерінің негізінде жатады да, құстың мінез - қылықтық реакцияларына организмнің жалпы тонусына, оның жұмыс қабілеті мен өнімділігіне әсер етеді.
Жүйкелік процестердің күшіне, теңдестігіне және жылжымалылығына қарай И.П.Павлов жоғары дәрежелі жүйкелік қызметті төрт типке бөлген.
Күшті теңгерілген ұстамсыз типке жататын жануарларда қозу мен тежелу процестерінің күші жоғары болады да, қозу процесі тежелуден басымырақ келеді. Ми қыртысында қозудың күші басым болғандықтан ол тез таралады да, ішкі тежелу процесінің туындауы, жіктеу процесі қиынға соғады. Бұл типке жататын жануарлар шамадан тыс қозғыш, агрессивті, ұстамсыз, үркек келеді, үйретуге қиын көнеді.
Күшті теңгерілген жылжымалы типке жататын жануарларда қозу мен тежелу процестерінің күші жеткілікті әрі шамалас болады және бір процесс екіншісімен оңай, шапшаң алмасады. Ми қыртысында оң және теріс индукция айқын байқалады, сондықтан жүйке процестері шамадан артық жайыла алмайды. Бұл типке жататын жануарлар сыртқы орта жағдайларына шапшаң бейімделеді, әрбір жаңа тітіркендіргішті тез аңғарады, оларды оңай қабылдайды. Олардың өнімділігі жоғары болады.
Күшті теңгерілген инертті тип өкілдерінде де жүйке процестерінің күші жеткілікті болады, бірақ олар бір-бірімен баяу алмасады, жүйкелік процестерге тоқырау сипаты тән. Рефлекстер қиын қалыптасады, бірақ ұзақ сақталады. Мұндай типке жататын жануарлардың жұмыс қабылеті жоғары болады, олар батыл келеді, сыртқы әсерге жауабы бапты, баяу келеді, сондықтан олар қоршаған ортада байқалатын шапшаң өзгерістерге нашар бейімделеді.
Әлсіз типке жататын жануарларда қозу және тежелу процестері нашар пайда болады. Олардың сезімталдығы жоғары болғанымен, жұмыс қабілеті, төзімділігі төмен, сыртқы орта жағдайларына бейімділігі нашар келеді, жиі ауырады, қорқақ, жасқаншақ болады.
И.П.Павлов ұсынған жоғары дәрежелі жүйкелік қызметтің нұсқалары Гиппократтың адам темпераментін жіктеуімен сәйкес келеді. Дегенмен, тек нақтылы бір типке ғана жататын өкілдер сирек кездеседі. Негізінен жануарлар әртүрлі типтердің жиынтығы немесе бір тип пен екінші типтің аралық нұсқасы болып келеді. Жоғары дәрежелі жүйкелік қызметке тән типтік ерекшеліктер өте ерте қалыптасқанымен, жүйкелік процестер тіршілік барысында жетіле, нығая түседі, оның жылжығыштық қасиеті үйрету кезінде, сыртқы орта жағдайына қарай өзгереді, жақсарады.
Құстардың жоғары дәрежелі жүйкелік қызметін В. В. Пономаренко (1959) зерттеген. Жоғары дәрежелі жүйкелік қызметінің ерекшеліктері құстың өнімділігіне, оны шаруашылықта пайдалану мерзіміне ықпал етеді. Күшті тип өкілдерінің өнімділігі жоғары, ал әлсіз типтің өнімділігі төмен болады.
Бақылау сұрақтары. 1. Жоғары дәрежелі жүйкелік қызмет деген не? 2. Мидың талдау және жинақтау қызметінің мәне неде? 3. Шартты рефлекс деген не? 4. Құстар үшін шартты рефлекстің маңызы неде? 5. Шартты рефлексті қалыптастыру үшін қандай шарттарды сақтау қажет? 6. Шартты рефлекстің қалыптасу механизмін баяндаңыз. 7. Шартсыз тежелу деген не? 8. Шартты тежелу деген не, оның қандай түрлерін білесіз? 9. Ұйқының мәні мен маңызын баяндаңыз. 10. Динамикалық стереотип деген не, оның маңызы қандай? 11. Жоғары дәрежелі жүйкелік қызметтің типтері деген не, оның практикада қандай маңызы бар?