Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету. Сыни тұрғыдан ойлау ой жүгірту, пайымдау жасау немесе проблеманы шешу үдерісі жүрген барлық жағдайларда, яғни неге сенуге болатындығын, не істеу керектігін және бұны ойластырылған әрі рефлексивтік тәсілмен қалай істеуге болатындығын анықтау қажет болған жағдайлардың барлығында орын алады.
Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталады. Сыни тұрғыдан ойлау бақылау, тәжірибе, толғану және ой жүгірту нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бағалау, талдау және синтездеуде қолданылатын әдіс болып табылады, сонымен қатар ол әрекет жасауға негіз, түрткі болуы да
мүмкін. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе бір нәрсені елестетуге, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекеттің жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерін енгізуге дайын болуды көздейді, ол ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге бейімділік пен басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді.
Сыни тұрғыдан ойлау дағдыларының негізгі тізбесіне:
қадағалау;
интерпретация;
талдау;
қорытынды жасау;
бағалау;
түсіндіру;
метатану білім алуды үйретудің қозғаушы күші кіреді.
Сарапшылардың пікірінше, сыни тұрғыдан ойлау проблемаларымен белсенді айналысатын адамдар мен топтар:
қадағалау жолымен алынған деректерге;
шешім қабылдауға арналған тиісті критерийлерге;
ой-пікір, пайымды қалыптастыру үшін қолданылатын әдістерге;
алдағы проблемалар мен мәселелерді түсіну үшін қолданылатын теориялық құрылғыларға лайықты көңіл бөледі.
Негізгі деңгейде сыни тұрғыдан ойлау үдерісі:
релеванттық ақпараттар (іске қатысты нақты мәселе бойынша жиналатын ақпарат) жинауды;
дәлелдерді сыни тұрғыдан талдау мен бағалауды;
кепілдендірілген шешімдер мен жинақталған қорытындыларды;
ауқымды тәжірибе негізінде болжамдар мен ұсыныстарды қайта қарауды қамтиды [120].
Студенттердің басқалардың көмегіне жүгіне отырып жасайтын қадамдары мен аудиторияда жүзеге асыру кезінде қолданылатын дағдылары төменде берілген:
Көру арқылы немесе ауызша дәлелдерден алынған ақпараттармен танысыңыздар. Бұл тапсырма негізгі дереккөздерден оқу арқылы алынған ақпаратқа да, шолулар мен сауалнамадан жинақталған деректерге де, оқулық, энциклопедия немесе Web-сайт сияқты қосалқы дереккөздерден жиналған ақпаратқа да қолданылуы мүмкін.
Дәлелдерді зерттеуді құрайтын немесе дәлелге негіз етіп алынған, кешірек жасалған іс-әрекеттерді айқындайтын негізгі тармақтарды, болжамдарды немесе ұсыныстарды анықтаңыз.
Бұл негізгі құрамдар, көру және ауызша дәлелдер қалай біріктірілгенін және бір-бірімен өзара байланысатынын талдаңыз.
Жекелеген суреттердің немесе түрлі жеке пікірлер мен естеліктердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстырыңыз және зерттеңіз.
Дәлелдер мен бірқатар ойларды құру үшін түрлі ақпарат көздерін біріктіріңіз. Сіздің ойыңызды қалыптастыратын және қолдайтын түрлі ақпарат көздері арасында байланыс орнатыңыз.
Зерттеуіңізбен байланысты дәлелдердің заңдылығы мен беріктігі сіздің болжамдарыңыз бен ойларыңызды қаншалықты қолдайтынын немесе қайшылықтар тудыратынын бағалаңыз.
Зерттеудің негізіне алынған сұрақтардың жауаптарын интерпретациялау нәтижесінде алынған біліміңізді қолданыңыз.
Жасалған қорытындыларды негіздеп, өзектілігі мен маңыздылығын анықтаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |