2 ОҚУШЫЛАРДЫҢ СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУЫ - БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕПІЛІ
2.1 Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
«Әр бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» Ж.Баласағұни Мемлекет мәдениетінің айнасы – мектеп. Шын мәнісінде еліміздің әлеуметтік, мәдени, саяси, психологиялық жай-күйі халықтың білім жүйесінен, оның деңгейінен, ағартушылық ісәрекетінен анық аңғарылады. Осы орайда, жазушы Ә.Кекілбаевтың «Уақыттың жалғыз өлшемі бар, ол – адам ғұмыры. Адам ғұмырының жалғыз өлшемі бар, ол – арттағы халықтың қамы үшін бітіретін іс» - деген сөзін еске алсақ, осындай үлкен іс атқарар бір сала – мектеп және оның мұғалімі. Қай кезде де ұстаз еңбегінің өлшеуіші – білім сапасы. Бүгінгі күннің мұғалімге қояр талабы да жоғары. Мектептегі басты тұлға мұғалім болғандықтан уақыт талабы олардан жанжақты біліммен қаруланған мәдениетті, биік адамгершілікті қажет етеді. Баланы озық ойлы, жан-жақты тәрбиелеу үшін мұғалімнің өзінің дәрежесі биік болуы тиіс.
Бүгінгі күні мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісін жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр. Мектеп құрылымында болып жатқан өзгерістер, білім беру мақсатының алмасуы, оның дамытушылық сипаттарының бекітілуі, көп нұсқалық оқытуға көшу сияқты мәселелер орындаушылардан шығармашылық бастамалық жұмыстың жоғары сапасын және кәсібилікті талап етеді. Мектеп оқушыларының қабілеттері екі түрлі қабілетте дамиды. Біріншіден, кез келген бала оқу әрекетінде адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақталған тәжірибесін меңгерсе, екіншіден, кез келген оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен шығармашылық әрекеттің айырмашылығы – ол баланың өзін – өзі қалыптастыруына өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған жаңа әдістәсілдерді іздейді. Мұғалімнің міндеті – баланың өзіне деген сенімін арттыру, өзін тұлға ретінде сезінетіндей мүмкіндік ашу, өзін тұлға ретінде сезінген бала әрқашан өмірде өз жолын таба алады.
Жаңа ғасырдың жеке тұлғасын қалыптастыру бағытында білім беру мәселесі басты назарда болып отырғандықтан елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, білім беру мазмұнының түбегейлі өзгеруі, оның әлемдік білім кеңістігіне енуі мұғалімдер алдына жаңа талаптар , жаңа міндеттер қойып отыр. Заманауи білім берудің тиімді тәсілдері мен әдістерін табуда мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттеп, жинақтау ісі – әрі қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңдағы білім беру – өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-ойы мен дамуының, мәдениетінің деңгейін анықтаушы фактор. Экономиканың қарқынды дамуы үшін қазіргі нарық қатынасы талаптарына жауап бере алатын, сыни ойлана алатын, шығармашыл адамдар қажет. Білім берудің негізгі мақсатына қатысты қазіргі қоғамда жаңа ұғым пайда болды. Мұғалім ең алдымен оқушының өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға ат салысу керек. Өйткені бұл -тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке үйлесуге апаратын сара жол. Бүкіл дүние жүзіндегі болып жатқан осындай құндылықтардың өзгеруі жас ұрпақты дайындау міндетімен байланысты. Біздің қоғамға жаңа мағлұматтарды қабылдап қана қоймай, оны ойлана отырып, сыни талқылап, ой елегінен өткізе білетін оқушылар керек. Яғни, оқушылар мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, осы алған мәліметтері пайдалы болатындай ойланулары керек. Олар жаңа идеяларды әр түрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алулары қажет. Қазіргі таңда еліміздегі білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын ең басты педагогикалық тәсілдерінің бірі – «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы. Мұғалімдер бұл жобамен жұмыс істеу үшін оның теориялық, әдіснамалық ерекшеліктерін білулері керек деп ойлаймын.
Сыни ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. “Сын тұрғысынан ойлау” ұғымы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя білу, салыстыра алу, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарау деп түсіндіреді авторлар. Қазақстанда «сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы» 90 жылдарда мұғалімдер үшін әйгілі бола бастады. Мазмұны жағынан бұл бағдарлама оқыту әдістері бағытының бірі болып табылады. «Оқу мен Жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасы – RWCT ағылшынша Readinq and Writinq for Critical Thinkinq, яғни, орысша аударғанда «Развитие критического мышления через чтение и письмо». RWCT жобасында сабақ құрылымы анық көрсетілген және оқушылардың әрекеттері үшін нақты стратегиялар беріледі. Америка философы әрі педагогі Джон Дьюи сыни тұрғыдан ойлау оқушылар тек нақты бір мәселемен айналысқанда ғана пайда болады деп есептемейді. Дьюидің айтуы бойынша мәселелерге ерекше көңіл аудару оқушылардың табиғи әуесқойлылығын оятып, оларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелейді. «Нақты бір мәселені қарастырып, қиын жағдайдан шығудың жолын іздеу арқылы оқушы шын мәнінде ойланады». Ойлау үдерістерін өз бетімен ұйымдастыру ең алдымен бірлескен оқу әрекетінде пайда болады. Оқушы әрекеттің мақсаттары, құралдары мен шарттарының арасындағы қатынасты біртіндеп түсіне бастайды. Қазіргі кезде балада ойлаудың ерекшеліктерін жоғары қарқынмен мақсатты қалыптастыру мүмкін екені дәлелденді. Ойлау – бұл оқуға, жазу іскерлігіне, сөйлеу мен тыңдауға ұқсас үдеріс.
Сыни ойлау және оқыту – мұғалімдер идея мен тәжірибенің әртүрлілігін түсінгенде және қолданғанда болады. Сыни ойлауға оқыту – жеңіл міндет емес. Оны белгілі кезеңде орындап, кейін ұмытып кетуге болмайды. Сыни ойлауға апаратын қатаң реттелген қадамдар тізімі жоқ. Дегенмен, сыни ойлауды дамытатын оқу шарттары бар екенін естен шығармау керек. Олар төмендегідей:
1. Оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру.
2. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау.
3. Оқушылардың оқу үрдісіндегі белсенділіктерін мадақтау.
4. Оқушыларға мысқылсыз еркін атмосферада жұмыс істейтіндіктеріне ке-пілдік беру.
5. Сыни ойлау тәжірибесі үшін уақыт пен мүмкіндіктер қамтамасыз ету.
6. Кез-келген оқушының сыни шешімді қабылдай алатын қабілетіне сенімдік білдіру.
7. Сыни ойлауды бағалау.
Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған бағдарлама. Оқушыларды шығармашылдық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін дамытуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Шығармашылық жұмыстар оқушыларды ойлауға жетелеп, қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілетін арттыруға, белсенділікке ынталандырады.
Тиімді сыни ойлауға қатысу үшін оқушыларымыз өздеріне деген сенімдерін және өз пікірлері мен идеяларының құндылықтарын түсінуін арттыруға, оқыту үрдісіне белсенді қатысуға, басқалардың пікірлерін сыйлауға, пікірді қолдауға және құрастыруға дайын болулары керек. Сыни тұрғыдан ойлау мәтінді есепке ала отырып, бақылау мен тыңдау арқылы дәлелдер жинастыру және шешім қабылдау үшін талапқа сай өлшемдерді қолдану сияқты дағдыларды дамытуды қарастырады. Сыни тұрғыдан ойлаудың бұл дағдылары төмендегідей сипатталады:
- Бақылау;
- Талдау;
- Қорытынды;
- Интерпретация
Сын тұрғысынан ойлауға оқытуда сабақ құрылымы үш сатыдан тұрады: қызығушылықты ояту (итермелеу сатысы), мағынаны тани білу (конструкциялау сатысы) және ой толғаныс (нұсқалау сатысы) сатысы. «Сөз таптарын сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін сабақтар топтамасына қалай енгіздім? Итермелеу, Конструкциялау, Нұсқалау сатысы, сәйкестендіру картасы, Венн диаграммасы, Бағытталған оқу, графикалық органайзер, Ой шақыру, Терминдер, суреттер арқылы болжау. Бұл әдісті қазақ тілі мен әдебиет пәніне қолдану өте тиімді және сабақта оқушыны сыни ойлауға ықпал ету мұғалімнің білімі мен шеберлігін қажет етеді. Сондықтан, өз іс-тәжірибеме осы әдістерді қолдана бастадым. Сыни тұрғыдан оқыту стратегияларын пайдалану нәтижесі ойлай, пайымдай, нақтылай, жүйелей, дәлелдей білу болып табылады. Егер, оқушылар осы аталған ой операцияларын орындай алса, ол – мұғалімнің нәтижелі еңбегінің жемісі. Біздің іс-тәжірибемізде Сыни тұрғыдан оқыту стратегиялары оқушыларды сыни ойлауға жетелеуде өз жемісін берді. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі артып, қызығушылығы ояна бастады. Сыни тұрғыдан оқыту бағдарламасының стратегияларын пайдалана отырып, сөз таптарын оқытуда мынадай нәтижелерге қол жеткіздім:
- оқушылардың белсенділігі, ынтасы артты;
- пәнге қызығушылығы оянды;
- оқушылар сұрақ қоя білуге және оған жауап беруге үйренді;
- әр түрлі дәстүрлі емес жағдайларда өз бетімен шешім таба білуге
үйренді;
- жазу арқылы олар оқыту әдісіне бейімделді;
- оқушылар бірін-бірі бағалауға , өзін-өзі бағалауға үйренді;
- оқушылардың шығармашылық дағдысы қалыптасты;
- Сөз таптарын меңгерді.
Мұғалімнің жан-жақты білімділігі мен өз пәніне сүйіспеншілігі балаларды қатты еліктіреді. Мұның өзі сабақтың қызықты болуын, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын қамтамасыз етеді. Өзін-өзі сыйлайтын, пәнін толық білетін және оның құндылығын жете түсінетін ұстаз өз сабағына немқұрайлы қарауға төзбейді. Ол барлық оқушыларды өтіліп отырған тақырыпты жете түсінуге жұмылдырады. Ол үшін ұстаз қауымы түрлі әдісті пайдалана отырып, «Оқу оқып, білім алу – менің ең қасиетті адамзаттық борышым, еліме қосатын үлесім» деген пікірді ұғындыруға тиіс. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ екенін ескерсек, сол жас ұрпақтың кеудесіне білім нәрін құятын – мұғалім. Жазушы Ғ. Мүсіреповтің сөзімен айтсақ: «Оқушы жастардың ең сенімді, сыр жасырмай айтатын адамы - мұғалім». Ұстазды көргенде жеритін шәкірт емес, оны көруге асығатын шәкірт тәрбиелеу керек. Мұғалімнің қасына үйіріле топталып, ерекше ынтамен сабаққа дайындалып, қызыққан оқушыларды көру – ұстаз үшін де бақыт болуы тиіс. Сонда ғана еліміздің білім жүйесі биік нәтижелерге қол жеткізеді.
Сөз таптарын оқытуда сын тұрғысынан ойлауды қалыптастыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту барысында; оқушының оқу мен жазу арқылы сыни тұрғысынан ойлауын дамыту, қиялын шарықтату және сезімін ояту сынды міндеттерді анықтадым. Сыни тұрғыдан оқу мен жазудың көмегі зор. Бұл жұмыстарды бірнеше тақырыптар көлемінде өткіздім. Оқушы жеке жұмыс істеуге жаттығады. Өз ойын көпшілікке жеткізуге ықпал етеді. Әдебиеттік оқу сабағында «Құмдағы құпия» тақырыбында «Түртіп алу жүйесі» әдісін пайдаландым. Оқушының әрекеті: 1. Оқушы мәтінді оқу кезінде бірнеше белгілер қойып отырады. 2. Бұл әдіс оқығанын саналы түсінуге, өз ойын басшылыққа алуға, ойын білдіруге үйрететін ұтымды әдіс. Мұғалімнің әрекеті: «Әдеби үйірме» әдісі–әдебиеттік оқу «Жер ғаламшарына қамқорлық жасаймыз» тақырыбы бойынша берілген мәтінді оқу, талдау жұмыстарын өткізгеннен кейін сыныпты топтарға бөлу. Оқушылардың әрекеті:
1-топ Сілтеме табушылар. ( Мәтіннен қызықты жерлерін табады)
2-топ Сұрақ қоюшылар. (Мәтіннің желісі бойынша топты ойландыратын сұрақ қояды)
3-топ Баяндаушы. (Мәтін бойынша, Топта өткен ой талқысы туралы баяндама жасау.)
4-топ Ізденуші. (Қосымша ақпарат, мәлімет жинақтайды)
5-топ Реттеуші. (Ой талқысына қатысады, кезекпен сөйлейді, тәртіпті, бәрінің қатысуын қадағалайды.)
Сабақтың соңында мәтіннің тақырыбына байланысты өз ойларын білдіріп, көкейлеріне не түйді соны қағаз бетіне түсіреді.
Еркін жазу не эссе жазу: «Бай қайыр сұраған адамға еш нәрсе бермеп еді, басына іс түсіп,өзі де қайыр сұрап қалды. Ал кедей оған жамандық тілеген жоқ, керісінше байды аяды».... «Құдайдан сұрағанның, бүйірі шығар» деген осы. Баланың шығармашылығын дамытуда мынандай әдістерді қолдандым. Әр тақырыптың идеясын оқушылар сөз таптарының ережелерін еске ала отырып, өздері ашады. Кейіпкерге айналады, онымен бірге қуанады, қиналады, армандайды, қиялдайды, жағымды жағын алады. Мысалы: «Қарлығаш» тақырыбын көрнекілік әдісі арқылы тақырыпты оқушылар өздері ашты. Ол үшін «Қарлығаш, жылан, бала» сөздерін алдым. Бұл сабақта Сын тұрғысынан ойлау техналогиясының «Болжау кестесі» стратегиясын қолдандым. Не болды? Қарлығашқа бір қауіп төніп тұр. Жылан қарлығашты жемекші, не бала қарлығаштың жұмыртқасын жармақшы. Дәлел Қарлығаштың ащы шырылы құлаққа тиді. Жаны ашыған қарлығаштар жанында жүр. Не болды? Қарлығаш тастай ағып жерге топ ете түсті. Талқылау кестесі арқылы проблемалық сұрақ туғыза отырып, талқылау:
1. Қарлығаш аман, тірі қалсын ба? Тірі қалсын.
2. Әлде жылан қарлығашты жеп қойсын ба? Жоқ
3. Бала қарлығашты құтқарсын ба ? Құтқарсын
4. Бала мақсатына жетті ме? Бала мақсатына жетті.
5. Бала неге қуанды? Бала қарлығашты аман алып қалғанына қуанды. Сонымен бірге 5 жол өлең құрастыру арқылы да оқушылардың тақырып бойынша ойын жинақтап, шығармашылығын дамыту жолын сабақта жиі қолданамын. Жаңа тақырыпқа байланысты сөздік жұмысын жүргізген кезде, жаңа қолданылған сөздерге сөйлем ойлап жазумен бірге, сол сөздерді қолданып, 5 жол өлең құрастыруды да тапсырамын. Мысалы: «қырбық қар» жаңа түскен қар. 1.Ақша қар 2.Мамықтай, ақ ұлпадай. 3.Жалп-жалп, ұшып жүріп жауады. 4. Даланы ақ көрпеге орайды. 5. Қырбық қар - деп құрастырады.
Сын тұрғыдан оқу мен жазу бағдарламасының нәтижесі төмендегідей болды. Сыни тұрғыдан ойлау құрлымы бойынша ұйымдастырылған сабақтар баланың ізденімпаздық, зерттеушілік, дәлелдеушілік, шығармашылық қабілеттерін дамытуына көз жеткіздім. Сабақта Сын тұрғысынан оқыту техналогиясының стратегияларын пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отырдым. Баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлеуге, дәлелдеуге үйретеді. Сонымен қатар, бала қиялына қанат бітіріп, оның білімге деген құштарлығын оятады. Оқушылардың оқу машығының өсуіне ықпалын тигізіп оқушының өзіндік ой пікірін қалыптастырып, жазбаша және ауызша тілін дамытады. Сабақта қолданылған стратегиялар оқушыларыма өздерінің, бір-бірінің ой пікірлеріне сын көзімен қарай отырып, жаңа тың идеялар туындауына жол ашты. Сонымен бірге ерекше белсенділік пен шығармашылық шабыттың шарықтауы нәтижесінде олар еркіндік әлемінде еркін шарлағандай болды
Қорыта келгенде, сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда шәкірттердің өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |