3.2 Қазақ әдебиетіндегі сын жанрының дамуына ерекше еңбек еткен қарымды қаламгердің алғашқы зерттеуі Қазақ әдебиетіндегі сын жанрының дамуына ерекше еңбек еткен қарымды қаламгер – Серік Қирабаев. Оның алғашқы зерттеуі «Ғабиден Мұстафин» (1956ж.) атты библиолграфиялық очерк. Проза шебері Ғабиден Мұстафин туралы жазылған бірден-бір тиянақты еңбек осы еді. Кейін қазақ мәдениеті тарихында өшпес ізі бар Спандияр Көбеевтің әдеби мұрасына жан-жақты әдеби шолу ғылыми тұжырым жасап, ақындығына әділ баға берген халыққа ұсынған «Ыспандияр Көбеев» (1958) деген кітабы жарық көрді. Осылайша ғылымдағы өз жолын салып әдеби-ғылыми қауымды елең еткізген С. Қирабаев жаңа белестерге, күрделі тақырыптарға ойысты. С.Сейфуллиннің негізгі еңбектерін, газет-журнал басылымдарын, мұрағат деректерін, ақын шығармашылығына қатысты барлық ғылыми құжаттарды толық жинап, екшеп, жазып шыққан күрделі еңбегі – «Сәкен Сейфуллин» (1962) монографиясы осы бағыттағы үлкен табыс ретінде танылды. Бұл еңбек қазақ және орыс тілдерінде Алматыда, Мәскеуде жарияланды. Орыс, армян, өзбек халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише Чаренц, Хамза Хаким -Заде Ниязи тәріздес ғажайып таланттарымен иық тірестірген өнегелі өмір иесі бар Сәкен Сейфуллин туралы Есмағамбет Ысмайылов, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі еңбектерін ескере отырып Серағаң әдебиеттануымыздың жаңа, әрі заманауи бағыты – революция және әдебиет ұғымдарымен өзектес – Сәкентанудың берік негізін қалады. С.Қирабаевтың С. Сейітов еңбектерімен ұштасар тұсы көп. Жоғарыда атап өткен Сәкен шығармалары турасында, әдебиеттер байланысы туралы, әдебиеттегі достық тақырыбындағы үндестіктер қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болғаны рас. Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағы – «Өрлеу жолында» (1960) сыншы С.Қирабаев стилінің қаламгерлік бағытын айқындады. Бұл еңбекте автор екі мәселеге айрықша мән береді. Біріншісі – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақала болса, екіншісі – портрет үлгісіндегі материалдар. Ғалымның Ж.Саин, М.Иманжанов, Х. Ерғалиев, Ә.Нұршайықов туралы сын мақалалары кезеңдік әдебиеттануда үлкен із қалдырды. «Октябрь және қазақ әдебиеті» (1968) сын кітабында автор «Әдебиеттің есею жылдары», «Соғыс және әдебиет», «Қазақ поэзиясының елу жылдығы», «Уақыт және қаламгер», «Сыншы еңбегі» секілді проблемалық зерттеулермен қоса, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев туралы монографиялық этюдтерін енгізген. Сыншы талантының кемелденген тұсында туған «Өнер өрісі» (1971), «Әдебиет және дәуір талабы» (1976) , «Революция және әдебиет» (1977), «Шындық және шығарма» (1981), «Талантқа құрмет» (1988) зерттеу кітаптарында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Ә.Кекілбеав. Ф.Оңғарсынова, О.Бөкеев шығармашылықтары сөз болады. Осы жылдары зерттеуші, сыншы ғалым Ш. Елеукеновтің шығармашылығы да осы дәуірде жемісті еңбек болды деп айтуға болады. Оның «Казахский роман и современность» (1968), «Замандас парасаты» (1977), «От фольклора до романа-эпопеи» (1987) атты еңбектері қазіргі қазақ романының жанрлық және идеялық-эстетикалық ерекшеліктерін, қазақ әдебиетінде реализмнің даму, баю жолдарын тиянақтылықпен қарастырған бағалы зерттеулер қатарына кіреді. Әдебиеттегі идеялық-әлеуметтік ізденістерге, сын жанрының туып, қалыптасуына, шығармаларының құжаттық деректік негіздеріне, мұрағат (архив) материалдарына көп көңіл бөліп, осы бағытта өнімді жұмыстар жазған профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сын сапары», «Оңаша отау» атты еңбектері әдебиетіміздің тың табысы болды. Кейін ғалымның бұл аталған зерттеулері біріктіріліп, «Қазақ әдебиетіні сынының тарихы» (1994) деген іргелі еңбектің негізін құрады. Бұл кітап қазақ әдебиеті сынының тарихи дамуына үлкен үлес болып қосылды. Мұнда бұрын белгісіз болып келген тарихи, әдеби, мәдени деректерге мен құнды құжаттық, биографиялық мәліметтер де мол. Сәкен Сейфуллин туралығұмырнамалық кітап жазып, оны орыс тілінде Мәскеуден шығарып, абыройға ие болған автор қазақ әдебиеттануының тереңірік зерттелуіне зор үлес қосты. Профессор Т. Кәкішев С.Шәріпов, Е.Бекенов, Ж.Тілепбергенов, С.Ерубаев мұрасын жинап, алғысөз, түсініктемелерін жазып, халыққа ұсынған еңбектерін ілтипатпен атауға болады. Әдебиеттанудың сын жанрына қомақты үлес қосқан ғалым – Рахманқұл Бердібаев. Ғалым әуеліде сын жанрында қалам тербеп, қазақ әдебиетінің үлкен өкілдері Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Иса, Сәкен, Ілияс, Асқар, Әбділда, Сырбай поэзиясы, М.Әуезов, С Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нүрпейісов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұршайықов прозалары туралы салмақты ойы бар монографиялық еңбектер жазды [69].
Ғалым-сыншыға тән бір ерекшелік – әдебиеттегі жаңалықтарға дер кезінде үн қосып отыруы. Ол С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, С.Сматаев, Д.Досжанов шығармаларына тоқталған сын мақалалары арқылы өзінің дарынды сыншылығын көрсете алды. Р. Бердібаев қаламынан туған «Қазақтың тарихи романы» (1979) Сыншының «Қазақ эпосы» (1982) «Сарқылмас қазына» (1983) «Кәусар бұлақ» (1989) сынды еңбектерінде негізінен көне дәуір әдебиеті мен фольклордың байланыстары жыршылық пен айтыс өнерінің тарихы, дәстүр проблемалары қарастырылды.
60-90 жылдары шыққан сын, әдебиеттану еңбектерінің тақырыбы, жанрлық ерекшеліктері, авторлар құрамы, көтерген, шешкен мәселелері қазіргі әдебиеттің биіктен көрінуіне мүмкіндік берді. Қазақ сыншылары мен әдебиетшілері көркемдік талдау мен социологиялық, философиялық, эстетикалық саралау үлгілерін ұштастыруға, реализм әдісінің қазіргі кезеңдегі методологиялық мәселелерін қарастыруға, жанрлық-стильдік ізденістерді анықтауға, көрнекті қаламгерлердің шығармашылығын тануға күш салды. Ғалымдарымыздың осы салаларда жеткен белгілі табыстарын көрмеу, айтпау, елемеу, сөз жоқ, әділетсіздік болар еді. Әдеби сынға жағдай жасау, бағалау бағытында жасалған шаралардың қатарында жазушылардың сыни еңбектерін жариялау дәстүрінің жалғасқанын айтуға болады. Жетпісінші жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Суреткер парызы» (1970), Ғ.Мұстафиннің «Ой әуендері» (1978) кітаптары жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің үш томдық таңдамалы жинағының соңғы кітабына сын мақалалары енгізілсе, драматург Қ.Мұхамеджановтың екі томдық таңдамалысының бір томы түгелге жуық әдеби-сын мақала, шолу, портрет, рецензиядан тұрады. Жазушы, драматург Т.Ахтановтың екі томдық шығармасының бір томы сын мақалаларға арналған. Белгілі ақын Ғ.Қайырбеков «Бір кеменің үстінде» деген атпен сын мақалаларының жинағын шығарды. Ғ.Қайырбековтың сын жинағын теориялық-эстетикалық заңдылықтарға бағынатын тараулардан тұратын ғылыми трактат емес, ағымдағы құбылыстарға селқос қарай алмайтын сергек қаламгердің поэзиялық туындыларға жазған пікірлерінің, шолуларының топтамасы деп тұжырымдауға болады. Екінші «Портреттер» деген бөлімде Абай, Ыбырай, С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, І.Омаров, Қ.Жармағамбетов, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, Қ.Есенжанов, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев туралы жазылған әдеби-сын мақалалары топтастырлылған. «Шығарма арқауы – шындық», «Замандас тұлғасы» монографияларының авторы сыншы-ғалым Нығмет Ғабдуллиннің «Уақыт сыры» (1981) кітабы әр кезде жазылған мақала, рецензиялардан құралған. Оның жазғандарынан әдеби құбылыстардың өзгерісі, көркемдік өміріміздегі даму жөнінде бағалы мағлұматтар алуға болады. Н.Ғабдуллиннің сыншы ретінде әдеби қозғалысқа үнемі белсенді түрде қатысып отырғанын байқаймыз. Өмірден ерте кеткен талантты сыншы Айқын Нұрқатов туралы жылы лебізін де осы еңбектерден көре аламыз. Әдебиетші қауым сын төңірегінде жоғарыда атап өткен сыншылармен бірге С. Сейітовпен тұлғалас бұл есімдердің қатарында қазақ әдебиеттану ғылымына зор еңбек сіңірген ғалымдар Қ. Жұмалиев, М. Базарбаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ә. Жәмішев, Х. Сүйіншәлиев т.с.с. Олар еңбектерінде әдеби құбылыстар мен өзгерістерге, прозамыз бен поэзиямыздың өзекті мәселелеріне терең талдау жасады. Олардың еңбектерінде әдебиеттегі негізгі тенденциялар, маңызды шығармалар талданады. Замандас қаламгерлері туралы ғалым: «Академиктер З.Ахметов, С. Қирабаевтардың әдебиетке қосқан үлестері орасан зор. Осы арада мен М. Базарбаевты да атап, оның қазақ поэзиясының түбегейлі мәселелерін зерттеген майталман мамандардың бірі деп бағалаймын»,– дейді [56]. Сын туралы сөз қозғағанда С. Әшімбаевтің есімін атап өткеніміз дұрыс. Ол (1982), «Парасатқа құштарлық», «Сын мұраты» (1985)тәрізді әдеби-сын кітаптары мен жекелеген зерттеу мақалалары сөз зергерлерінің ықыласына бөленді. Нәтижесінде С.Әшімбаев «Сын мұраты» кітабы үшін «Жастар» сыйлығын иеленді.
Әдеби сын да уақыт пен кеңістік категориясына тәуелді. Белгілі әдебиет сыншылары-ғалымдар С.Қирабаевтың, Ш.Елеукеновтің, Т.Кәкішевтің, Д.Ысқақұлының және өзгелердің еңбектерінде де сын эстетикалық категория ғана емес, идеологиялық құбылыс, күрес құралы екені де айтылады. С.Әшімбаевтың сынға белсенді араласқандығы ХХ ғасырдың 70-90− жылдарында байқалды. С.Әшімбаевтың «Сыншыл ой туралы сыр» мақаласында қазақ әдебиеті мен сынының диалектикалық бірлікте дамуы, оған еңбек сіңіріп жүрген сыншылар, ақын-жазушылардың сын кітаптары туралы толымды ой қозғайды. Қазақ әдеби сынының өнер дәрежесіне, профессионалдық деңгейге көтерілуінде академик, сыншы М.Қаратаев еңбегінің үлесі ерекше екендігіне тоқталады. М.Қаратаев еңбегінің маңызын да осы әдебиеттің өзектес салаларының тығыз бірлігінен таниды [70]. М.Қаратаев мақалаларында әдебиет тарихына, теориясына қатысты мәселелер қашан да қоян-қолтық араласып жүреді. Бұл жетістіктен басқаға саналмайды. Сынның да өз эстетикасы бар. Сынның эстетикасы парасатты сыншы ойларының тереңдігі мен сыршылдығында деген, С.Әшімбаев. М. Қаратаев мақалаларының оқушысын осындай қырларымен өзіне тартып, ойлантып, баурап алып отыратынына сүйсінеді. Оның «Социалистік релаизмнің қазақ прозасындағы қалыптасуы», «Әдебиет және эстетика», «Эпостан эпопеяға» атты күрделі еңбектерінің қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынының кәсіби дәрежеде өскенін көрсетеді. Қазақ әдебиетінің тарихын әріден бастау керек деген пікір айтар ауызға жеңіл болғанмен, оның шын ғылыми дәлелдеуді қажет ететінін, бұл ретте М. Мағауинның осы бір күрделі, маңызды тақырыпты игеруде көп еңбектеніп, көп ізденгенін құптайды. Қазақ поэзиясының дамуында шығыс поэзиясының ықпалы орасан. Абай мен оның алдындағы, кейінгі ақындардың қай-қайсысының да шығыс поэзиясынан сусындамағаны жоқ. 70-80 – жылдары жарық көрген З. Қабдоловтың «Жебе», Р. Бердібаевтың «Ғасырлар толғауы», Т. Тоқбергеновтың «Үш тоғыс», С. Оразалиновтың «Шындық және көркемдік шешім», С. Байжановтың «Замандас туралы толғау», А. Нағыметовтың «Адам және қоғам», Ш.Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», «Өрнекті өріс» атты әдеби-сын еңбектеріне тоқталып, жан- жақты саралайды. Бұл кітаптардың әрқайсысының алдына қойған мақсат-мұратын, көтерген проблемасын, қамтыған тақырыбы мен идеясын, талдау ерекшелігі мен өзіндік қорытындыларын, стильдік өрнектері мен тың тұжырымдарын т.б. өзгешеліктерін тап басып таниды [71].
Сонымен бірге осы еңбектердің біразына ортақ жағдай, кемшіліктерді де анықтайды. Олар: талдау мен пікір айтудағы концептуальдық жаңа көзқарастың жоққа жақындығы, бүкіл әдеби процесті немесе белгілі бір көркем шығарманы талдауда тарихи, социологиялық, философиялық, эстетикалық жинақтап қараудың жете бермейтіндігі.