ҚОРЫТЫНДЫ
Бұл жұмысымызда қазақ тіліндегі этнонимдердің гендерлік қырын зерттеуді нысана еттік. Гендерлік лингвистика қазақ тіл білімінде жаңа ғасырдың басында қолға алына бастаған сала болса да, тілдік көрінісі қазақ тілі тарихымен, қазақ халқы танымымен ұштасып жатыр. Бұл жұмысымызда тіліміздегі этнонимдердің гендерлік сипатын ашуда тарихи-салыстырмалы әдіс, этимологиялық зерттеулер, аңыздық шолулар, тілді зерттеудің құрылымдық (структуралық), функционалдық секілді қос бірдей бағытын зерттеу құралы етіп ұстандық. Біз осы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақ тіліндегі топоним мен этнонимдер құрылымдық, функционалдық, танымдық ерекшеліктерді бойына жинаған тіл бірліктерінің маңызды бір тобы екеніне көз жеткіздік. Осы түйінді айта келе, тіліміздегі топонимдер мен этнонимдердің гендерлік қыры жайында жазылған жоғарыдағы жұмыстарға төмендегідей нақты тұжырым, қорытындыларымызды жасаймыз.
Тілді антропоцентристік тұрғыдан зерттеуге негіз болатын салалардың барлығы түптеп келгенде, мынадай мәселелерді шешуді көздейді: адамның тілге қалай ықпал жасайтынын анықтау және тілдің адам санасына, ойлауына, мәдениетіне қалай әсер ететінін, қандай қызмет ететінін анықтау, т.б. Тілді зерттеудің антропоцентристік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесі, тіл арқылы адамның табиғаты мәселесін ашумен тікелей байланысты;
2. Жыныс пен гендердің айырмашылығын көрсетуде үш түрлі парадигманы тұжырымдай отырып, мынадай түйін шығардық: жыныс – гендерлік мінез-құлық ерекшелігін қалыптастырудың негізі, гендер – жыныс символы, жыныс пен гендер – әр текті құбылыс;
3. Бастапқыда әр елде идеологиялық құрал ретінде қызмет атқарған гендерлік зерттеулер таза лингвистикалық сипатқа ие болып, мақсат-міндеті, бағыт-бағдары айқындалған антропоөзекті тіл білімінің бір бағыты болып қалыптасты;
4. Қазақ тіл білімінде гендерлік зерттеулер негізінен үш кезең бойынша зерделенді: этнографиялық пайымдаулар, тіл мен жыныстың байланысын белгілеген гендерге дейінгі зерттеулер, гендерлік лингвистикалық сипат алған зерттеулер;
5. Қазақ ономастикасында этнонимдер гендерлік сипатта толық зерттелмесе де, этнолингвистикалық, лингвомәденитанымдық бағытта отандық ғалымдар тарапынан қолға алынған сала;
6. Қазақ тіліндегі этнонимдердің гендерлік қырын танытатын тілдік бірліктер қолданылып, гендерлік және лингвомәдени тұрғыдан зерттеліп, сипатталды;
7. Ру, тайпа атауларының гендерлік қырын танытатын тілдік бірліктерді жас ұрпақ санасына сіңіру – қазіргі қоғам үшін де өзекті мәселенің бірі;
8. Ру, тайпа, ұлыс атауларындағы гендерлік ерекшеліктерді танытатын тілдік бірліктерді, атап айтқанда ру ұранына шыққан әйел-ана аттарын қарға тамырлы қазақтың үш жүз құрамынан да кездестіруге болады. Сондай-ақ әр атаудың қойылу уәжі, шығу тарихы әр алуан. Зертеу жұмысымыздың нысанына іліккен ұлы жүз құрамында 9 ата, орта жүзде 32 ата, кіші жүзде 9 ата әйел аттарынан қойылғандығын көруге болады.
Гендерлік лингвистика аясында көрініс тапқан тілдегі этнонимдер өзгеше бір тілдік құбылыс. Зерттеу жұмысымызда қарастырылған қазақ тіліндегі этнонимдердің гендерлік қырын сипаттайтын 100-ге жуық тілдік бірліктер әрі құрылымдық, әрі функционалдық, әрі танымдық, әрі этимологиялық сыр-сипатқа ие. Гендерлік сипаттағы этноним халық шежіресінен хабар берер ауызша тарих.
Достарыңызбен бөлісу: |