Нұрғали Қадырбаев



Pdf көрінісі
бет11/14
Дата21.01.2017
өлшемі0,86 Mb.
#2344
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

 
130 
 
Жазушы  Ерсін  Қойбағарұлының  «Ешкінің  сирағы»  повесінде 
суреттелетін өмір шындығы өз оқырманын енжар қалдырмайды. Шығармада 
« Әйелдің сұлулығы – бақыты, егерде бағалай алса; бағаламаса – соры» деген 
ұғым сөз өнері арқылы жеткізіледі. Мәселен, повесть кейіпкері – Сусаннаның 
әрекеттері жағымсыздау болса да, оның бақытты болғанын қалайсыз. Сергей 
де  солай.  Оның  кім  екендігін  Сусанна  арқылы  білсек  те,  бейнесі 
ұмытылмастай  суреттелген.  Осының  бәрі  Ерсін  Қойбағарұлының 
шығармасындағы жазушы шеберлігінің жемісі секілді аңғарылады. 
 
Мақалада  жазушының  «Терістік  шұғыласы»  повесіне  де  сараптама 
шолу  жасалынған.  Повесте  кейіпкерлердің  психологиясына  терең  үңілу 
секілді  шеберлік  қырлары  менмұндалайтындығын    қаламгер  Мархабат 
Байғұт  атап  көрсеткен.    Бұны  автордың  өзге  жазушылардан  ерекшелендіріп 
тұратын  қасиеті  дейді.    Повесте  екі  түрлі  тағдыр  иелері  суреттеледі.  Бірі  – 
ұяң  дәрігер  Ғалым  Қуатов.  Екіншісі  –  өр  мінезді,  ерке  Айна.  Оқиғалар 
ширыққанымен,  қос  кейіпкер  екі  тарау  жолға  түсіп  кетеді.  Ортақ  сезімге 
екеуі  қаншама  бет    бұрғандарымен,  мінез-құлықтарындағы  қарама-қарсы  іс-
әрекет,  үйлесе  қоймайтын  темперамент  оларды  әр  жаққа  қарай  бағыттап 
жібереді. 
 
Ерсін  Қойбағарұлының    «Қарашаш»  повесі  де  сонылығымен  есте 
қаларлық  шығарма  екендігін  Махаң  уәжді  де  дәлелді  ой-пікірлерімен 
өрнектеген.  Мақаланы  оқи  отырып,  солайша  түсіндік.  Жалпы  алғанда, 
Ерекеңнің кейіпкерлері өмірдің өзінен алынғандай әсерге бөлейді. Рас ондай-
ондай  кейіпкерлер  баршылық.  Мәселен,  жоғарыда  аталған  хикаяттағы 
қыздың  тәлкекке  ұшыраған  тағдыры  қазірде  де  жаңалық  емес.  «Әке»  атты 
әңгімесіндегі  сазгер  әрі  әнші  Сымбат  ел-жұрт  тарапынан  көрсетілген 
қошеметті  көтере  алмай,  ішімдікке  салынуы  да  күні  кешегі  кеңестік 
кезеңдерде жиірек кездесетін жағдаяттар болатын. 
 
Ауылда тұратын дәрігер Ерсін Қойбағаровтың қаламгерлік-жазбагерлік 
қарымы  мен  қуаты  жайлы  бір  үзік  сырдың  ерекшелігі  осындай.  Әрине, 
бүгінде  ауылда  тұратын  жазушы  деген  ұғымның  өзі  өзгеріске  ұшырағаны 
белгілі.  Өйткені  ұлан-байтақ  еліміздің  әрбір  ұлтарақтай  жері  мен  қиыр-
шиыры  жаңа  технологиялық  заманда  жаһандық  талаптар  мен  үдерістерден 
шет қалған деуге әсте болмайды. Бәрі де араласып, сапырылысып кеткен. 
 
Жазушы,  публицист  Мархабат  Байғұт  әдебиеттанушы  сипатында 
«Сырсандық  кітап  сырлары»  мақаласында  заңғар  жазушы  Мұхтар  Әуезов 
туралы  белгілі  филолог-ғалым  Керімбек  Сыздықовтың  «Мұхтартанудың 
беймәлім  беттері»  туралы  кітабы  хақында  айшықты  ой-пікірлерімен 
бөліскен. Әдебиеттануға қосылған елеулі еңбек  ретінде бағалайды  көрнекті 
ғалымның  зерттеулер мен талдауларға бай осынау туындысын. 
 
Кезінде  Алматыдағы  Мұхтар  Әуезовтың  мұражайында  біраз  уақыт 
еңбек  еткен  ізденімпаз  ғалымның  төккен  тері  босқа  кетпей,  мұхтартануға 
қосылған  сүбелі  үлес  болғандығын  жазушы  Махаң  қуана  үн  қатады. 
Профессор Керімбек Сыздықов ұлы Мұхаңның өмірбаяндық деректерін осы 
еңбегінде әлдеқайда байыта  түскенін қаламгер публицистік  тілмен өрнектей 

 
131 
білген. Ұлы жазушының алғашқы  туындылары, шығармашылық бастаулары 
туралы ғылыми ой-пікірлері де бағалы екендігін атап көрсеткен. 
 
Сондай-ақ  заңғар  жазушы,  терең  тынысты  ғалым-ұстаздың  ауыз 
әдебиетін  зерттеудегі  әлеуеті  мен  қуатын  кешенді  түрде  талдағаны,  көркем 
прозаның  даму  үдерістері,  аударма,  драматургия,  кино  өнері  саласындағы 
Мұхтарша  шабыттана  қалам  тербеген  тағылымы  бүгінгі  оқырманды  да 
тебірентпей  қоймайды  деген  Махаңның  уәжді  де  қалтқысыз  ойларымен 
келіспеске  болмайды.  Шыны  керек,  ұлағатты  ұстаз,  жаһандық  деңгейдегі 
заңғар  жазушы,  кемел  суреткерден  дәрістер  тыңдаған  ғалым-әдебиетші, 
профессор  Керімбек  Сыздықовтың  «Мұхтартанудың  беймәлім  беттері» 
еңбегі ойлылығымен, танымдылығымен, талғампаз тілімен есте қалады. 
 
«Баукең  бата  берген  Ханбибінің  хикаялары  хақында»  атты  мақаласы 
халқымыздың аяулы ақын қызы Ханбибі Есенқарақызы жайлы сыр шерткен. 
Ақын  қыздың  естелік-эсселері,  деректі  повесть,  мақала,  сыр-сұхбаттары 
топтастырылған  «Сыр»  кітабындағы  дүниелері  туралы  жазушы  Мархабат 
Байғұт өз ой-толғаныстарымен емен-жарқын ортақтасады. 
 «Айбарлы  атам  еді»  естелік-эссесіндегі  әр  қимыл-әрекеті,  сөзі  мен 
қабағы  тағылымды  дәріс  болған  атақты  Бауыржан  Момышұлы  жайлы  ой-
сырларымен де қауышасыз. 
 
«Мен марттағы найзағай күркірімін» деген эсседе ақын қыздың балауса 
шағында редакция үйінде жолыққан ақпа-төкпе жыр мен ағыл-тегіл сезімнің 
алдаспан ақыны Төлеген Айбергеновты жаңа бір қырынан танисыз. 
 
«Шындыққа қарай жүздім мен» атты туындыда ақын қыз халқымыздың 
аса  көрнекті  өкілі  Фариза  Оңғарсынова  туралы  сыр  шертіпті.  Естелік  нақты 
оқиғаларға, деректі жәйттерге, сезім иірімдеріне, толғанысқа құрылғандығын 
Махаң  өз  мақаласында  тиянақты-ақ  көрсеткен.  Сол  үшін  де  жазушының 
публицистикалық прозасы кестелі әрі суретті. Өрнекті  һәм ойлы. Ұғынықты 
да. 
 
Жазушы әрі көркем әдебиет тағдырын талғампаздықпен талдай білетін 
Махаң  ақын  қыздың,  яғни  Ханбибі  Есенқарақызының  «Талант  тағдыры» 
деректі  повесіне  де  оң  баға  берген.  Мұнда  Оңтүстік  өңіріндегі  танымал 
суретші  Молдағали  Қалдыбаевтың  қилы  өмірі  суреттелген.  Повестегі 
кейіпкерлер кемелдігімен, мінез, әрекеттерімен ерекшеленеді, дейді қаламгер 
аға. 
 
Сондай-ақ  Ханбибі  Есенқарақызының  «Президент»  атты  эссесі  де 
шынайылығымен, табиғилығымен баурайтындығын айтулы қаламгер де атап 
айтады.  Ақын  қыздың,  замандасының  өзіндік  қолтаңбасына,  қайраткерлік 
көзқарасына ерекше назар аударады. 
 
«Бауыржан  және  Шымкент»  атты  мақаласында  Махаң  батыр 
Бауыржанның  тұлғасын,  сөйлеу  мәнерін,  ой-пікірлерінің  анықтылығы  мен 
айбынын  ашып  көрсеткен.  Батырдан  алған  сұхбатының  жай-күйіне 
тоқталған.  
«Арыс  қайдан  басталады?»  мақаласында  атақты  композитор  Шәмші 
Қалдаяқовтың  мінезіндегі,  іс-әрекетіндегі  ерге  тән  мәрт  мінезін  диалогқа, 

 
132 
оқиғаға құрап, танымдық сипатта оқырман қауымға тамаша жеткізген десек, 
артық айтқандық емес. 
 
Жазушы Мархабат Байғұттың «Қаламгер және қайраткер» атты мақала-
очеркі  халқымыздың  қарымды  қаламгері  Қалаубек  Тұрсынқұлов  хақында. 
Очерк  төрт  тақырыпшалардан  тұрады.  Олар:  «Қазығұрт  қанат  бітірген», 
«Қамқоршы  –  хатшы»,  «Қалекең  қазақ  па,  Саха  ма?»  және  «Каштан 
жаңғағы». 
 
Алғашқы  тақырыпшаның  мазмұны  айтулы  қаламгердің  о  баста 
оқырман  қауымға  Қалкен  Шарболатұлы  есімімен  танымал    болғандығы 
туралы  сыр  танымдық  сипатпен  пайымдалады.  Әр  шығармасында  өзі  туып 
өскен,  қаламгерлік  шабыт  сыйлаған  қасиетті  мекені  –  Қазығұрт  екендігі 
Мархабат Байғұтқа тән алымды да қарымды уәждермен көмкеріледі. 
 
Ал  «Қамқоршы-хатшы»  тақырыпшасында  Қалекеңнің  еңбек  жолы, 
азаматтық  белсенділігі,  қоғамдық  жұмыстарға  тым  ерте,  сонау  оқушы 
жылдарында-ақ    тартылғандығы  баяндалады.  Очерктің  тілі  суретті.  Оқуға 
жеңіл.  Жылы  пікірлері  жанды  жадыратады.  Қалекеңнің  еңбекшіл  мінезі, 
жақсылық  жасауға  бейімдеу  қасиеті  және  оны  міндетсінбеуі,  көптеген 
жастарға шығармашылық тұрғыда қамқорлық танытуы, бәрі-бәрі де мерейлі 
де бауырмал сезімдермен әспеттеле суреттелген.  
Тағылым  аларлық,  ғибрат  боларлық  тұлғаның    портреті  бүгінгі 
замандастарға  да  өлшеусіз  мән  мен  мағынаға  ие  боларлықтай.  Осынау 
жазбагер шығармасында Қалаубек Тұрсынқұловтың  Саха Республикасымен 
екі ортадағы қайраткерлік қарымы да назардан тыс қалмаған. 
Қаламгер әрі қайраткер  Қалаубек Тұрсынқұловтың «Каштан жаңғағы» 
әңгімесінің  әсерімен,  Махаң  да  «Машаттағы  махаббат»  атты    повесть 
жазғанын  өз  оқырмандарымен  сыр    бөліскендей  ашық  пейілімен  жеткізеді. 
Сол  санаторийдегі  бір  қызбен  танысуы,  сұхбаттасуы  да  осы  повестке  арқау 
болған  сыңайлы.  Өйткені  бұл  қыздың  ерекше  қасиеті  –  Шыңғыс  
Айтматовтың  Шерхан  Мұртаза  аударған  «Боранды  бекет»  романындағы 
Раймалы-Бегімай  монологтарын  түгелдей  жатқа  айтады  емес  пе.  Өнердің 
өзегі – өмірде дегеніміз осы болар, бәлкім. 
«Өнер  мұраты  –  өнеге»  атты  айтыс  өнеріне  қатысты  публицистикасы 
айтыстың хал-ахуалына, оның төңірегіндегі көкейкесті мәселелерге арналған. 
Атап айтқанда, айтыс өнерінің көркемдік қуаты мен айтысушы тараптардың 
интеллектуалдық деңгейі  жоғары  болуын  қаламгер  талғампаздықпен  байқай 
білген. Сондай-ақ  әлеуметтік, қоғамдық, моральдық құбылыстарды тереңнен 
қозғау да айтыскерлерге жүктелер жоғары міндет екендігін назарға алған. 
Оңтүстік  өңірдегі  айтыс  өнерінің  өзіне  тән  қаталанбас  дәстүрі, 
мектептері  бар  екендігін  де  байқап-бағамдауда  осы  мақалада  Махаң 
көрегендік  танытқан.  Шыны  керек,  бізде  сонау  Майлықожа,  Құлыншақтан 
бастап,  Орынбай,  Нұралы  мектебі,  Көпбай,  Әселхан  айтысының  дәстүрлі 
жалғастығы  қалыптасқандығы  белгілі.  Тіпті,  жоғарыда  аттары  аталған  
айтулы  айтыс  ақындарының  сайысы  жайлы  толымды  да  терең  зерттеулер 
жасайтын мезгіл әлдеқашан жетті де. 

 
133 
 
Айтыс    өнері  хақында  жазушы  Мархабат  Байғұттың  өзіндік  ой-
пікірлері  де  құндылығымен  ерекшеленеді.  Оның  байқап  пайымдауынша, 
айтыс өнерінде бір-бірінен үйренер жәйттер жетерлік. Елімізде өрелі, өршіл, 
жалындап,  жайнап  тұрған  айтыскерлер  мол-ақ.  Тіл  көркемдігі,  ой  тереңдігі, 
жеке айтыскерлердің алғырлығы мен сергектігі секілді қасиеттер бүгінгі жас 
айтыскерлер үшін өте қажет-ақ. Айтыс өнері бүгінде өсіп-өркендеп, қанатын 
кеңге жайып бара жатқаны жайлы ақтарыла сыр шертеді, ой бөліседі жазушы 
аға  өз  оқырмандарынан  ештеңені  де  жасырмай.  Айтыс  өнеріндегі  кемшін 
тұстарды да, жауырды жаба тоқымай, ішке бүкпей, ашып та айтады. Бұл енді 
айтыс өнеріне шынайы жаны ашығандықтың белгісі деп ой түйдік біз. 
 
«Сүйінші,  сүйінер  суреткер    бар!»  мақаласында  қазіргі  қазақ 
әдебиетінде  өзіндік  орны  бар  жазушы  Нұрғали  Ораз  туралы  жылы  лебізді 
оқырман  байыпты  түрде  аңғара  алады.  Бұл  мақалада    жазушының  өсу 
жолдарының  баспалдақтары  да  анық  сезіледі.  Облыстық  «Оңтүстік 
Қазақстан» газетіне журналистік практикаға келген болашақ жазушының ұяң 
мінезі де, бір қалыпты  болмысы да, әдеби байқауларда алған жүлделері мен  
бірінен  соң  бірі  баспадан  шығып  жатқан  кітаптары  да  танымдық  тұрғыдан 
қызықты әрі тиянақты талдануымен ерекшеленеді. 
 
Сонымен  бірге  Мархабат  Байғұт  қазіргі  әңгіме  жанрына  классикалық 
тұрғыдан  баға  беріп  қана  қоймай,  оның  бүгінгі  хал-ахуалына  тоқталады. 
Шыны керек, біздағы бұндай көзқарасты, дүниетанымды қолдаймыз. Көркем 
әңгіме  композициясы,  кейіпкерлері,  сюжеті  һәм  бүгінде  өте-мөте  көп 
өзгерген.  Қазірде  бір  ғана  көркем  әңгімеде  сюжет  те,  ертегі  де,  миф  те, 
фантасмагория да, аңыз да кездесе береді. Айтар ой да, тақырып та, кейіпкер 
де мүлдем өзгерген. Бүгінгі әдеби үдеріс күрделі әрі жоғары интеллектуалды. 
Нұрғали  Ораз  әңгімелерінде  сондай    ерекшеліктер  бар.  Ауыл    әңгімелері 
болса  да,  интеллектісі  биік,  іс-әрекеттері  урбанизацияға  ұшыраған 
кейіпкерлер табиғаты таныс әрі талғампаз оқырманға етене жақын. Талдауға 
әрі әдеби танымдық шолуға құрылған мақаланың бір қыры осындай. 
 
Оңтүстіктің журналистикасында алар орны мен шыққан төрі айырықша 
қалам  иелерінің  бірегейі  Байдулла  Қонысбеков  деп  білеміз.  Ұзақ  жылдар 
бойы  «Оңтүстік  Қазақстан»  газетінде  бірге  қызмет  еткен  Махаң,  Байдулла 
ағамыз  жөнінде  «Сол  қол  немесе  алпысқа  толған  осынау  ағамыз»  хақында 
арнайы мақала жазыпты. Мақала мерейлі жасқа келген ағаның мерейтойында 
көркем  де  көсемсөзбен  өрнектелген  ойлы  да,  сырлы  сөздерге  тола.  Әріптес 
ағаға  ақтарыла  үн  қатқан  құттықтау.  Ішкі  толқыныс  пен  толғаныстардың 
сыртқа  қарай  лықси  төгілген  жып-жылы  да  бауырмал  аңсарлары.  Іңкәр 
сезімдері. 
 
Мерейсөз  мақалада  атап  айтылатын  сол  қол  сөзіне  екпіннің  көбірек 
түсуінің мәнісі біреу-ақ. Байдулла ағамыз жас кезінде сол  қолын сындырып 
алыпты.  Сөйтіп,  әскерде  қызмет  ету  бұл  ағамызға  бұйырмапты.  КСРО 
кезінде  КГБ-да  жұмыс  істеуге  де  шақырыпты.  Онда  да  сол  қолы  кедергі 
болған сыңайлы. 

 
134 
 
Әйтсе де, журналистикада жолы болған. «Оңтүстік  Қазақстанда» бүкіл 
саналы ғұмыры өткен. Қызмет баспалдақтарымен көтеріліп, газеттің жауапты 
хатшысы  дәрежесіне  дейін  жеткен.  Болмыс-бітімі  де  табиғи.  Қарапайым  да 
құрметті.  Жазушы  Мархабат  Байғұт  абзал  ағаның  осы  орайда  ішкі  әлемін 
жақсы-ақ  жайып  салған:  «Қашан  да  қу  дүниеге  берілмеген,  байлықты 
ойламаған, аса қанағатшыл, адал  да ақ жүрек, қалтасында қаламы мен қойын 
дәптерінен  өзге  дәнеңесі  де  жоқ  сол  кездегі  журналист  жұртының  аз  ғана 
айлығына  қосымшалап  алатын  аз  ғана  қаламақысының  аз  ғана  желі 
болатынын  бірталай  ел  біледі».  Барға  қанағат  еткен,  аспаған,  таспаған, 
төгілмеген әзіз ағаның біртуар мінезі әлі де көз алдымызда. 
 
Бұған  және  де  мынадай  ұғымдарды  қосармыз.  Көпшіл.  Ақ  көңіл. 
Кеңпейіл. Ал ақжарылқап жайдары күлкісі – өзгелерден өзін ерекшелендіріп 
тұрады. Облыстық партия комитетіндегі қызмет, облыстық телерадио тізгінін 
ұстау,  оның    үдесінен  шыға  білу  қажырлы  да  қайратты,  қайырымды  да 
қарымды  қаламгер-басшының  қолынан  келетін  мықты  қасиеттердің  бірегейі 
деп есептейміз. Мақалада  осынау қырлары сәнді де өрнекті сөз өнері арқылы 
әсем    кестеленген.  Абзал  аға    жайлы  мақтау    сөзге  емес,    көңіл  марқайтар 
сөздерге иланасыз. Бұл да жазушының  жаза білу, сөйлей білуінің шеберлігі. 
Ұстанымы. 
 
Мерейлі  датаға  байланысты  сыршыл  да  көсемсөзші  Мархабат  Байғұт 
қазақ    әдебиетіне  ХХ  ғасырдың  60-жылдары  бір  топ  толқын  болып  келген 
ғаламат шоғырдың және бір өкілі – Дулат Исабеков жайлы «Дулат және оның 
құрдастары» атты шағын мақаласында кемел де көрікті ой  толғайды. 
 
Дулат  Исабековтың көркем прозалық, драмалық шығармалары туралы 
сөз қозғай  отырып, соғыстың бас кезінде туған өзге де  жұлдыздары  жоғары 
жазушылар  жайлы  жылы    ой-пікірлерін  білдіреді.  Олар  шынында  да  үлкен 
шоғыр.  Атап  айтқанда,  Бексұлтан  Нұржекеұлы,  Төлен  Әбдік,  Мұхтар 
Шаханов,  Дүкенбай  Досжан,  Кәдірбек  Сегізбай,  Ақселеу  Сейдімбек,  Аян 
Нысанәлі  және  тағы    тағылары.  Бұлардың  бәрі  бүгінде  қазақ  әдебиетінің 
тамыры тереңде жатқан бір-бір  бәйтеректері. 
 
«Капитан  көке»  мақаласы  және  бір  айтулы  қаламгер  жайлы.  Қазақ 
әдебиетіне  мемлекет  және  қоғам  жұмыстарына  етене  араласып,  өмірлік  бай 
тәжірибе жинақтай келген, сөйтіп, көрген-білгенін, көңілге түйгенін ақ қағаз 
бетіне өрнектей кестелеген, сөз өнерінің қадыр-қасиетін жан-тәнімен түйсіне 
ұғынған Әбжапар Жылқышиевтің 85 жылдық мерейтойында айтылған сөзде 
де  қаламгердің көркем әдебиет туралы терең толғаныстары анық байқалады. 
 
Әділін  айту  керек,  кеңестік  жүйеде  ел-жұртты  басқару  әрқашанғыдай 
оңай болған жоқ. Елмен етене болу, оның  мұң-мүддесімен санаса білу екінің 
бірінің  еншісіне  тимеген.  Мұндай  сынақ  ердің  еріне  тиесілі болған.  Бүгінде 
де солай деп түйсінеміз. 
 
Қарапайым  жүріп-ақ,  оны  қарабайырлықпен  алмастырмай,  дақпыртқа 
ермей-ақ,  атақ-даңққа  бөленген  бірегей  қаламгер  екендігін  оқырманға 
ұсынылған мерейсөзден-ақ анық аңғарамыз. Осы орайда көсемсөздің шебері, 
замандасымыз Махаңның  нақтылыққа, дәлдікке құрылған жазбасын бейжай 

 
135 
оқи алмайсыз. Жазушы уәжді сөзін позияның бүгінгі мықты өкілдерінің бірі 
Нармаханның  афоризмге  айналған  сөзімен  бекіте  түскен.  Ақын  аға  былай 
дейді:  «Даңққа  негізсіз  иек  арту  –  қорқыныштың  шыңға  өрмелеуі;  құламай 
қалмайды».  Көңіл  төрінде  төрттағандап  жайғасқан  бұдан  артық  ақылман 
сөзді іздеудің қажеті бар ма екен, сірә?! 
 
Жазушы  Әбжапар  Жылқышиевтің  өмірлік  өлшемі  де  тағылымға  тола. 
«Өз ғұмырында, жеке тіршілігінде, отбасында және айтарлықтай-ақ биік-биік 
лауазым  қызметтерінде  қандай  тұрашыл  да  талапшыл,  қандай  иманды, 
қандай ізгі, қандай ізетті, парасатты болса, қаламгерлігінде де сондай болды. 
Әсіреқызылдыққа әуестенбеді, алдамшы атақ-даңққа қызықпады, жалғандық 
пен  жасандылықты  қуып  кетпеді,  көпсөзділікке  көміліп  қалмады.»  Осынау 
сөздерде  қаншама  ой  бар.  Ойға  түйер  сөздер  бар.  Айтуға  оңай  болғанымен, 
қаншама тағдыр сыны бар десеңізші! 
 
Жазушы  Мархабат  Байғұт  өз  әріптесі,  замандасы,  жазушы  Әбжапар 
Жылқышиевтің  85  жылдығына  арнап  сөйлеген  сөзі  көркем  очерктің  жүгін 
ойдағыдай  көтеріп  тұр.  Осынау  мерейсөзде  қаншама  авторлық  поэтикалық 
баяндаулар  бар  екендігіне  әдебиеттанушылардың  көзі  анық  жетеді.  Сондай-
ақ  мерейсөз  арқылы  қаламгердің  портреті  тұтастай  өрнектеледі.  Әбжапар 
Жылқышиевтің  қаламгерлік  стилі  де  сарапталып  зерделенген.  Жазушының 
«Айтолқын»,  «Мешін  жылы»,  «Өмір  жыры»,  «Балжанның  тағдыры»  атты 
кітаптары  да  талданған.  Оларға  жеткілікті  дәрежеде  қысқа  әрі  нұсқа  әдеби-
сыни шолулар жасалынған. 
 
Зерделі  оқырман  Махаңның  әдеби-сыни  мақалаларын  оқи  отырып, 
бүгінгі әдеби процесті дәл аңғара алады. Бүгінде әдеби сын жоқ деген пікірге 
қарама-қарсы  көзқарастың  бірі  ретінде  жазушының  осынау  жазбаларын 
айтсақ  та  жеткілікті.  Тек  қана  оқу  керек.  Байыбына  жету  қажет.  Іздене 
үңілуге тиіспіз. Сол себепті біздер қазірде қазақ әдебиеті өзінің даму, жетілу, 
жаңару,  жаңғыру  үдерістерін  бастан  кешіп  жатыр  деп,  бек  сеніммен  айта 
аламыз. 
 
Жазушы  Мархабат  Байғұттың  «Сирек  сыбызғы»  мақаласы  да  көркем 
әдебиеттің  керегесін  көтеруде  өзінің  шынайы  тұрғыдағы  үлесін  қосып 
жүрген  және  бір  айтулы  ақынымызға  арналған.  Оның  есімі,  аты-жөні  – 
Нармахан  Бегалиев.  Мақалада  ақын  аға  жайлы  лирикалық  сезімге  тола  сыр 
көркем  проза  тілімен  төгілте  өрнектелген.  Әріптес  қаламдасқа  деген  әңкәр 
сезім,  бауырмал  ақ  ниет  көңіл  төріне  шейін  көтерілген.  Адами,  ақындық 
қасиеттері қосақабат өрілген. 
 
Мақала  тақырыбына  қойылған  сыбызғы  атауының  ақын  Нармаханға 
тағылуының себебін де осынау әдеби-көркем мақала  ауқымынан оп-оңай-ақ 
табамыз.  Сирек  сыбызғымыз  –Нармахан  ақын  екен.  Оның  бұлай  аталуына 
қазақтың  көрнекті  ақыны  Ғафу  Қайырбеков  себепші  болғандығына  деректі 
құжаттар дәлел бола алады. Бұл дәйектемені Махаңның өз жазбасынан алдық 
та.  Онда  былай  деп  жазылыпты:  Ол  (Нармахан  ақын  –  Н.Қ.)  өзінің  сонау 
болғын  күнінен-ақ  замандас  қаламдастарының  біріне  де  ұқсамайтын  өлең 
кестесімен,  суреткерлік,  нәзік  те  өткір  көзімен  мүлде  басқаша  еді.  Ол  – 

 
136 
табиғат  танушы  биологты,  ботаникті,  географты  еске  түсіретін.  Бейне 
Оңтүстік бағының ішінде жүрген балғын бағбан секілді... Ол желдің дірілін, 
шөптің  сыбдырын,  шегірткенің  өлеңін,  ауаның  ыстығын  сезгіш,  көргіш, 
жырлағыш.  Алыстағы  сыбызғының  дауысын  естігендей  боласың.  Оның 
өлеңдерін мен сағынып жүремін». 
 
Қазақ  поэзиясында  өзінің  өресі  биік  ақын  аға  Ғафу  Қайырбеков 
осылайша  ақын  Нармахан  Бегалиевті  алыстан  естілген  сыбызғының  
дауысына  балайды.  Сыбызғының  талмаусырай,  үздігі  құлаққа  жеткен 
дыбысы, әрине, есітер құлақты сол әуен жаққа бұрғызбай қоймайды емес пе. 
Мінеки,  Нармахан ағаның өлеңдері дәл осындай қасиетке ие. 
 
Мақалада  ақын  Нармахан  туралы  сөз  қозғалғанда  бүгінгі  қазақ 
поэзиясы, қазақ өлеңі, қазақ лирикасы қазіргі көркем әдебиетіміздің бірінен-
бірі ажырамас, құрамдас бір бөлігі секілді айтылатындығы атап көрсетілген. 
Қазақ  әдебиетіндегі  белгілі  ақындарымыз  Сырбай    Мәуленов,  Сағи 
Жиенбаев,  Қуандық  Шаңғытбаев,  Фариза  Оңғарсынова,  Темірхан  Медетбек 
және  т.б.  да  Нармахан  Бегалиевтің  өлеңдерін  сағына  күтіп,  аңсай 
жүретіндіктері  ақеділ,  адал  пейілмен  оқырмандар    санасына    сәулелендіре 
жеткізілген.  
 
Әдеби-көркем,  танымдық-тағылымдық  мақаланың  он  бойынан  біздер 
ақын,  газет  редакторы,  баспагер  әрі  адалдық  асыл  тұлғаға  ие  Нармахан 
Бегалиевтің біртұтас болмыс-бітімін аңғарамыз. Ақынды тани түсеміз. Ақын 
Нармахан  ағаны  сыбызғы  үнді  шайырға  теңеу  де  ғажап  қой.  Дала 
сыбызғысының  үні  сырға,  жырға  тола  болады  емес  пе?!  Онда  туған 
табиғаттың,  жыл  мезгілдерін,  саналуан  адам  тағдырының  үкілеген  үміттері 
мен арман аңсарлары, мұңы мен сағынышқа тола жұмбақ та құпия иірімдері 
тұнып  тұрады-ау,  шіркін!  Мақаладан  біз  ақын    Нармахан    ағаны  дәл 
осылайша қабылдадық. Сөйттік  те, ақын ағаға деген  сағынышымызды тым-
тым  толықтырып,  биіктете  түстік.  Осыдан  артық ешқандай  да  сөздің  қажеті 
жоқ секілді. 
 
 
«Менің    Шукшинім»  атты  әдеби-көркем  мақаланың  айтары  да  мол. 
Көсемсөз  де,  көркемсөз  де  орыс  халқының  атақты  жазушысы,  аса  көрнекті 
киногері, айтулы киноактер  Василий  Шукшинге арналған. Ол ХХ ғасырдың 
70-80-жылдарында  сол  кездегі  КСРО  деп  аталатын  алып  мемлекетте 
кинокөрермендердің  көзайымына  айналған  тау  тұлға  десек,  сөзіміздің 
шындығы  сол.  Василий  Макарович  Шукшиннің  жазушы  ретіндегі  көркем 
шығармаларының өзі неге тұрады  десеңізші. 
 
Жазушы Мархабат Байғұт жігіттік шағында жоғары оқу орнында оқып 
жүргенде-ақ,  үш  жыл  бойы  әскерде  қызмет  етуге  аттаныпты.  Сол  кездегі 
біртұтас  мемлекет  болғандықтан,  Ресейдің  Сібірі  өңірінде  өзінің  азаматтық 
парызын  өтепті.  Әрі  орыстың  атақты    жазушылары    Распутин,  Астафьев 
шығармаларымен  де  сол  жылдары  танысыпты.  Шукшинді  де  жақсы  көре, 
сүйсіне оқып, кітаптарын түгелдей дерлік жастана жатыпты. 
 
Жазушыға  арналған  мақалада  Мархабат  Байғұт    қаламгердің    «Етік», 
«Ермолай  ағай»,  «Хат»,  «Шебер»,  «Ай  жарығындағы  әңгіме»,  «Шаңырақ», 

 
137 
«Адал  жандар»  әңгімелері  туралы  мазмұндық  танымға  ие  талдаулар 
жасайды.  Шукшиннің  суреткер-психолог  ретінде  қарапайым    адамдардың 
қуанышы мен ренішін, мінезі мен қылығын, сағынышы мен шынайы сезімін 
терең әрі сан қатпарлы иіріммен көрсете алатын ерекше қасиетіне тоқталады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет