Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ


Жүсіпбек –  әдебиет сыншысы және фельетоншы



Pdf көрінісі
бет11/14
Дата22.12.2016
өлшемі3,94 Mb.
#201
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Жүсіпбек – 
әдебиет сыншысы және фельетоншы
Көркем  әңгімелерінде  ғана  емес,  очерк  пен  фельетон-
дарында  ХХ  ғасырдың  жиырмасыншы  жылдарындағы 
атқамінерлердің,  ауыл  мұғалімдерінің,  партия-совет 
қызметкерлерінің  образын  сомдап  шығарған  Жүсіпбек 
Аймауытұлының  шығармашылық  мектебі  –  кейінгі 
дәуірлердегі жас публицистерге үлкен үлгі болып табылмақ. 
Оның жазған көркем очерктері, сатиралық әңгімелері, фе-
льетондары  кең  тынысты  «Қартқожа»  мен  «Ақбілек»  ро-
мандарына  жеткізетін  шырайлы  көркемдігі  бар,  шымыр 
шығармашылық баспалдақ болды.
Көркем  очерк  жайында,  әсіресе  оның  жанрлық 
ерекшелігі,  сыр-сыпаты  мен  формалық  жаңалықтары 
туралы  әртүрлі  тұжырымдар  мен  пайымдаулар,  да-
улы  пікірлер  мен  соны  ұсыныстар  әлмисақтан  келе 

194
жатқандығы  мәлім/356/.  «Расын  айтсақ,  очерк  түрлері 
жөнінде  зерттеушілер  әлі  бір  тоқтамға  келген  жоқ» 
/357/  деген  пікір  білдіреді  баспасөз  зерттеушісі 
Т.Ыдырысов.  Дегенмен,  очерктердің  ішінде  жолса-
пар  очеркі  баспасөзде  де,  оның  теориясында  да  берік 
орын алғаны ешкімнің күмәнін туғызбаса керек. Және 
ол  очерктің  ең  көне  түрі  ретінде  де  ежелден  белгілі 
/357/.  Қазақ  баспасөзі  тарихында  жолсапар  очеркі 
Ш.Уәлихановтың «Жоңғария очерктерінен» (1860 жыл) 
бастау алатындығы да мағлұм.
Міне,  осы  тұрғыдан  алғанда  бұдан  кейінгі  кезеңдерде 
қазақ  баспасөзінде  жолсапар  очеркінің  нақты,  айқын 
нұсқасы  кездеспесе  де,  оған  жақын,  жолсапар  очеркінің 
элементтері араласып жатқан бірқатар көркем шығармалар 
«Айқап»  журналында,  «Қазақ»  газетінде  және  бұлардан 
кейінгі  қазақ  газет-журналдарында  аз  ұшыраспайды. 
Үйткен  себебі,  сол  шығармалардың  өзінде  авторлардың 
саяхат  сапарында  жинақтаған  тарихи,  экономикалық, 
географиялық және т.с.с. мағлұматтарына негізделген жол-
сапар  очеркінің  композициясы  берік  орын  алған.  Және 
оларда автор бірінші жақтан, өз атынан баяндап, саяхатқа 
өзін араластыра отырады. Бұрын болмаған елдің жер-суы, 
тұрмысы, салт-санасы, мәдениет ескерткіштері, халықтың 
өміріндегі  тарихи  өзгерістер  автордың  өзіндік  талғамы, 
әсері, көзқарасы арқылы баяндалады. 
Сондай  көркем  шығарманың  бірі  –    Жүсіпбек 
Аймауытұлының  «Әзірет  сұлтан»  (Хожа  Ахмет  Ясса-
уи) көркем очеркі /358/. Бұл көлемді очерк саяхаттап келе 
жатқан автордың жол бойындағы көрген-білгенінен баста-
лады. Оның Түркстан қаласына келіп, Қожа Ахмет Ясса-
уи  мешітін  тамашалағанын  оқи  отырып,  очерктің  негізгі 
объектісі  болған  Әзірет  сұлтан  кесенесінің  салыну  тари-
хымен,  оның  ішкі-сыртқы  көріністерімен,  сол  кездегі  ел 

195
тұрмысымен, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мешітпен 
таныс болып, олар туралы мол мағлұмат береді.
Бұған дейін Яссауи кесенесі жөнінде бірқыдыру мәлімет 
М.Дулатұлының  1913  жылы  «Қазақ»  газетінде  жарық 
көрген «Хазірет сұлтан» мақаласында айтылған. Әйтсе де, 
Жүсіпбектің  «Әзірет  сұлтан»  очеркі  ондағы  біраз  жайт-
ты  біршама  толықтырып,  өзінің  тұтас  композициялық 
шығарма  екенімен  ерекшеленетініне  де  назар  аудармаса 
болмайды.
Жүсіпбек ауызекі әңгімелеудегі шеберлікпен астасқан, 
өзінің  кестелі  стиліне  тән,  оқушыны  баурап  әкететін 
шапшаңдықпен көркем очеркті бірден бастап кетеді: «Елең-
алаңда  отарбадан  түсе  қап,  бержебай  іздескен,  баурынан 
жарған сым шалбарлы, қу етікті, қалпақты, көйлекті, бет-
аузы тобарсыған қу мұрын, қужақ жігіт:
–  Ха,  келіңіз,  ортақ!...  –  деп  арбаны  нұсқап,  алақанын 
жайды. «Меймандос» қып тұрған «үнемшілдік ықтияты» 
екенін ішің сезе қалады да, «пажалысты» дейсіз /358/.
Одан  ары  автордың  бержебайдың  арбасында  «ойқыр-
шұңқыр,  құмды  жолмен  толқындағы  қайықтай  батып, 
шығып, екі жағына кезек теңселіп» келе жатып, жол бой-
ында  «бұраң  көшелі,  құлаған,  қиқайған»  ескі  дуалдарды, 
«төңкерілген  төрт  аяқты  арбасымен  қатар,  күйсеген  қос 
қоңыр  өгізінің  құйрығын  жастана,  шидемін  айқара  жа-
мылып»  жатқан  адамды,  «екі  тартпасын  дуал  түбіне  та-
стай беріп, өзекте ... талтайып, дамбалын байлап» тұрған 
қазақты  көргенін  жазады.  Таң      алакеуімнен      бес-алты   
шақырымдағы      Түркстан  қыстағына  жеткенге  шейін 
аралықтағы көрген тосын жайттарды жіпке тізгендей ала 
бермей,  публицист  бұл  очеркінде  де  табиғат  мезгіліне 
тоқталып,  байқампаз  суреткер  екенін  танытады:  «...
Бозарған таң қара түнді батысқа қарай сырғытып барады».
Түркістанға  кіріп  келе  жатқанын  да  автор  өзгеше 

196
мәнерде  жазады:  «...Қыш  тамдар  андағайлай  береді. 
Анда-санда жерде топырақ томпаяды. Томпайса – басын-
да алақандай қураған ақ шүберек желбеңдейді. «Әулие» 
екен  дейсің.  Сайрамдағы  «сансыз  баптардай»  мұнда  да 
«әулиеден» аяқ алып жүргісіз екен».
Қаламгер қыстақтың тұрмыс-тіршілігін, ондағы ағаш-
тал, жер-төлелерді суреттей келіп, Әзірет сұлтан мешітіне 
арнайы  бас  бұрады:  «...Тапалтақ  тамдардың  ортасын-
да  Әзірет  мешіті  алыстан  таудай  бір  заңғар  боп  көрінеді. 
Төбесінде  ерейген-сорайған  еш  нәрсе  жоқ,  үш  кертеш:  1) 
маңдайы, 2) ұлы күмбезі, 3) кіші күмбезі.
...Қабырғаның батыс жағы шым-шидің түріндей, жасыл 
ала,  көк  ала  таңдай  ирек  сыр;  кей  жері  көшкен,  кей  жері 
тұтас. Сыры тастай қатты, шыныдай жылтыр. Бұл сырды 
кермеке (керамика) деп атайды».
Әзірет  сұлтан  дүрбесін  жаза  отырып,  байқап 
отырғанымыздай, көсемсөз иесі оның күмбездерін, ішкі-
сыртқы құрылысын, салыну әдістерін, т.с.с. ерекшеліктерін 
екшеп  алып,  оқушыға  түсінікті  етіп,  мол  ақпар  береді. 
Мешіттің өзгеше бөлек бітімін тамаша суреттейді. Соны-
мен бірге «Сыр дегені сыртынан жапсырылған, жағылған 
бояу  емес,  әуелде  солай  қылып  жасалған»  мешіттің 
әрбір  қышы  (кірпіші)  сол  кезде  Ленинградта  болса,  60-
70 тиын тұратынын айтады, өзге де осы сияқты қызықты 
мәліметтерді  келтіреді.
Автор  өзінің  мешітке  қалай  кіргенінен  бастап,  не 
көргенін айтып, тәптіштеп, оқушының көңілін өзі жазып 
отырған нәрселерге аудартып отырады: «...Заңғар дарба-
замен  жүріңкіреп  барып,  оюлы,  нақышты  темір  есіктен 
кірсеңіз,  аспандай  күмбезді,  төбелі,  бір  бос,  кең  жайға 
ұшырайсыз».
Немесе:  «...Бұл  кең  жайда  қазаннан  басқа  ешнәрсе 
жоқ  екен,  әрі  жағалайық.  Жағаласақ,  төрдегі  есіктің 

197
алдындағы сәкіде екі шырақшы (кәдімгі тақияшаң өзбек) 
отыр» деп еліктіре, қызықтыра жазуы – Жүсіпбек стиліне 
тән  ерекшеліктер.  «Автор  «жүз  кісі  болмаса,  қозғай  ал-
мас»  дегізгендей,  кесе  түптес,  он  екі  құлақты,  дәу,  қола 
қазанды, «есік аузында, төбеде абажадай», жез қаңдылды, 
Әзіреттің  раузасын  (қабірін),  қабір  үстіндегі  құлпыра 
жалтыраған  жазусыз  жасыл  тасты,  қабір  қасындағы,  еш 
музейде жоқ қымбат, үлкен шамдалды, қазақ хандарының 
қабір тастарын, имам тұратын мақырапты бүге-шігесіне 
шейін қалдырмай, қолмен қойғандай жазады.
Очерктің    М.Дулатұлының  «Хазірет  сұлтан»  мақа-
ласынан өзгешелігі де осында: мешіт ішіндегі түрлі заттар 
мен көріністерді автор репортаж жанрына жүгіне отырып, 
осы шақта суреттеуге, баяндауға ден қояды.
Автор қазақтың көнеден бері тартқан, бай мәдениетіне 
қатысты,  қымбат  мағлұмат  та  берген:  «...Одан  әрі 
айналсаңыз,  тағы  бір  кішірек  үйге  кіресіз.  Қабырғалары 
ойдым-ойдым (ышқапша). Бұл жай бір заманда кітапхана 
болып,  30  мыңдай  кітап  сақталған  екен.  Бұл  күнде  бірі 
қалмапты».
Көсемсөзші бұдан әрі Абылай ханның көк тасын, Ақсақ 
Темірдің  мешітті  салдыру  тарихын,  Әзірет  сұлтанның 
кім  болғанын,  Черняевтің  Түркстанды  алғанын,  Қоқан 
хандарының  шежіресін,  мешіт  төбесінен  қарағандағы 
Түркстан қыстағының аумағын, табиғатын көркем тілмен 
әңгіме етеді.
Сонымен  бірге  мешіттің  қалай  салынғаны  жөніндегі 
мәлімет осы күні де күн тәртібінен түспеген, даулы дүние 
болғандықтан  Жүсіпбектің  бұған  орай  жазып  қалдырған 
мағлұматын  назарға  ұсынып,  очерктен  тағы  бір  үзінді 
келтірсек, артық болмас: «...Сондай берік қыштарды қайдан 
әкеліп, қалай салды екен десеңіз, қыштарды Түркстаннан 
30 шақырым «Сауран» деген қыстақта жасап өртеген, Са-

198
ураннан мешітке шейін үш қатар адам тұрып, кірпіштерін 
қолдан-қолға әперіп тұрған. 30 шақырым жерге үш қатардан 
тұрғанда неше адам керек екенін есептей беріңіз. Мұнша 
адамды  қайдан  жинаған  десеңіз,  Асқақ  Темір  ханға  адам 
дәргер емес, ел шауып, қолға түсірген мыңдаған тұтқындар, 
кедейлер,  құл-құтандар,  қатын-балаға  шейін  өз  әмірінде 
болған соң адамды несін аясын?»/358/.
Сол кезде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін Ленинградтан 
келген Бошниский деген архитектордың түзетіп, қалпына 
келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанынан, сол жылы 10 
мың сомға мешіттің үш күмбезін, сегіз арқасын құлатып, 
жаңадан  өзінікіндей  қылып  қалап  келтіргенінен  хабар-
дар  боламыз.  Автор  жергілікті  жұртпен  тіл  табысқан, 
30  мың  сом  қаржы  кететін  жұмыстарды  3-4  мың  сомға 
түзетіп  қойған  архитекторға  ризашылығын  білдіре  оты-
рып:  «Бошниский  жолдастың  бұл  қызметін  тиісті  орын-
да ескерер деп білеміз» деп жоғарғы өкіметке құлаққағыс 
етеді. «Бұл күнде ақша шығарып, түзеттіріп жатқан – ескі 
мұра сақтайтын Орта Азия комитеті. Бұл мешітті инже-
нер Логинов көріп, 49 мың 427 сомға смета жасап, кіндік 
оны  бекіткен  екен.  Ол  кезде  мешіттің  іргесі  зерттелме-
ген екен. Енді ол ақша жетпейтін көрінеді. Жүз мың сом-
дап қаражат керек қылады» деп очеркте  үлкен мәселені 
көтереді.
1913  жылдың  өзінде-ақ  «Мешіттің  бір  белгі  болып 
мәңгіге қалуын тілеушілер болса, оны түзетуді археоло-
гические  обществолардың  біріне  тапсырып,  қайдан  бол-
са  да,  жиылған  ақшаның  жарты  тиынына  қиянат  бол-
майтын  жолмен  инженерлерді  сол  общество  өзі  жалдап 
түзеттірсе ғана, мақсұт орындалар еді. Болмаса, енді біраз 
жылдарда  бес-алты  жүз  жыл  ғұмыр  сүрген  Хожа  Ах-
мед  Яссауи  мешітінің  орнында  үйулі  бір  оба  томпайып 
қалу ғажап емес»/358/   деп дабыл көтеріп, мәселе қойған 

199
М.Дулатұлының жанайғайына арада он алты жыл салып 
барып, өз үнін қосқан Жүсіпбек: «Өз жерінде мұраның не 
боп жатқанын Қазақстан жұртшылығы да естіп-білу ке-
рек, үкіметі қолдан келген жәрдемін беру керек» деп жа-
зады. Ұлт мәдениетінің осы бір проблемасы бүгінгі күні 
де  қозғалып,  ара-тұра  өз  шешімінің  табылуын  күтіп 
жатқанын  еске  алсақ,  елінің  бөтенде  жоқ  ескерткішіне, 
мәдени мұрасына жаны ашыған қазақтың екі публицисінің 
ертеңді ойлаған азаматтығына толық көз жеткізуге бола-
ды.
«Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» /359/ атты көлемді очеркі 
де – тарихи маңыздылығымен де, көркемдік дәрежесімен де 
құнды шығарма. Бұл очерк Сұлтанмахмұттың 1933 жылы 
алғаш рет шыққан шығармалар жинағында алғысөз ретінде 
берілген. Алғысөз соңында автордың есімі көрсетілмейді. 
Әйтсе  де,  бұның  Аймауытұлының  қаламынан  туғаны 
күмән туғызбайды. Бұған әлденеше түсінік беруге болады.
Біріншіден,  жиырма  жеті  жасында  көз  жұмған, 
қазақтың  дарынды ақынының  соңында жиналмай  қалған 
әдеби  мұраны  Жүсіпбек  1926–1927  жылдары  іздеп, 
жинақтау мәселесін тұңғыш рет көтеріп, «Еңбекші қазақ» 
газетінде «С.Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына 
ат салысыңыздар» /103.Б.233/, «Торайғырұлының жиналған 
сөздері» /103.Б.235/ деп аталатын, ашық хат нұсқасындағы 
екі мақаласын жариялаған.
Екіншіден,  Аймауытұлы  1927  жылы  Шымкент 
қаласынан Баян-Ауладағы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке жазған 
хатында /103.Б.259/ ақын жөніндегі көркем очерктің өзінікі 
екендігіне бұлтартпас дәлелдер келтіреді: «...Мен бес-алты 
айдан бері Сұлтанмахмүт сөздерін жинап, жақында бітіріп, 
реттеп баспаға, Ордаға апарып тапсырып қайттым. Махмұт 
сөздері Құранның үлкендігіндей кітап болды. Ендігі жыл-
дар  басылып  шықпақ,  аман  болсақ,  біреуін  жіберермін». 

200
Бұл 20-майда жазылған бірінші хатынан үзінді. Ал екі ара-
да алты айға жуық уақыт өтіп, «Ақбілек» романын бас ал-
май  жазып  біткеннен  кейінгі  Мәшһүр-Жүсіпке  жолдаған 
тағы бір хатынан: «...Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел 
жинап, үлкен қылып баспаға бергенмін. Одан «басылды» 
деген хабар алып отырмын, рас болса. Бұл мойындағы бір 
міндет тәрізді нәрсе еді» деген жолдарды оқимыз.
Үшіншіден,  сол  кездегі  атауы  бойынша,  екеуі  де  Ке-
реку уезінде туған және кейін 1917–1918 жылдары Семей-
де  қатарлас  жүрген  Сұлтанмахмұтты,  оның  өмірбаянын, 
өскен ортасын, туған жерін, басынан өткен халін баспасөзге 
араласқан  қаламгерлердің  ішінде  Аймауытұлынан  артық 
білетін адам жоқ.
Төртіншіден,  және  ең  бастысы,  көркем  очеркті  оқу 
үстінде ондағы кестесі нақысты, тілі шырайлы сөз стилінен 
Жүсіпбектің қолтаңбасы анық байқалады.
  Бұл  айтқандардан  бөлек,  ақын  Дихан  Әбілевтің  де 
естелігі  бар,  онда  ол  Жүсекеңнің  1921  жылы  Баян-Аулаға 
келіп  Сұлтанмахмұттың  қолжазбасын  алып,  кітап  етіп 
шығармақ  болғанын  куәландырады  («Өткен  күнде  белгі 
бар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1997 жыл»).
«Сұлтанмахмұт  Торайғырұлы»  очеркі  ақынның 
шығармашылығына  емес,  оның  жеке  басындағы 
қасиеттерге, қысқа ғұмырындағы көрген қиыншылықтарын 
жазады,  өмірбаянының  тұтас  көрінісін  көз  алдымызға 
тартады.  Бір  есептен  очеркте  өмірбаяндық,  мемуарлық 
шығарма жанрының элементтері де кездесетіндігін жоққа 
шығаруға болмайды.
Очерктің  бағасын  көтеріп  тұрған  ең  айқын  сыпат  – 
Сұлтанмахмұттай  ақынның  толық  образының  барынша 
дәл,  шынайы  бейнеленуі.  Торайғырұлының  өлең  сөзбен 
жазылған  тұңғыш  романның  авторы,  қазақтың  классик 
ақыны  ретінде  әдебиетте  өзінің  құрметті  орнын  алғанын 

201
еске  алсақ,  оның  бейнесін  әр  қырынан  ашқан  осынау, 
көлемді  очерктің  Аймауытұлындай  сөз  зергерінің  атын 
атауға  да  тыйым  салған  озбыр  отаршылықтың  салдары-
нан  осы  күнге  шейін  жарияға  шықпауы  ақынды  тануда 
бірқыдыру олқылық болып келгенін жасырмау керек.
«Бір  жасында  Махмұттың  анасы  өліп  жетім  қалады, 
ұлы анасы Мүнтай бәйбіше баурына алады, – деп жазады 
Жүсекең.  –  Бала  күнінде  Махмұт  өте  аңқау  болады.  Өгіз 
бұзаулап жатыр десе, нанады. Махмұт жасынан салқам бо-
лады, киімін қайда болса, сонда тастап кетеді. Өгей шешесі 
Махмұттың салқамдығына кейіп ұрысқанда, Махмұт көзі 
жаудырап, ішінен тынып, мелшиіп тұрады екен.
Сондай  жуас,  сондай  сүйкімді  бала  Махмұттың 
жүрегінде  бала  жасынан  шер  байланады.  Бір  жағынан 
жетімдік  шері,  бір  жағынан  бай  нағашыларының  сән-
салтанаты,  әкесінің  оларға  жылқышы,  атарман-шабарман 
болып жүргені, құрбы-құрдастарынан кемдігі, осының бәрі 
бала Махмұтты ойландырады, толғандырады».
Сұлтанмахмұттың  өскен  жерін  –  Баян-Аула  тауын, 
Аймауытұлы  өзінің  де  туып-өскен  жері  болғандықтан, 
бала  жасынан  жақсы  таныс  болып,  көріп  өскендіктен 
шығар,  тамаша  суреттейді:  «Аспанмен  тілдескен  асқар 
шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне 
дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барқын, мой-
ыл;  қиядан  ойға,  ойдан  орманға  сүңгіп,  сыбдырлап, 
бұраңдаған бура бұлақ; шөккен алыптай асқар Баянның 
оң  қолтығында  айнадай  жарқыраған  Сабындыкөл,  сол 
қолтығында түндей түнерген  Шойындыкөл, жамбасын-
да  тас  аралды,  көк  құрақты  Торайғыр  көлі,  жаз  болса, 
көкорай шалғын, көк балауса жасыл жапырақ, гүл, жеміс, 
тау іші ың-жың аң, бұта толған жыршы құс».
Бұл  кестелі  сөз  өрнегінен  Жүсіпбек  стилін  қапысыз 
тануға  болады.  Мұндай  пейзаждың  кейбір  көріністері 

202
«Ақбілек»  романында  ұшырасатыны  белгілі.  Соны-
мен бірге жазушының кесек шығармаларында ғана емес, 
көсемсөзінде  де  бітімі  бөлек,  үйлесімі  жарасқан,  бояуы 
қанық  теңеулер  жиі  қолданылатынын  жоғарыда  айттық. 
Мысалға  алған  үзіндіден  де  «шөккен  алыптай  асқар 
Баян»,  «түндей  түнерген  көл»  деген  сияқты  теңеулердің 
сәтті екенін аңдауға болады.
Аймауытұлының  жазу  стиліндегі  тағы  бір  ерекшелік 
–  оның  әсіресе  бірыңғай  сөздерді  біріне-бірін  жымда-
стырып,  үнге  үн  қосқандай,  ерекше  екпін  шығарып,  сөз 
өрнегі іштей жарасқан бояулы, әуезді сөйлем құруында. 
Мәселен,  «Күнікейдің  жазығындағы»:  «...Өңі  қашып 
тұрған көк шөп, қызылды-жасылды, сарылы гүлдер де аты 
бәйгеден келгендей ажарланып, құлпырып ала жөнеледі. 
Шарықтаған  сайын  үдеткен  бозторғайдың  шырылы, 
боталардың  қоңыраудай  сыңғырлаған  жіңішке,  сұлу, 
қаяусыз зары...» /41.Б.18/ деген сөйлемдерге осы очерктен 
алынған жаңағы үзіндідегі: «...Аспанмен тілдескен асқар 
шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне 
дейін сыңсыған, сыпсың қарағай, ақ қайың, барқын, мой-
ыл;  қиядан  ойға,  ойдан  орманға  сүңгіп,  сыбдырлап, 
бұраңдаған бура бұлақ» деп төгілген сөздердің стильдік 
тұрғыда өрнегі біріне-бірі өте ұқсас, сөз жібі ажырағысыз 
екені шәк келтірмейді.
«Сұлтанмахмұт    6  жасар,  інісі  Бәшен  5  жасар  кезінде 
әкесінен  оқып,  еже  таниды.  Содан  кейін  әкесі  өз  үйінде 
жеке молда ұстап, кейде ел арасындағы молдаларға беріп, 
балаларын  оқудан  үзбейді»  деп  жазады  автор.  Ақын 
жөнінде жете таныстығын көрсетіп, көп мәлімет келтіреді: 
«12-13  жасқа  келгенде  Махмұт  Мұқан  молдадан  оқиды. 
Мұқан  молда  араб,  парсы  икейлерін  қазақша  айналды-
рып, өлең қылатын, біреуді мақтап, біреуді жамандап өлең 
шығаратын, «арқасы» бар адам болды. Молдасына еліктеп 

203
13 жасар Махмұт та сықақ өлең жаза бастайды (бала күндегі 
өлеңдері жиналмай, жоғалып кеткен)».
Бұдан  кейін  Сұлтанмахмұттың  Баян  қаласындағы  ме-
дреседен,  Әбдірахман  молдадан,  он  тоғыз  жасқа  келген 
кезінде  Троицкіде  тәртіппен  оқып  келген  Нұрғали  мол-
дадан  сабақ  алғаны  айтылады.  «Нұрғали  –  жаңа  түрдің 
молдасы.  «Тәржіман»  газетін  алдырып  тұрады,  ноғайша 
«пән»  кітаптарын  оқытады.  Махмұт  жаңа  түрде  газет, 
кітап оқып, жағрафия, жаратылыс, тарих сияқты пәндерден 
сабақ алып, дүниенің, заманның жайымен таныс болады... 
Өмірі босқа өтіп бара жатқанын ойлап, бір өз басын емес, 
қазақ  шәкіртінің  жолына  қайғырып  1912  жылы  «Зарлан-
дым» деген әңгімені жазады» деген мәлімет келтіреді ав-
тор. Сұлтанмахмұттың білімге қалай талпынғанын, Омбы 
шығып,  Троицкіге  келіп,  «Януышев»  медіресесіне  кіріп, 
бірақ аяқасты ауырып, қаражаты емдеуге кетіп, 1912 – 1913 
жылдары  медреседе  оқып  жұргенде  елге  жазған  хатын-
да:  «Қазақ»  газеті  шығатын  болғанын,  кейбір  шәкірттер 
шекпеніне  дейін  сатып,  жарна  салғанын,  өзі  екі  сом 
бергенін, сол жақтан да қаржы жинап жіберу керектігін жа-
зады» деп Аймауытұлы тағы бір тың деректі алға тартады.
Ұзақ очеркте Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолы, 
қай шығармасы қай кезде жазылғандығы ғана емес, оның 
мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, еңбекқорлығы, сөзге 
шешендігі,  әр  кездегі  көңіл  күйі,  Троицкідегі,  Семейдегі, 
Баян-Ауладағы,  Алтайдағы,  Тарбағатайдағы,  Зайсандағы, 
Томскідегі өмірі, ел ісіне араласуы, Бағила, Мәлике деген 
қыздарға ғашық болғандығы, ақыры өкпе ауруынан қайтыс 
болғаны  –  бәрі  шет  қалмай,  түгел  жазылған.  Автордың 
ақын өмірін өте жақсы білгендігі аңғарылады. Сонысымен 
очерк құнды.
Жүсіпбек  Сұлтанмахмұтты  1917  жылы  Семей 
қаласындағы  қазақ  комитетінде  бірге  қызмет  еткен 

204
кезінде  жақсы  білсе  керек,  үйткені  шығармада  ақынның 
сол  жылы  10-мартта  Семейге  келіп,  қазақ  жұмысын 
басқаруға  сайланған  он  бес  кісіден  тұратын  облыстық 
қазақ комитетіне мүше болып, кіші хатшы есебінде қызмет 
еткені айтылған екен.
Сұлтанмахмүт  сияқты  қазақтың  дарынды  ақынының 
барлық  шығармасын  жинауға  мұрындық  болып,  екі  ро-
ман, төрт поэма, алпыстан аса өлеңдерін, бес-алты әңгіме, 
сын еңбектерін және хаттарын жиыстырып баспаға берген 
/103.Б.259/, замандасының асыл қазынасы жоғалып кетпеуін 
тілеп,  кешегіні  келешекке  жалғайтын  көлемді,  көркем 
очерк  жазған  Аймауытұлына  бас  иіп,  алғыс  айту  лайық. 
Мұның  өзі  Жүсекеңнің  кісілік,  адамгершілік  қасиетінің 
биік болғанын тағы бір мәрте айғақтай түспек.
Көсемсөзшінің  «Әмен  Жүсіпұлы»  /103.Б.  138-140/, 
«Қалыбек  әртіс»/103.Б.256-259/  секілді  очерктерін  айтпай 
кетуге болмайды. Бұлардан да Аймауытұлының қайғыны 
ортақ,  қуанышты  тең  бөлісе  алатын  қасиетін  аңғарып 
қоймай,  оның  шебер  очеркші  екеніне  тағы  бір  рет  көз 
жеткіземіз.
«Әмен  Жүсіпұлы»  очеркінде  оның  кім  екенін,  қандай 
адам  болғандығы  турасында  автор:  «...Әменнің  өз  әкесі 
ақындығымен  алты  алашқа  аты  жайылған  Көпейұлы 
Мәшһүр-Жүсіп. Ол жаман заманда, надан елде талантының 
қадірін  таныта  алмай,  өмірі  жауыздықпен  алысып  өтіп 
келе  жатқан,  алапаты  артық  туған,  бір  қасиет  иесі  еді. 
Сол  қасиетті  Мәшһүр-Жүсіптің  көзінің  қарасындай  өзіне 
тартқан  баласы  Мұхаметәмен  еді»  деп  жазады.  Шағын 
очеркте  ел  ісіне  араласып,  жолсыздық,  жауыздық  үшін 
мерт  болған,  «әйел  теңдігі  үшін  бірінші  құрбан  болған» 
Әменнің образы жан-жақты ашыла түскен.
Осы  жерде  Ә.Жүсіпұлына  арнап  бір  досының, 
Жүсіпбектің осы очеркі шыққанға шейін бір күн бұрын, 

205
«Ақ жол» газетіне жазған қазанамасынан үзінді келтірсек, 
артық болмас: «14-нші қазақ мектебінде Тәшкенде мұғалім 
болып  тұрған  Әмен  Жүсіп  баласы  қаза  болды.  Марқұм 
қазақ халқының теңдік ап, ел болып, жұрт қатарына кіруін 
мақсұт  қып  жүрген  алаштың  намысты  азаматтарының 
бірі  еді  /360/»  деп  жаза  келе,  ашаршылықта  жат  ұлттың 
біреуіне  сатылып  кеткен  қазақ  қызын  құтқарып  алғаны 
үшін  өштескен  кісінің  пышағынан  1921  жылдың 
18-июнінде қаза тапқанын хабарлайды.
Ал  Жүсіпбек  бір  жағынан  оған  бақұл  жасай  отыра, 
кейіпкерінің  өткен  өмірін,  жеке  бет-бейнесін,  өскен  орта, 
істеген  қызметін  жазып,  шығарманы  портреттік  очерк 
деңгейіне  дейін  жеткізген.  «...Алдында  әулие  тұрсын, 
көңіліне  келгенін  айтуға  бар,  жүзің  бар,  бетің  бар» 
демеуші  еді.  Сөзге  аузының  ебі  бар,  тілді  болғандықтан 
сөйлейтін  жерге  уәкілдікке  қашан  да  Әмен  сайланушы 
еді. Қазақ съезіне Павлодар уезінен уәкіл болып сайланып, 
Орынборға келіп, өзі есіл-дерті оқу болып, ілім іздеп, елге 
қайтпастан  Түркстан  кетіп  еді»  деп  публицист  оның  ел 
ішіндегі әділеттілік, түзулік үшін күрескен қызметтерінен 
хабар береді. Очерк сонымен қатар еңбек ету, сауаттылыққа 
қол  жеткізу,  әйел  теңдігі  мәселелерін  де  айтып  өтеді.  Бір 
ерекшелігі,  очерк  қазанама  пішінінде  жазылған,  оның 
соңында Жүсіпбек жерлесі Мәшекең ақсақалға – Мәшһүр-
Жүсіпке  көңіл  білдіреді.  Бұл  –  1921  жылдың  жазында 
жазылған туынды. Сол жылдың күзінде Аймауытұлы Се-
мей  қаласынан  Баян-Аулаға  келгенінде  Мәшһүр-Жүсіптің 
үйіне кіріп, ол кісіге арнайы көңіл айтады (Д.Әбілев, «Өткен 
күнде белгі бар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1997 жыл, 
70-бет).
1927  жылы  жарық  көрген  «Қалыбек  әртіс»  очеркі 
қазақтың  алғашқы  кәсіби  актерлерінің  бірі  –  Қалибек 
Қуанышбаев жайында жазылған. Публицист оның образын 

206
аша отырып, қазақ театр өнерінің, қазақ мәдениетінің сол 
кезеңдегі жай-жапсарынан сыр шертеді.
Автор  Қуанышбаевты  1925  жылдың  жазында,  жас 
кезінде  көргенін  айтып,  көркем  очеркінде  былай  дейді: 
«Бір күні құдай жар боп, шырайы жылы, қой асығындай 
қолайлы  жас  жігіт  кіріп  келеді.  Оның  «салау...мағалейкү-
у-м..,  құдалар!»  дегендегі  ернінің  шалдығақ  емеуріні, 
құйқылжыған дыбысы, ере кірген ақ тазысы, бос белбеуі 
көп бозбаланың бірі емес екендігіне куәлік бергендей бо-
лып тұр.
Бұл Қалибек еді».
Сол жиында Қалибекпен араласып, танысып-біліскенін, 
оның  елдің  езуін  жидырмас  күлдіргі  екенін,  біреудің 
әлдеқандай  қылықтарын,  даусын  аумай  келтіретін 
шеберлігін,  әңгімешіл,  қалжыңқой  екендігін  айта  келіп 
Жүсіпбек:  «Театры  бар,  қалалы  жерге  неге  бармайсың?» 
дегенімде,  бұрын  шықпағанын,  театрмен  қатынасы 
жоқтығын,  мүмкіндік  болса  баратын  да  ойы  барлығын 
сездіргендей болды» деп жазады.
Шағын  үш  бөлімнен  тұратын,  портреттік  очерктің 
екінші  бөлімінде  публицист  1926  жылдың  басын-
да  мемлекеттік  театр  құрылып,  ел  ішінен  шақырылған 
әртістердің қатарында Қ.Қуанышбаевтың да Қызылордаға 
алынғанын  айтады.  Газеттерден  оның  «биыл  труппамен 
барып, Мәскеу театрының залында неше ұлттан құралған 
халықты күлдіргенін оқып келдік» деп мәлімет келтіреді. 
«Оның  дыбысы,  құбылысының  шеберлігі  сондай  –  ол 
жұртқа көрінбей тасаланып тұрса, естіген түрлі дыбыстар 
әркімдікі емес, жалғыз ғана Қалибектікі деп жан берсең, 
жұрт нанбас еді» /103.Б.258/.
Очерктің  үшінші  бөлімінде  «жаратылысы  әртіс» 
Қалибектің  шеберлігінің  өскені  баяндалады.  Құрманбек, 
Серке тәрізді қазақ актерлері жайында да айтылады. «Ор-

207
нын таппаған өнерде не түр бар дейсің? Бізде талай-талай 
Омарлар, Ахметтер «жынды Омар», «жынды қара» атану-
мен қартайып, есіл таланттар тот басып жатқан жоқ па?» 
деген өкініш білдіреді.
Сондай-ақ қазақ актерлеріне кәсіби білім керектігін де 
ескертіп, өтірік шал боп жүрген Қалибекті шын қартайтып 
алмай тұрып, наркомпрос болсын, театр басқармасы бол-
сын, білімін толықтыруға, хат танытуға қам істеулері ке-
рек. Театр не нәрсе, сахна не, шарттары қандай, драманың 
түрлі тарамдарының мәнісі не, олардың маңыздары, сыр-
лары қандайлық – міне, осыларды білгізу үшін енді уақыт 
өткізбей,  театр  студияларына  жіберіп,  оған  жібермеген 
күнде қысқы маусымда театр жанынан үйірме ашып, қазақ 
жігіттеріне  білім  беру  қажет  қой  дейміз»  деп  ұтымды 
ұсыныстар  айтады.  Аймауытұлы  қазақ  театр  өнері  мен 
мәдениетіне деген жанашырлығын байқатып, очеркте сол 
жылдардағы  күрделі  проблемалардың  біреуін  көтеріп, 
оған жауап іздейді.
Жалпы, заметка, корреспонденция, есеп, мақала, очерк, 
фельетон  сияқты  публицистиканың  ақпаратты  және  тал-
дамалы  жанрларының  қайсысына  жүгінбесін,  Жүсіпбек 
Аймауытұлының  өзіне  тән  стилін  көзі  қарақты  оқырман 
жазбай  тани  алмақ.  «Жанр  таңдау  мәселесі  –  өздігінен 
болатұғын  нәрсе  емес,  публицистің  сапалы  қызметінің 
көрінісі»/3б1/  болып  саналады  десек,  Жүсіпбек  –  қандай 
жанрды таңдамасын, оған қойылатын басты шарт, негізгі 
талап  үдесінен  шығатындай,  жоғарғы  деңгейде  жазған 
көсемсөз дүлдүлі.
Эрудициясы биік, танымы жоғары, заманында әртүрлі 
тақырыпқа  қалам  тартқан  үлкен  қаламгер  Жүсіпбек 
Аймауытұлының  тағы  бір  шығармашылық  үлкен  сыпа-
ты – оның тағылымы зор, тиянағы берік сыншы екендігі. 
Сыншының қаламынан туған «Әдебиет», «Абайдан соңғы 

208
ақындар»,  «Мағжанның  ақындығы  туралы»,  «Әдебиет 
мәселесі»,  «Көркем  әдебиетті  саралау»  сияқты  әдеби-сын 
мақалалары  –  өз  уақытындағы  өзге  дүниелерден  мойны 
озық шығармалар. Бұлар туралы ілгері тараулардың бірінде 
айтылғандықтан қайыра тоқталмайын.
Енді  әдеби-көркем  сын  тәрізді  жанр  формаларының 
мерзімді  баспасөзде  жиі  шығып  тұратыны  -  рецензия 
екендігін  еске  түсірсек,  Жүсекеңнің  бұл  салада  толым-
ды  мұра  қалдырғанын,  қазақ  баспасөзінде  рецензия  жан-
рын қалыптастырған аз қаламгердің бірі болғандығын атап 
айтқан жөн. Оның әр кезеңде, әр жылдарда жазылған «Те-
атр  кітабы  туралы  /103.Б.140-141/,  «Зүлхбире»  /103.Б.188-
190/, «Қазақ қызы» /10З.Б.210-211/, «Театр кітаптарын қалай 
көбейтеміз?»  /103.Б.219-221/,  «Бардың  жоғы  болмайық» 
/349/, «Бұ да ұлт театры жайында» /33/, «Құтты болсын!» 
/350/,  «Сұңқар  жыры»  /351/  сияқты  кітап  және  театр  ре-
цензиялары жәй оқырман үшін ғана емес, қазірдің өзінде 
өнер,  мәдениет  тарихында  құнын  жоя  қоймаған,  кесек 
публицистикалық  шығармалар  екенін  жоққа  шығаруға 
болмайды.
«Жанрдың өзінің атауы – рецензия – осынау әдеби-сын 
пішінінің  құрылымын,  бағытын  және  функционалдық 
ерекшеліктерін  айқындай  алады.  Рецензия  латын  тілінен 
(rесеnіо) сөзбе-сөз аударғанда «баға» деген ұғымды береді. 
Қоршаған дүниенің заты мен құбылысын қарастыру, зерт-
теу,  талдау  жолдары  арқылы  автор  өз  бағасын  айта  ала-
ды»  /342.С132/  деген  теориялық  тұжырымға  Жүсіпбек 
Аймауытұлы  рецензияларының  қай-қайсысы  болсын 
жауап  беретінін  бағамдасақ,  оның  баспасөздегі  әуелгі 
шағын рецензияларының өзінен-ақ қажетті ой, қабырғалы 
пікірлерді  көруге  болады.  Соның  біріне  –  «Қазақ  тілі» 
газетінде басылған «Театр кітабы туралы» рецензиясына – 
алдыңғы тарауда тоқталдық.

209
«Ақ жол» газетінде «Театр, әдебиет дүниесінде» айда-
рымен  жарияланған  «Зүлхбире»  атты  театр  рецензиясын-
да  көсемсөзші  1924  жылы  10-ноябрьде  Ташкент  театрын-
да  қойылған  «Зүлхбире»  трагедиясының  қойылымына 
кеңінен  тоқталып,  тұщымды  пікірлерін  айтады.  Публи-
цист  трагедияның  ішкі  құрылымы,  оқиғалар  түзілісі, 
олардың мән-маңызы, кейіпкерлерінің дүниетанымындағы 
психологиялық  үйірімдер  сияқты  бірқатар  факторларға 
көңіл бөліп, оны талдау барысында өзінің аңғарымпаз, ойлы 
рецензент  екендігін  байқатады:  «Трагедияның  маңызына 
қатынасы  жоқ  көп  әйелдердің  шығып,  ән  салып,  жүгіріп 
ұзақ ойнауы, қараушыларды жалықтырарлық ұзын сөздер 
(монолог,  диалог),  скрипкасы  бар  шалдың  келуі,  қыздың 
перде бойы тынып қайғыруы, жылауы, еңірей беруі, алы-
стан ән даусы естіліп, көпке шейін сахнаның бос тұруы – 
мұның бәрі трагедияның маңызын азайтатын кемшіліктер. 
Трагедия бұ жағынан көп ақсаулы»/103.Б.188-190/.
Рецензент  трагедияның  тек  кемшілігін  көрсетуді 
көздемейді,  ондағы  үлкенді-кішілі  олқылықтарды  жаза 
отырып, ұтымды тұстарын да айтып отырады: «...Қатты 
әсер  берерлік  орындарды  шұбалтып,  су  татытып  алады, 
мәселен, поп пен полицей келіп қызды ұрып-соғып алып 
кеткен  жері  қандай  күшті,  қандай  қапылыс!  Сол  жер-
де шымылдық түскен болса, қандай әсер берер еді!... Ар-
тынан  шал  келеді,  қаһарман  келіп,  табиғатты  мадақтап, 
жанындағы  қайғыны  сөйлеймін  деп  түршіктірген 
жүректі  айықтырып,  жалықтырып  жібереді».  Жалпы, 
ұлы суреткердің театр өнеріне қатысты қай рецензиясын 
алсаңыз да, ондағы дәмді пікірді, дәлелді ойды оқи оты-
рып, әсерлі, әділ сөздерге иланасыз.
Сонау  1916–1917  жылдардың  өзінде-ақ  «Рәбиға», 
«Жебір  болыс»  («Мансапқорлар»),  «Қанапия  –  Шәрбану» 
секілді  пьесалар  жазған,  кейін  де  «Сылаң  қыз»,  «Ел 

210
қорғаны»,  «Шернияз»  атты  драматургиялық  кітаптарды 
дүниеге әкелген кәсіби драматург Жүсіпбек Аймауытұлын 
«қазақтың  театр  өнерінің  бастауында  тұрған  адам» 
/170/  болғандығын,  «...алғашқы  кәсіпқойлық  ойын-
сауық  үйірмелерін  ұйымдастырып,  оған  өзі  жазған  пье-
саларын  өзі  режиссерлік  жасап,  сахнаға  қоюшылардың 
алдыңғы  легінде  де  Жүсіпбектің  аты  бар»  /171/  екендігі 
рас.  Міне,  осы  тұрғыдан  алғанда  оның  театр  рецензия-
лары  тұжырымды,  терең,  тиянақты  болып  келеді.  Және 
осы үлгідегі шығармалары сол тұстағы қазақ мәдениетіне 
өзіндік ықпалын да тигізе алған.
«Қазақ  қызы»  деп  аталатын  рецензиясында  ол  татар 
жазушысы  Ғалымжан  Ибраһимовтың  1924  жылы  Мәскеу 
қаласындағы баспадан татар тілінде шыққан «Қазақ қызы» 
деген  романына  сын-пікір  айтады.  Қазақ  өмірінен,  қазақ 
даласының  тыныс-тіршілігінен  алынып  жазылғандықтан 
бір  ауыз  сөз  айтуды  жөн  санаған:  «...Ғалымжан  қазақ 
өмірімен  жақсы  таныс  екен.  Шет  елдің  басқа  жазушыла-
рындай  қазақ  тұрмысының  бетін  жырып,  көлденең  ба-
сын  шалып  кетпеген.  Қазақтың  мінезін,  салтын,  әдет-
ғұрпын, үй-іші әлеумет өмірін жете біліп жазған көрінеді» 
/103.Б.210-211/  деп  оң  пікір  айтады.  Әсіресе  қазақтың  ру 
тартысын ашық көрсеткенін, партия, болыс сайлауындағы 
келеңсіздіктерді,  патшаның  отаршылық  саясатының 
кесірінен қазақтың кең қоныстан айырылуын дәл бейнелеп 
жазғанына  сүйініш  білдіреді.  Қазақ  даласының  суреттері 
жақсы берілгенін, ақсүйектер тұқымы қазақты сатып, шен 
алғандығын, татар молдалары мен саудагерлерінің қазақты 
азық  қылғанын  бұрмалаусыз,  адал  бейнелегенін  жаза  от-
ырып, автор романның кемшілік жерлеріне де тоқталады: 
«...Байдың малшыға зорлығын көрсетпек болып, кей жер-
де  қолдан  жасап  жіберген  жапсырма  уақиғалар  да  кіреді. 
Қазақ  әйелінің  мінезін  тым  ер,  тым  нәзік  етіп  көрсетеді. 

211
Беті  ашылмаған  әйел  баланың  сүйген  жігітімен  алғаш 
көріскен жері де, тапа тал түсте мойнынан құшақтай алуы, 
менмендік, көсемдік етіп кетуі келіңкіремейді» /103.Б.210-
211/.
Сыншының  пікірінше,  жазушы  әлі  де  болса,  қазақ 
ішіндегі қалың мал беру салты, жесір дауы сияқты қазақ жо-
расын терең білмейді. Сонымен қатар бір заманда малшы бо-
лып, байдан таяқ жеп, зорлық көріп жүрген Жұрынбайдың 
соңынан  бойдақ  намысын  жоқтап,  дұшпанын  өлтіріп, 
қашып  кетуі  ұғымсыз  болып  қалған  деген  ұйғарымын 
да  айтады.  «Басында  байға  кәдірі  болмаған  жалшының 
соңынан  жанкештілік  қылып  байдың  жолына  басын 
қатерге  байлауы  келіспейді»  деп  жазады  Аймауытұлы. 
Ал Ғалымжан Ибраһимовтың қазақтың сөзге шешендігін, 
баққұмарлығын, мырзалығын, кеңдігін, кеңшілігін, партия 
жұмысында  әділшілігін  жазуда  шындықты  айтып,  анық 
көрсеткеніне ризашылығын білдіреді.
«Әрине, қазақ өмірімен таныстырмақ болғандықтан уақ-
түйек  нәрселерге  де  көп  тоқталған,  –  деп  Жүсіпбек  қазақ 
тіршілігінің  этнографиялық  жағы  кеңірек  жазылғанын 
құптайды,  –  ...мәселен,  киіз  үйдің  сүйегін,  киізін,  бау-
шуын  қалай  тігетінін,  көшкенде  не  істейтіндігін,  ет  же-
генде асататындығын, қолын кір орамалға сүртетіндігін... 
тағы тағылар. Бұлар, әрине, татарларға білуге қызық». Сөз 
қадірін  білетін  Жүсіпбек  Аймауытұлы,  қай  рецензиясын-
да  болсын,  объектіні  орынсыз  сынамайды,  кемшілігі  мен 
жетістігін қатар қойып, салмақты, байыпты пікір білдіреді. 
Мысалы,  «қызды,  жігітті  тым  дәріптегендік  бар»  дей  от-
ыра,  «ондай  романтизмнен  қашуға  болмайды»  деп  татар 
жазушысының бұл бағытын кемшілік деп таппайтындығын 
айтады.
Дегенмен,  сыншы  осы  романның  сюжеттік  желісінде, 
оқиғалық  ішкі  байланысында,  мәселен,  қыз  бен  жігіттің 

212
таныс  болуы,  бірге  қашуы  тәрізді  оқиғалар  тізбегінде 
Міржақып  Дулатұлының  «Бақытсыз  Жамал»  романы-
на еліктеу бар екенін жасырмайды. Романның жалпы сы-
патына да, жекелеген тұстарына да бағасын бере отырып 
Жүсіпбек:  «Бұл  роман  қазақшаға  аударылса  жарар  еді. 
Керекті нәрсе екен» деп өз тұжырымын айтады.
Аймауытұлының  жүйрік  қаламынан  шыққан  «Қос 
моншаға түсіп қараңыздар» /352/, «Тәшкентте сауық кеші» 
/353/ және т.с.с көптеген корреспонденцияларын және тіл-
еміле  жайында,  баспасөз  бен  әдебиеттану  туралы,  ана 
тілі  мен  оқу-білім  саласында,  этнография  мен  мәдениет 
жөнінде  және  т.б.  түрлі-түрлі  тақырыптарға  жазған  мол 
мақаласын бірінші тарауда біршама қамтыдық. Сол себеп-
тен қысқа ғұмырында көсемсөздің бай мұрасын қалдырған 
қаламгердің  ендігі  бір  шығармалары  –  сатиралық  туын-
дыларына  көз  жіберіп,  көңіл  тоқтаталық.  Т.Қожекеевтің 
«Сегіз  қырлы,  бір  сырлы  Жүсіпбектің  қызық  қыры  – 
сықақшылдығы...  Қаламгердің  сатиралық  мұрасының 
сүбелі  бір  саласы  –  фельетондар»  /295.Б.31,32/  деген 
пікіріне  назар  аударған  жөн.  «Жүсіпбектің  бұл  салада 
жазғандары  жазушының  сатириктік  талантын  айрықша 
танытады» /129. Б. 42/ дейді С.Қирабаев.
Жүсекеңнің өткір, уытты фельетондары әсіресе «Ақ жол» 
газетінде  көп  жарық  көрген.  Мәселен,  осында  басылған 
«Күмәжнік  (Әмиән)»  фельетонында  көсемсөзші  кейбір 
адамның  тойымсыздығын,  тоғышарлығын,  күншілдігін 
әжуа  етеді.  Шығарма  кейіпкерлері  –  Қойбағар,  Түнқатар, 
Майпалау  деген  үш  жігіттің  жолаушылап  келе  жатып, 
күмәжнік  тауып  алғанынан  бастап,  «ашып  жіберсе  –  іші 
ақшаға сықыр-сықыр еткен» олжаға батқанын, оны бөліске 
салмай, әрқайсысы жеке иемденгісі келген тойымсыздығын 
сықақ қылады.
Диалогты  шебер  құра  білетін  қаламгер  адамның 

213
ішкі  жан  дүниесін,  ой-сезімін  де  дәл  тауып  көрсете 
алған.  Мәселен,  арам  ниетті  тоғышардың  өз  ойын  өзі 
қалайша ақтап, «дәлелдеп шыққанын» былайша жазады: 
«Түнқатар келе жатып ой ойлайды: «Қара тиын күрешіміз 
жоқ еді. Қиуадан байлықтың сап ете түсуі қалай! Неткен 
ырыс десеңізші! Бұл ырыс, бұл маңдай кімдікі? Қойбағар 
да, Майпалау да – маңдайын сынаған кісілер. Бай болса, 
бұрын қайда жүріпті? Бұл менің қанжығам болуы керек. 
Осы ақша түгелінен өзіме қараса, адам таңғалғандай, та-
рихта  атым  мәңгі  болғандай  іс  істеуіме  болар  еді.  Бірақ 
мынау екі ит өлмей сыбағасын жіберер ме? Сөздің шыны-
на келсек, екеуі де нағыз құдай ұрған емес пе? Осы ақшаны 
алғанмен  бұлар  оңбайды.  Ішіп-тышып,  жоқтан  өзгемен 
құртады. Мен алсам, әрі Отаныма пайда тигізер едім, әрі 
атағымды бір шығарар едім...» Ал қалған екі тоғышардың 
сұм ойларын жүзеге асыру үшін өзара ақылдасқан кеңесін 
автор диалог арқылы береді:
«– Түнқатар – елгезек жігіт. Мен өзім жақсы да көремін. 
Бірақ  сен  байқайсың  ба,  мынау  ақша  қолына  тисе,  не 
картаға  ұтқызып  жібереді,  не  шашып  құртады.  Әйтпесе 
адам істемеген бір бұзықтыққа кіреді. Ой тоқтатпаған жас 
бала ғой, осынша ақшаның кәдірін біледі деймісің...»
Фельетон  бас-аяғы  шымыр  жазылып,  бір  дем-
мен  аяқталады.  Автор  кейіпкерлерін  суреттемейді, 
мінездеме  бермейді,  тіпті  қимыл-қозғалысын  да  сыпат-
тамайды. Әйтсе де, осы ойларымен, сөздерімен олардың 
кім  екендіктерін  аңғарта  білген.  Екіжүздіктері  көрініп 
тұрады.  Сүйтіп,  фельетон  соңында  аяқасты  табылған 
ақша  біреуіне  де  бұйырмай,  үш  жолаушы  бірінің  түбіне 
бірі жетіп тынғаны баяндалады.
Бастан-аяқ  диалог  түрінде  жазылған  «Радио  хабарла-
ры»  фельетонында  /41.Б.139-142/  автор  совет  өкіметінің 
алғашқы  жылдарындағы  қазақ  арасынан  шыққан 

214
атқамінер, «оқығандардың» өзара бақастығын, күншілдігін, 
жікшілдігін қатты сынаған. Бұл оқшау сөзінде Аймауытұлы 
үлкен мінді, жаман мінезді көрсетіп айтпай-ақ, көз алдыңа 
елестете отырып сықақ етеді:
«– Құралды мақсат ақтайды деген емес пе? Бұл партия 
дегеніңіздің өзі қып-қызыл әдіс болу керек. Көңілге бірдеңе 
алдың ба? Ол жолда мақсұтыңды  орындау үшін,  ит бол-
сын, жерінбе, пайдалана бер, сүйтпесең, болмайды...». Не-
месе:
«– (Теріс қарап) Көпшік қойып отырғанын көрінген өзі-
ақ көріне берсін. Заман қандай болады? Екі жаққа да бой 
көрсету  жарамас.  (Естіртіп)  Менің  артық  жақындығым 
жоқ.  Ел  сырын  өзінен  артық  білетін  кісі  жоқ,  өзің 
жолыққаның жарайды.
– Оның да дұрыс екен (Бү кәпір де тақсы ғой, не бола 
қойсын).
–  Сіздермен  қосылып,  көзімізді  ашпасақ,  анау  иттер-
мен  күнде  қырқысып,  кәдіріміз  де  қалатын  емес,  елді  де 
билететін емес, қызмет те істететін емес».
Бірімен-бірі  арбасып,  өсек-өтірік  айтысып  отырған 
екі қызметкердің бас пайдасын ғана ойлап, ол үшін елдің 
тыныштығын  да,  достың  сенімін  де  сатып  жіберетіндігі, 
заман  ауанына  қарай  құбыла  қалатындығы  нанымды 
көрсетілген.
«Радио  хабарлары»  фельетоны  –  жанрлық  формасы 
жағынан өзгеше дүние. Бұл ретте оның шын мәнінде радио 
хабары үшін сұранып тұрған шығарма екені де байқалады. 
«Радиогазет баспасөз пішіндері мен жанрларынан радиоха-
бар пішіндері мен жанрларына өтпелі кезеңдей болды»/354/ 
деген тұжырым біздің ойымызды тиянақтай түседі.
Осы  жылдары  жазылған  «Тінікейді  не  ойландыр-
ды?»  /41.Б.167-168/  атты  шағын  ғана  оқшау  сөзінде  ел 
ішіндегі  жуандардың,  байлардың  өз  ағайындарын  қалай 

215
жалшылыққа  салып  қоятындығын,  астам  озбырлығын 
астарлап  қана  көрсетіп,  ишаралап  жеткізсе,  «Жарасымды 
сүгіреттер»  /41.Б.148-150/  фельетонында  «болып-толған», 
«оқыған»  қызметкердің  қырға  өкіл  болып  шығуын,  жу-
андарды  қорқытып  пара  алуын,  аңқау  елге  арамза  мол-
да  болғанын  ащы  мысқыл,  уытты  сарказммен  жеткізеді. 
Екінші  жақта  жазылған  фельетонның  «жарасымды 
сүгіреттері» қарасөз шеберінің көркемдік қуаты күшті тағы 
бір шығармасы екенін танытып тұр.
Жүсіпбек  фельетондарындағы  кейіпкерлер  біріне-бірі 
ұқсамайды  және  әрқайсысы  өзінше  бөлек  сыпатта  есте 
қалады.  Қаламгер  сол  дәуірде  әрқилы  қызметте  жүрген 
шолақ  белсенділердің  ұрдажық,  әпербақан  мінездерін 
сықақ етеді.
Совет  өкіметінің  алғашқы  жылдарында,  жаппай  са-
уаттандыру  реформасы  үрдіс  алған  уақытта,  ел  арасы-
на  сауат  ашуға  шыққан  кейбір  шала  мұғалімдердің  өз 
қызметіне  жауапсыз  қарайтынын,  ел  ішіндегі  әдепсіз, 
оспадар қылықтарын Аймауытұлы шенеп жазып отырған. 
Мәселен, «Қарсақпай мұғалім Досәлінің қонақ үйіне отыз 
шақты кісіні апарып оқытып жатыр. Еркек, ұрғашы ара-
лас. Шәкірттер – өңкей ересектер: көбінде сақал бар. Ер-
кектер  жерде,  скәмияларда  әйелдер  отыр.  Әйелдердің 
қақ  ортасында  –мұғалім  өзі.  Екі  жағында  –  екі  бойжет-
кен қыз» деп басталатын «Сауатсыздықты қалай жою» де-
ген  фельетонында  /41.Б.175-176/  қаламгер  осы  айтылған 
мұғалімнің образын береді.
Бұл  фельетондағы  көріністерде  де  қаламгер  алдағы 
шығармаларындай қыр суретін, ауыл өмірін, ел қазағының 
аңқаулығын,  қараңғылығын  дөп  басып,  шынайы  көрсете 
алған:  «Молда»  оқуын  бітірсе  керек.  Шәкірттеріне  ән 
үйретіп  жатыр.  Бәрінің  көзі  молдада.  Молданың  бір 
қолы  ұшатын  құстың  қанатындай  әуеде  қалықтап,  әннің 

216
ырғағына қарай жоғары, төмен ұшып жүр. Енді бір қолы 
қасындағы бойжеткеннің белінен икемдеп, құшақтаңқырап 
отыр.  Үйдегілер  қолдың  қайда  жүргенін  байқамайды. 
Үйткені молда қарсы қарап отыр. Арқасы есік жақта.
Салып  жатқан  әндері  Абайдың  «Көзімнің  қарасы» 
екен...»
Бір сәттілік қана күлкілі нәрсені әдіптеп жеткізе білетін 
сөз зергері бір-екі ауыз сөз я сөйлемнен туындаған қызық 
жайтты да жылы юмормен жазады: «Қыр мұрын, қыпша 
бел»  дегенде  молдекең  қыздың  белінен  қысыңқырап 
қалды...» Бағанадан бері тыста есікті азырақ ашып, арасы-
нан сығалап қарап, бақылап отырған Баймұрат отағасы үйге 
кіріп барайын деп әрең тоқтатады өзін. Сүйтсе, «қолында 
екі  бүктеп  ұстаған  келдектей  қамшысы  бар»,  «тұрысы 
қойға  шапқалы  тұрған  сықылды»  жуан  кісі  -  Баймұрат 
отағасы  бекерден-бекер  сығалап,  аңдып  тұрған  жоқ  екен. 
Молданың белінен қысып отырған бойжеткені осы кісінің 
қызы болып шығады. Өзі әзер шыдап түрған Баймұраттың 
қасына енді Қоймұрат келіп, екеуі «жасырын» бақылауды 
жалғастырады:
«Әншілер:
– ...Иә бір кез, иә құлаш, – деп бергенде Баймұрат отағасы 
жұлып алғандай:
– Не дейді!? Не дейді? Бір кез, бір құлаш... Атаңның ау-
зын... нің бір кез, бір құлашы не?! – деп боқтап жіберді.
Қоймұрат тұрып:
– Оқуы ма? Өлеңі ме? – деп қарады. Баймұрат отағасыға 
«Бір  кез,  бір  құлаш»  тым  сезікті  көрінді,  шыдай  алмады. 
Күйіп кетті:
Осы  оқытқанының  атасының...  сенің.  Камилаңды  да, 
Жамилаңды  да...  қойды:  атаңның  басына  тұрмысың?  – 
Жүр!»
Сүйтіп,  екі  отағасы  омыраулап  кіріп  келіп,  қыздарын 

217
қолдарынан сүйреп алып кетеді. Өзге әйелдер де жылыстап 
шығып жөнеледі. Шәкірттердің бәрінің көңілі қалып, сол 
кеткеннен  мол  кетеді.  Қарсақпай  мұғалімнің  қырда  сауат 
ашудағы «еңбектері» осылай сәтсіз аяқталған.
Шығармашылық жолын уақ әңгімелер, оқшау сөздерден 
бастаған Аймауытұлының сол туындыларында астарлы сөз, 
мысқылды сөйлемдер аз емес. Мақала және очерктерінде 
болсын, көркем әңгімелерінде, кейінірек жазылған роман-
дары мен повесінде болсын, қазақтың жылы юморға толы 
әңгімелерін, бай тілін көркем әдебиетте белгілі бір деңгейге 
дейін көтерген    жазушы шығармаларында күлкілі образ-
дар, езутартқызар бейнелер жиі ұшырасады.
Аймауытұлының фельетон сияқты «көркем әдебиеттің, 
публицистиканың әрі сатира мен юмордың тілдік, стильдік 
құралдарын  бірдей  талап  еткен  жанрда  /355/  көсіле  жа-
зып, өзіндік үлгі қалдырған сатиралық әңгімелері де – аса 
қызықты, өте уытты дүниелер. Олардың қатарында «Қилы-
қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» /41.Б.137-
139/,  «Алып  ұйқы»/40/,  «Томарбай  мен  қатыны»  /41.Б.81-
89/ сияқты сатиралық әңгімелерін айтуға болады. Бұларға 
кейінірек  кеңінен  тоқталамыз.  Профессор  Т.Қожакеевтің 
анықтауынша,  Жүсіпбек  Аймауытұлының  фельетондары 
басты төрт ерекшеліктермен анықталады:
«1) әлеуметтік қоғамдық мәні зор, адамдық, моральдық 
салмақты проблемаларды қозғауы;
2)  қазақ  сахарасының  бояуы  қанық  суреті,  болмыс-
тіршілігінің аңқыған иісі, ащы шындығын баяндауы;
3)  ірі  проблемаларға  бару,  үлкен  батылдық, 
принципшілдік көрсету, автор позициясының айқындығы;
4) жазылу стилі, үлгісі, бітім-пішімі жағынан түрге бай 
екендігі» /295.Б.31-40/.
Қазақ сатирасының, оның ішінде фельетон жанрының 
қалыптасуына  үлкен  үлес  қосқан  көсемсөзшінің 

218
шығармашылық қуатына, жан-жақты дарын иесі екендігіне 
оның  шығармашылығын  зерттеушілердің  көзі  жеткенін 
осы тұжырымнан да байқауға болады.
Соңында мол публицистикалық мұра қалдырған оның 
1920–1925 жылдарда очеркші және фельетоншы ретінде да-
раланып көзге ерекше түскенін ұмыт қалдырмаған ләзім. 
Б.Кенжебаев айтқандай, «сұлу стильді жазушы» /340/ көркем 
очерктері  мен  фельетондарында,  сықақ  әңгімелерінде 
өзінің заманындағы қазақ тіршілігін, қоғамдық-әлеуметтік 
өмірдің  бет-бейнесін,  заман  шындығын,  замандастары 
келбетін бейнелеп, қайталанбастай образдар сомдады.
Сөз жоқ, қазақ баспасөзі тарихында үлкен орны бар, қазақ 
публицистикасы  мен  ұлттық  демократиялық  баспасөздің 
қалыптасуына  зор  үлес  қосқан  Ж.Аймауытұлының 
шығармашылығынан өз замандастары да, кейінгі жастар да 
үйренген. Оның очерктері мен фельетондары – бүгінгі күні 
де құрылымы жағынан болсын, стильдік жағынан болсын, 
үйретері көп, тағылымы мол дүниелер.

219
IV бөлім
көркем шығАрмАлАрындАғы 
публицистикАлық  белгІлер

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет