Нұрлан Рахымжанов



Pdf көрінісі
бет15/17
Дата26.01.2017
өлшемі1,85 Mb.
#2739
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

 
 
Арқа сапары – Барақтың бейіті қайда? 
 
Осы  әңгімемен  біз  2011  жылдың  14  мамыр  күні  ауылдан  екі 
машинаға  мінген  алты  адам  жолға  шықтық.  Бірнеше  адамға  жолға 
бірге барып қайтуға ұсыныс білдірілді. Бірақ, жеме-жемге келгенде 
баратын адамдар осы алтаумыз ғана болып шықтық. Бастаманы мен 
көтергеніммен,  негізгі  ұйытқы  болып  жолға  шығып  отырған 
Дүзкенов  Қалдыбек  Кәрімжанұлы  бауырым.  Ол  ағасы  Матанның 
УАЗ-ын  сұрап  алды.  Матан  да  ерлік  көрсетті.  Тараздан  машинаға 
жаңадан  төрт  баллон  алдырып,  салдыртты.  Жолдасы  Жақсыкүнов 

 
187 
Аманғали Ыбырақымұлы, Қалдыбек үшеуі үш күн бойы машинаны 
тексеруден өткізіп, жолға жақсылып дайындап  шығарды. Қалдыбек 
ағасы  Матаннан  машинаны  жүргізуге  сенімхат  алып  жолға 
дайындалып  келді.  Жол  бастаушымыз  –  Өксікбаев  Сайлау  деген 
әкеміз, әйгілі жерқұлы, Арқаның жерінің әр соқпағын жатқа айтатын 
жан.  Екінші  көлікте  бұрын  өзі  мал  бағып  жүріп,  жастық  жалынды 
уағын өткізген Арқаның жусанының иісін аңсап, сол жерлерді тағы 
да бір басып, аунап-қунап қайтуды аңсап келе жатқан Тотанбайұлы 
Тоқмырза,  Тоқмырзаұлы  Ермұрат.  Бір  көліктің  жанар-майын  мен 
өзім  төлеп  келемін.  Үлкен  атасы  Қоныс  батырдың  басына  тас 
қоймақ  ниетте,  әкесі  жыр  қылып  айтып  өткен  Жиделі-
Тобылғылыдағы  бабасының  мекенін  көруді  армандап  жүрген 
Жанжолұлы Серікбай әкем екінші көліктің майын құйып келеді. 
Бұлардың барлығы менің шартыма көніп келеді. Менің шартым: 
бірінші  –  Барақ  бабамыздың  бейітін  табу,  екінші  –  жол  бойы  жер 
көріп  бару,  үшінші  –  Арқадағы  ағайындар  арасында  болып,  сол 
жақтағы  ел  арасындағы  әңгімелерді  жинап  қайту.  Барлығы  осыған 
мақұл  десіп,  14  мамыр  күні  таңғы  алтыда  біздің  үйдегі  дастархан 
басынан  табылды.  Таң  қылаң  бере  үлкен  міндет  артқан  жолға 
шықтық. 
Бұл жолға шығар-шықпасым белгісіздеу еді. Әңгімеге ұйытып, 
еліктіріп отырып Зікірияұлы Ордабай ағам: 
-
 
Ой,  Нұрлан-ай,  бұл  арадағы  әңгіме  саған  не  болады  дейсің. 
Шіркін,  Арқаның  жерін  аралап  жүріп  «мынау  пәлен  деген  жер, 
мынау  пәленшенің  моласы»  деп  жүріп  талай ұйқыдағы  әңгімелерді 
оятып  алуға  болады.  Арқадағы  ағайынның  арасына  барып  жатып, 
сондағы елдің әңгімесін жинап қайтайық та екеуміз, - деп қалған. 
Бұл  әңгіме  көкейіме  қонып,  мен  жолға  дайындалып  едім. 
Ордабай  ағайды  алға  салып,  біршама  таныс  ағайындар  арқылы 
бірталай әңгіме жинап қайту ойда болған еді. Ол кісі Алматыға кетіп 
еді,  ол  жақтан  келе  алмайтын,  келгенімен  бізбен  бірге  жүруге 
жағдайы  келе  қоймайтын  сыңайы  болған  соң,  лажсыздан  ол  кісіге 
қарамай жолға шығып кеттік. 
Жолға Қалдыбек өзінің фотоаппараты мен видеокамерасын қоса 
алып  шықты.  Ол  аспаптарының  көп  көмегі  тиді.  Онысына  мың 
алғыс! 
Құмкент  -  Шолаққорған  тас  жолы  арқылы,  Созақ  кентінің 
сыртынан  айналып  Қыземшекке  қарай  жол  тарттық.  Қыземшек 

 
188 
кентінен солтүстікке қарай  57  шақырым  шыққаннан  соң  Павлодар-
Шымкент мұнай құбырын жағалайтын қара жол бар екен. Ауылдан 
шығып сол жолға түскенге дейінгі аралық 330 шақырымды құрапты. 
Қара  жолмен  «Жетіқоңыр,  Сейталиев  Сайлау  қайдасың?»  деп 
тартып  отырдық.  103  шақырымнан  соң  «Бесқауға»  деген  қыстауға 
келдік. Сол жерден жөн сұрап біліп, ары қарай 13 шақырым жердегі 
«Тезекбай»  деген  елді  мекенді  басып  өтіп,  қалың  құмның  ішіне 
сүңгідік  те  кеттік.  Шіркін,  Жетіқоңырдың  еспе  құмдарын-ай, 
астымыздағы көліктерді жібермей келеді. Ысылдап-пысылдап жүріп 
келеміз.  «Тезекбай»  мен  келесі  ауылдың  арасы  бар  жоғы  26 
шақырым. Сол қысқа ғана жолды 2 сағат 24 минутта әрең өтпесіміз 
бар ма?! Келген ауылымыз «Ақкеңсе» деген қыстақ екен. Бір кездері 
кеңшардың  орталығы  болған,  кейіннен  бір  ферманың  орталығы 
болған,  бұл  күндері  он  шақты  ғана  үй  тұратын  елді  мекен  екен. 
Бірақ,  тұрғындарының  жағдайы  тәуір  екендігі  сырт  көзге  ұрып-ақ 
тұр.  Әр  үйдің  сыртында  бірнеше  автокөліктен  тұр.  «ГАЗ-53», 
«УАЗ»,  «Джип»,  тракторлары  тұр.  Әр  үйдің  жанында  тонна-тонна 
металл сынықтары үйіліп ол жатыр. 
Ары  қарайғы  жолды  сұрамақ  болып  бір  үйге  келіп  тірелдік. 
Серікбай әкеміз елден бұрын түсіп жүгіріп кеткен. Бір уақытта сонда 
жүрген  жергілікті  әйелдің  айқайы  шығып  қалды.  Машинадан 
секіріп-секіріп түсе қалдық. Сөйтсек ана әйел: 
-
 
Құдайға  шүкір,  бәріміз  де  мұсылман  баласымыз.  Қазақпыз, 
қонақжай  елдің  адамымыз.  Қонамыз  десеңіз,  бір  тамағымызды 
беріп, төсегіңізді салып барынша күтеміз. Неге сіз олай дейсіз, - деп 
жатыр екен. 
Үйден  шыққан  жігіттен  Сайлаудың  үйіне  барар  жолды  сұрап 
ары  қарай  кеттік.  Сөйтсек,  Секең  барып  ана  әйелге: 
«Мұсылмансыңдар  ма?  Үйлеріңнен  бір  шай  бере  аласыңдар  ма?» 
деген бе-ау?! Әйтеуір, ана әйелдің қытығына тиген жайы бар екен. 
Күн  батып  қараңғылық  түсе  жаңағы  жігіт  көрсеткен  құмды 
жотадан  аса  алмай,  құмды  жиекте  отырып  бір  қыстауға  келіп 
тірелдік.  Біздің  машинамыз  келіп  тоқтағанда  бір  машина  жолға 
шыққалы от алып тұр екен, машинадан үш жігіт түсіп, жөн сұрасып 
қалдық. Осы қыстаудың иесі Қанат деген жігіт екен. Қыстаудың аты 
–  «Күлік»,  ауыл  орталығы  Мыйбұлақтан  алты  шақырым  жерде 
орналасқан.  Мыйбұлақ  –  бұрынғы  «Жетіқоңыр»  кеңшарының 
орталығы, қазіргі Ұлытау ауданының Мыйбұлақ ауылдық округінің 

 
189 
орталығы екен. Бізге жолды түсіндіргенімен алыс жолдан шаршаған 
кезбе  топ  мүшелерінің  милары  ашып  қалған  ба,  жүруге  ынта-
ниеттері жоқ па, табандап тұрып алды. Сонда тұрып үй егесі Қанат: 
-
 
Жезқазғаннан  Таразға  барып,  ары  қарай  18  шақырым  жүр 
десе, жүруге шамаң келе ме? Біреуің осында қалып, мына кісілердің 
жағдайын  жасаңдар.  Менің  нағашыларым  ертеректе  Жаңатас 
жағынан  келіп  еді.  Аттарын  да  білмейді  екенмін.  Жезқазғанда 
тұратын  әкемнен  біле  келермін. Түнгі  екі-үштерде  келіп  қалармын. 
Оған  дейін  осында  қонып,  демалып  жата  беріңіздер,  -  деп  кетіп 
қалды. 
Бізбен  бірге  қалған  Мақсұт  деген  жігіт,  жаңағы  Қанаттың 
ағайындары  болып  келеді  екен.  Қанаттың  малын,  үй-жайын 
жайлауға  көшіруге  келіп  жатқан  беттері  екен.  Мақсұттың  өзі  – 
Мыйбұлақтағы  мектепте  дене  шынықтыру  пәнінен  сабақ  беретін 
мұғалім  екен.  Атасының  баласы  болып  өскен,  кәрі  құлақты  жан 
болып  шықты.  Көзіміз  ұйқыға  кеткенше,  таңертең  жолға  шығып 
кеткенімізше  бірталай  шежірелік  әңгімелердің  басын  қайырып 
тастады.  Бұл  үйде  де,  ары  қарайғы  осы  сапарымызда 
барлығымыздың  айналдырғанымыз  –  Серікбай  әкем  болды. 
Қожанасырлау  сөйлейді,  сонысына  орай  сөзден  ұтылып,  быж-тыж 
болып  інісі  Тоқмырзаны  сыбап  жатады.  Одан  әрі  ыза  қылып, 
«Жолдағы – жолдас, қатар-құрдас» деп сол кісінің мінезін қызықтап 
отырдық. 
Таңертең  15  мамыр  күні,  таңғы  шайды  ішкеннен  соң  Сайлау 
Сейталиев отырған «Ахмет» қыстауына қарай жолға шықтық. Жолға 
шығар  алдында  Мақсұт  мырзаның  35  жасқа  толған  туған  күнімен 
құттықтап,  жақсы-жақсы  тілектерімізді  тілеп,  құмды  жағалап  кете 
бардық.  Таңғы  8:20-да  Сайлаудың  үйіне  келдік.  Ол  кісінің  өзі  жоқ 
екен,  баласы  Мағауия  күтіп  алды.  Үйіне  түсіп  шай  іштік.  Мағауия 
Сүлеймен  Тәбірізұлының  әкесіне  қолтаңба  беріп  жазып  тастап 
кеткен  кітабын  әкеліп  көрсетті.  Әкесі  Жезқазғанға  кеткен  екен,  бір 
жиендері  әл  үстіне  жатыр  деді,  ұялы  телефонмен  байланысып 
сөйлестірді. 
-
 
Ойпырмай,  сіздермен  жолыққанда  болар  еді.  Бүгін  бару-
бармауым  екіталай  болып  тұрғаны.  Бір  дидарласып,  әңгіме-дүкен 
құруға  пейілмін.  Сіздер  іздеп  келген  бейітті  –  Барақбай  дейді. 
Таманың  бейіті,  нақтырақ  білемін  десеңіз  –  мазараттың  қасында 
Кәмәли  деген  кісінің  балалары  Серікбай,  Рымбай  дегендердің 

 
190 
қыстауы бар, солар бірдеңе айтар. Одан әрі Қанат, Жанат, Құсайын 
атты  ағайынды  үш  жігіттің  фазендалары  бар.  Егер  ары  қарай 
құмның  ішіне  көшіп  кетпесе  бір-екі  қырдың  арғы  жағында  Тұрман 
деген  замандасым  бар.  Тұрман  ескілікті  әңгімелерді  көп  шертеді, 
Тамалар  туралы  жақсы  әңгімелерді  айтып  отырады.  Сол  кісілерге 
жолығып көріңіздер, бәлкім көмегі тиер, - деді. 
Бұл  жер  –  «Ахмет»  деп  аталатын  көрінеді,  Таманың  кісісінің 
есімімен  аталған.  Қырдың  басында  бейіті  бар  деді  Мағауия. 
«Ахметтен» жарты шақырым жерде Бүркітбай деген Таманың бейіті 
бар екен. Арнайы барып тоқтадық. Менің әкем – Сұлтан, оның әкесі 
–  Рақымжан,  оның  әкесі  –  Сымайыл  болса,  оның әкесі  –  Бүркітбай 
деген кісі болатын. Бүркітбай аңшы болған, ақын болған, айтыстарға 
түскен кісі деп еститінбіз. Ақкөбек-Алшын Күшікбас, Бейсен деген 
кісілер  Арқадан  Тәшкенге  кіре  тарқан  сапарларында  Бүркітбайды 
күзетке ертіп алып барады екен, жолай аң аттырып, сол аңды тамақ 
қылып барады екен деген әңгімелер ел арасында айтылып қалатын. 
Сол кісінің бейіті емес пе деп қызықтап қарап жүрміз. Бүркітбайды 
Созақтағы  «Қанаихақ»  мешітінің  қасындағы  қалың  бейітке  әкеліп 
қойды  деп  үлкендеріміз  әңгіме  қылушы  еді.  Десе  де  сол  кісінің 
бейіті  емес  пе  деген  де  ой  келіп  қалғаны  жасырын  емес.  Мен  – 
Бүркітбайдың шөпшегімін, Қалдыбек – шөбересі болып келеді. 
Бүркітбайдың  бейіті  шикі  кірпішпен  қаланған,  төрт  қабырғасы 
қалқайып  тұр.  Әрекідік  жерлері  жаңбыр  мен  желдің  әсерінен 
мүжілген,  маңында  тұрған  цемент  әуіттерге  қарағанда  жанында 
малшылар  отырған,  соның  әсерінен  мал  сүйкеніп,  тозған  да  болуы 
керек.  Басында  төбесі  бүрмелі  болған  болуы  керек,  қазір  құлап 
тынған.  Қабырғасының  қалыңдығы  төрт  кірпіштің  ұзындығындай 
болыпты.  Кірпіштерінің  ұзындығы  да  керемет,  25-30  сантиметрге 
жобалайды-ау  деймін.  Қазіргі  қалған  қалыңдық  2-2,5  кірпіштің 
нобайында ғана. 
Кейін  білгеніміздей,  Бүркітбай  деген  Зортымақ-Жабал  елінің 
кісісі  болған  екен.  Атақты  қобызшы  Ықылас  Дүкенұлының 
қайынатасы.  Бәлкім,  сол  кісінің  мазары  болар,  оны  зерттеген, 
ізденген жандар біліп қалар. Ахмет деген Дәулеткелдіде Ахмет әжі 
деген  кісі  болған еді,  соның  бейіті  болуы да  мүмкін. Тұрман  қария 
«Шымкент  жағынан  полковник  тұқымы  келеді,  оның  басына,  аты 
Жарылқап  болса  керек  еді»  деп  қалған  болатын.  Кейінгі  барған 

 
191 
сапарымда  Мыйбұлақта  бір  үйде  отырған  бір  топ  қарияға  кезіктік. 
Олардың бірі Ахмет менің құдам, ол Алшын деген еді. Кім білсін?! 
Осы сапарда байқағанымыздай, Тама елінің бейіті көп кездесті. 
Ертеректе  айтылатын  бір  әңгімелерде,  Наймандар  мен  Тамалардың 
жерге дауласқан жағдайлар көп болған көрінеді. Соның барлығында 
дерлік Найманға дәлел жетіспеген. Тамалар өздерінің адамдарының 
мазарын  нұсқап,  сонымен  жерді  иемденіп  кетіп  отырған.  Осыны 
байқағанда, астаналық Момынов Қалбота Әбілдаұлы ағай айтқан әң-
гіме есіме түсіп, мырс ете қалдым. 
«Найманның  Шағыр  руының  бір  шалы  немересін  ертіп 
Жетіқоңырды  аралап  келе  жатыр  дейді.  «Мынау  Таманың  бейіті, 
анау  Таманың  бейіті»  деп  келеді  екен.  Кешке  дейін  солай  бола 
беріпті.  Сонда  немересі  сұрап  жатыр  дейді:  «Ата,  Шағырлардың 
бейіті қайда? Олар адамының етін өзі жеп қоя берген бе?» депті. 
Одан  әрі  қарай  жүріп  37  шақырымнан  соң  қалың  молаға 
кезіктік.  Молаға  жақын  жердегі  қыстауға  барсақ,  мал  қырқып 
жатқан  қауымға  кез  болдық.  Жергілікті  Серікбай  Кәмелиұлы 
мырзамыз бейіттер жақты нұсқап: 
-
 
Барақбай  деген  бейіт  болады.  Таманың  бейіті.  Одан  әрі  еш 
нәрсе  біле  алмаймыз.  Тұрман  деген  қария  бар,  сол  кісіден 
сұраңыздар, - деп жатыр. 
Сол  үйде  бір  үлкен  кекселеу  келген  әйел  жүр  екен.  Оның  кім 
екенін де сұрамаппыз. Кейінгі барған сапарымда білгенім бұл кісінің 
есімі  Қамария  екен.  Бұл  жердің  қазіргі  аты  –  шағырдың  Ахметі. 
Ахмет  деген  кісі  тамалар  кеткеннен  соң  осында  көшіп  келіп,  егін 
салған,  мал  баққан.  Осында  қайтыс  болып,  жерленген.  Сондықтан 
шағырдың Ахметі аталады. 
-
 
Әруағыңнан  айналайын  Барақбай  ата  қасиетті  кісі  ғой. 
Әруағыңнан  айналайын,  -  деп  дауыстап  қолын  жайып  бетін  сипап 
жатыр. 
-
 
Менің  осында  отырғаныма  жиырма  жыл  болды,  -  деді 
Серікбай Кәмалиұлы. – Бұл бейітті іздеп бірінші болып сіздер келіп 
тұрсыздар. Шамасы, сіздер іздеген бабаларыңыз осы кісі болар. Бұл 
кісі тегін кісі емес. Дегені болып жатқан әруақ, - деп қалды. 
Осы жерден шыққаннан соң Жанжолұлы Серікбай әкеміз: 
-
 
Әкем  көпті  көрген,  көп  жасаған  жан  болатын.  Ол  ешуақытта 
Барақтың бейіті пәлен жерде деп айтқан емес. Әкем айтса мен білер 

 
192 
едім.  Оның  үстіне  Барақ  деп  емес,  Барақбай  деп  айтып  тұр.  Мен 
бұларыңа келіспеймін, - деді. 
-
 
Бәлкім, Барақбай емес, Барақ бай болар, - дедім мен бұрынғы 
естіген әңгімелерімді есіме түсіріп. – Барақтың шешен болғандығы, 
батыр  болғандығы,  Абылай  ханның  сенімді  адамдарының  бірі 
болғандығын  ел  аңыз  қылып  шертеді.  Оның  жылқылы  бай 
болғандығын  айтып  қалады.  Маңайына  талай  елді  жинап,  оларға 
қамқорлық жасағандығын әркім-ақ біледі. Бірнеше әйел алған адам. 
Атақты  адам  болғандықтан  да,  дәулеті,  сәулеті  жеткендіктен  де 
мынадай үлкен бейіт соққан. Қарапайым жанға мұндай бейіт соқпаса 
керек. Барақ бай, Барақ батыр, Барақ – ру басы. Осылай түсінгеніміз 
жөн болар, - деп жатырмын. 
Қалдыбек осы жерде табандылық көрсетті. Тұрманның ауылына 
жету  оңай  емес,  қалың  құмның  ішінде.  Машиналар  малтығып, 
тақана алмай жатады деп қалған еді жаңағы Серікбай мырзамыз. 
-
 
Бұл  жерде  тұрып  дауласқанмен  ештеңе  өнбейді.  Соншама 
жерден  осы  үшін  келе  жатырмын.  Барақтың  бейітін  тапқан  топтың 
ішінде  болғым  келгендіктен  осы  сапарға  шықтым.  Елдің  ақиқат 
әңгімесін  тыңдап,  бұлтартпас  дәлел  тауып  кетейік.  Мен  барып 
жаңағы Тұрман шалды тауып келемін. Ілесетіндерің жүріңдер, - деп 
машинасына беттеді. 
Қалдыбекке ілесіп - мен, Ермұрат міндік УАЗ-ға. Ыспа құммен 
сырғанап отырып, жағалап Тұрман шалдың ауылына бардық. Ол кісі 
ары  қарай  қалың  құмнан  асып  –  «Райыс»  деген  жерге  малдарын 
көшірмекке дайындалып жатыр екен. Құмның ішінде ыстық болып, 
малдың құрттап кететін жайы болады екен. Содан қашып ары қарай 
көшпек болып отыр. Біршама әңгімелескеннен соң, таныстықтан соң 
қария Қалдыбектің ыңғайына көне бастады. 
-
 
Ата,  мен  сіздердің  күйеу  балаларыңызбын.  Келіншегім 
Найманның  қызы.  Бір-бірімізге  бөтен  емеспіз,  барлығымыз  да 
қазақтың баласымыз. Біздің мұратымыз – бабамыздың бейітін табу. 
Сіз  егер  де  нақты  сол  бейітті  анық  біліп:  «Міне,  мынау  сендердің 
бабаларыңның бейіті» деп көрсетер болсаңыз дұрыс болар еді, - деп 
түсіндіріп отырып ол кісіні ырқына көндірді. 
Қария  1937  жылғы  екен.  Бала  кезінен  бұл  жерді  жақсы 
білетінін,  жиырма  екі  жылдан  осы  жерден  табан  аудармай 
отырғанын  айтып  келеді  жолда.  Найманның  тарихынан,  осында 

 
193 
мекен  қылған  Таманың,  Алшын,  Жағалбайлының  біз  естімеген 
әңгімелерін шертіп келеді. Тұрман қария айтқан әңгіменің бірі: 
«Көктабанның  маңайында  Қазыбек  деген  Найманның  биінің 
бейіті  бар.  Бұл  маңда  Найманның  Шағыр  деген  атасының  ауылы 
отырған.  Бір  жаугершілікте  Кіші  жүздің  адамдары  Найманның 
малын  алыпты.  Сол  ұрыста  Таманың  бір  жігіті  өліпті.  Осы  өлім 
үлкен  дауға  себеп  болып  Ұлы  жүзден,  Орта  жүзден,  Кіші  жүзден 
билер  жиналып  кәдімгідей  жиын  болады.  Бітімге  келуге  бірін-бірі 
шақырып: 
-
 
Қатар  отырған  елміз.  Құр  дауласа  бермейік.  Бітім  жасайық. 
Бәріміздің  түбіміз  бір  –  қазақпыз,  -  деп  сабырға  шақырысатын 
көрінеді. 
Сонда: 
-
 
Тоқтам сөзді кім айтады, - дегенде Найман Қазыбек би ортаға 
шығып: 
-
 
Баяғы Тәуке ханның айтқан жарлығы бар: «Құдалыққа барып, 
жекжаттық  жолмен  барып  адам  қайтатын  болса,  онда  дұрыс.  Егер, 
барымта  жолында  жүріп  өлсе,  оған  құн  төленбейді»  деген.  Бірақ, 
қатар  отырған  елміз,  бірімізге-біріміз  жаттық  жолын  жасамайық. 
Бұл жігіттің құнына қалыңсыз қыз берейік жасауымен, - депті. 
Осыған екі жақ тоқтап, Шағырлар қалыңсыз қыз беріпті Тамаға. 
Осымен екі ел бәтуаға келеді. Сонда өлген жігіттің шешесі келіп: 
-
 
 Менің  баламды  құнын  кескен  биді  көзіме  бір  көрсетіңдер,  - 
деп өтініш білдіріпті. 
Сонда ортаға Қазыбек шыққан екен. 
-
 
Түсің  қандай  қара  болса,  ісің  де  сондай  қара  екен,  -  депті  де 
кемпір қатты назаланып, жерге бір түкіріп бұрылып кетіп қалыпты. 
Содан  ауылдарына  қайтпақ  болып  Шағырлар  жолға  шығады. 
Жайлауына  барып  жеткенінде  Қазыбек  ауырыпты.  Сонда  Қазыбек 
айтыпты: 
-
 
Таманың  кемпірінің  қарғысынан  өлейін  деп  жатқаным  жоқ. 
Маған Алланың ажалы келді, қайтайын деп жатырмын. Мені апарып 
құмның  жиегіне  қойыңдар.  Тама  менің  өлігімнен  аттап  құмның 
ішіне кірмейді, - деген екен. 
Сонымен Қазыбек қайтыс болады. Былғарыдан қап тігіп, ішіне 
Қазыбектің мәйітін салып осында өзі айтқан жерге әкеліп қойыпты. 
«Көктабаннан»  батысқа  қарай  он  екі  шақырым  жерде,  құмның 

 
194 
жиегінде  Қазыбектің  моласы  бар.  Оның  ар  жағында  Ерубайдың 
бейіті, одан соң Бүркітбайдың бейіті бар. Барлығы бүрмелі бейіттер. 
Ал,  осы  маңда  Таманың  бейіті  көп.  Ахметтің  бейіті, 
Мырзагелді,  Барақ  байдың  бейіті,  Жаңабайдың  бейіті,  Қосмола, 
Тасоба болып кете береді. 
Шалтай  деген  Есенқарағай.  Осы  маңда  «Қызыл  тақыр»  деген 
Есен-Қарағайдың  жері  бар.  Сонда  қалың  моласы  бар  Таманың. 
Сонда  Шалтай  күзді  күні  киік  аңдып  жатса,  ажалы  жетіп  қайтыс 
болып кетеді. Бір жеті елі іздеп әрең табады. Келсе Шалтай құмның 
жиегінде  өліп  жатыр.  Мәйіті  бұзылып  кеткен,  алып  жүруге 
келмейді.  Содан  амалсыз  сол  жатқан  жеріне  қойыпты.  Шалтайдың 
бейіті түскен жерге осындағы Тамалар жаппай қоя бастаған. 
Сол жерге  Балталы Найманның бір байы барып қайтыс болған 
баласына  ас  беріпті.  Ойында  баласының  атын  сол  жерге  қоймақ 
болған секілді. Астан қайтқан ел жаңағы ас берілген адамның атын 
атамай: 
-
 
Шалтайдың асынан келе жатырмыз, - деп қайтыпты. 
Сонда жаңағы бай санын соғып: 
-
 
Ох,  менің  баламның  аты  аталмайтын  болды.  Шалтайдың 
әруағы күшті екен. Болмайды екен, - депті. 
Сол  жер  содан  «Шалтай»  атанып  кетіпті.  «Шалтайдағы» 
бейіттің барлығы Таманың бейіті» дейді. 
Сонымен  Барақбайдың  басына  жеттік.  Келіп  ел-жұртпен 
амандасқаннан  соң  әруақтарға  арнап  құран  оқылды.  Содан  соң 
жолға деп алып-шыққан дастарханымызды, Секеңнің арнайы сойып, 
пісіріп  алып  шыққан  қойының  етін  дастарханға  қойдық.  Серікбай 
әкемнің бәкісімен ет турап отырып: 
-
 
Бәкіңіз жақсы екен, - десем, ол кісі: 
-
 
Менің дүниемнің бәрі жақсы, - деп мақтанып қояды. 
Қалдыбек  келіншегі  Айнұрға  ұялы  телефонымен  хабарласып, 
Найманның қай руына жататындығын сұрап еді ол: 
-
 
«Бағаналы. Оның ішінде Нұрсейіт шығармыз» деп айтты, - деп 
Қалдыбек күліп жатты. 
Оған біз де күліп жатырмыз. Нұрсейіт Айнұрдың әкесінің әкесі 
болатын. Тұрман қария: 
-
 
Бұл  жер  «Көктабан»  деп  аталады.  Бұл  бейітті  ертеректе 
Дәулеткелді  Барақ  деген  кісінің  бейіті  деп  айтушы  еді.  Кейінгі 
жылдары Барақбай деп жүр ғой. Алыстан айқайлап көрінетін үлкен 

 
195 
мазар  болатын.  Бүрмелі  бейіт-тін.  Жауын-шашынмен  тозды. 
Тәуелсіздік  алынғаннан  кейін  бұларға  қамқорлық  көзбен  қарау 
бетімен қалды. Малдың жолында тұрғаннан кейін, таңертең өргенде, 
кешке  қайтқанда  сүйкеніп  жүріп  барлығын  құлатты.  Отыз  шақты 
адамның  мүрдесі  бар  еді,  қазір  екеуінің  бейіті  анық  қалды.  Бес-
алтауының бейітінің астыңғы жақ кірпіштері көрінеді. Құдай рахмет 
қылсын!  Сіздердің  бабаларыңыздың  бейітін  іздеп  шыққандарыңыз 
әбден дұрыс болған, - деп ризашылық білдірді. 
Менің  зерттеуімше,  «Көктабан»  үш  мағынада  аталады. 
Біріншісі  –  көктемде  су  үймелеген,  суы  тартылған  соң  шым  өскен 
көлдің табаны. Екіншісі – бүркіттің түрі. Үшіншісі - тәйке жағынан 
қорғасын құйылған, салмақты сақа. 
«Жеріңнің  аты  –  Еліңнің  хаты»  атты  энциклопедиялық 
анықтамалықта: «Көктабан  – қыстау. Жетіқоңыр құмды алқабының 
шығыс  бөлігінде.  Осы  жерде  көк  шөп  өсетіндігін  білдіреді»  деп 
көрсеткен. Сол «Көктабан» - осы.
 
-
 
Егер  де  біздің  іздеген  Барақ  атамыздың  бейіті  екендігі 
расталса,  онда  бұл  мазаратты  қамқорлыққа  алып, сыртын  мал  аяғы 
баспайтындай қоршамақ ниетіміз бар, - деп қалдым әңгіме арасында. 
-
 
Ә,  бұларыңыз жақсы  екен.  Сіздер  біле  білсеңіздер,  бұл  жерді 
Дәулеткелді руы билеген. Осы маңдағы бейіттің барлығы солардың 
бейіті.  Ана  жерде  Ерубай,  Ерубайдың  баласы  Көшектің  бейіті  бар, 
анда Бүркітбай, Ахмет. Ана тұста қырқаның үстінде, қазір жермен-
жексен  болып  кетті,  біршама  жыл  бұрын  аман  тұрған  бейіт  еді, 
Мырзагелді  деген  кісінің  бейіті болатын.  Әне  жерде  тағы  бір  бейіт 
бар еді, атын ұмытып қалдым. Осы Барақбайдың бейіті бар. Қосмола 
деген  бар.  Бұның  барлығы  Дәулеткелдінің  мазарлары.  Оның  ар 
жағында  құмнан  ассаңыз  –  Тама  Сақбастың  сағанасы  бар.  Осыдан 
Қызылжар кентіне дейін Таманың жері. Қарауыл байдың бейіті бар 
сонда.  Қарап  отырсаңыз  –  барлығы  Дәулеткелдінің  бейіті,  өңкей 
бүрмелі  бейіттер.  Бұның  ішінде  егер  жаңылмасам  Мырзагелді  ғана 
Жабал  болса  керек  еді,  қалғаны  Дәулеткелді.  Қарақыз  да  сіздердің 
жерлеріңіз, - деп ол кісі білгенін айтып жатыр. 
-
 
Сіздің айтып отырғаныңыз – Барақбай ма, Барақ бай ма? 
-
 
Онысын  нақты  білмедім.  Жаңа  айттым  ғой.  Бұл  бейітті 
ертеректе  Дәулеткелді  Барақтың  бейіті  дейтін.  Менің  өзімді 
таныстырсам:  атым  Тұрман.  Найманның  ішіндегі  Жабай  деген 
руынанмын.  Жабайдың  Мәлік  деген  баласынан  тарағанмын.  Әкем 

 
196 
аты  –  Жаңабай,  Борашев  фамилиям.  Менің  жаңағы  отырған 
жерімнің  атын  –  Қойшыбайдың  қара  дүзгені  дейді.  Осында 
Сартбайдың  үш  құдығы  деген  жер  бар.  Сонда  Сартбайдың  төрт 
моласы бар. Біз күзде, жазда сол жерді жайлап жатамыз. 
-
 
Қарақыз  –  біздің  жеріміз  ғой.  Біздің  болысымыз  сол  жерде 
құрылған, - деді Серікбай әкем әңгімеге кіргісі келіп. 
-
 
«Бидайықта»  Наралы  қалпе  деген  әулие  бар.  Тілеміс  қажы, 
Наралы қалпе деген кісілердің бейіті бар. Кешегі «ақ» пен «қызыл» 
соғысқан  уақытта  Тамалар  оларға  қарсы  шығып,  анау  Созақтың 
жерінде  Тамаларды  қырыпты  ғой.  Содан  Тамалар  бұл  жерде 
тұрақтай алмай оңтүстікке ауып кетіпті ғой, - деп жатыр. 
Құран  оқылғаннан  кейін  Тұрман  қария  бейітті  жағалатып 
аралатты. Шеткері оңтүстік жақ бетіндегі домалақ киіз үй секілденіп 
соғылған  мазарға  келдік  бірінші.  Бұл  да  бір  ерекше  бейіт  екен. 
Бағанағы Бүркітбайдың бейіті секілденген қалың қабырғалы болған. 
Оңтүстік беті құлаған. Жарты үй секілденіп тұр. Кірпішті өрнектей 
отырып  қалаған.  Бір  шебер  адамның  қолымен  тұрғызылған  мазар. 
Одан  әрі  ішкері  кіргенімізде  кірпіші  құлап  жатқан  бір  бейіттің 
қасынан жерде жатқан бір кірпішті алып Тоқмырза ағам: 
-
 
Қараңдаршы, мына кірпіш цементке бергісіз ғой. Күйдірілген 
қызыл  кірпішің,  асбест  ақ  кірпішің  мына  кірпіштің  қасында  жолда 
қалады, - деп елге көрсетіп жатты. 
Барақтың  бейіті  деген  үлкен  бейітке  алып  келді.  Бұл  бейіт 
тіптен ерекше қалың қабырғалы болып шықты. Бір құлаш жайынан 
жатыр. Ішкі өрнектері тіптен бөлек. Батыс жақ беті құлаған. Төбесі 
ертерек  құлаған  секілді.  Себебі  үйіліп  жатқан  топырақ  соны 
нұсқайды. Бұл бейіт ерекше соғылған секілді. Төрт қабырғаны өріп 
барып,  үстін  күмбездеген  секілді  болып  көрінді.  Кірпіштердің 
арасын  байланыстырған  топырағының  құрамы  тіптен  ерекше 
сияқты.  Керішті  топырақ  пен  құм  араластырған,  қалыңдығы  бір 
еліден  астам.  Тура  бір  цемент  секілді.  Топырағына  жергілікті 
шөптен қосқан ба, арасынан шөп қалдықтары байқалады. 
-
 
Мен  өз  қолыммен  қойғаным  жоқ.  Бірақ,  бұрынғылардың 
көрсетуінше  көрсетіп  отырмын.  Бұл  –  Дәулеткелді  Барақ  деген 
кісінің,  әруақты  жанның  бейіті.  Осы  маңда  отырған  бірнеше  үй 
осында  көшіп  келгенімізде  осы  кісіге  арнап  бір  мал  сойып,  құран 
оқытамыз.  Біздің  әруаққа  жасар,  қолдан  келер  бар  тіршілігіміз  осы 
ғана.  Әкесінің  аты  –  Бигелді  дедіңіздер  ғой.  Есте  болсын. 

 
197 
Бигелдіұлы  Бараққа  деп  бағыштап  құран  оқитын  боламыз  енді. 
Сәттілік тілеймін. Аман-есендікте, той мен қуанышта жолығысайық, 
- деп ол кісі үйіне қайтты. 
Әңгімелердің  деректері  осыған  саяды.  Жетіқоңырдағы 
«Көктабан» қыстауы жанындағы үлкен бейіт - Барақ батыр, би, бай 
атанған  жанның  бейіті.  Біз  осыған  тоқтадық.  Анығын  айтар  жан 
бәлкім  табылып  та  қалар.  Шамалы  жерде  Ахмет  деген  қыстау  бар, 
ол  Шағырдың  Ахметі,  1934  жылдан  бастап  осында  тұрған,  осында 
қайтыс болған, осында жерлеген. 
Осыған  тоқтайтын  жеріміз  мына  әңгімелермен  айқышталады. 
Жоғарыда  айтып  кеткендей,  «Сарыарқа»  журналының  1992  жылғы 
№2  санында  «Шежіре  сыр  шертеді»  атты  мақала  жарық  көрген. 
Сонда:  «Қарт  ұстаз  Әбдікәрім  Әбдірайымовтың  мына  бір 
жазбаларында шежіре туралы үлкен дүниеге ұласып кетердей сәл де 
болса үндестік бар тәрізді. 
Осы  әңгімені  белгілі  тарих  зерттеушісі  Ілия  Жақанов  та 
«Ықылас»  атты  романында  Қырғыз  жеріне  Ықылас  Күреңкей 
қомызшыны  іздеп  барады.  Сол  үйде  отырғанында  өз  елі  туралы 
Ықыластың айтқан сөзінен үзінді келтіреді. Оны да жоғарыда жазып 
өттік. 
Астаналық  Қалбота  Әбіддаұлы  бір  әңгімесінде:  «Барақ  атамыз 
соғысқа қатысқанымен, соғыста өлмеген. Өз ажалы жетіп, қартайып 
қайтыс  болған.  Ол  кісінің  бейіті  Жетіқоңырда  Ерубайдың 
маңайында деп отыратын әкем. Одан соңғы Кіші жүз балалары бос 
жерлерді  бөліске  салғанда  Қарауыл  жас  бала  еді  дейтін  бір  әңгіме 
бар.  Қарауыл  бабамыз  бөлек  отан  болып  шыққанда  Барақ  батыр 
жасы келген шал екен деп те айтады» дейді. 
Барақты  іздетіп  Абылай  хан  адам  жібергенде,  оны  Бетпақ 
даладан  табатыны  да  қисынға  келіп  тұр.  Абылайдың  Сарыарқаны 
жайлағандығын  барша  қазақ  біледі.  Ендеше,  Барақтың  бейітінің  де 
Бетпақ  дала  маңында  болуы  да  қисынға  келіп-ақ  тұр.  Тарих 
қойнауындағы шындықтың барлығы толық айтылған жоқ. Айтайын 
десе  –  айтқызбайтындар,  айтқаныңда  -  мойындамайтындар  бар. 
Бірақ,  онымен  тарих  тоқтап  қалмайды,  ізденіс  жалғаса  береді.  Бір 
ғана көңілімізге тоқ санарымыз, «Көктабандағы» бейіт біздің Барақ 
елінің бейіті. 
Жәйремдік Тоқа Жақсыбай деген қария «Мен білемін ол жерді. 
Барақ  байдың  жұрты  дейді  оны.  Барақ  деген  ел  өте  малды,  бай 

 
198 
болған  ел.  Мал  төлдететін  төлдеуі  екен.  Содан  малы  мыңғырып, 
қозысы  жамырап  жататын  у-дуға  бөрліккен  көлдің  басын  Барақ 
байдың  жұрты  атандырған.  Барақтың  бейіті  онда  болуы  әбден 
мүмкін. Бұл жағынан қателесе қоймайсыңдар» деп те қалды. 
Жәйремдік Құтжанов Серік Әубәкірұлы деген бауырым: 
«Жеңіс»  кеңшарында  Құрақ  Қыстау  деген  кісі  бар.  Ол  кісі 
Барақтың  бейіті  Сарысу  өзенінің  бойында  бөлекше  бейіт  деп 
айтатын. Жақсыбай деген кісі Барақтың бейіті Ерубайдың маңында 
бес  бейіт  болып  тұр  дейді.  Бесеуі  де  Барақ.  Бірақ,  бұлардың  қай 
Барақ екенін кім білсін?!» деп отырды. 
Жезқазған  қаласының  тұрғыны,  Жақсыкүнұлы  (ел  арасындағы 
лақап аты - Танау) Мұрат бауырымыз: 
-
 
Әкем бір жолы ауруханада жатқанында Жезді ауданының бір 
дәу қара жігітімен бірге жатқанын айтады. Сонда олар «Қызылорда 
жағынан  келген  Барақтармыз,  осында  төрт  отбасы  болып  тұрып 
жатырмыз» деген екен. Содан соң сіз айтып отырған Барақтың бейіті 
Жетіқоңырда  дегенді  бұрында  да  естігенмін.  Ал,  әкем  айтып 
отырғанда  Жезді  ауданында  Теректі  ауылында  Жауғаш-Найман 
елінің  азаматы,  Дайырхан  Жақыпұлы  деген  жиен  бар,  сол  біледі 
Барақтың бейітін деген болатын. Оның кімге жиен екендігін толық 
білмедік, - деп қалды. 
Жәйремдік Ордашбайұлы Марат ағамыз әңгіме арасында: 
-
 
Менің Төкен деген ағам бар. Құланбайдың тұқымы ол кісі де. 
Жүздің үстіндегі әннің авторы. Әнін де, сөзін де өзі жазған. Ол кісі 
туралы  талай  кітаптар  бетінде,  газет-журналдарға  мақалалар 
шыққан.  Өзінің  әндерін  нотаға  түсіртіп,  студияда  бастыртып  жүр. 
Кітабын  шығарсам  ба  деген  талабы  да  бар.  Бір  өлеңін  Рамазан, 
Стамғазиев,  бірін  Сәуле  Жанпейісова,  бірін  Қайрат  Байбосынов 
жарыққа  шығарып  көрейін  деп  алып  кеткен  екен.  Олардан  да  бір 
жауап болып қалар түбінде, - деп айтып отырды. 
-
 
Ол  ағаңызға  мынадай  ұсыныс  жасасақ,  -  деді  Қалдыбек 
отырып.  –  Ақылбек  Жеменей  орындайтын  «Қарабура»  әнін  білесіз 
ғой. Соның нобайында, болмаса сол секілді адамға рух беретін Барақ 
бабамыз туралы ән керек екен. Соны жазып көрсе қайтеді ол кісі. 
Бұл ұсыныс бәріміздің де ойымыздан шығып, әр түрлі пікірлер 
айтып даурығысып қалдық. 

 
199 
Біз  Барақтың  бейітін  таптық  па,  әлде  Барақ  елінің  қалың 
бейітіне  жолықтық  па?!  Оны  уақыт  анықтайтын  болады.  Бәріне 
шыдам, төзім, ізденіс қажет. 
Дегенмен,  бірнәрсе  анық:  Барақбай  (әлде  Барақ  бай)  –  біздің 
елдің адамы, Дәулеткелді! 
Кейінірек,  2013  жылдың  тамыз  айында  еңбек  демалысымды 
алып,  Қарағандыға  қарай  Құтжанов  Төкен  ағайдың  шақыртуы 
бойынша  шықтым.  Мені  жайылмалық,  қазіргі  Қарағанды  облысы, 
Бұқар  жырау  ауданы,  Заречное  ауылыны  тұрғыны  Сәкенов  Серік 
Айдарұлы  күтіп  алды.  Сол  кісінің  үйінде  екі  күн  болып,  біршама 
әңгіменің  басын  қайырдық.  Қарағандыда  тұратын  Тұрғанбаев 
Ерденбай  әкеміздің  кемпіріне  барып  жолығып  қайттым.  Ол  кісіге 
Жәйремдегі  жездеміз  Игенбаев  Нұрша  Ақпанұлы  деген  азамат 
алдын-ала  жолығып,  айтып  қойған  еді  менің  келетіндігімді.  Өзіме 
қажетті  біршама  деректерді  алдым.  Үшінші  күні  Серік  ағай  Абай 
ауданы,  Дубовка  ауылына  Төкен  ағайға  әкеліп  табыстады.  Төкең 
мен  Ордашбайұлы  Марат  мені  шыдамсыздана  күтіп  отыр  екен, 
Жәйремге  қарай  тарттық  та  кеттік.  Жолда  Атасу  кентінде  Әліп 
Жайлыбаев деген саңлақпен сұқбаттасып қалдық.  Әңгіменің майын 
тамызатын, өткен-кеткенді естігені бар, оқығаны бар, тоқығаны бар, 
тігісін жаттықтыра, өз сөзімен әдіптеп айтатын жан болып шықты. 
Жәйремнен  Жетіқоңырға  жиен,  қырықбойдақ  Герой  Сатанның 
баласы  Ақберген  дана  өз  көлігімен  алып  барды.  Жолда  Топар 
әулиенің,  Ерубай  бидің  басына  тоқтап,  құран  бағыштадық. 
Барақбайға  аялдадық.  Әрі  қарай  Жеңісұлы  Құсайын  мырзаның 
ауылына  ат  басын  тіредік.  Мырза  қолды,  жөн-жобаны  білетін 
Құсайынмен  әңгіменің  өзі  бір  қаралық  болып  көрінді.  Таңертең 
Жәйремге Төкен ағай, Марат ағай, Ақберген үшеуі қайтып кетті. Ол 
кісілердің Шілмәнбетұлы Құланбайдың бейітін таппақ ниеті бар еді, 
оның  сәті  бұл  жолы  түспеді.  Жөн  сілтейтін  адамдар  о  дүниелік 
болып кеткен. Көлігіміз де сай келмеді. 
Осында  Нығызбаев  Мұрат  Танауұлы  (Жақсыкүнұлы)  келіп 
алып  кетті.  Мыйбұлақтық  Таубаев  Сұлтан  атты  жігіттің  көлігімен 
баяғы Қамария апайды тауып алдық. «Біздің жеріміз, Тамалар қайта 
көшіп  келеді.  Жерімізді  қайтарыңдар»  деген  менің  әзіліме:  «Кім 
бере  қояды.  Біз  сатып  алғанбыз.  Госактымыз  бар»  деп  қояды. 
«Мейлі, он госакт алсаңыздар да, өзіміз қайтып аламыз» деп мен де 
қалыспай жатырмын. 

 
200 
Тұрман қарияны да таптық Жезқазғаннан. 
Сейталиев  Сайлауды  да  таптық  сол  Жезқазған  қаласының 
өзінен.  Сайлау  қария:  «Барақбай  –  сендердің  бабаларың. 
Дәулеткелді. Оған ешқандай шәк келтіруші болмаңдар. Сендер бізге 
күн көрсетпегенсіңдер. Енді бұл жерді сендерге бермейміз. Ал, бірақ 
бейіттеріңе  таласпаймыз.  Сенің  тірлігің  –  үлкен  тірлік  екен.  Бай 
болатын  жігіт  екенсің.  Қазірдің  өзінде  сен  байсың,  рухани  байсың. 
Атың мың жылға қалады. Мені іздесең Жетіқоңырдан табасың» деп 
ризашылық  білдіріп,  үйіне  меймандыққа  шақырды.  Бұл  кісі  біздің 
ауылдағы Дәкенов Ордабаймен дос. Әкелері дос болған, сыйласқан, 
сол достық балаларына ауысқан.  «Ордабай тірі ме?, - деп мәз болып 
қалды  қария,  мен  қайтыс  болыпк  еткен  деп  естіген  едім».  Қайтыс 
болған  Алшынның  Ордабайы  деп  түсіндірдім.  Жол  соққанда 
жолығармын,  қайынжұртқа  –  Ақкөлге  өтсем  Жайылмаға  соғамын 
деп телефонымды алып қалды. 
Мыйбұлақтағы  бір  топ  қарияның  дәм  жеп  отырған  жерінен  де 
түстік. Олардан да тыңғылықты әңгімелер сұрадық. Ұлытау ауданы 
Жыланды  ауылына,  бұрынғы  «Сарысу»  кеңшарына  барып,  Зият 
деген қариядан жөн сұрадық. Ешқайсысы Барақбайды білмеді. Зият 
ата  айтады:  «Мен  1934  жылдан  1939  жылға  дейін  соның  басында 
өстім. Мен 1927 жылғымын. 1938 жылы оңтүстіктен бір топ аттылы 
кісі  келіп  құран  оқыған.  Одан  соң  барып  жүрмін,  сұрап  жүремін, 
ешкім  оны  іздеп  келген  емес»  дейді.  Сіздің  бір  өзіңіздің 
іздегеніңізден нәтиже қиындау болады.  Ел болып сұрау керек. Мен 
өзім бабам Итемген батырдың бейітін бір автобус адам болып іздеп 
шығып,  Қазалыдан  80  км  жерден,  құмның  ішінен  апталап  жүріп 
тауып алғанмын» деді қария. 
Бірде, Үзікенұлы Көшен ағам маған Барақ туралы әңгіме айтып 
отыр ғой. 
-
 
Баяғыда  апам  «Барақ  атаңды  -  Көкжал  Барақ  дейтін»  деп 
отырушы еді, - деп қалды. 
-
 
Иә, осыны маған Жаңатастағы Нұрланұлы Ералы деген кісі де 
солай  деп  еді.  Ол  кісіге  Күзенбайұлы  Байділдә  палуан,  Тәпелұлы 
Кәрібоздар солай деп айтады екен, - дедім мен. 
-
 
Шәрбан жеңгемнің нағашы атасы «Сендердің Барақ аталарың 
қолына еш уақытта қару ұстамайтын, тек қамшы ғана ұстап жүретін 
жан  екен.  Астында  «Көкшолақ»  аты  болады  екен»  деп  еді,  -  дейді 
Көшекең. 

 
201 
-
 
Өзі «Көктабан» деген жерде тұрған екен. Сонда жүріп қайтыс 
болыпты.  Оны  «Көк  Барақ»  деп  те  атайды  екен  деп  әңгімені  ұра 
берейік те, - деп күліп жатырмын мен. 
Бұл, әрине, қол бостағы күлкі үшін айтылған әңгіме ғой. Негізгі 
тақырыбымыздан ауытқымай, зерттеуді әлі де жалғастыру ойда бар. 
Құлшыораз  батыр  мен  Барақ  батырдың  тарихын  зерттеп  Ақтөбе 
облысы  жеріне,  Қызылорданың  Жалағаш  аудандары  жерлерін, 
Ұлытау жағын шарлап қайтуды ойға тұтып жүрген жайымыз да бар. 
Алла сәтін салған күні ол ой да жүзеге асар. 
«Көктабандағы» Барақбай қорымы – біздің назарда, бақылауда, 
зерттелу  үстінде.  «Көкмұрын  тойды»  толық  зерттей  алмадым. 
«Араптөбенің»  етегіндегі  Таманың  Құлмырза-Ремет  елінің  батыры 
Барақтың  бейіті  болып  шықты.  Сарысу  бойындағы  бейіт  –  қалың 
Барақ  елінің  қорымы  екен.  Ұлытауға  жол  түспеді.  Мына 
«Көктабандағы»  Барақбай  да  Барақ  елінің  қорымы.  Бірақ,  Барақ 
бабамыздың осында болуы әбден мүмкін екендігін назарда ұстайық. 
Маған 
талай 
жан 
ой 
салды. 
Мұхтар 
Мағауиннің 
«Аласапыранында»  орыс-швед  соғысында  Оразмұхамедті  Барақ 
деген кісі құтқарып қалатындығы, содан екеуі өмірінің соңына дейін 
бірге  болатындығын  жазғаны  бар.  Осыны  оқыған  ағайындар 
Мағауинді  мазалаған  да.  Сонда  ол  кісі  «Мен  Ресей  архивінен 
тапқанмын бұл деректерді. Бәлкім, Сіздер іздеген Барақ осы болар» 
депті. Бұл әңгімені маған нешеме жан айтпады десеңші. «Сол Барақ 
қой, сол Барақ – біздің бабамыз!» деп. Қисынға келмейді. Бұл Барақ 
біздің  бабамыз  дүние  есігін  ашардан  тура  90  жыл  бұрын  дүниеден 
өтіп  кеткен.  Сонымен,  бұл  әңгімеге  нүкте  қойсақ  болады  ғой  деп 
ойлаймын. 
Әрине,  бізге  Барақтың  бейітінің  табылуы  не  үшін  керек  деген 
сауал да туындауы мүмкін. Барақтың бейіті табылса, оның әңгімесі 
де  қоса  табылады.  Сонда  оның  өмірі,  өмір  жолы,  ұстанымы,  ол 
туралы  талай  ақиқаттың  басы  ашылар  еді.  Біреулер,  сүйегі  қурап 
кеткен  жанның  мазасын  алып,  моласын  тапқанда  не  істемек  деуі 
мүмкін.  Ол  кешегі  күннің  тарихын  зерделеу  үшін,  бүгінгі  күнге, 
ертеңгі күнге жеткізер аманат, өсиеттер үшін қажет болар, бәлкім. 
Барақпын  деп  талайлар  мақтанып  келеді,  мақтан  қылған 
атасының  кім  болғанын,  қайда  жерленгенін  білген  де  абзал  болар 
деп  те  ойлаймын.  Әбестік  пе?!  Туралығын  айту,  төрелігін  беру  - 
Сіздің жұмыс болсын. Мен ләм демедім. 

 
202 
Барақ  бабасы  туралы  оның  ұрпақтары  талай  әңгіме  айтқан, 
талай  жыр  арнаған.  Соның  бірі,  кішкене  ғана  Батыржан  Ерланұлы 
(астаналық Сармашов Амангелді әкеміздің немересі): 
-
 
Мекенімді сұрасаң – Алматы деген шаһарда, 
Елімді менің сұрасаң – Қазақстан, кең Отан. 
Іргелі елдің баласы – Батырхан деген мен болам, 
Батырлардың ұрпағы болған соң, Батыр атанған. 
Тамадан шыққан Ер Барақ, ерлігі оның аңыздай..., - 
деп жырлап жүр. 
Ел  аузында  қалған  ескілікті  әңгімелердің  бірінде  «Әліпті 
Дәулеткелді билеген. Дауға Байболат барады, жауға Барақ шабады» 
деген  нақышты  сөз  бар.  Барақ  бабамыздың  ұрпақтары  арасында 
«жау қайдалап» тұратын батырлар көп болған деседі. Олар жөнінде 
алдағы әңгімелерде. 
Бигелдіұлы Барақ батырдан Шілмәнбет, Шындәулет, Шынтемір 
(Шінтек), Әзберген және Қойлыбай-Жүзжасар. 
Батырдан тараған ұрпақтар арасында – Шілмәнбет би Барақұлы; 
Жүзжасар  тәуіп  Барақұлы;  Байдәулет  (Қарауыл  бай)  көріпкел 
Шілмәнбетұлы; Кейкі мерген Байдәулетұлы; Шілмәнбетұлы Тінібай 
(Тұяқ)  палуан;  Байдәулетұлы  Құдайберген  алып;  Байдәулетұлы 
Қойбақ батыр; Байдәулетұлы Қошқар би; Кәтікенұлы Дүйсен қажы; 
Қарақыз болысының тұңғыш болысы (Барақ елінен шыққан жалғыз 
болыс)  Тауасарұлы  Қосшығұл;  Барақ  елінің  қадірлі  биі  болған 
Дәуренбекұлы  Бекмағанбет;  заманында  кәсіпкерлікпен  атағы 
шыққан  Тілегенұлы  Сембі  бай;  Арқа  елінің  қадірменді  қариясы 
Байқоңыр Үсікейұлы; палуан Ақбай Сембіұлы; белігілі палуан (Орта 
Азия бойынша тұңғыш еркін күрестен КСРО спорт шебері атанған, 
ұстаз)  Жақсыкүн  (Танау)  Нығызбайұлы;  Орақбай  би  Мошқалұлы; 
Бетпақдала  бойынша  тергеуші-прокурор  қызметін  атқарған  Құтжан 
Орақбайұлы; ақын әрі партия қызметінің үздігі Айтжан Орақбайұлы; 
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Байділдәұлы 
Тайжан;  атақты  аңшы  Қыздарбек  Қойбақұлы;  Жақсыкелді  мырза 
Кенешұлы;  белгілі  молда  Сансызбай  Қарсақбайұлы;  әкелі-балалы 
аңшылар Әлжан Жақсыкелдіұлы және Төлеген Әлжанұлы; Ахмет би 
Жақсыкелдіұлы; 
«Тама» 
фирмасын 
құрып 
қайырымдылық 
шараларымен  ел  алғысын  арқалаған  Ерғали  Төлегенұлы  Әлжанов; 
көнекөз  шежірелік  әңгімелерді  осы  күнге  жеткізуші  Өмірбек 
Ыбырайұлы;  Сарысу  аудандық  аурухананың  бас  дәрігері  Рәт 

 
203 
Қырғызбайұлы  Мұқанов;  Ұлы  Отан  соғысының  мерген  сарбазы 
Ақпан  Дәкенұлы;  Құланбайдың  «Бес  жорға»  атанған  сері  ұлдары 
Шубай,  Дулатбай,  Жаңбыршы,  Қаңтарбай,  Сарбас;  Солтан  қалпе 
Шубайұлы;  Жер  жаһанға  аты  кеткен  Арқа  елінің  палуаны  Сыздық 
палуан Жаңбыршыұлы; Социалистік Еңбек Ері Қуандық Байзақұлы; 
Құтжан  шайыр  Дүйсенбіұлы;  Жаңаарқа  еліне  белгілі  ақын-сазгер 
Төкен  Құтжанұлы;  Божымбай  қажы  Дікілұлы;  Мырзаахмет 
(Мырзан)  қажы  Молдабекұлы;  Жайлаубай  ақын  Ыбырайұлы; 
Тыныбек  бай  Шілмәнбетұлы;  қобызшы  Өксікбай  Тыныбекұлы; 
Арыстық  сазгер  Нығметулла  Сейітағзамұлы;  белгілі  әнші  Сәкен 
Жақсылыұлы  Қалымов;  Тұрғали  палуан  Ерментайұлы;  Ұлы  Отан 
соғысының  сарбазы,  мал  шаруашылығының  үздігі  Зүбайра 
Бейсенұлы;  Сарысу  аудандық  мәслихатының  тұңғыш  хатшысы 
Сұлтан  Рақымжанұлы;  Ысқақ  палуан  Бүркітбайұлы;  Серікбай  бай 
Тоқсабаұлы;  Сал  Сағындық  Серікбайұлы;  жаужүрек  Өлке 
Тамырбайұлы;  Майлыбай  күйші  Қылышбайұлы;  Қади  би 
Қылышбайұлы;  Күзенбай  батыр  Қылышбайұлы;  Байділдә  палуан 
Күзенбайұлы;  Шәмілхан  қажы  Әбиұлы;  тақуа  Жылқышы 
Қашқынбайұлы;  ақын  Рәтбек  қажы  Сүлейменұлы;  Сүйімбай  молда 
Қойшыбайұлы;  ақын  Теңгеш  Әріпбайқызы;  Сүйінбаев  Естай  қажы 
Төлеутайұлы; Тәпел би Тіленшіұлы; «Барақтың екінші Қосшығұлы» 
атанған Жазықбай Сармашов; Қазақ КСР еңбек сіңірген экономисті 
Қоңыр  Сармашов;  Ішкі  істер  министрлігінің  департмент 
басшысының  орынбасары  Сармашов  Ғани  Қоңырұлы;  Астана 
қаалсы  бойынша  төтенше  жағдайлар  департаменті  басшысының 
орынбасары  қызметін  атқарған  Момынов  Қалбота  Әбілдаұлы; 
шежіреші, Барақ ауылының ақсақалы Төлежан Қуандықұлы; Момын 
би  Тәпелұлы;  Кәрібоз  би  Тәпелұлы;  Оразәлі  тәуіп  Ноғайұлы; 
Сыйқымбай  бай  Оразәліұлы;  бақсы  Асқар  Исабайұлы;  Сүлеймен 
мешкей Бүтінбайұлы; атбегі Қалдымекен Жылқайдарұлы. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет