Нұрлан Рахымжанов



Pdf көрінісі
бет14/17
Дата26.01.2017
өлшемі1,85 Mb.
#2739
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

 
 
Барақ пенен Ағатай 
 
Барақ батыр мен Ағатай батырдың бұдан кейін де сан мәртебе 
жолыққанға  ұқсайды.  Осындай  сабақты  әңгіменің  бірін  жәйремдік 
әңгімешіл  ағамыз  Ордашбайұлы  Марат  пен  жиеніміз  Данаш 
Батырұлы жырлайды. 

 
176 
Марат  ағамыз  бір  жолы  «Шұбаркөл»  кенішіне  көмір  алу  үшін 
барып,  көмірдің  кезегінде  тұрып  қалады.  «Шұбаркөл»  -  Қарағанды 
облысының Шет ауданына қарайды. Сонда мал жайып жүрген, Шет 
ауданының орталығы Киевкадан шыққан, Алсай елінің бір әңгімеші 
шалына  жолығып  қалып,  тілдесіп  отырады.  Қазақтың  амандық-
саулықтан  соң:  «Ныспың  кім?  Қай  жақтыкесің?  Қай  елсің?»  деп 
сұрайтын  әдетімен,  танысып,  жөн  сұрасып  қалады.  Марат  ағайдың 
Дәулеткелді-Барақ елінен екендігін білгеннен соң жаңағы қарияның 
бір  әңгіме  айтады.  Ал,  Данаш  жиен  Досым-Алшынның  қариялары 
Мамытбек, Тарғын аталардың, өз әкесі Батырдың айтқан әңгімелерін 
айтады. 
Таманың  Барақ  деген  батыры  жүрегі  еш  нәрседен 
шайлықпайтын,  бет-жүзің  бар  демей  тура  сөйлейтін  жан  екен. 
Қолына  қылыш  ұстап  көрмеген  жан  екен.  Басқа  қаруларды 
тұтынатынын  кім  білсін,  әншейінгі  күнінде  дойыр  қамшыны  қару 
қылып ұстайтын жан екен. 
Сол  дәуірде  Орта  жүзде  Ағатай  деген  батыр  болған  екен.  Ол 
кісіні  ел  құрмет  тұтады.  Сырттан  келген  адам,  я  болмаса 
жолаушылап  ауылдың  үстінен  өтіп  бара  жатқан  адамдар  Ағатай 
батырдың  үйіне  келіп  түсіп,  сәлем  беріп,  бара  жатқан  бағыт-
бағдарын  айтпай  кетпейтін  көрінеді.  Ауылдың  сыртынан  батырға 
соқпай кететін жан болмаса керек. 
Бірде  Ағатай  батыр  ауылының  сыртында  жан-жағына  қарап 
отырса,  бір  аттылы  біреу  ауылды  айналып  кетіп  бара  жатқанын 
байқайды.  Өзіне  соқпай,  ауыл  сыртынан  айналып  кеткен  жанды 
Ағатай батырдың соққыға жығатын әдеті бар екен. Өзінің ауылына 
соқпауды  -  өзін  қорлау,  менсінбеу,  басыну  есебінде  қабылдайтын 
Ағатай  батыр  ауылына  қарай  жүгіреді.  Жігіттері  де  байқап 
батырдың  атын  ертеп,  алдына  тоса  береді.  Келген  бетте  атына 
қарғып мініп: 
-
 
Әпер, - дейді. 
Батыр бойшаң жан екен, аяғын үзеңгіге салғанда екі тізесі аттың 
құлағына барады. «Әпер!» деген пәрмен келгеннен соң жерде тұрған 
үш  жігіт  митыңдап  келіп,  батырдың  сойылын  алып  берді  дейді. 
Сойылы  бөрене  сықылданған  жуан,  әрі  ұзын  болып  келеді  екен. 
Менсінбеген жанды көрейін деп сыртынан барып шоқпарымен ұрып 
өтеді.  Сонысын  алыстан  байқап  келеді  мен,  ана  кісі  жалт  бұрыла 
бере  қолындағы  сойылын  тосып  кеп  қалады.  Сөйтсе,  Ағатайдың 

 
177 
жігіттерді  митыңдатқан  бөренесі  ортасынан  қақ  бөлініп  сынып 
қалыпты. Сонда барып алдыңғы кетіп бара жатқан, артына бұрылып 
қарайды.  Қараса,  Таманың  әйгілі  батыры  Барақ  екен.  Ағатай 
Барақты таниды, өзінің қылығына ұялып, сасып қалады. Барақ батыр 
Ағатайдын  әжептеуір  жас  (бәлкім,  30-40  жас)  үлкен  болса  керек. 
Жасы  үлкен  кісінің  сыртынан  тоқпақ  жұмсаған  қылығынан 
қысылып, ұялады. Аттан секіріп түседі. 
-
 
Ассалаумағалейкум,  көке.  Айыпқа  бұйырмаңыз.  Сізді 
сыртыңыздан  танымай  қалдым.  Мені  менсінбегендей  ауылымның 
сыртынан  айналып  бара  жатқан  кім  деп  барып  сізге  қол  көтеріп 
қалған едім. Ақымақ ініңізді кешіргейсіз, - депті басын иіп. 
Ағатайды да ел қатты құрметтеп, бір ғана Орта жүз емес, бүкіл 
қазақ баласы құрметтеген жан екен. Атын тікелей атамай Ақке деп 
атайтын болса керек. 
-
 
Ә,  «Білмеген  -  у  ішеді»  деген.  Саған  бұрылғым-ақ  келіп  еді. 
Асығыс болып, бұрыла алмадым, - дейді Барақ Ағатайға күлісмірей 
қарап. 
-
 
Ойбай,  көке,  алыс  жер  ме  еді?  Қасыңызға  серік  болуға 
жараймын ба, - дейді апалақтап батыр. 
-
 
Ә,  көш  жер  емес,  шамалы  жер.  Мына  жақта  бір  жиенім  елді 
қырып барады деген  соң,  асығып  шыққан  едім,  -  депті  дейді  сонда 
Барақ батыр. – Сенің маған ермейтіндігіңді біліп, әдейі осылай істеп 
келемін.  Ауылыңнан  бір  ұзап  шықпайсың.  Шыққаннан  кейін  кері 
қайтпайсың. 
Ағатай  жолда  келе  жатып  Барақтың  сойылына  көз  тоқтатып 
қараса, өзінікенен екі есе келеді екен, ағашы да бөлек сықылданады. 
Жолда келе жатып Ағатай Барақтан: 
-
 
Ал, жиеніңізге бардық делік. Оған не айтпақсыз, - дейді ғой. 
-
 
Сен  сұрама,  мен  айтпайын,  оның  не  бүлдіргенін.  Бірақ,  осы 
жолы  өлтірмеске  болмайтын  болды.  Ол  жиенім  менен  де  зор,  әрі 
қарулы.  Маған  дес  бермей  кетуі  мүмкін.  Бір  көзі  жоқ,  соқыр.  Сол 
жалғыз  көзінің  өзі  өңменіңнен  өтіп,  мысыңды  басады.  Мен  сені 
ертіп  шыққаным,  менің  шамам  келмей  бара  жатса,  сен  өлтірерсің 
оны дегенім еді. 
-
 
Ойпырмай, батырекесі, «Жиеннің наласы – жаман» деуші еді. 
Сіз осы райыңыздан қайтыңыз. Қолыңызды былғамаңыз, таза өлтіру 
керек болса, мен өлтірейін Сіз үшін, - депті Ағатай батырға қарап. 

 
178 
Барақ  батыр  бұл  жолы  үндемейді.  Ағатай  да  қайталап  сөз 
қатпайды.  Осылай  үндемеген  қалпы,  жиеннің  ауылына  келеді. 
Нағашысының келерін білді ме, әлде жүрегі құрғыр сездірді ме, әлде 
сәйкестік  пе,  кім  білсін,  жиені  де  атқа  мінген,  қаруланған  қалпы 
бұларды алдарынан  күтіп  алады.  Соқыр  жиенін көрген бетте  Барақ 
атпен  құйғыта  жөнеледі.  Келген  бетте  сойылымен  ұрып  өтеді. 
Дайын тұрған жиені сойылды қағып тастайды. Қайта айналып келіп 
Барақ  жиенін  ұрмаққа  оқталып  келе  бергенде,  Ағатай  батыр 
Барақтың қолын ұстай алады. 
-
 
Кешіңіз, ағасы. Жаман да болса, жиеніңіз ғой. 
-
 
Кешпеймін.  Кешуге  болмайды.  Сен  үшін  бір  жолға  райдан 
қайттым, - деп кері бұрыла береді. Сөйтеді, артына бұрылып қарап: 
-
 
Енді  бұл  елге  аяқ  баспаймын.  Енді  осылай  істейтін  болсаң, 
өзім келіп басыңды алатын боламын, - деп жүріп кетеді. 
Кері  жолда  да  екеуі  үн  қатыспайды.  Тек  Ағатай  өз  ауылының 
тұсына келгенде: 
-
 
Көке,  үйге  түсіңіз,  мейман  боласыз.  Екеуіміз  бір  отырып 
әңгіме-дүкен құрайық. Ағалы-інілі болып, бір шүйіркелесе алмадық 
қой, - дегенде Барақ батыр жымиып: 
-
 
Жол  ұзақ,  уақыт  қысқа.  Менің  әлі  де  ел  тыныштығы  үшін 
атқарар тірлігім бар. Аял қылсам, бүгінгі жұмысым аяқсыз қалады. 
Алдағы күннің еншісіне тастайық, Сіз бен біздің дидарласып, сұқбат 
құруды. Ал, аман бол, - деп Барақ атын тебініп жүріп кеткен екен. 
Бұл  оқиға  Ұлытау  өңірінде  болған  деп  айтушы  еді.  Сондағы 
Барақ  батырдың  «Бір  жиенім  елді  қырып  бара  жатыр»  дегені  – 
қазақтың бір ханы екен дейтін. Бұл қай хан екендігін, сол уақыттағы 
жүздердің  жеке  хандарының  бірі  ме,  төре  тұқымынан  тараған 
ұлдарын  хан  дейтін қазақтың  әдетімен  айтылған «хан»  ба,  әлде  бір 
елдің  биі  ме,  ол  жағын  толық  айта  алмаймыз.  Бақ  батырдың 
қарындасы  Аман  хан  әулетіне  ұзатылыпты  дейтін  әңгіме  бар  еді, 
бәлкім, содан туған жиен болар. Әйтеуір, Барақ батыр жиенін жөнге 
салыпты дейтін осындай бір әңгіме бар. 
 
 
Қарқаралы қыздай Тама Барақ 
 
Енді  осы  әңгіменің  жалғасын  жайылмалық  Шоламанов  Тұрған 
әкеміз  (ескілікті  шалдардан  естігені)  бен  Талас  ауданы,  Үшарал 

 
179 
ауылының  тұрғыны  Кәдірсізұлы  Әбілхалық  ағамыз  (Үсенбайұлы 
Әби ағасынан естігені) былай деп әңгімелейді. 
Абылай хан өзінің байырғы досы Барақпен қайта жолығысудың 
сылтауын іздейді. Ертеректе бір шақыртқанында: 
-
 
Ханға  сәлем  айтарсың,  шау  тартқан,  шал  болған  менен  енді 
батырлық  шықпас.  Қолынан  күші,  ауызынан  тісі  кеткен,  төрінен 
көрі жуық менен не қайыр?! Құдай сендердей жас батырларды аман 
қылсын.  Ханға  өзім  арнайы  барып  жолығармын,  -  дегенін  естіп, 
ішінде хан сөзіне құлақ асып, уағында келе қоймады деген қыжылы 
да бар Абылай бір сәтті күнін күтіп жатты дейді. 
Сөйтіп жүргенде, Барақ батырдың ауылына көршілес, қоңсылас 
ағайындар  тұтқиылдан  шабуыл  жасап,  біршама  адамды  жазым 
қылып, өрістегі жылқыны айдай кетеді. Ол жайтты ести сала Барақ 
бабамыз  «Көкшолақ»  атына  жайдақ  міне  жауды  қуып  шығады. 
Жылқыны  айдап  бара  жатқан  барымташыларды  қуып  жетіп, 
шеттерінен аттан түсіре береді. Сондағы қаруы  өзегін қорғасынмен 
өрген  қамшы  ғана.  Біреуі  ғана  қашып  құтылады.  Қалған 
барымташыларды  ауылға  жаяу  айдап  келеді.  Келген  бетте  ашумен 
олардың  бір-бір  құлақтарын  кесіп  алады.  Оның  ішінде  қатты 
соққыдан мертіккен біреуі ұзақ жатып қайтыс болып кетеді. Қалған 
жігіттерді босатып жіберген Барақ, қартайған шағындағы атқа мініп 
шапқанын көтере алмай ауырып жатып қалса керек. 
Осы  жайтты  естіген  Абылайдың  да  Барақ  батырмен  жолығуға 
ниеті  кетеді.  Содан  да  әртүрлі  сылтау  іздейді.  Ел  аралап  шығады. 
Барақ  ауылының  маңындағы  ауылдардың  біріне  келіп  қонады. 
Ханның  келгенін  естіп,  маңайдағы  ел  шабылып,  бәйек  болады. 
Ханға  сәлем  бермекке  игі  жақсылар  ұмтылып,  біреу  жағдайын 
айтпаққа,  біреу  барын  көрсетіп  мақтанбаққа  ділгір  болады.  Ұзына 
кезекке ұрып, ханға жолықпаққа адам салып әбігерге түседі. 
Ханның ойында Барақпен жолықпақ ниет болғандықтан, келген 
елді көзімен,  ойымен  түгендеп  «Кім  келмеді?  Неге  келмеді?»  десіп 
қойып  қана  отырады.  Өзінің  майдандас  досы  Барақ  батырдың 
ауырып  төсек  тартып  жатып  қалыпты  дегенін  естіп,  елге  «Абылай 
хан  ауырып  қалды»  деген  хабар  таратады.  Арнайы  Барақ  батырға 
хабар  жібереді.  «Бұл  неғылған  дәті  берік  адам  екен?  Көрейін»  деп 
сынап  оны  күтіп  жатады.  Барақ  батыр  мұны  естіп,  төсектен  басын 
көтеріп: 

 
180 
-
 
Ойпырмай, мен ауырсам – ханның бір батырымын. Ол болса – 
елдің тұтқасы, халықтың егесі ғой. Жасы кіші болғанымен, хан ғой. 
Менің  бұлай  жатқаным  болмас,  көңілін  сұрайын,  -  деп  орнынан 
түрегеліпті. 
Сол  екі  ортада  ханның  елге  келгеніне  қуанып,  сәтімен  келген 
дүние  болды  ғой  деп,  барымтада  адамы  өлген  жақ  Абылайға 
арыздана  келеді.  Хан  ол  жақтың  арызын  мұқият  тыңдап,  ой 
таразысына салады. Өзінің тыныш жатқан еліне шапқан жауға қарсы 
тұрған  жанды  айыптауға  еш  қисын  жоқ.  Ұрының  құлағын  кесу  – 
ертеректен  келе  жатқан  жаза  болғандықтан,  оған  да  айып  таға 
алмайсың.  Бірақ,  ел  іші  болған  соң,  өлген  адамның  құнын  даулау 
болады ғой. Арызданған жақтың да сөзін тыңдау керек. Абылай хан 
бұл  істі  өзі  тергемек  болып,  арызданушы  жақтың  ауылына  келіп 
түседі.  Хан  келгеннен  кейін  бар  мүмкіндікті  жасап,  ақ  үй  тігіп, 
жайылып жастық, төселіп төсек болып шабылып жатыр екен дейді. 
Сол маңда жүрген жанашыр адамдардың бірі Бараққа ат шаптырып: 
-
 
Хан  сені  ұстап  алып  кетейін  деп  жатыр.  Бұрынғы  өлген 
пәленше үшін құн даулатпақ болып отыр. Ханның да артында әскері 
дайын  отыр.  Сені  алдына  салып  айдап  кетпек.  Қапы  қалма,  - 
дегізіпті. 
Ханның көңілін сұрамаққа атқа мінген Барақ, кеше ғана ауырып 
қалды  деп  хабар  жіберткен  адамының  келесі  ауылға  жол  тартып 
кеткеніне қапаланады. Келген астыртын хабарды естіп, көңіліне дық 
алады. «Маған не істер қояр дейсің?!» деген де ойға келіпті. Содан 
соң ойланып: 
-
 
Болмас.  Бұл  істі  бір  жағына  шығарайын,  -  деп  ханның 
шақыртуын күтпестен өзі ақ үйге келіп қалады. 
Барақтың келіп қалғанын басқа ел аңдамай қалса керек. Келген 
бетте  хан  жатқан  ақ  үйдің  алдына  түспей,  сыртынан  жанамалай 
сүйкенеді.  Үлкен  күштің  иесі  сүйкенген  соң,  үйдің  бүкіл  сүйегі 
сықырлап, теңселіп кетеді. Сонда іште жастықты биік қойып, төсек 
салдырып жатқан хан басын көтеріп алып: 
-
 
 Ей,  сыртта  кім  бар?  Мына  үйге  сүйенген  түйені  айдап 
жіберіңдер, - депті. 
Сонда  Барақ  аттан  түсіп,  үйге  босағадан  басын  сұғып 
кіргенінде,  маңдайшаны  сықырлатып,  екі  иығымен  екі  босағаны 
көтере  кетіпті.  Төрге  көз  салған  бетте  ханның  сырқат  еместігін 
түрінен байқап қалады. Ханның жүзінде ауырып тұрғандығының бір 

 
181 
де  бір  белгісі  жоқ.  Өңі  жақсы.  Не  ары,  не  бері  жүрерін  білмей  бір 
аяғы  іште,  бір  аяғы  сыртта,  есік  аузында  тұрып  қалады.  Сөйтіп 
тұрғанында  Абылай  ежелгі  досын  сынамақ  оймен  айтты  ма,  кім 
білсін: 
-
 
Уа, кімсің? Бір ауыз сөзбен айт, - депті дейді. 
Сонда Барақ: 
-
 
Ей, тақсыр, келді алдыңа Қара Барақ. Хан Барақ, Қара Барақ, 
қарқаралы  қыздай  Тама  Барақ.  Хан  барында  –  Қара  Барақпын,  хан 
жоғында  –  Хан  Барақпын.  Ісімді  оңдап  берсең  –  ісім  сара,  ісімді 
оңдамасаң  –  ісім  қара,  -  деп  босағаны  көтеріп  алып  бара  жатыр 
дейді. 
Сонда төрде отырған Абылай орнынан атып тұрып: 
-
 
Ай, болсаң – боларсың. Салауат, батыр, салауат. Әй, бір адам 
емес,  он  екі  адамның  құны  болса  да  кештім.  Өзің  жоғары  шығып, 
қасыма келші, - деп төрге қолтықтап әкеп отырғызған екен дейді. 
Дидарласып,  әңгіме-дүкен  құрады.  Өткенді,  кеткенді  айтып, 
өзінің  келелі  істерімен  ханға  қызметі  өткен  қарт  батырымен  қайта 
татуласқан екен дейді. Бір күн мейман етіп сыйлап, күтіп, батырды  
шығарып салып тұрып: 
-
 
Ойпырмай,  батыр-ай!  Жас  болғаныңда  менің  оң  жағымда 
отыратын  адам  екенсің.  Әттең,  не  керек,  жасың  да  ұлғайып  қалған 
екен. Ағаттығым болса, кешіргейсің, - депті дейді. 
Барақ  батыр  ханмен  жолығып  қайтқаннан  соң,  төсек  тартып 
жатып қалады. Осы сырқатынан көп ұзамай қайтыс болған екен. 
Абылай  хан  таққа  отырған  1771  жылдан  кейін  өзіне  құтты 
болсын  айтпаған  жанның  бірі  ретінде  Барақты  іздеуін,  онымен 
жолығуын  есепке  алар  болсақ,  онда  ол  кісі  1772-1773  жылдары 
дүниеден өткен болып шығады. 
Барақ  бабамыздың  қайтыс  болған  орыны  туралы  сауал 
туындағанда,  біреу  батыста  қалған  десе,  екіншісі  жорықта  өлген 
болса  керек,  деп  үшіншісі  Арқада  қалған  болы  керек  деп  жатады. 
Созақтық  тарих  зерттеушісі  Сүлеймен  Тәбірізұлы  «Арқада, 
Жетіқоңыр  жерінде»  деп  жазады.  Шу  өзенінің  бойында 
«Көкмұрынтой»  түбегінде,  Ұлытауда,  Жаңаарқа  ауданы  Арап 
төбенің  етегінде,  Сарысу  өзенінің  бойында  бұрынғы  «Сарысу» 
кеңшарының маңында дегендер де болған. 
 
 

 
182 
Барақ батыр қай жерлерді мекен етті 
 
Ия,  Барақ  батырдың  ғұмыры  әлі  әзір  толық  ашылмаған  кітап 
десе де болады. Ол кісінің дүниеге келген уағы мен қайтқан уағын 
жобалап шығарғандай болдық. 
Барақ батыр менің топшылауымша – Ор өзені бойында, қазіргі 
Ресей  жерінде  дүниеге  келіп,  есейе  келе  қазіргі  Ақтөбе  өңіріне 
келген.  Одан  соң  Түркістан  төңірегіне  көшіп  келеді.  Оған  дәлел 
болатын себеп ретінде – Бақ батырдың қонысына қоныстанып, Бұзау 
батырмен  жорықтас  болуынан  көреміз.  Хан  кеңесіне  мүше  болып 
енуімен  де  қарайластырып  қарауға  болады.  Сырдың  бойында 
қыстап,  Елек  өзені  бойын  жайлап  жүрген  уақыттары  да  болған. 
Сонымен  қатар  Қарқаралы  тауына  дейінгі  жерлерді  біршама  жыл 
жайлауы да мүмкін. Оған дәлел – осы кітапта жазылып отырған екі 
әңгіменің (Серікұлы Сайлаудың қайынжұртында болған әңгіме мен 
Марат  Ордашбайұлының,  Данаш  Батырұлының  айтқан  әңгімелер) 
Қарқаралы төңірегінен шығуы. Сонымен қатар «Тама» кітабында да 
Тама  елінің  азаматтары  Сырдың  бойын  қыстап,  жазда  Қарқаралы, 
Дегелең тауларына дейін жайлап жүргендігі айтылады. Одан кейінгі 
уақыттарда  Бетпақты  жайлап  жатқанға  ұқсайды.  Барақтың  қайтыс 
болар уағындағы мекен қылған жайы Ұлытаудың маңына келетінге 
ұқсайды. 
Барақ батыр қайтыс болғаннан соң ұрпақтары мүнда ұзақ уақыт 
қоныстана  алмай  Сарысу  өзені  бойында  жайлап,  қыста  Нарын 
құмын  паналаған  ба  деп  жобалайсың.  Сыр  бойынан  біздің  ел 
ешқандай  да  қол  үзіп  кете  қоймаған.  Осыларды  сөз  етіп, 
Қуандықұлы Төлежан атама айтып отырғанмын. 
-
 
Ал,  сізге  қызық  айтайын,  -  дедім  мен  әңгімеге  кірігіп.  – 
Өзіміздің  Өмір  ағамыз  (Орақбаев  Өмір  Айтжанұлы)  «Әкем 
ертеректе Қызылорда жеріндегі Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» 
санаториіне барып демалып жүретін. Жалпы, «Шалқия» атымен екі 
санаторий  бар  екен.  Біреуі  Жезқазғанның  Жезді  ауданында  болса, 
екіншісі  Жезқазған  облысы  мен  Жаңақорған  ауданының 
шекарасында. Сонда ол кісі Жаңақорған маңайы - Барақтың қонысы 
екен. Беріге дейін Барақ балалары мекен еткен. Барақ балаларының 
атымен  аталатын  жер-су  аттары  бар  деп  біршама  атауларды  айтып 
еді.  Содан  менің  есімде  «Шалғымбайдың  қара  суы»  деген  өзеннің 

 
183 
аты  ғана  қалыпты»  деп  айтып  еді.  Шалғымбай  атамыз  Барақтың 
тұқымы, Тойшының ұлы емес пе? 
-
 
Айтжекең  айтса,  жобасы,  жөн-жоралғысын  біліп  айтатын,  - 
деді  Төлежан  атам.  –  Кім  білсін,  ол  кісінің  шарламаған,  бармаған 
жері кемде-кем. Санаторий жағалаған жылдары аз емес. Жаңақорған 
жағына  барып  та  жүретін.  Бақ,  Барақ,  Бұзау  батырдың  қыстауы 
Сырдың  бойында  болған  деген  әңгімені  одан  әрі  шегелей  түсетін 
дерек екен. 
-
 
Ал,  «Шалғымбайдың  қара  суы»  дегеніне  қарағанда,  -  деп 
әңгімені сабақтап Үзікенұлы Көшен ағам қосылды, - Сарысу өзенін 
бойлай  көшіп  жүрген  ғой  аталарымыз.  Сол  судың  аяғы  құрдымға 
барады.  Жазғытұрым  су  үзіліп,  әр-әр  жерде  үзінді  болып  қалады. 
Бажайлап  қараған  адамға  су  қарайып  көрінеді.  Сол  судың  бірінің 
басында  Шалғымбай  атамыз  егелік  етіп,  қоныс  қылып  отырған 
болды ғой. 
-
 
Солай болып тұр, - дедім мен әңгімені жалғап. – Сол Сарысу 
өзенінің  аяғы  жаңағы  айтқан  «Телікөлге»  апарып  құяды  екен. 
«Телікөл»  -  Сырдария  ауданының  аумағында  орналасқан.  Оның 
үстіне Абылай сол көлді біршама уақыт мекен қылса, Барақ бабамыз 
соның төңірегінде жүрсе, Шалғымбай қоныс қылып отырса,  кешегі 
Түсіпұлы  Сейіл  атамыздың,  Осекеңнің  әкесі  Қабанбайдың  сол 
төңіректі  жайлағаны  бар.  Осыған  қарап  отырып,  біздің  тарихымыз 
осы «Телікөлдің» маңынан іздегеніміз жөн болар деп ойлаймын. 
Бұл біздің ағайындар үшін тіптен күтпеген тың жаңалық болған 
секілді. Бір-біріне қарап бастарын изей берді. Кеңес өкіметі уағында 
мұндай тақырыпта әңгіме қозғалды дейсің бе?! 
Ой,  шіркін-ай  десеңші,  үйде  отырып  та  «Барақ  тарихының 
докторы» болып кетпесем болды ғой деп ойлап мен отырмын. 
 
 
Барақ бабамыз қайда жатыр? 
 
Созақтық  тарих  зерттеушісі  Сүлеймен Тәбіріұлы  біздің  ауылға 
жиен  болып  келеді.  Барақ  батырдың  үлкен  ұлы  Шілмәнбеттің 
тоқалынан  туған  Тыныбектен  Өксікбай,  Өскенбай  деген  ағайынды 
кісілер  болған  екен.  Бұл  кісі  Өксікбайдың  Шәлкен  деген  қызынан 
туған.  Ал,  мен  болсам  Тыныбектің  інісі  Тінібайдың  (ел  арасында 
Тұяқ  палуан  аталған  жан)  ұрпағымын.  Тыныбек  пен  Тінібай  бір 

 
184 
туған, сонда Сүлеймен маған немере әпкемнің баласы болып келеді. 
Осы кісі талай жылдар тарихты зерттеп, Арқа жерін шарлаған жан. 
Ондағы  жердің  атауларын  талмай  зерттеп,  зерделеп  жүрді.  Соның 
нәтижесінде  «Созақ  өңірі»  атты  кітабы  жарық  көрді.  Сонда  201-
бетте 
«Барақ 
батырдың, 
Шілмәнбеттің 
бейіттері 
Арқада 
Жетіқоңырда» деп жазатыны бар. Соны білмекке барған сапарымда 
ол кісі құшақ жая қарсы алып: 
-
 
Оңтүстік  Қазақстан  облысының  Қарағанды  облысымен 
шектесетін  тұсында  «Қарақойын»  деген  көл  болған.  Қазір  онда  су 
жоқ, қалың батпақ. Ертеде «Талдыеспе» деген өзен құюшы еді, қазір 
ол  да  жоқ.  Осыны  жағалап  жүрсеңіз  «Жетіқоңырға»  шығатын 
жайдақ жол бар. Әйтпесе, «Уанас» арқылы жүретін жол бар. Бірақ, 
«КАМАЗ»  көліктері  жүріп  жолды  қазып  тастаған.  Онымен  жүріп 
абырой  таба  қоймайсыз.  Бұл  жолмен  тек  қана  жалпақ  табанды 
машиналар ғана жүре алатын шығар. 
«Жуантөбеден» шығып «Қыземшекке» келесіз. «Қыземшектен» 
жоғары  қарай  отыз  шақырым  жерде  «Уанас»  деген  жер  бар. 
Найманның  Өкіреш  деген  атасынан  шыққан  екен  Уанас.
 
«Қыземшектің»  бір  бөлімшесінің  атын  «Уанас»  деп  қойдық.  Осы 
«Қыземшектегі»  бір  көшенің  атын  «Таңбалы  тас»  деп  қойдық. 
«Инкай»,  «Қабанқұлақ»  деген  жердің  аты  бар.  Солардың  атын 
жаңадан  ашылған  кен  орындарына  бергізіп  жатырмыз.  Біздің 
өтінішімізге  әзір  құлақ  асып,  жергілікті  өкімет  орындары  қолдау 
жасап жатыр. 
Біраз  жылдан  бері  осы  маңдағы  «Таңбалы  тасты»  зерттеп 
жүрмін.  Бұл  жөнінде  республикалық  бірталай  басылымдарға 
мақалалар  жаздым.  Қазақстан  Президентіне,  Мәдениет  министріне 
хат  жолдап  «Таңбалы  тасты»  қорғау  жөнінде  мәселе  қозғап 
жүргенмін.  Ол  жөнінен  өзің  де  бұрыннан  хабардарсың  ғой.  2011 
жылдың  3  мамырында  облысқа  хат  келіпті.  Облыстағы  «Мәдени 
мұра»  бағдарламасының  бастығы  телефон  соғып,  кешірім  сұрап, 
бұдан былайғы жұмыс жоспарын талқылау үшін қайта хабарласпақ 
болып жатыр. 
Ал,  енді  сіздің  шаруаға  келсек,  «Уанастан»  ары  қарай  өрлей 
кетсек,  «Қарақыз»  деген  жерге  барасыз.  «Қарақыздан»  шығысқа 
қарай «Өлке» деген жер бар. «Өлкеге» бара жатқан тұста «Домбы» 
деген  жер  бар.  Домбы  -  Шәмші  Қалдыаяқовтың  атасы.  Сізден 
өтініш:  Шәмші  Қалдыаяқовты  1930  жылы  Арыс  өзенінің 

 
185 
Сырдарияға құяр сағасында отырғанда қалың қамыстың ішінде туды 
дейді.  Кітабыма  да  тура  солай  жазғанмын.  Шәмшінің  әкесі 
Қалдыаяқты бір кітапта 1895, біреуінде 1891 жылы туған десе, 1976 
жылы қайтыс болған дейді. Жамбыл облысының Сарысу ауданында 
туған  дейді.  Осы  мәліметтер  дұрыс  па,  қате  ме,  осыны  айырып 
беруге  жәрдемдессеңіз.  «Жеңіс»  кеңшарында  біршама  адамдар  осы 
жайлы біледі деп аты-жөндерін жазып беріп еді, сол қағазды тауып 
бере  алмай  отырмын.  Атасудағы  өлкетану  мұражайына кірсеңіз,  ол 
жерден  де  бірқатар  материалдар  тауып  қаласыз.  Сізден  үлкен  үміт 
күтемін,  тарихыңызды  тексере  беріңіз,  «Таңбалы  тас»  жөнінде, 
Шәмшінің аталары туралы сұрай жүрсеңіз. 
Бауыржан  Момышұлы  айтыпты  ғой:  «Менің  жауым  –  үйде 
тазалық  жұмысын  жасағанда,  қағаздарымды  қопарыстырып,  бетін 
жауып,  өзінше  реттеген  адам»  деп.  Сондай  жөндеу  жұмыстары 
жүргізіліп, менің қағаздарым қайда қалғанын таппай жатқан жайым 
бар. Бүгін аяқтай алмаған қағазыңа белгі қойып, бетін ашып кетсең, 
жидашылар  оны  пысықсынып  жауып  тастайды.  Не  істейсің, 
бақырып-шақырып  қоясың.  Сізге  тауып  беретін  қағазымды  тауып 
бере алмай айыпты болып отырмын, Нұреке! 
Осы  Жетіқоңырда  «Тасоба»  деген  жер  бар.  Біздің  Созақ 
ауданының Ынтымақ деген ауылында Мұқымбет деген кісі тұрады. 
Сол  кісінің  атасы  Мұқыш  деген  етегіне  тас  салып  алып,  бір  жерге 
жинап  әлек  болатын  көрінеді.  Мүсәпірдің  көрдіңіз  бе  пейіліне,  не 
бір  адамдардың  аты  ұмытылып  кетті,  оның  аты  ұмытылмай 
«Мұқыштың Тасобасы»  делініп аты қалды. «Тасобадан» оңтүстікке 
қарай  жүрсеңіз,  Көшек  батырдың  бейіті,  одан  соң  Ерубай  би,  одан 
соң  Барақ  батырдың  бейіті  кездеседі.  Барақтың  бейіті  қарапайым 
мола,  ана  екі  кісінікін  сағана  қылып  салған.  Ерубайдыкенің  де, 
Көшектікенің де батыс жағы сәл мүжілген, жауынның әсері ғой енді. 
Әйтпесе,  сол  бойында  тұр.  Темірден  қоршау  қойған.  Осыдан  ары 
Тамалардың  моласы  келе  береді.  Одан  бері  «Қазыбектің  моласы» 
деген  Найманның  сағанасы  бар.  Қалған  бейіттің  барлығы  Таманың 
бейіті. 
Ерубай айтыпты дейді ғой: «Мені шекараға апарып жерлеңдер. 
Аяғымды  тіреп  жатайын,  Наймандар  өтіп  көрсін»  депті.  Айтса 
айтқандай-ақ  қой,  Мына  жерде  Ерубайдың  бейіті,  шамалы  жерде 
Қазыбектің  бейіті.  Ерубай  мен  Барақтың  бейітінің  арасы  бес-он 
шақырымнан  аспайды.  Барақтың  бейіті  мен  баласы  Шілмәнбеттің 

 
186 
бейіті қатар жатыр. Осы маңда Таманың белгілі бір адамының бейіті 
бар еді. Ұмытып қалдым. 
Жолай  аралап  келе  жатып  «Мынау  кімнің  моласы?  Кімнің 
моласы?»  деп  сұрастырып,  әр  үйге  түсе  бердік  қой.  Сондағы 
Наймандарың  маған  ұнады.  Барлығы  бір  кісідей  «Түсіңіз.  Сусын 
ішіңіз»  дейді  бірден.  «Бізге  сусын  керек  емес.  Қазір  ғана  ішіп 
шықтық.  Бізге  шалы  бар,  тарихтан  хабары  бар  адам  керек»  деп 
келеміз. 
Осындағы  Наймандар  шулап  «Таманың  Барақ  батыр  дегенінің 
моласы» десті. Осында менімен жасты, 1936 жылы туған Сейталиев 
Сайлау  деген  Ұлытау  ауданындағы  «Сарысу»  кеңшарында  ұзақ 
жылдар  бойы  жылқы  фермасын  басқарған  кісісінің  үйіне  барып 
түстік.  Сонда  қонып  шықтық.  Үй-жайы  біздің  кент  орталығындағы 
үйлерден  артық,  қаланың  үйлеріне  пара-пар.  Қора-жайы  тіптен 
тамаша.  Бұл  2009  жылдың  30  маусымы  болатын.  Үйінде  бес-алты 
орыс жүр. Бірі күбі пісіп жатыр, біреуі құрт жайып жүр, біреуі сиыр 
сауып жатыр, біреуі мал жайғап жүр. Барлығына басшылық қылып 
жаңағы  Сайлау  отыр.  Күлдік.  «Бұрын  орыстар  бізді жұмсаушы  еді. 
Сен сонысын орыстардың алдына келтірген екенсің. Атаңа рахмет!» 
деп  жатырмыз.  Осы  Сайлау  сіз  іздеген  бірқатар  моланың  нобайын 
көрсетіп бере алады. 
Осында бір ақыл берді біреулер. «Сіз бір жеке адамның бейітін 
іздемеңіз.  Жердің  кімдіке  екендігін  сұраңыз.  Таманыке  қайсы, 
Наймандыке қайсы, Жағалбайлының жері қайсы деп іздесеңіз, оңай 
табасыз»  деді.  Жұмысыңызға  сәттілік  тілеймін,  -  деп  қала  берді 
Сүлеймен жиен. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет