ІШКІ МҮШЕЛЕРДІҢ ГАМАРТОБЛАСТОМАЛАРЫ Нефробластома, яғни
эмбриондық нефрома (Вильмс ісігі, аденосаркома) –
бүйректің плюропотентті бастамасы – метанефрогендік тіннен өнетін қатерлі
ісік (329-сурет). Бұл ісік ұзақ уақыт қабықпен шектеліп, бүйректің тінін қысып,
ығыстырып, экспансиялы өседі, кейде орасан үлкен болады. Кескенде тіннің
қызғылт ақшылдау, түйінді екені байқалады, ескі және жаңа қанды ошақтар
болады. Кейін ісік төңірегіндегі тіндерге жайылып, өкпеге метастаз шашады.
Нефробластома сопақтау немесе жұмыр пішінді жасушалардың тығыз шоғыры
мен тізбектерінен құрылады. Олардың орталық аймағында бүйрек өзекшелері
мен шумақтарына ұқсайтын түтікшелер түзіледі. Тығыз шоғырлар мен
түтікшелердің арасында ұзынша жасушалар мен нәзік талшықты жұмсақ тін
болады. Бұл тіннің құрамына мезодермадан өнетін құрылымдар – көлденең
жолақты және бірыңғай салалы бұлшықет талшықтары, майлы клетчатка,
тамырлар мен шеміршек те, кейде эктодермалық құрылым – жүйкелік тін де
араласады.
329-сурет. Нефробластома (В.Н. Сухованың препараты).
Нефробластома ересектерде өте сирек байқалып, көбіне (жасы 1-ден 4-ке
дейінгі) балаларда дамиды, балалар ісіктерінің ішінде төртінші орында.
Гепатобластома, яғни
эмбриондық гепатома – бауырдың эмбриондық
плюропотентті бастамасынан туындайтын қатерлі ісік. Ол ақшыл сары түсті
түйіндер түзіп, тез өсіп, бауырдың тінін жайлап кетеді, лимфалық түйіндерге
және гематогендік жолмен өкпеге метастаз шашады (330-сурет). Ісіктің негізгі
түйіні де, метастаздары да өт түзеді. Гепатобластома тығыз шоғырланған
эмбриондық бауыр жасушаларынан құрылады. Жасушалар шоғырының
арасында өт өзектеріне ұқсайтын түтікшелер мен қуыстар, кейде мезенхималық
жұмсақ тін, синусоидтық тамырлар, тіпті каверналы қуыстар да болады (331-
сурет). Ісіктегі бауыр жасушаларының толысу деңгейі әртүрлі. Ісіктің
кейбіреуінен мезенхималық және мезодермалық құрылымдар – майлы тін,
шеміршек, сүйек, кейде эмбриондық көлденең жолақты бұлшықет ұшырасады.
Гепатобластома көбіне емшектегі сәбилер мен балғын балаларда дамиды.