Байланысты: АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ГЕНДЕРЛІК СИПАТТАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ЛИНГВОМӘДЕНИ ЖӘНЕ АУДАРМА АСПЕКТІЛЕРІНДЕ ТАЛДАУ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ағылшын және қазақ тілдерінің фразеологизмдерінің лингвомәдени және аударма аспектілерінде талдауға арналған. Адамның жынысына байланысты атаулар мен солар арқылы жасалған тілдік бірліктер – тіліміздің ең байырғы бірліктері ретінде лексикалық қорымызды байытып қана қойған жоқ, сонымен бірге олар халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани өмірін, дүние танымын, философиясын, психологиясын, өз бойына жинақтап жүрген құнды да құнарлы лексикалық бірліктер. Оларды жан-жақты зерттеу сол байлықты (мейлі ол тілдік байлық болсын, мейлі ол рухани, мәдени байлық болсын) ашып, оны халқымыздың игілігіне жарату болып табылады. Ендеше қазақ және ағылшын тілдеріндегі әйел мен ер азаматқа байланысты тілдік бірліктердің қызметін тілдік тұрғыдан жан-жақты ашып көрсеткен зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі дау тудырмаса керек. Зерттеу тақырыбы әлемнің тілдік бейнесін гендерлік сипаттағы фразеологиялық бірліктер арқылы көрсетуімен, оған жаңаша қолданыстық, танымдық сипат бере білуімен ұштасып жатқандығымен де өзекті дей аламыз.