О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет15/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

ҚҰРМАЛДЫҚ ШАЛУ
Келесі күні ең шеткі мекенді басып, жиһангездер үйіне
едәуір ерте келді. Көсемнің жертөлесі алдында олар көрші
тұрақтың жауынгерлерін жаңа ғана ұстап әкелген вампуымен
бірге алқа-қотан қоршап алған онкилондарды көрді.
Жауынгерлер бүгін таңертең ерте аңға шығып бара жатып
бес вампуға тап болады, толайым түрі бұғы ұрлағалы жүрген
барлаушылар  тәрізді. Оларды  табынға  тақау жерде  қуып
жетіп, жанжал шығады, сол арада екі вампу өліп, екеуі қашып
құтылады, жаралы біреуін тұтқындап, жателдіктерге тарту
еткелі алып келеді. Меймандардың өлген жануарлардың терісі
мен бас сүйегін жинайтынын, Мыңтүтін алқабына ана жолғы
саяхатында  қасқыр  жеп  кеткен  вампудың  бас  сүйегі  мен
жілігін көтеріп көргенін жауынгерлер байқаса керек, зерттесе,
өлісінен тірісі дұрыс шығар деп мына вампуды әкеп тұрған
себебі сол екен. Қолы артына қайырылып тас қып байланған,
үсті-басын найза мен жебеден түскен жарақаттың қаны жуып
кеткен, тұтқын, шамасы, аяғынан әрең тұр. Оны вампуларды
сирек көретін қатын-қалаш, бала-шаға қаумалай қоршап алған.
Тірі вампуды қалағанынша көрудің мүмкіндігі туыпты.
Жиһангездер  вампу  оларға  тірі  кезінде  қызық  екенін
айтқанда, Амнундак оны ағашқа апарып байлап тастауға әмір
берді. Жиһангездер жедел өлшеп, суретке түсіріп алып, содан
соң оны қоя бер деп көсемге өтініш айтуға асықты.
Барлық  алғашқы  қауым  адамдары  сияқты  тұтқын  да
бұлшық етті, әлеуетті әрі жас еді. Бас сүйегін өлшеуге жал
сияқты қобыраған, арасына неше жылғы кір баттасқан шашы
бөгет  болды  ма,  Горюнов  оны  алып  тастамаққа  тоқтады.
Жалтыраған қайшыны жақындата бергенде бауыздайын деп
жатыр деп ұққан вампу жан даусы шығып, зарлап қоя берді.
Шаш алу ағашты айнала тұрған онкилондардың көз алдында
өтті,  олар  бұрын-соңды мұндай  қарекетті көрген  жоқ-ты,

233
оның үстіне мына жаңа құралдың өзі де бейтаныс. Тұтқын
бұл  істі азаптардың  алдындағы  байқау  шығар деп  ойлап,
азаптаушысының білегіне өткір тісін қадауға алас ұрды да,
аузын буып тастауға тура келді. Бас сүйегін өлшеуге әкелген
жалтылдақ құралдар оны қалтыратып жіберді. Бойын, басын,
тұрқын өлшеудің бәрін, әрине, ол өлтірер алдындағы сиқыр
айла, ең азаптысы кейін болады деп ұқты. Ақыр аяғында
жалтырақ бірдеңенің басына төрт бұрышты қара затты қойып,
мұның  алдына  әкеліп  сырт  еткізгенде  жасын  оғы  енді
жайратпақ деп ол көзін жұмды. Өзіне ештеңе болмағанын,
ақыр соңында  еш  зақымсыз қалғанын  көргенде  ол  қатты
таңданды.
Онкилондар  осы  қимыл-қарекеттің  бәрін  міз  бақпай,
бақылап  тұрды,  бой  мен  басты  өлшеу  оларға  бұрыннан
танысты, әуелі әйелдер, сонан соң жауынгерлер мен балалар
осылай өлшенген. Әрбір осы әрекет жалтырақ таянышы бар
әлгі қара заттың сыртылымен аяқталатын, ал оған мән берген
онкилон жоқ.
Өз шаруасын тындырған соң  Горюнов вампуды еркіне
қоя беруін өтініп, көсемнен батыл тойтарыс алды.
– Бүгін кешке бізде тағы да табыну басталады, бақсы
рухтардан вампудың өлу-өлмеуі жөніндегі байламын біледі,
– деді Амнундак, – бұған дейін біз тұтқынды ешқашан
ешқайда босатпаймыз.
Күн кешкіріп те қалған, алыс сапар-саяхаттан, бүгінгі вампу
оқиғасынан әбден шаршаған жиһангездер өздерінің мұнтаздай
жертөлесіне оралып, алаулаған от басына жеткеніне қуанды.
Тұман қалыңдап, күн қайта суыта бастады. Кеше де, бүгін
де тұманның түске дейін айықпай тұрып алғанын, артынан
күн шыққанымен де «осы мезгілдегі біздің Казачьедегідей»
суық болғанын олар Гороховтан сұрап білді. Сол күні сұр
қарлығаштардың түстікке ұшқаны байқалды, суықтың түсуінен
тынышсызданған қаз-үйректер де ұшуға жиналып жатты. Екі
түн қатарынан болған аяздан қырдың шөбі солып, жатып

234
қалды,  жапырақ  сарғаймай-ақ  түсе  бастады.  Онкилондар
таңырқап, мұндай суық пен тұман әдетте бір ай кейін түсетінін,
құстың  да  ерте  қайтқалы  жатқанын  айтып  жүрді.  Бүгінгі
тәуеп ету де сол суықтың ерте түсуіне байланысты көрінеді.
Ымырт жабылғасын бақсының келген-келмегенін, дұғаға
ақ адамдардың қатысар-қатыспасын біліп қайтқалы Горохов
кетті. Бұл жолы табынуға тек жауынгерлер ғана қатысатыны,
әйелдер мен балалар да жіберілмейтіні жайында хабар алып
ізінше қайтып келді ол.
Күн суық болғандықтан Амнундак ақ адамдардан әйелдер
мен балалардың осы үйге кіріп отыруына рұқсат сұрады.
– Осылар бір жаман жымысқы іс жасағалы жүр ме деген
ой келеді маған, – деді Ордин әлгі хабарды естіген бетте-
ақ.  Біз  ештеңе  естіп-білмесін  деп  олар  күллі  әйелдерді
шығарып жіберді.
– Мүмкін, – деді салмақ сақтап Горюнов. – Бірақ біз
оларға бөгет жасай алмаймыз, ендігі қалғаны тек сақ болу
ғана. Осы Аннуирден сұрап көріңізші, олардың бұл тақылеттес
табынуы да бола ма екен?
Аннуир мұндай дұға вампуларға шабуыл жасайтынның
алдында болатынын айтты.
Ұзамай жертөле ақ адамдардың отының басында аласталу
уақытын қысқартқалы келген қатын-қалаш, бала-шағаға толды.
Олар бұл үйде бұрын да болған, әсіресе, жателдіктер жоқ
кезінде жиі келіп жүретін-ді, ал енді тұқымымен тегіс кірген
соң емін-еркін билеп-төстеп, істікке ет шаншып, шелпек пісіріп,
кешкі  ас  әзірлеуге  кірісіп  те  кетті,  жертөлені  балалардың
айқайы, сәбилердін шырылы, үлкендердің әзіл-қалжың, ойын-
күлкісі  кернеді.  Күні  кеше  ғана  бабалары  айтып  кеткен
бақытсыздыққа  кінәлі  деп,  жателдіктерді  желкелеп  қуып
жіберуді  талап  еткен,  қазір  алаңсыз,  мұңсыз  сол
жатжерліктермен ойнап-күліп, әзіл-қалжыңы жарасып отырған
осынау ақжарқын көңілді адамдарды көргенде жиһангездер
кешегі қара тақыр қу медиенде куә болғандарын көз алдына

235
келтіріп, жағдай кенеттен өзгере қалмаса, алғашқы қауымның
бұл тайпасына да өлім қатері төніп тұрғанын ойламай қала
алмады.
– Ойлап-ойлап, әйтеуір мен шеше алмай қойдым, – деді
Горюнов  әйелдердің күлкісі  мен қалжыңы мезі еткен  соң
өзімен  бірге  бұрышқа  қарай  оқшауланған  Ординге.  –
Онкилондарға төніп тұрған өлім қатерін айтып, түстікке бізбен
бірге кетейік деп ұсыныс жасасам ба деп, бір байламға келе
алмай-ақ қойдым.
– Осы жайды мен де ойладым, – деді Ордин, – бірақ
ұсыныс жасау асығыстық болар деген түйінге келдім. Қазір
теңіз ашық, қайықсыз олар қайда барады. Оның үстіне менің
қазіргі күткен қаупім дұрысқа шыға ма, жоқ па? Санников
жерінің  жылытқышы  ертелі-кеш  қалпына  келіп,  істің  беті
оңғарылып, ондаған жыл бойы жақсы да болып кетер...
– Ал жылытқыш қалпына келмей, көз алдымызда қыс
түсе бастаса қайтеміз?
–  Қайтсе де,  бұларға  ештеңе  айтып болмайды. Поляр
түндерінде айдын мұз арқылы жылы киімсіз, отсыз, бұғысыз
қайда барады! Бұғылары бірнеше күн мұз жолында аштан
өледі.  Жоқ,  олар  осы  қысты  бірдеңе  ғып  өткереді,  ал
көктемде  қардың  ерімегенін,  жануарлардың  өліп  біткенін
көріп, бұл арадан кету керек екенін өздері де ойланады.
– Дұрыс! Ал көктемде осы жерді, оның халқын зерттеуге
академия жіберетін үлкен экспедициямен бірге ойпатты қар
басып қалмай тұрып біз де келеміз. Онда онкилондарды
көшіру де оңай – олар бұл жерден кетудің қажеттігіне өздері
де түсінеді.
– Ал қазір бұлар бізден апаттың тоқтатылуын талап етеді
тек.
Кешкі  астан  кейін  әйелдер  Гороховтың  өтінішімен  би
ұйымдастырды.  Балалар  мен  кемпірлерді  бұрышқа  қарай
отырғызып, өздері әдеттегідей киімін түгел шешіп, бірінің

236
қолынан бірі ұстап от айнала билей жөнелді. Биі қарапайым
әуен  ырғағымен  бірде  оң  аяғын,  бірде  сол  аяғын  көтеріп
секіру,  қолын  бұралтып,  жан-жаққа  мойнын  қозғалту.
Осындай билермен әйелдер ұзақ поляр түндері от басынан
шықпай,  жертөледе  отыру  әбден  зеріктірген  еркектердің
көңілін  көтеретін.  Алғаш  билегісі  келмегендей,  әуені  мен
қимылы  баяу  басталып,  бірте-бірте  ширап,  ақыр  аяғында
әйелдер шыр айналғанда шапшаңдығы көз суырып, аяқ дүрсілі
мен шапалақ сатыры, шабытты үн құлағыңда күмбірлеп тұрып
алады. Құтырынған биде қоңырқай денелер мың бұралып,
бұрымдар  деңгелең  ойнап,  алқа  сылдырап  омырауды
шапақтап,  білектер  ілгері-кейін  бұлдырай  сермеліп,  аппақ
тістер жарқырап, еріндер әсем ашылып, көздің жауын алады.
Ақыры, әбден қалжыраған қыз-келіншектердің бәрі құлап
түсіп,  әрқайсысы  әр  кейіпте  от айналасында  тер  шылаған
денелердегі өрнек-таңбалардың қаракөк белдемшелерін түзей
алқына тыныс алып жатады. Қазір сызықтары әсіресе айқын
айшықталып, жылдай ұзақ поляр түндері қыздардың денесін
өрнектеген  алғашқы  қауым  суретшілері  –  кемпірлердің
бірінен-бірі асырмақ болған өнерінің жемісі ою-өрнек, гүл,
жапырақ,  жануарлардың  басының  бейнесі  тайға  таңба
басқандай көзге ұрып тұр. Амнундактың тоқалы – жыланды
әйелдің өрнек-таңбасы бұрыннан таныс. Ал Аннуирдің алды
әр  алуан  гүлдер  мен  жапырақтардың  суреті,  ал  екі
жауырынында күн шығып, шапағы мойнына, иығы мен беліне
шашырап тұр,  белінен төменірек екі жақтан  екі жарты  ай
салынған.  Ракудың  денесі  алдынан  айқыш-ұйқыш
сызықтармен торланып, арқа жағы толқынданып, белі мен
мықынына түскен тұсы қошқар мүйізденіп, бұрап тасталған.
Қыздар  денесіндегі  өрнегінің  мағыналылығымен  бірінің
алдында  бірі  көлеңдейді,  ал  жас  жауынгерлер  көктемде
қалыңдық таңдағанда да алдымен қыздардың көбінесе осы
өрнек-таңбасына қарайды.

237
Әйелдер дем алған соң жарты шеңбер жасап, оттың бір
жағында  жиһангездерге  қарама-қарсы  жайғасты  да  ойын
бастады: оң жақ шетте бірінші отырған қыз «бірінші» деп,
көршісін алақанымен арқадан бір тартты, ол «екінші» деп
мына  жақтағы  құрбысына  соны  жасады,  сөйтіп,  шапалақ
толқыны екінші шетке бір-ақ шықты; біреуі есебінен жаңылып
қалса, оңнан да, солдан да соны тұқыртып, әжуа қылды.
Сол жақ шеттен, екінші қолмен шапалақ оңға жылжып, оң
жақ шеттен солға жылжып, екі толқын ортада түйісетін болды
да, есептен жаңылысушылар көбейіп, қыран-топан күлкіге
батырды. Бұл ермек зеріктірген кезде олар келесісіне көшті:
әйелдер  жүресінен  отырып  екі  қолын  алдына  созып,  бір
аяғын  отқа  қарай  көсілтіп,  оны  екінші  аяғымен  шапшаң
ауыстыра қоюы тиіс болды, егер біреуі кешігіп не басқа аяғын
созатын болса, бәрі күліп, көршісі оны шалқасынан түсіріп,
оның  екі  аяғы  аспанда  қайшыланып  жатты.  Бұл  ойын
әйелдерді мүлде жалықтырып жіберіп, ақырында олар бірін-
бірі еш себепсіз шалқасынан түсіріп, апыр-топыр болып бәрі
құлап жатты.
– Мына би мен ойындар – тамаша гимнастика, – деді
Горюнов. – Ұзақ поляр түндері отыра-отыра ұйып қалған
дененің құрыс-тырысын жазуға таптырмайтын тәсіл.
– Иә, ерлер аңға шығады, бұғы күзетеді, отын кеседі, ал
әйелдер  үй  шаруасымен  болып,  жертөледен  және  қия
баспайды, – деп қостады оның сөзін Ордин.
– Бірінші ойын «алқа» аталады, екіншісі – «бақа», «сынақ»
деген үшінші ойыны бар, ол салмақтырақ, – деді Горохов,
сосын әйелдерге қарап: – «Сынақты» көрсетіңдерші, – деп
өтінді.
Әйелдер орынды-орнына отырды.
– Ал біздің арамызда  өткен қыстан  шыдамды болып
қалған қайсымыз? –деген дауыс  шықты. – Сен бе Анну?
 – Мен! – деді Аннуэн.
– Мен де өз тұқымымда! – деді Аннуир.

238
– Сен  бұл арада  бөгдесің, шыдамды  екеніңнің өтірік-
шынын ең алдымен сынау керек. Жат бірінші, – деп бұйырды
әйелдер.
Тері әкеп, оны оттан аулақ жарты шеңбердің ортасына
төседі, Аннуир оған шалқасынан түсіп жата кетті. Аннуэн
тостаған алып, оны мөлтілдетіп суға толтырды да жатқан
келіншектің қарнына қойды, өзі оның аяғынан басып тізесіне
отырып  алды  да  табанынан  қытықтай  бастады.  Қалған
әйелдер  дауыстап  санап  тұрды.  Сынақтың  мәні  мынада:
жатқан  адам  қанша  қытықтаса  да  былқ  етпей,  демін  де
біркелкі  алып,  онға  дейін  санап  болғанша  тостағаннан  бір
тамшы  су  төгілмеуі  керек.  Жалаңаяқ  көп  жүргеннен
онкилондардың табаны қанша қалың болғанымен, бұл сыннан
ілуде  біреу  ғана  сүрінбей  өтеді.  Оның  үстіне  әйелі  бар
болғырлар өте шабан санап әлек қылады. Сыннан аман өткен
шыдамды  деген  атаққа  ие  болып,  төзімсіздердің  бәрін
қытықтауға хұқ алады.
Аннуир  бұл  жолы  төзе  алмады  –  тоғызды  санағанда
күліп қойды, оның үстіне күндесі тіпті қатты қытықтады.
– Міне, сен шіп-шикі өтірік соғыпсың! – деді күндесі
табалай. – Сен ешқашан шыдамды болған жан емессің!
–  Мүмкін,  сен  де  шыдамды  емес  шығарсың!  –  деп
қызбалана қарсылық білдірді Аннуир.
Әлгі  орынға  енді  Аннуэн  жатты,  Аннуир  тостағанды
толтырып, оны екі анардың ортасынан сәл төменірек қойып,
ең сезімтал тұс – кіндіктің айналасын қытықтай бастады.
Ал Аннуэн тастай қатып, дымын білдірмей, сыннан сүрінбей
өтті.
– Онда мынаған шыдап көр! – деп кекете күліп, орнынан
тұра беріп,  тостағандағы суды тұп-тура  Аннуирдің бетіне
шашып кеп жіберді.
Бұл  үлкен  сыннан  сүрінбей  өткеннің бір  артықшылығы
еді, Аннуир үндемей бетін сүртіп, сәл қысылыңқырап кейін
шегінді.

239
Әйелдер  бірінен  кейін  бірі  жатып,  Аннуэн  бәрін  де
күлдірмес ерікке қоймады: бірін  ерте, бірін кеш күлдіріп,
барлығын да орнынан тұрғанша суға малшынтып шығарды.
Сынға шыдамағандар от басында кептірініп отырып, өзінің
кебін киген келесі құрбысына сақ-сақ күлумен болды. Бәрі
сыннан өткенде күлмей шыдаған тағы бір әйел шықты. Аннуир
жаңа жеңімпаз қытықтайтын болса,  сынға тағы да түсуге
тілек білдірді. Аннуэн қарсы шықты. Олардың күндестігін
көріп жүрген қалғандары бұрын шыдамды атанса, Аннуирдің
сынға екінші рет түсуіне болады деді. Аннуир қалаған жерден
қытықтауға  рұқсат  беріп,  бәріне  де  төзіп  шықты,  бірақ
қытықтаған  адамына  су  шашқан  жоқ.  О,  қытықтаушысы
Аннуэн болды бар ғой, бір тамшы қалдырмай шаша салар
еді!
– Міне, енді сіздің екі қалыңдығыңыз да шыдамдының
шыдамдысы  болып  шықты! –  деп  құттықтады  Ординді
Горюнов.
– Және екеуі де қызғаншақ деңіз! – деп қосыла кетті
Костяков.
– Қызғанышсыз құмарлықта құн бар ма? – деп күлді
Аннуирдің өз абыройын қайта қорғап қалғанына риза болған
Ордин.
От басында жоқты-барды айтып отыр еді, Амнундактың
үйінен бір шал келді де, дұға біткенін, балалар мен әйелдердің
дереу үйіне қайтуы керек екенін айтты.
– Бақсы не деді? Оған құдай не айтыпты? Бізді алда не
күтіп тұр? – деген сауалдар жауып кетті.
– Ертең естіп білесіңдер, қазір барып ұйықтаңдар! – деп
шал жалтара жауап беріп шыға жөнелді.
Әйелдер  киініп,  бұрышта  ұйықтап  қалған  балаларын
көтеріп,  бірінен  соң  бірі  ақ  адамдардың  үйінен  шықты.
Сырттан: «Тағы да суық! Апырай, қандай суық! Қандай
қалың  тұман!  Адасып  кетпес  үшін  біріңнен-бірің  ұстап
алындар!» деген дауыстар самбырлап естіліп тұр.

240
Дұғаның  нәтижесі  жайында  бірдеңе  білгелі  Аннуир
солармен ілесе шығып, ұзамай қайтып келді.
– Амнундак пен күллі жауынгерлер бақсыны шығарып
салғалы ма, бір жаққа кетіпті, үйде екі шалдан басқа ешкім
жоқ, біреуі ұйықтап жатыр, екіншісі менің әуесқойлығыма
ыза боп, сөгіп тастады, – деді ол.
– Зайыры, бізге де жатып ұйықтау керек шығар. Бәрібір
ертеңге дейін ештеңе біле алмаймыз, – деді Горюнов.
 Жиһангездер ол күні рухтардың бақсыға не айтқанын, ол
әмірді онкилондар табан аузында орындауға кіріскенін білсе,
тыныш жатып ұйықтай да алмас еді.
Тұман мен суыққа қарамай құлшылық қылу аяқталысымен-
ақ  бар  жауынгер  көсемнің  үйінен  шыға  сала  тура  түстік-
батысқа  тартты,  алда  екі  адам  алау  ұстап,  одан  кейін
Амнундак пен бақсы және шәкірт жүрді, олардың артында
төрт жауынгер зембілге сап тұтқындағы вампуды әкеле жатыр,
шерудің соңындағылардың бәрі бастан-аяқ қаруланып алған,
бастарын төмен салып үнсіз келеді. Тек аяқ тыпыры мен
қорамсақтағы жебелердің сықыры, зембілдің шиқылы ғана
естіледі. Тұманда жолды жазбай тауып, алдағы алаулылар
орман мен алаңқай арқылы осынау бөлекше бір шеруді қасиетті
көлге  бастап  келеді.  Көл  жағасында  аяқ-қолы  байлаулы
тұтқынды құрбандық тасының үстіне қойып, бақсы басына,
шәкірт аяғына тұрды.
Амнундак пен  жауынгерлер әзір  суы жоқ  қасиетті көл
жағын ашық қалдырып, тасты жарты шеңбер жасап айнала
тұрды. Күллі жауынгер қолына алау үстап, жоғары көтерді
де, бақсы даңғырасын қағып, құрбандық алдында дұға оқи
бастады. Самсаған алау толқыған қызыл сәулесін қара тасқа,
шалқасынан  жатқан  тыр  жалаңаш  түкті  адамға,  қатты
дүңгірлеген даңғырасын көкке көтеріп безілдеп тұрған әлеміш
киімді бақсыға, шашына қыран қауырсын қыстырған бақсыға
ұйып телміре қалған жүзі сұсты қарулы адамдарға түсіп тұрды.

241
Төңіректі тұмшалап толқыған тұманның кей тұсы сейіле қап,
қап-қара құз-жар, тас басқан көлдің түбі, үңірейген көмей-
куыс көзге түсіп қалады. Жалғыз онкилондарға ғана емес,
кез келген адамға тап мына жағдайдағы түнгі тәуеп қатты
әсер  етер  еді.  Өз  тағдырының  не  болатынын  түсінген
тұтқынның көзі әлсін-әлі алақтап, тұла бойы түршігіп, діріл
қақты. Рухтарды шақырып, өзіне назарын аударту үшін қаққан
даңғырасын  доғарып,  қолын  сылқ  түсірген  бақсы  әжім
айғыздаған бетін құбылаға беріп, көзін тұман толқындарына
қадап, бар даусымен рухтарға жалбарына бастады.
– Оммолон, Амнунгем, Иргани! – деп ол бірнеше дүркін
шақырды! –Жерасты патшалығының әміршісі, сізге үн қатып
тұрмын. Саған құрбандыққа тірі адам алып келдік, қызыл
қаны бұрқырап тұрған құрмалдық бұл. Осыны қабыл алып,
жерімізді  қайтып  сілкіндірмеші,  жарығын  бітеп,  мына
көліміздің суын қайтып берші! Оммолон, Амнунгем, Иргани!
Тыңдаңыздар, сіздерге үн қатып тұрмыз!
Рухтардың атын әлденеше қайталап айғайлаған бақсының
даусына көлге төніп тұрған жартастар жаңғырығып, өз атын
қайталап жерасты рухтары үн қосып жатқандай болып көрінді.
Ақырғы айғайымен бақсы беліндегі пышағын жұлып ап еңкейе
беріп, вампудың кеудесіне сұғып жіберді, жан даусы шыққан
оның  үнін  жартастар  қағып  алып  қайта  жаңғырықтырды.
Пышағын суырмай бақсы үзіліп бара жатқан тұтқынның бетін
табанымен басып тұрып даңғырасын қайта қақты.
Тұтқын  денесінің  дірілі  басылып,  демі  біткенде бақсы
пышағын суырып алып, оны вампудың жүндес тәніне сүртті
де әмір етті.
– Құрмалдықты апарып, жер асты патшалығына кірер
қақпаның аузына лақтырыңдар!
Алты жауынгер мәйітті абайлай көтеріп, тайғақ тастардан
сатылап түсіп, көмей-қуысқа қарай тартты, басқа жауынгерлер

242
алау ұстап жан-жағына жарық түсіріп отырды. Олар көмей-
қуысқа жете бергенде:
– Су келе жатыр, су көрінді! – деген қуанышты дауыстар
шықты.
Шынында да, жаңа ғана қарауыта үңірейіп жатқан көмей-
қуыс ернеуіне дейін шыпылдап суға толып қалыпты.
– Құрмалдығымызды жер-асты рухтары қабыл алды! –
деп дауыстады бақсы. – Қасиетті көлдің суы қайтып келе
бастады... Құрбандықтың аяғына тасты байлаңдар да, жедел
көмей-қуысқа тастаңдар! – болды оның әмірі.
Мәйітті түсіріп, қолын шешті де, жауынгерлер сол қайыспен
аяғына үлкен тас байлады. Сосын мәйітті көтеріп, қолмен
шайқап-шайқап тұрды да, суы көлге кұйыла бастаған көмей-
қуысқа лақтырып жіберді. Қара толқын алаудың қызғылт
сәулесімен сәл жалт етіп, тағыны тереңіне қылқ еткізді.
– Құрбандық бұғыны алып келіцдер! – деп дауыстады
тағы  да  бақсы.  –  Мейірбан  аспан  иелеріне  құрмалдық
шалайық.
Алау  ұстаған  жауынгерлер  қатарын  ысырып,  бұғыны
мүйізінен жетелеп алған екі онкилон ілгері тырмысты. Бұғының
мүйізі әр түсті таспалармен әшекейленіп, жүніне қызыл қына
бояуы  шашылыпты.  Самсаған  оттан  үріккен  жануар
төрттағандай тартыншақтап мөңіреп келеді. Оны да тақта
тасқа әкеп шығарды да, бақсының иығының астына апарып
жықты.
Даңғыра қайта қағылып, бақсы қайырымды аспан рухтарын
шақырып,  суықты  тоқтатып,  онкилондарға  жылылықты
қайтар,  бұғы  табынын  аман  сақта  деп  жалбарынды.  Тас
кездік қайта жарқ ете қап бұғының көкжелкесіне қадалды
да – қызыл қан ақ жүнге шашырап, ізінше жазықсыз жануар
төрт  аяғын  көси  сап,  сылқ  ете  түсті.  Басын  кесіп  алып
қашанғысындай бақсыға берді де, бұғыны тақта тастың үстіне
тастады.

243
 Жер асты патшалығынан қайтып оралған қасиетті суға
тағзым етіп,  бақсы тақта тастан түскен кезде  көлдің суы
көтеріліп,  түбіндегі  терең  шұңқырды  толтырып  та  қалған
еді. Бұрынғы тәртібін сақтап, зембілге тек бұғының әшекей
басын ғана салып, жасақ қайтар жолға түсті.
ОНКИЛОНДАР АРАСЫНДАҒЫ
АҚЫРҒЫ КҮНДЕР
Жиһангездер ертеңіне екі жағдайды таңырқай есітті: түнде
жер сілкініпті және қасиетті көл қалпына келіпті. Қасиетті
көлдің қалпына келуі, әрине, жер сілкінуден, бірақ оны бұлар
қалай  аңдамаған?  Сұрастыра  келсе,  жердің  сілкінгенін
жертөледе қалған екі шал ғана байқапты. Амнундактар кеткен
соң ұйықтап қалған екен, қаттырақ дүмпуден шошып оянып,
сыртқа ата шығыпты олар, басқа қыбыр еткен пенде жоқ,
аяқ асты сәл дірілдеп тына қалады да, суықтан қалтырай
бастаған соң үйге енеді.
– Қара басып біз неғып ештеңе байқамағанбыз? – деп
таңданды Горюнов. – Әлде шалдардың түсіне сондай бірдеңе
кіріп  жүр  ме  екен?  Не  біз,  не  біздің  сан-сапалақ
қонағымыздың ештеңе сезбеуі қалай?
– Тоқтай тұрыңдаршы! – деп дауыстап жіберді Ордин.
–  Жерің  осы,  жертөлеміз  билеген  әйелдердің  аяғымен
дүсірлеп жатқанда сілкініп жүрмесін?!
– Иә, әрине, солай! Ол кезде онша қатты болмаса, дүмпуді
байқамауға әбден болатын.
–  Дүмпу  әйтеуір қасиетті көлдің  байланысын  қалпына
келтірген екен... – деп күмілжіді Ордин.
– Немен байланысын?
– Теңізбен байланысын қалпына келтірді деп айтайын
деп тұрып – іркіліп қалдым, себебі бұрын көл теңізге құятын,
сол  құяр  жолы  бітеліп  қалғандықтан  сарқылған  жоқ  ол,

244
жан-жағынан  ағып  келетін  жылға-бұлақтар  тоқтағасын
суалған-ды.
– Біле білсеңіздер, мұны зерттеу керек. Судың неліктен
қайтып  келгенін  білу  маңызды  мәселе.  Онкилондардың
айтуына қарағанда ол көмей-қуыстың өзінен бұрқырап шығып
жатқан көрінеді.
–  Егер  біз  солай  қарай  барып,  жазатайым  су  қайта
тартылса,  жаңа  апатқа  кінәлі  осылар  деп  жазғырады  ғой
олар, сонан кейін тіпті де ақтала алмайсың. Жоқ, одан да
кідіре тұрып Амнундакпен бірге барайық, – деп Костяков
сақтық айтты.
Жиһангездер  түнде  болған  және  бір  жағдайды  білді.
Тұтқындағы вампу қарауылда тұрған жауынгер от басында
қалғып кеткенде байлаған арқанды шешіп, тайып отырыпты.
Осы хабардың бәрін ертеңгі бұғы сауудан бірінші оралған
Аннуир жеткізді.
–  Көлдің  қалпына  келіп,  тіпті  судың  көтерілгенін
онкилондар қайда жүріп көрген осы? – деп қайран болды
Ордин.
– Түнде қасиетті көлдің басында құлшылық қылыпты.
Амнундак,  бақсы,  жауынгерлер  бәрі  соған  барған.
Құрмалдыққа ақ бұғы шалған, қазір су бұрқылдап шығып
жатыр дейді, – деп Аннуир жүзі жайнап қуана айтты, өзінің
де құрмалдық пен құлшылықтың құдіретіне сенген сыңайы
бар.
– Құрмалдық шалынды де... – деп даусын соза түсті де
Горюнов үнсіз қалды.
Қатын-қалаш,  бала-шағаны  қатыстырмай  түнде  құпия
құлшылық  қылып,  құрмалдық  шалу  мен  тұтқынның  аяқ
астынан жойылып кетуін салыстыра келіп, көңілі секем алып,
қобалжиын деді.
Кейін келіншектер мен Гороховтың шығып кеткен кезін
пайдаланып, екі жолдасына өз күмәнін айтты.

245
– Менің күмәнімнің дұрыс-бұрысын қайткенмен де білу
керек, – деп түйді ол сөзін. – Егер олар вампудан бастап
адамды құрбан шалуға шықса, мына апат тоқтай қоймаған
жағдайда біртіндеп бізге де ауыз салады.
Бұл оқиға жайында ешбір дерек білу мүмкін болмайды.
Түн ортасында рухтар бақсыға әмір беріп, қасиетті көлдің
басында әдеттегідей ақ бұғы сойып, құрмалдық шал депті,
сол – сол-ақ екен, көмейқуыстан су көтеріліп, көз алдымызда
терең табанды толтырып тастады деп ықыластана айтқанымен,
жауынгерлер түнде жер сілкінгенін бекерге шығарды, бәлкім,
олар көлге қарай жүріп бара жатып я құлшылық етіп тұрып
сезбей де қалған болар.
Арада  біраз  ғана  күн  өтті,  тамыздың  әлі  ортасы ғана,
бірақ кәдімгі қарасуық күз сияқты: түн құрғатпай аяз болады,
тұман  торлайды,  бозқырау  түседі.  Ағаш  жапырақтары
сарғаймай-ақ түсіп, қырдың шөбі солып, жатып салды. Жыл
құстары ерте ұшып, көл иесіз қалды, түнде қатқаннан ол
екіндіге қарай сәл ғана ериді. Күннің көзін қалың бұлт жиі-
жиі  тұмшалап,  өлеусіреп  әрең  жылынады.  Әйелдер
қапшығынан қысқы киімдерін алып, жамап-жасқай бастады.
Кездескен  кездегі  онкилондардың  салқын  көзқарасын
жиһангездер жиі байқап, Аннуирдан өзге келіншектер күнінің
көбін  Амнундактың  жертөлесінде  өткізетін  болып  жүр.
Ординнің  ақылымен  өзінің  жателдіктерге  берілгендігін
айырықша білдіріп  алмас үшін  Аннуир да солармен бірге
кететін болды, сондығынан да онкилондардың ойын біліп
отыру онша қиын емес.
15 тамызда ертемен терістік желі соғып, нольден төмен
температурада  кәдімгі  бұрқаған  боран  ұйытқыды.  Түске
тармаса бұрқасын басылып, жертөледен шыққан жиһангездер
Санников жерін қысқы сәнімен көрді: алаңқайлар белуардан
қарға оранған, сидиған қайың-терек пен жасыл қарағай қарға
малынып  мүлгіп  тұр.  Көсемнің  жертөлесінен  шығып

246
онкилондар да жан-жағына аңыра қарап тұр екен, әйелдер
соларға қарай тұра жүгірді.
Жиһангездерге жер сілкініп, үйі құлағандағы қақтығыстан
кейін бас сұқпай қойған Амнундак келді екі іңірдің арасында.
Ол от басына келіп, қолын жылыта жалыннан көз алмай
отырып сөз бастады:
– Біздің күніміз енді не болады, ақ адамдар? Қыс табаны
күректей бір ай бұрын  түсті. Жапырақтар сарғаймай үсіп,
көктей солды. Құс кетті, күн жылытпайды. Қар мына бетімен
төпеп  жауа  берсе,  бұғылар  қырылып  қалады.  Өгіздер,
жылқылар, мүйізтұмсықтар да қырылады. Сонда онкилондар
немен күнелтпек?
Жиһангездер бұл  назаны үнсіз отырып  тыңдады, олар
ерте мезгілсіз түскен суықтың себебін біледі, ойпатқа жылу
беріп  тұрған  жерасты  жолы  қалпына  келмей,  жағдайдың
жақсаруына үміт жоғын және біледі. Ал оның қашан қалпына
келетіні кімге мәлім?! Амнундакты жұбатқанда бұлар немен
үміттендірмекші?
Сұрағына жауап ала алмаған көсем орнынан атып тұрып,
сес көрсете қолын көтеріп, тағы да сөйлеп кетті.
– Осының бәрін істеген сендер! Бізге қар мен ызғырық
елінен келіп едіңдер, қар мен ызғырықты қоса әкелдіңдер,
сендерге сол оңды, себебі ақ жерде өмір сүруді сүйесіңдер,
ақ адамдар! Суықпен, қармен күллі онкилондарды қырып,
жерімізді басып қалғыларың келеді. Бабаларымызды осылай
қарай чукчалар тықсырып тастап еді, ал сендер, құдіретті ақ
сиқыршылар, тұқымымызды түгел құртпақсыңдар!
Ол  жалт  бұрылды  да,  жертөледен  шыға  жөнелді.
Жиһангездер абыржып біріне-бірі қарады, көсем ұзап кетті-
ау дегенде Горюнов:
– Меніңше, енді кідіретін түк  қалған жоқ, – деді, –
ертең ерте жолға шығу керек: теріскей желі соғып тұр, көлдер
қатқан, тұман болмайды, қар қалың емес.

247
– Түнде тағы жауса, шаңғысыз жүруіміз қиын ғой, – деп
қауіп ойлады Костяков.
– Мұнда қысқы киіміміз де жоқ, бәрі қоймада қалды, –
деп қипақтады Ордин.
–  Сендер  қалай  түсінсеңдер,  солай  түсініңдер,  мен
онкилондарда қаламын, – деп кесіп айтты Горохов. – Мына
суық ұзамай қайтады, біз бұрынғыша өмір сүреміз, ал сендер
Қазандыққа жете алмай, мұзда құрисыңдар.
Қанша түсіндіргенмен ол айтқанынан қайтпай, қасарысып
отырып алды, сондағы себебі: Казачьедегіден мұнда жақсы
– тамақ тоқ, тұрмыс тыныш, әйел сұлу, үй жақсы – тағдырға
тағар кінә жоқ.
– Ал, Никита, сізді вампу сияқты бауыздап, суықтың
бетін қайтар деп құдайларына құрмалдыққа шалса қайтпексің?
– деп ежіктеді Горюнов.
–  Ол бос  сөз!  Вампу  қашып кеткен. Онкилондар  кісі
бауыздамайды. Бауыздайтын болса, баяғыда-ақ бәріміздің
жоқтауымызды бір-ақ асыратын еді, әлгі Амнундак құсап
келіп  сөйлесіп  отырмас  еді.  Кетуімізді  өтінер,  бірақ
бауыздамайды.
Тіл-ауыз  жоқ,  тылсым  тыныштық  орнады.  Сәл  үнсіз
отырды да, орнынан тұрып Горохов шығып кетті, бір минуттан
соң жүгіріп Аннуир кірді.
– Жаңа Амнундак сендерден үйіне келісімен бізге: «Бұдан
былай ақ адамдарға әйел бермейміз, – деді. – Олар суық
пен  қарды  тоқтатқанша,  сендер  бізде  боласыңдар,  онда
барсаңдар – бізден жақсылық күтпеңдер. Ал күллі әйелдер
мен еркектер айғайлап: «Баяғыда-ақ осылай істеу керек еді:
әйелсіз, сүтсіз, нансыз тұрып көрсін енді!» деді. Мен көрпемді
алып келейін деп қана сұранып шықтым. «Бар, бар да барған
ізіңмен кері қайт!» деп қалды олар.
Аннуир  өзінің  тері  көрпесін  алып,  Ординнің  құлағына
сыбырлады:

248
– Түнде олар қалың ұйқыға кірген кезде саған қайтып
кеп, естіген-білгенімді айтамын, сірә, ойлары оңды емес.
Жнһангездерді күйзеліс халде қалдырып ол тұра жүгірді.
– Иә, ертең елең-алаңнан кету керек, – деді Костяков. –
Шамасы, бұл ерте түскен қысты өзгерер деп қысталауының
алғашқы адымы болса керек.
– Кетуді кейінге қалдырар болсақ, жертөлемізге күзет
қояды да сытылып шығуымыз қиындайды, – деп қостады
Горюнов.
– Әзір Горохов жоқта керек-жарақты қамдап алайық, –
деп ұсыныс айтты Ордин. – Қызық өзі, ұшты-күйлі қайда
кетті, әлде Амнундакқа барып біздің ойымызды айтпақ па
екен?
Горохов пен әйелдер кеш бойы оралған жоқ. Кешкі асты
жиһангездердің өздері әзірлеп, шай қойып ішті, буыншақ-
түйіншегін  жинастырып  болып  жағдайды  талқылап  ұзақ
отырды,  ақыры  жатып  ұйықтады.  Шамасы,  Горохов
Амнундактың  үйінде  қонып  қалса  керек.  Түн  ортасында
Ординді Аннуир кеп оятты.
– Сендердің жедел кетулерің керек, – деді ол сыбырлап.
– Жерасты рухына құрбан қып вампуды шалып едік, разы
болып қасиетті көлдің суын қайтарды, аспан әміршілеріне
тек бұғыны ғана садақа етіп ек, ашуланып қыс түсірді –
оларға жақсырақ құрмалдық керек дейді жауынгерлер. Ашып
айтпағандарымен құрмалдығы сендер ғой деп ойлаймын.
– Ал оны Никита естіді ме?
– Жоқ, бұл одан бұрынғы әңгіме. Оның көзінше ештеңе
айтқан жок. Келе-ақ ол онкилон болғысы келетінін, сендерден
кетіп,  бізбен  бірге  тұрмақ  екенін,  оларға  ешбір  залалы
болмайтынын айтып қақсады. Кеш бойы сіздің өмір сүрудің
қиындығын  айтып  тауыса  алар  емес.  Сендердің  неге
келгендеріңе онкилондар енді түсінді: өз тайпаларың үшін
жақсы жер іздеп жүр екенсіңдер ғой. Ал Амнундак айтсын
сонда: «Демек, олар тыңшы десейші! Жоқ, біз оларды бұл

249
арадан  жібермейміз,  әйтпесе  үлкен  жауынгер  жасақпен
оралып,  нажағай-жасындарымен  соғыс  салады  –  онда
онкилондардың тұқымы тұздай құриды» деп.
– Никита біз ертең кеткелі отырғанымызды айтқан жоқ
па?
– Жоқ, айтқан жоқ. Ол тек өзі туралы ғана қақсады.
Амнундак та оны мақтап түнге әйелін қайтарып берді. Сосын
ертең  бақсыны  шақыр  деп  әмір  етті  –  кешке  сендерге
байланысты, мүмкін, қарға да байланысты тәуеп болады.
– Ал Аннуир, ертең таң қылаң бере біз кетеміз. Қалай,
сен менімен бірге жүресің бе?
– Өз жеріңде мен сенің тек жалғыз және бірінші әйелің
болсам,  қайда  апарсаң  да  барамын,  –  деп  жауап  берді
Аннуир.
– Иә, сен менің бірінші және бір ғана жалғыз жарым
боласың.
Олар әлі де ұзақ әңгімелесті, содан соң сағатқа қарап таң
жақын  екенін  білді  де,  жолдастарын  оятты,  жеңіл-желпі
ауқат жасап, елең-алаң бола бергенде тап-тұйнақтай жертөлесін
мәңгі  тастап  жолға  шықты.  Гороховқа  хат  қалдырып,
Амнундакқа қысқы киімдерін әкелуге кетті, бір күннен соң
оралады деп айт деген өтініш білдірді. Соңынан келгісі келсе
әлі де кеш емес: ойпаттың шетінде екі тәулік күтеміз деді.
Оған Санников жерінде алапат қаһарлы қыс түсетінін, ол
Казачьеден  қытымыр  болмаса,  жұмсақ  болмайтынын
ескертті. Және кейін онкилондармен келіп Никифоров қысқа
әзірлеген етті алып кет, бәрібір біз барлығын әкете алмаймыз
деп жазды.
Жертөледе түндіктен шыққан түтін онкилондарға кісі жоқ
деген сезік туғызбасын деп, отты жағып кетті, төсектерін
біреу  ұйықтап  жатқандай  көрінсін деп  жауып  қойды:  тек
Аннуир ғана өз төсек-орнын, бар киім-кешегін буып-түйіп
ала кетті.

250
Іздерін жедел жасыратындай болып, төпелеп қар жауып
тұр. Қуғын шығарамыз десе де, оны Горохов кешке шейін
кідірте  тұруы  тиіс.  Оған  жертөлеге  қамап  Пеструханы
қалдырып кетті.
Таң ағарғанда олар тұрақтан бірнеше шақырым жердегі
алаңқайға жетті, оны өздері әрең таныды. Төрт айдың ішінде
бәрі қалай  өзгеріп кеткен! Алғашқы  уыз әсер  қандай еді,
шіркін! Тылсым-құпияға толы тыңнан ашылған жер, көктемгі
жас табиғат, жаңа көк. Енді ше – сидиған жалаңаш орман,
қар  басқан  көңілсіз  алаңқай,  надан  халықтан  қашу,  алда
құрлықтын, қиын-қыстау, көңіл құлазытар ұзақ сонар жолы,
күні  осы  уақытқа  дейін  қиындықты  бірдей  көріп,  жеме-
жемге келгенде жалт берген опасыз жолдас (қазір жоқтығы
былай тұрсын, ертеңгі тағдыры не болмақ жазғанның), ақыр
аяғында  бауыр  басып  үйренген  балғын  келіншектерден
айырылу – бәрі-бәрі оларға қатты батты. Өзгелерден тек
Ордин  ғана  көңілді,  себебі  қасында  бір  осы  үшін  туған-
туыстарын, үйреншікті тұрмыс-салтын тастап, атамекенімен
хош айтысып, алдағы жат та үрейлі жаңа әлемге қасқайып
қарсы бара жатқан Аннуир қарды қарш-қарш басып қатар
адымдап келеді.
Кешқұрым  өз  базасына  жетіп, көптен хабар  ала алмай
алаңдап отырған Никифоровты олар қатты қуантты. Оның
төрт құбыласы түгел екен, қысқа жетерлік ет пен отынды
үйіп алыпты, иттері де аман әрі тоқ, тек аңға шыққанда аю
сығып тастап біреуі ғана шығын болыпты. Осынау жерұйық
жерден жедел кету керек деген шешімге казак таң қалды.
– Күллі  еңбегім еш болды-ау!  – деді ол  өкпесін ірке
алмай. – Атып әкеліп, сойып, сүйреп, сүрлеп, кептіріп –
несін әуре болдым екен. Осынша жан иесін не үшін қырдым!
Мынандай тау-төбе отынды қайтпеске үйдім? Бәрі де қарғыс
атқыр әлгі аюларға қалады-ау!

251
– Қапаланба, Капитон, аюлар емес, адамдар жейді бұл
етті. Оикилондарды ертіп Горохов келеді де, бәрін тұрағына
жеткізіп алады.
– Қалайша, сонда Никита бізбен бірге кетпей ме үйіне? –
деп таңданған казак айғайлап жіберді.
– Кетпейді, осында қалуға бел буды. Сүйген әйелі бар
және Казачьеден осында жақсы дейді.
– Солай шешкені шын ба? Аһ, антұрған! Оның Казачьеде
әйелі бар еді ғой, рас мінезі шадыр, шау тартқан кәрі қатын
болатын.
– Ал мұндағысы жас та жақсы. Бұл арада ол байбатша
құсап тұрады.
– Ал мына еріп келген кім? Шығарып салғалы жүр ме?
– деп сұрады Аннуирді нұсқаған казак.
– Жоқ, бұл менің әйелім, бізбен бірге құрлыққа барады,
– деп жауап берді Ордин.
– Міне, гәп қайда! – деді даусын созып, орысша еркін
білмегендіктен түсініп тұрса да шапшаң сөйлегендерін түгел
ұқпай, ұяла ыңғайсызданған келіншекке қараған казак.
– Яғни Никитаның орнына осы арадағы тайпаның қатыны
барады  екен  ғой!  Енді  иттерді  қалай  жегеміз.  –  Бұл
Никитаның орнын баса алмас, нарта айдау түгіл иттің өзін
де көрген жоқ шығар! Е, ендігі уайым осы!
Жиһангездер  айнала  отырған  оттың  басында  осы
тақырыпта Никифоров ұзақ сонар пәлсапа соқты. Ас қамдаған
кездегі Аннуирдің ептілігі оның көңілін біраз орнықтырып,
тіпті ол кештің соңында мақтау да айтты:
– Келіншегіңіз қолды-аяққа тұрмайтын пысық, тамаша
еңбеккер жан екен, Семен Петрович! Туған-туысқандарын
тастап, етегіңізден ұстап теңіздің арғы жағындағы жат өлкеге
бара  жатқаны  сізді  қатты  сүйгені  ғой...  Зады,  сіздердікі
ергісі келмегені де? – деп ол қалған екеуіне қарады.
– Иә, ергісі келмеді... – деп жауап берген Горюнов осынау
қызықты жерден тез аттануға мәжбүр еткен жағдайларды

252
баяндай келіп: – Бәрі де ойлағандай болса, көктемде қайтып
келеміз, – деп аяқтады сөзін.
Ас үстінде Никифоров ойпаттан әзір кетуге болмайтынын
айтты, себебі жаз қар  еріп, күртік  көп аласарған,  онымен
қазір жоғары текшеге дейін ғана жетуге болады, одан әрі
тырбыңдап он бес метр шыңға шығуға тура келеді. Нарталар
мен жүкті көтеріп шығару үшін жол аршып, баспалдақ жасау
керек. Күртікті де әзірлеу қажет: беті еріп, әбден мұздақтанып
қалған, балтамен ойып саты жасамай болмайды.
– Бір күнде бірақ оның бәрін жасай алмаймыз, – деп
және ескертті.
– Біздің қарауымызда әлі екі күн бар, – деді Горюнов.
– Никитаны екі тәулік күтеміз деп уәде бергенбіз. Кім біледі,
бәлкім, айныса қайтып келер.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет