О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет20/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

СОҢҒЫ СӨЗ
Горюнов  пен  серіктерінің  Санников  жерінде  бастан
кешіргендерімен  таныса  келіп,  жас  оқырманның  авторға
мынадай сұрақтар қоюы заңды: Солтүстік поляр теңізінде
жасырынып жатқан осынау жер жалпы бар ма еді? Себебі
бұл кітап – ғылыми фантастикалық роман ғой?..
Оқырманның бұл сұрағына автор: осынау беймәлім жерге
саяхат шынында да ойдан шығарылған деп жауап береді.
Ал  осы  кезде  Санников  жері  бар  ма  деген  мәселені
Арктикада жүргізілген жаңа советтік зерттеулер шешіп берді.
Санников пен Толльдің бақылауларына қарағанда, бұл жер
жүз жыл шамасы бұрын болған да, бертін келе жойылып
кеткен. Біздің поляр зерттеушілер барлаған Мұзды мұхиттың
шығыс бөлегі төңірегінде жүзіп жүретін аралдар бар. Совет
ғалымдарының соны зерттеулері адмирал С.О.Макаровтың
1899 жылдың өзінде-ақ жасаған Мұзды мұхитта жүйткіп
көшіп жүретін мұз аралдары бар деген тұжырымын дәлелдеді.
Үлкен  Шпицберген  аралынан  терістікке  қарай  жүзіп  бара
жатқан  Макаров  теңіз  мұздарының  арасынан  белгісіз  бір
арал көрген. Аралдан адмиралдың серіктері үйінділер мен
ұсақ тастар тапқан, аралдың мұзы теңіздікі емес, тұщы судікі
болып  шыққан.  Тегі,  бұл  Шпицбергеннен  бөлініп  кеткен
мұзарттың  пұшпағы  тәрізді  алып  айсберг  деген  тоқтамға
келген-ді Макаров.
Мұзды мұхитта теңізге сырғып жататын мұзарттары бар
тау-тасты үлкен аралдардың әжептәуір мол екені бұрыннан
белгілі. Айсбергке айналғандары теңіз суына түсіп, жаз мұз
ойылған тұста ағыспен бір орыннан бір орынға көшіп жүреді.
Мәселен, 1939 жылы Генриетта аралынан теріскей екі ірі
айсберг көрінді, ал 1946, 1948 жәке 1950 жылдары жоғары
ендіктерден  совет  ұшқыштары  жылжып  жүрген  үш  аса
ауқымды мұз аралдарын ашты, олар қар мен мұздың еруінен

319
пайда болған өзендер мен көлдерді және таулар мен төбелерді,
мұзарт  моренасы  –  алып  қойтастарды  көрді.  Совет
ғалымдары айсбергтердің Франц – Иосиф жері, Солтүстік
Жер және Канада архипелагы мұзарттарынан бөлініп, қашан
еріп біткенше бірнеше жыл көшіп жүретінін анықтады.
Санников жерін де Солтүстік жер мұзарттарынан бөлінген
сондай бір мұз арал – айсберг деп ойлауға болады. Тегі, ол
Новосибирь  архипелагынан  терістікке  қарай  теңіздің  таяз
тұсында қайраңға шөгіп, жетпіс жылдан астам тұрса керек,
себебі  оны  Қазандық  аралының  терістік  батысынан  Яков
Санников 1811 жылы байқайды да, ал 1886 жылы Эдуард
Толль тұп-тура сол тұстан ашық күні үшкір басы діңгектей
шаншылған төрт шың мен оған шығыстан жапсарласқан тау
сілемін көреді. Бәлкім, екі байқаушының көзіне түскен бір
арал емес, әр жылы түрліше кеп сол жердің қайраңына шөккен
басқа аралдар шығар.
Әрине,  ондай  көшпелі  мұз  аралдар  Шығыс  Сібір
жағалауларынан  чукчалардан  қашып  шығып  кеткен
онкилондарға пана бола алмайды.
Көшпелі аралдарда ешқандай өсімдік болуы мүмкін емес.
Ондай аралдар ұя басар құстарды қызықтырмаса да керек.
Жазда түстіктен терістік жаққа ұшып келген құстар балапанын
басып шығаратын сенімді жер іздейтіні хақ, ал ондай орын
Мұзды мұхит аралдарының архипелагында жеткілікті деп
айтуға болады.
Жас оқырманға Мұзды мұхит аймағында осы бертінде
болған мына оқиғаны да білу қызық: Еуропа, Азия және
Америка жағалауларын көмкеріп жатқан Солтүстік Мұзды
мұхит ұлылы-кішілі аралдарға жалпы бай. Сол аралдарда
жас жанартау жыныстары жиі кездеседі. Ал Исландия аралы
сияқты кейбірінде жанартау күні бүгінге дейін атқылап жатады.
Мұның өзі – менің Санников жерін жойып жіберген жойқын
жанартау жайындағы топшылауым Жердің осынау өңіріне

320
сыйымсыз  бірдеңе  емес  екенінің  дәлелі.  Геологиялык
зерттеулер  Мұзды  мұхиттың  Таймыр  түбегінен  бастап
Врангель аралына дейінгі шығыс бөлігі мен солтүстік ендіктің
80 градус терістігі түгел жер дамуының төртінші дәуірінің
басында Сібірдің солтүстік жиегі болған құрлық екенін ашып
та берген. Бұл осы аралдар жынысынан табылған мамонт,
мүйізтұмсық,  өгіз,  жылқы  сияқты  ірі  сүтқоректілер
қалдығымен де дәлелденіп отыр. Бұл аралдар жер дамуының
төртінші дәуірінің басында Сібірмен біртұтас болмаса, әлгі
қалдықтар  бұдан  кездеспес  те  еді.  Зерттеулер  сондай-ақ
кейбір аралдарда бір кезде құрлықтың жоғарғы жағын жауып
жатқан мұзарттардың қалдығы – мұз қабаттары қалғанын
да көрсетіп берді.
Новосибирь архипелагының бір бөлегі болып саналатын
Үлкен  Ляховский  аралының  қазбалы  қалың  тоңында
мамонттардың көптеген тісі табылды, теңіз толқыны шайып
мұздан  шығарып  тастаған  сол  тістерді  жинау  үшін  ерте
көктемде құрлықтан әдейі іздеп кәсіпкерлер келетін-ді. Баяғы
кезде Якутскідегі жәрмеңкеге жылына бір-екі мың пұт мамонт
тісі түсетін. Бұл жер дамуының төртінші дәуірінде бұрынғы
болған  құрлықта  жүздеген  ірі  жануарлар  өмір  сүргенін
дәлелдейді. Бұрынғы құрғақ жердің биігірек белесі болған
кішігірім  аралдарда  осыншама  мамонттардың  болуын
олардың бұрынғы құрлық Мұзды мұхит деңгейімен теңеліп,
су басқанда бас сауғалап паналағандығынан деп білген абзал.
Сөйтіп,  Сібірдің  терістік  құрлығының  осынау  бұрынғы
бөлегінде жанартаулардың атқылағанына, мамонттар табын-
табын өргеніне, мұзарттар болғанына біздің дәлеліміз бар,
енді сол құрғақ жердің теңіз астына түскен мезгілін де анықтай
аламыз. Ол теңіз астына соңғы мұз басу дәуірінің кезінде
немесе оның аяғында кеткен. Мамонттардың алғашқы қауым
адамдары  салған  бейнесінің  табылуы,  ол  кезде  сол
адамдардың өмір сүргеніне дәлел.

321
Демек, менің романымдағы Мұзды мұхиттың ортасында
бір кезде үлкен жанартаудың кратері болып шыңға ұқсап
тұрған оқшау байтақ арал – жылылығының арқасында мұз
басу дәуірінен бермен қарай мамонттар мен алғашқы қауым
адамдарын сақтап келген жер деген жорамал шындықтан
ешбір  шалғай  емес.  Поляр мұздарының  ортасындағы  сол
жерұйық  аралдан  Америка  индеецтеріне  тұқымы  жақын
Аляскадан  чукоттардың  тықсыруымен  Мұзды  мұхит
аралдарына шығып кеткен онкилондардың пана табуы әбден
мүмкін.
Сібірдің терістігінде бұдан үш жүз немесе төрт жүз жыл
бұрын өмір сүрген осы бір жұрттың тарихын анықтау үшін
онкилондардың жойылып кетуі мәселесімен СССР Ғылым
академиясының Тарих институты не Материалдық мәдениет
тарихы институты шұғылданғаны жөн болар еді. Новосибирь
архипелагы аралдарынан олардың өзіндік тұрпатта салынған
баспана тұрағының қалдықтары табылды. Бұл – осы тайпа
өкілдерінің біраз уақыт сол аралдарда тұрғанының белгісі,
ал  одан  басқа  ешбір  мағлұмат  әзір  жоқ.  XIX  ғасырдың
поляр зерттеушілері оларды бұл аралдардан таба алмаған.
Онкилондардың бәрі әлдебір індеттен қырылып қалды ма,
әлде бір аралдан екіншісіне қайықпен жүзіп өтеміз деп жүріп
немесе әбден қатып болмаған мұз үстімен жүріп, опат болды
ма – ол жағы белгісіз.
Сол  секілді  хабары  кейде  баспасөз  бетінен  ұшырасып
қалатын жыл құстарының көктемде терістікке ұшып, күзде
құрлыққа  қайтатыны  да  басы  ашылып,  айқындалмаған
мәселе. Бұл мәселені шешу үшін былай жасау керек:
1. Батыста Оленек пен Лена өзендерінің сағасынан бастап,
шығыста Колыма өзенінің сағасына дейінгі Сібірдің терістік
жағалауының күллі тұрғындарынан, сондай-ақ Жаңа Сібір
мен Врангель аралдарында қыстаушылардан жыл құстары
көктемде терістікке, күзде кері әлі де ұша ма, ұшса шамасы

322
қанша, құрамы қандай, ұшып бара жатқан құс керуенінен
қандай тұқымы байқалады, олардың басым бөлігі қайсысы
деп бәрін-бәрін мұқият сұрау керек.
2.  Егер  құстар  күні  бүгінге  дейін  ұшатын  болса,  онда
Солтүстік теңіз жолымен жүзу мәселесіне байланысты мұхит
мұздарының мөлшері мен қозғалысын зерттеу үшін жылда
жіберілетін барлау самолеттері мұздар арасындағы беймәлім
жерлердің бар-жоғын назарда ұстап, кездессе-ақ олардың
көлемін,  бедерін,  бүкіл  ерекшелігін  анықтауы  керек.  1938
жылы Генриетта аралында қыстаушылар байқаған құстардың
терістікке  ұшуы  сол  жылы  терістіктегі,  мұздар  арасында
олардың жаз жайлап, ұя басуына қолайлы бір жердің болғанын
дәлелдейді.  Ал  бұл  аралдың  шығыста  тұруы  ол  құстар
батысқа таман болуы тиіс Санников жеріне (егер арал 1938
жылы болған болса) бет алды деп топшылауға ыңғай береді.
Демек, мұздардың ортасында 1938 жылдың өзінде Де Лонга
архипелагынан  теріскей  құстардың  жаз  жайлап  шығуына
жарайтын  бір  жер  болған.  Мүмкін,  жас  оқырмандардың
әлдебірі поляр ұшқышы болып шығып, өз алдына осынау
жұмбақ жердің құпиясын ақтаруды міндет етіп қояр, тіпті
тұман пердесі астынан оны ашып, оған қонар да, зерттеп,
бізді бұл жердің қазіргі жай-күйімен таныстырар.
Қорытындылай келіп, Мұзды мұхитта Таймыр түбегінен
терістікке қарай Солтүстік Жер архипелагы бар екенін еске
сала  кеткен  де  артық  болмас.  Оны  ең  алғаш  1930-1932
жылдары төрт адамнан тұратын экспедиция зерттеді. Соның
құрамында  болған геолог  Урванцев  экспедиция мен  оның
жерді ашуын әсем суреттеген жақсы кітап жазды. Алайда
бұл экспедицияның да архипелагты зерттеуі көп мәселенің
басын ашық қалдырды. Архипелагты толығырақ зерттеу үшін
таяу жылдары сондай экспедицияны қайталаған абзал.
В.ОБРУЧЕВ

323
ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ,
ЖИҺАНГЕЗ ЖАЗУШЫ
Жасы  тоқсанға  тақап  қалғанына  қарамай  әлі  де  қунақ
қария  жүгіріп  кеп  амандасып,  қол  алысқасын-ақ  қонағын
бөлмесіне бастай жөнелді. Аядай бөлменің бар байлығы кітап
қана көрінеді: пештің иығына дейін иін тіресіп тұр. Жиһаз
дегеннен бір кісілік кереует пен шағын шәкірт столы ғана
көзге  түседі.  Аты  әлемге  әйгілі  академиктің  жұпыны
тұрмысына  таңырқаған  әскери  адам  ұсынған  орындыққа
жайғасып жатып, алдында асықтай үйірілген келісті қалың
сақалының ұшы бұйралана біткен аққудай аппақ шалға, үсті
үйме-жүйме кітап пен жартылай жазылған қағаздан көрінбей
кеткен үстелге алма-кезек қарады. Оның ойын сезе қалған
сүңғыла қарт: «Ә, бұл үстелдің сатып алынған ағашы қымбат
емес, үстінде жазылған қағазы қымбат!» деп жымиып қойып,
қағаздарын  сәл  жинастырды  да,  көзілдірігін  алып,  көзін
сүзе  қонағының  Арктика  аязы  тотықтырған  ер  кескініне
қарады.
– Тоқта, тоқта, ұмытпасам, сіз осы Отан соғысы алдында
маған бір келдіңіз-ау деймін. Мұзды мұхитта көшкін мұздың
бағытын барлайтын ұшқыш емес пе едіңіз? – деді ол салған
жерден. – Иә, иә, мәңгі мұздардың арасынан Андреев және
Санников жерлерін іздеп, біраз жерді шарлапсыздар. Қанша
жыл өтсе де ұмытпай жүргеніңіз ғажап! Онда уыз жас едіңіз,
енді жігіт ағасы, арыстай азамат болыпсыз.
– Владимир Афанасьевич, таяуда мен тағы бір қызық
сапардан оралдым. Ол енді ерекше бір сәтті сапар болды,
соның жайын айтқалы келіп ем  сізге, – деді ұшқыш сәл
үнсіздіктен соң.
–  Ә,  ақыры  жұмбақ  арал  –  Санников  жерін  тапқан
екенсіздер ғой, – деп ғалым қуанып кетті. – Қай тұста екен
өзі? Романда мен суреттеген сияқты, сөніп жатқан жанартау
шығар, шамасы.

324
– Өкінішке орай, Санников жерін әзір таба алғанымыз
жоқ, – деп езу тартты ұшқыш. – Ол аралыңыз жалпы жер
бетінде жоқ па деген де күдік келеді ойға. Гидрологтар ол
Арктиканың жылынуына байланысты еріп, теңіз астына түсіп
кеткен деп жүр.
– Иә,  олар, ол жерді  Мұзды мұхиттың  өзіміздің көз
алдымызда еріп, суға айналып жатқан басқа да аралдары
сияқты, қазбалы мұздан тұрады деп топшылауға бейім-ақ.
Ал Санников жеріне орайластыру үшін бұл пікірді дәлелдеу
керек қой, дәлелдеу керек алдымен, – деп шапаты денесі
шиыршық атып, академик орнынан тұрып кетті...
Әдебиетті ермек емес, еңбек деп білетін қаламгердің қай
туындысы болсын жүрегін жарып шығары шексіз. Алайда
ананың өз перзенттерінің арасынан біреуін айрықша жақсы
көретіні  секілді,  шын  қаламгердің  де  сан  шығармасының
ішінен біріне ерекше іш тартатыны болады. Атақты академик,
әйгілі  әдебиетші  Владимир  Афанасьевич  Обручев  үшін
«Жұмбақ жер» романы, яғни «Санников жері» сондай туынды
болған тәрізді. Оның осынау жұмбақ жер жайына айналып
соға  беретіні  сонан  болса  керек.  Әйтпесе,  әдебиетіміздің
ғылыми-фантастика  жанры  қалыптасуына  қыруар  күш
жұмсаған шалқар ойлы шалымды жазушының өзге еңбектері
аз  емес.  «Ғайыпстан»,  «Күйкі  кен»,  «Шөлейттен  алтын
іздегендер», «Орталық Азия атырабында» тәрізді ғылыми-
ғажайып романдарынан басқа оның жастарға арнап жазған
әңгімелері мен повестері қаншама. Жалпы, ол – аса өнікті
еңбек етіп, әдебиетке мол мұра қалдырған қаламгер.
Дегенмен дүйім дүние оны алдымен ғұлама ғалым деп
таниды. Ал оның отандық ғылымның алтын қорына қосқан
қазынасы  шынында  да  ұшы-қиырсыз.  Әлемдік  аты  бар
академик, ірі географ, ұлы геолог, Социалистік Еңбек Ері,
КСРО Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте алған В.А.Обручев
Отандық  ғылымды  өркендетуге  табан  аудармай  жетпіс
жылдан  астам  жемісті  еңбек  сіңірді.  Оның  қарымды
қаламынан жалпы көлемі жиырма төрт мың парақтан астам

325
ғылыми еңбек туды. «Сібірдің геологиялық тарихы», «Дала
геологиясы», «Қазба кен орындары» атты кесек те күрделі
еңбектерін оқу құралы етіп, совет геологтарының сан ұрпағы
өсіп шықты.
Әрине,  ұлы  ғалымдардың  бәрі  үлкен  суреткер  де.  Ал
қиялы  қанатсыз  адам  дұрыс  дерек  жинай  алмайды,
жинағанмен де түзу тұжырым жасап жарытпайды. Демек,
кемел  суреткер  болмай,  керемет  жаңалық ашу  да  мүмкін
емес. Ғылымның өзі сүйген саласында сан алуан жаңалықтар
ашып,  талай  тыңын  көтерген  Обручевтің  бойынан  осы
суреткерлік,  еңбеккерлік,  тапқырлық,  табандылық  сияқты
қасиеттердің төрт көзі түгел табылады. Оның өзі де осындай
мәрттікті мұрат тұтып, ойы ұшқыр, рухы күшті, сегіз қырлы,
бір сырлы адамдарды жырлап өткен. «Жұмбақ жер» романы
оған ең алдымен осындай кейіпкерлерімен қымбат.
Рас,  ел  аузындағы  аңыздан  алынып,  ғылыми  болжам
бойынша кітапқа түскен Санников жерінің авторды ғұмыр
бойы  қызықтырып  өткені  анық.  Соны  іздеп  экспедиция
шығуына  да  себепкер  болды  ол.  Зерттеушілер  Санников
жерінің дәл өзі болмағанымен, сол секілді мұз аралдардың
бар екенін анықтады да. Бірақ авторға керегі бір бұл емес.
Оған  ең  қымбаты  –  қиындықтан  қыңбайтын,  ойлағанын
орындамай  тынбайтын,  қайтпас  қайратты,  аскақ  арманды
қаһармандары екені хақ. Салқын ақыл иесі, сабырлы Горюнов,
ақ көңіл де алғыр Ордин, қырғи тілді қажырлы Костяковтың
тағдыр-талайында, өмірбаянында Обручевпен ортақ жайлар
көп. Ал анау мәдениеті аз болғанымен мінезге бай, сауаты
шала болғанымен мейірі шалқар бұқара өкілдері: қарапайым
кәсіпкерлер Горохов пен Никифоров та автор жанына жақын
адамдар. Абзал ниеті үшін айдалып, басы байлауда жүрсе
де, туған өлке табиғатының тылсымын ашуды арман тұтып
–  тайсалмай  қиын-қыстау  ғылыми  саяхатқа  шыққан
с ту д ен тт ерд і ң  қ им ы л-қа рек еті   ға л ым ды қ   жо лы н
жиһанкездіктен бастаған Обручевтің өз өміріне үңілтеді.

326
Орыс  армиясының  даңқты  дәстүрлерінде  ізі  қалған
офицерлер әулетінен шыққан Владимир Афанасьевич Обручев
озық ойлы, оқыған ортада өсті. Атасы да, әкесі де кезіндегі
көрнекті әскери қайраткерлер. Әкесінің немере ағасы Николай
Обручев бас штабтың офицері екеніне қарамай Герцен мен
Огаревтің жақын жолдасы болып, революциялық қозғалысқа
белсене  қатысқан.  Ал  әкесінің  туған  інісі  Владимир
Александрович  «Современник»  журналының  қызметкері,
Чернышевскийдің досы еді. Обручевтер әулетіндегі тағы бір
айшықты тұлға – болашақ  ғалымның әкесінің қарындасы
Мария Александровна. Ол – София Ковалевская сияқты
алдыңғы қатарлы орыс қыздарымен бірге әйел теңдігі үшін
тұңғыш  күреске  шыққандардың  бірі.  Жоғары  білім алып,
қоғамдық іске араласу үшін ол жалған некеге тұрып, орыс
әйелдері арасынан  алғашқы маман  дәрігер болып  шықты.
Оның алғашқы ері доктор Боков – революциялық күреске
атсалысқан адам, ал екінші ері – ұлы физиолог И.М.Сеченов.
Мария  А лекс а нд ровн ан ы ң  т ұрм ыс   қ ұ ру   та рих ы
Н.Г.Чернышевскийдің белгілі «Не істеу керек?» романына
желі етіп алынған.
Туған шаңырағына тән шыншылдық, еңбекқорлық, Отанға,
озық идеяға адалдық Володяның барлық тәлім-тәрбиесіне
алтын арқау болды. Әкесі, Қырым соғысында аты шыққан
жаяу әскер офицері, Афанасий Александрович классикалық
білімнен  гөрі  нақтылы  ғылымды  артық  көріп,  баласын
реалдық  училищеге  берді.  Ал  анасы,  кезінде  көптеген
әңгімелері  мен  очерктері  орысша,  немісше  жарық  көрген
нәзік  жанды  жазушы  Полина  Карловна  бала  жүрегіне
жастайынан әдебиетке деген сүйіспеншілік ұрығын сеуіп, оның
жер көріп, ел тануға, алыс саяхаттарға деген құмарлығын
оятты. Анасы оқып берген Купер, Майн-Рид, Жюль Верн
романдарын  тыңдай  отырып,  қаршадай  бала  қиялымен
Арктика мұздарынан асып, заңғар тауларды басып, қу медиен
шөлде  қаталап,  жапан  аралда  жалғыз  қап,  піл  аулап,

327
арыстанмен алысып жүргендей болатын. Кітаптағы қаһарман
теңізшілермен  қатар  оған  аңқау,  аңғырт  оқымыстылар  да
қатты  ұнайтын,  солардай  болып  белгісіз  елдерді  ашып,
өсімдіктер жинасам, биік тауларға шығып, сирек тастарды
зерттесем деп армандайтын.
Осы арман он сегіз жаста училище бітірген В.А.Обручевті
1881 жылы Петербургқа алып келді. Инженер болып еңбек
жолын  елдің  қиыр  шетінің  қойнауын  барлаудан  бастамақ
оймен ол Тау-кен институтына түсті. Алайда алғашқы курстағы
математика  мен  механикадан  оқылған  жаңалығы  аз,
бірсарынды  лекциялар  жас  жігітті  жалықтыруға  айналды.
Оның үстіне тап осы тұста оянған тіл өнеріне құштарлық та
оны қатты алаңдатты. Енді оның алдында институтта одан
әрі оқу керек пе, әлде басы бүтін әдеби еңбекке көшу керек
пе деген қалау аударыспақ ойнап тұрды. Сонда оны студент
жастардың сүйіктісі болған қабілетті ұстаз, қабырғалы ғалым
И.В.Мушкетов тығырықтан тартып ап, күдік-күмәнін шешіп
берді.
Ғажап  геологтың  таулардың  түзілуін,  жер  бедерінің
жаңғыруын, топырақ қыртысына жел мен судың әсерін әсем
жайып  салатын  лекциялары  білімқұмар  жастың  қиялын
қанаттандырып, табиғат тылсымына деген құштарлығын ұштай
түсті. Ал оқымыстының оқу бағдарламасына бірінші болып
өзі  енгізген  геологиялық  саяхатындағы  ұстазымен  жақын
танысуы оның өмірін геологиямен мәңгі бақи ұштастырды.
Ұстазының лекцияларын бір сөзін қалдырмай мұқият жазып
алып, әдеби әрлеп отыратын ол оқулықтардан табылмайтын
тың  деректері  мол  бұл  циклді  кітап  етіп  басып  шығарса
деген ұсыныс жасады. Профессор шәкіртіне алғыс айтты,
бірақ бұл қадамнан бас тартты.
– Байқаймын, сіз осы геологиямен шындап шұғылдануға
бет  бұрған  сияқтысыз,  –  деді  шәкіртіне  бірде  Иван
Васильевич. – Менің сізді бірсыпыра ғылыми әдебиеттермен

328
таныстыруға жағдайым бар. Бірақ, өкінішке орай, ең қызықты
кітаптар неміс тілінде ғана.
– Мен неміс тілінде еркін сөйлеймін.
– Ә, солай ма еді! – деді ұстаз разы болып. – Болашақ
геолог үшін бұл дегеніңіз аса маңызды. Онда алып оқи ғой.
Неміс ғалымы Рихтрофеннің  Орталық Азия табиғатын
тамаша бейнелеген кітабын Обручев құмарта оқыды. Кітапты
қайтармай  көп  ұстап,  ақыры,  қимай  әкеп  тұрып,  ол
профессорға шынын айтты
 – Менің болашақта айналысатыным, міне, осы – яғни
Орталық Азияны зерттеу... Қандай тылсым табиғат... Еліктіріп
қойнауына тартып әкетеді екен!..
Оның осы арманының жүзеге асуына да алғаш атсалысып,
қолұшын берген И.В.Мушкетов болды. Бұл Закаспий темір
жолының құрылысы жүріп жатқан кез еді. Қарт Каспийдің
жағасынан  шыққан  шойын  жол  Орта  Азияға  алты  жүз
шақырымдай  ендеп  кіріп,  енді  Қарақұмды  көктей  өтіп
Самарқантқа тартылуы керек-ті. Салынған жолды сипап кетіп,
адым аштырмай қойған ұшы-қиырсыз шөлдің көшпелі құмын
бөгеп, су көздерін табуға геологтардың көмегі қажет болды.
Институтты жаңа бітірген жас инженер Обручевқа ұстазы
осы  үшін  ұйымдастырылған  экспедицияға  қатысып,  шөл-
шөлейтті  зерттеуді  ұсынды.  Владимир  Афанасьевичтің
алдында тұрған міндет – су көздерін тауып, құм бедерін
барлау,  Теджен  мен  Мургаб  өзендері  алқабы  мен
Амударияның ежелгі арнасын зерттеу еді. Осылай ол өзіңің
алғашқы саяхатына шығып, жиһангездік ғалымдық жолын
бастады.
Әуелі ол Қызыл-Арват станциясынан Чарджоуға дейін
Қызылқұмның бір бөлегін, содан Амудариядан Самарқантқа
салынып жатқан жолдың бойын зерттей отырып, бирюза,
мұнай, графит кендерін қарағалы тауларға саяхат жасады.
Құла тұз, қу медиен тақырмен сапар шегу, әрине, оңай да
болған жоқ. Елсіз-күнсіз жонда қатқан нан мен қара шайдан

329
басқа талғажау болмай, тұлдырсыз тұл шөлде аттары арықтап,
түйелері титықтап тарыққан да, торыққан да шағы аз емес.
Бірақ ол қарақан басының қамын көздеп, өз рақатын іздеген
жоқ. Оның есі-дерті Узбой құпиясын ашу болды. Құм басып
қалған осынау көне арна туралы, тіпті ежелгі араб пен грек
географтары жазған-ды. Ал Бірінші Петр сол Узбойға су
жіберіп, Каспийден Азияға жүзіп шығып, Үндістан асуды
армандаған.  Кейін  Амударияны  бұрып,  Узбой  арқылы
ағызудың жобалары да жасалды. Бірақ оған дария суы сыя
ма, оның үстіне Узбой жері өңдеуге келмейтін Қарақұмды
басып өтеді.
Владимир  Афанасьевич  Қарақұм  құмдарын  бұрын
айтылып келгендей теңіз табаны емес, Амударияның қайраңы
деп тапты. Бір кезде дария Копет-Дагтың батыс баурайын
бойлай  ағып  Каспийге  құйған  да,  сонан  соңына  тау-төбе
құмдар тастап, терістік батысқа бұрылып, бірте-бірте бағытын
Арал  теңізіне  ауыстырған  деген  тұжырымға  келді.  Бұл
құмдарды  бөгеп, бекіту үшін, әсіресе  жол жиегіне жақын
ағаш отырғызып,  тікенді  бұталар  егу  керек  деген  ұсыныс
енгізді.
Бұл сапардан алып қайтқан бай материалынан «Закаспий
ойпаты» атты тырнақалды ғылыми еңбегі мен екі-үш маңызды
мақала туды. Жас зерттеуші сол үшін география қоғамының
алтын және күміс медальдарына ие болды.
Ғылымның соқтықпалы соқпақсыз алыс сапарына алғашқы
адымы осылай сәтті басталған жас ғалымды ұстазы тағы да
қиынға салды. Сібірде Иркутскідегі кен басқармасына бірінші
рет геолог штаты беріліпті. Иван Васильевич шәкіртіне осы
мүмкіндікті уыстан шығарып алмауды ескертіп:
– Орта Азияға қарағанда Сібірдің геологиясы әлдеқайда
аз зерттелген – деді, – Осыны бір қаперіңізге алып қойғайсыз.
Алдыңыздан айдын-шалқар кең мүмкіндіктер ашылғалы тұр.
Кәдімгі Сібірдің өзіндей ұлан-ғайыр мүмкіндік.

330
Туған  елінің ең  қиыр шетінің  табиғи жағдайын  зерттеу
құмарлығы  оны  жедел  жолға  шығарды.  Жас  жары  Лиза
мен туғанына жеті ай да толмаған тұңғышы Воляны алып,
Петербургтен Иркутскіге сапар шеккен ол біраз жер пойызбен,
пароходпен  келіп,  қалың  жыныс  орман  арасымен  қопалы
көлдер  жағасымен  мың  жарым  шақырымдай  жолды  ат-
арбамен  жүрді.  Жол  азабын  География  қоғамының  Сібір
істері жөніндегі басшысы Григорий Николаевич Потаниннің
жылы шыраймен қарсы алуы жуып жіберді. Келе-ақ жас
геолог  Сібір  жөніндегі  ғылыми  деректермен  танысып,  ол
туралы әдебиеттерді жүйеледі. Ал кен басқармасында Сібір
геологиясы коллекциясын тәртіпке келтірді. Ұшан-теңіз табиғи
байлығының қаймағы да қозғалмай жатқан осынау өлкені
зерттеушілермен жүздесіп, тұрғын халқының әдет-ғұрпына,
тұрмыс-салтына зер салды. Ондай адамдар әдетте Григорий
Николаевичтің жұпыны пәтеріне жиі жиналатын-ды.
Азияны көп аралаған, бай мағлұмат жинаған білгір ғалымның
қарапайымдығы мен қонақжайлығы Владимир Афанасьевичті
қайран қалдырып, қатты қызықтырушы еді. Оның аядай үйінде
үлкен ұстаз оқымыстыдан бастап, малшы бурят, аңшы якутке
дейін болатын. Атақты ғалым солардың бәрімен ортақ тіл
тауып, терезесі тең адамдарындай ашық-жарқын әңгіме-дүкен
құратын.  Жер  шолып,  ел  тануды  мұрат  тұтқан  болашақ
жиһангез ғалымға оның осы мінезі үлкен мектеп болды.
Жалпы, Г.Н.Потаниннің  өмірі өз еліне,  еңбекші қалың
бұқараға қалтқысыз қызмет етудің өнегесі еді. Ол, әсіресе,
Сібірдің келешегі туралы көп толғанып, оның алдағы күндері
сәулетті, халқы сауатты болуын армандайтын. Оның өзінікі
деген университеті болып, одан тұрғылықты жұрттың жастары
білім алып, жаңа зиялы қауым қалыптасуы, журнал шығарып,
онда  жергілікті  авторлардың  шығармалары  жариялануы,
сөйтіп, Сібір дәулетіне сәулеті сай өлкеге айналуы жолында
күресетін абзал ойлы достардың ұйымы да құрылды.

331
Әрине,  мұндай  ізгі  ниет  патша  үкіметіне  ұнаған  жоқ.
Пікірлес  достар  түгел  тұтқынға  алынып,  үш  жыл  Омбы
абақтысына қамалды. Ақыры, бар ауыртпалықты мойнына
Потанин алып, ол он бес жыл бас еркінен айрылып, қорғанда
отыруға кесілді. Кейін ол мерзім бес, сонан соң үш жылға
шегеріліп, ақыры, атақты оқымысты, географ П.П.Семенов-
Тян-Шанскийдің ара түсуі арқасында әрең ақталып шықты.
Осы бір оқиғадан кейін Григорий Николаевич Монғолияға
саяхатқа аттанып, одан Қытай асып, Тибетті басып, Обручевті
студенттік  шақтан  қатты  қызықтырған  Орталық  Азияны
зерттеп, жинаған материалдарын жүйелеп өңдегелі Иркутскіге
табан тіреген еді. Әңгімелесе қалса, ол жастық шағын жиі
еске алып, болашақ белгілі саяхатшы Шоқан Уәлихановпен
Омбыдағы  кадет корпусында  оқыған жылдарын  жырдай
ғып  айтатын.  Өз  жұртының  жарық  жұлдызы  болған  сол
ғалым досын алға тарта отырып, зерделі жиһангез халықты
бұратана  деп  бөлмей,  білімге  жол  ашса,  орыстан  өзге
ұлттардың өкілдерінен де небір ғұламалардың шығатынын
меңзейтін. Сонысымен-ақ ол жас Обручевті шалғай шетте
өнер-білімнен кенде, мәдениеттен кенже қалған халықтарға
қамқор көзбен қарауға үйретті.
Қыс  бойы  бай  дерек  жинап,  Батыс  Сібірмен  сырттай
танысқан Владимир Афанасьевич 1889 жылғы көктемде осы
өлкенің  геологиясы  мен  пайдалы  қазба  байлығын  тікелей
зерттеуге кірісті. Ол Ангара бойын барлап, Ока өзеніндегі
қоңыр  көмір  кенін  зерттеп,  Байкал  атырабының  сырына
үңілді,  Ольхон  көлінде  болды.  Оны  Батыс  Сібірдің
таңғажайып табиғаты баурап алды. Айналасы андағайлаған
алып  тау,  кемері  тік  шаншылған  биік  құз,  терең  аңғарда
жатқан тұщы сулы Байкалды ол жер қабатының қозғалысынан
бертін пайда болған көл деген тұжырымға келді.
Байкал жөніндегі алғашқы әсерлері оның Сібір геологиясы
туралы ойларының өрістеуіне сара жол ашты. Келер жылы

332
ол  Лена  жағалауының  алтын  кендерін  аралап,  Витимнің
төменгі ағысына дейін барып қайтты. Жиырма-қырық құлаш
тереңдіктегі  шахталарға  түсіп,  мәңгі  тоңдарды  анықтады.
Жол да, жұмыс та оңай болған жоқ. Жүк артқан аттары
омбы қарға оппалап, мибатпаққа батып, әрең тартып алған,
өздері маса-сонаға жем болып, тамақтан да тарыққан сәттер
ұшырасты. Бірақ соның бірі де Обручевтің еңбекқорлығы
мен жұмыс қабілетіне әсер еткен емес. Шаршап-шалдығу
дегеннің не  екенін білмей,  ол күндіз  шахтаға түсіп,  ашық
кендерді  аралап,  тыным  көрмегенімен,  кешкісін  тау
жыныстарының  үлгісін  сұрыптап,  олардың  сипаттамасын
күнделікке  жазып  отыруды  әсте  қалт  қылған  жоқ. Кейін
оның атағын айдай әлемге жайған «Сібір геологиясы» осы
күнделіктер негізінде туған еді. Ал осынау ұлан өлкенің ертеңін
ойлаған  адамдардың  ол  өзі  куәсі  болған  қимыл-қарекеті,
жергілікті жұрттың тұрмыс күйі мен әдет-ғұрпы «Жұмбақ
жер» романында көркемдік бейнесін тапты.
1892  жылы  көктемде  оған  география  қоғамының
президентінен Г.И.Потаниннің Қытай мен Тибетке саяхатына
қатысу туралы ұсынысы кеп түсті. Оған да атсалысып жүрген
–  ұстазы  И.В.Мушкетов.  Шәкіртінің  арманы  Орталық
Азияны зерттеу екенін жақсы білетін ол Обручевтің Байкал
мен Лена аудандарын барлауының нәтижесі жәніндегі есебіне
тіпті тәнті болған еді. Бұл жолы Обручев Солтүстік Қытай
мен  Орталық  Азияның  бір  бөлегінің  геологиясын  барлап,
Григорий Николаевич жұмыс істеп жатқан Тибеттің шығыс
шалғайын зерттеп, Тянь-Шань арқылы Құлжаға түсу керек-
тін. Тағы да далаға түнеу, ашық аулаға қону басталды: киіз
бен аю терісіне оранып, тұлып жамылып жата кететін кәдімгі
ат  үстіндегі  күндер.  Жол-жөнекей  жұрт  назарын  ерекше
аудармас үшін Владимир Афанасьевич қытайша жеңсіз қара
бешпент пен дөңгелек тақия киіп, сұр шапан жамылды. Туған
елден үй ішінен жырақта ол жалғыздықтан қатты қамықты
да.  Алайда  жұмысқа  деген  құштарлық,  зерттеуге  деген

333
іңкәрлік осының бәрін жуып-шайып жіберді. Көмекші геологы
жоқ ол бар жұмысты жалғыз атқарып, жер қыртысын, тау
жынысын өзі ғана зерттеді. Әйтеуір ешбір қауіп-қатер, иә
кездейсоқ оқиға тап келмей, саяхат сәтті өтіп, сапар кідірткен
жоқ. Сол жылы ол Пекинге келіп, ал 1894 жылдың октябрь
айында Құлжаға кетті.
Жиналған  материалдың  молдығы,  қамтылған  жердің
кеңдігі, жүрілген жолдың ұзақтығы жөнінен В.А.Обручевтің
Орталық Азияға саяхатынан асқан сапар әлі болған емес. Екі
жыл  саяхатта  олар  аттылы-жаяу  орташа  күн  сайын  отыз
шақырым  жер  жүріп,  барлығы он  төрт мың  километрдей
жол  жүрген.  Сапар  кезінде  Владимир  Афанасьевич  көз
мөлшерімен  суретке  түсіріп,  барометрмен  биіктікті  өлшеп,
тау  жыныстарын  жинап,  күнделік  жазып  отырған.  Тау
жыныстары мен қазбалы жануарлардың, өсімдік түрлерінің
сегіз мың үлгісі жиналып, ол мың шақырым жер жол-жөнекей
суретке түсірілген. Осы еңбегі үшін Орыс география қоғамы
В.А.Обручевті  үлкен  алтын  медальмен  наградтап,
Н.М.Пржевальский атындағы сыйлық берді. Париж Ғылым
академиясы да оның еңбегін жоғары бағалады.
Араға алты-жеті жыл салып, Обручев Орталық Азияға
саяхаты күнделігінің екі томдығын жарыққа шығарды. Сол
саяхатынан  қыруар  ғылыми  еңбектер  туып,  кейін  кеңінен
танылған «Қияқтыдан Құлжаға дейін» атты кітап дүниеге
келді.  Оның  Орталық  Азияға  саяхаты  орыс  ғылымын
қызғылықты географиялық жаңалықтармен байытты. Орта
Азияға алғашқы саяхаты сияқты бұл сапарында да Владимир
Афанасьевич салиқалы географ болып көрінді. Оның атағы
алысқа кетіп, есімі енді Пржевальский, Потаниндермен қатар
аталатын болды. Орталық Азия саяхатынан Сібірге қайтып
оралған  Владимир  Афанасьевич  ірі  де  іргелі  геологиялық
зерттеулерді қолға алды. Төрт жыл бойы Байкал сыртының
түстік батысын барлап, Селенге Дауриясының геологиялық
құрылымын, Шығыс Сібірдің жер бедерін зерттеп, қыруар

334
жаңалық  ашады.  Сонда  жиған  және  Лена  алтын  кені
аудандарын қайта зерттеген кезде алған материалдарын ол
кейін Сібірдің геологиялық тарихын жазарда кәдеге асырды.
Жиырмасыншы  ғасырдың  алғашқы  жылы  Обручев
өмірінің  жаңа  бір  белесі  болды.  Томск  технологиялық
институтының  геология  бөлімшесін  ұйымдастыруға
шақырылып келген ол тоғыз жыл оның геология кафедрасын
басқарып, тау-кен факультетінің деканы болды. Томскіде
ол кейін елімізге Қаныш Сәтбаев, Михаил Усов тәрізді тамаша
геолог, талантты ғалымдарды берген Сібірдің тұңғыш геология
мектебін ашты.
Владимир  Афанасьевич  алғашқы  лекциясына  екі  жыл
әзірлік жасап алып кірісті. Оған әзірлену үстінде ол әуелі
геология кабинетін жабдықтап, кітапхана ұйымдастырып алды.
Обручев  онда  төрт  бірдей  курстан  дәріс  оқып,  сабағын
студенттердің тәжірибе жұмыстарымен тығыз ұштастырып
отырды. Ал жазғы каникул кезінде ол 1905 жылдан бастап,
Жоңғарияға үш рет экспедиция ұйымдастырды. Бұл сапары
жайында ол бертін келе былай деп жазды: «Шығыс Қазақстан
шекарасына күнгей түстіктен келіп тірелетін Жоңғар өлкесін
зерттегенім  бар.  Алтай  мен  Тянь-Шаньнің  тау  сілемдері
осы  арадан  келіп  түйіседі,  ал  менің  міндетім  солардың
шекарасын ажыратып, геологиясы мен географиясын айқындау
еді. Бұл өлкені мен үш жыл бойы әр бағытта шарқ ұрып, тау
тізбегін,  көшпенділердің  жаз  жайлауын, су  көзі  мен  өзен
жағасына жақын жатқан жасыл алқаптарын, тіпті құлазыған
құба  түз  тақырлары  мен  қираған  қаланың  орнына  ұқсас
тұлдырсыз қырқаларына дейін зерттедім».
Жоңғар сапарына бірер студент пен үлкен ұлы – он жеті
жасар Володя мен он төрт жастағы Сережаны ерте шыққан
ол шегі де, шеті де жоқ қазақ даласын, оның ұшы-қиырсыз
қырқаларын көктей өтіп, көп күн жол жүріп, Аякөзге келіп,
азғана  аялдады.  Жиһангезді  балаларының  әрнені  білуге,
табиғат сырын түсінуге құмарлығы разы етсе, студенттеріне

335
жол-жөнекей  де  дәріс  оқып,  күнделік  толтыруға  үйретіп
отыруға тура келді. Аякөзден аттанып, олар Тарбағатайдың
батыс беткейімен Шәуешекке түсті. Ондағы орыс елшісі хат
арқылы алдын ала хабарласқан Обручевтің керек-жарағын
қамдап, жол бастап жүретін монғол, қытай тілдеріне жетік
Мусин Ғайса деген татармен келісіп қойған еді. Қалада көп
жатпай, шілденің басында саяхатшылар керуені жолға шықты.
Емілдің лай суын кешіп өтіп, Барлық тауына көтерілді.
Бұл таудан Жоңғар қақпасының теріскей батысына қарай
жатқан Алакөл ортасындағы Аралтөбе қырқасымен алақанға
қойғандай  көрінеді.  Табан  суытқан  тұста  Владимир
Афан ась евич  осы   т өңі рек   жөні нд е  о қы п-б ілген ін
жанындағыларға  жырдай  ғып  әңгімелейді.  Жазда  онша
ысқаяқ  болмағанымен,  қиыршық тастарды  атып,  ара-тұра
көз аштырмай қоятын шәлкемдігін өздері де көріп келе жатқан
ебі желі туралы аңызды айтады ол. Аңызға қарағанда, сұрапыл
жел Алакөлдің Аралтөбесіндегі бір үңгірден шығады екен.
Адуын желден әбден ығыр болған қазақтар бір күні үңгірдің
аузын  өгіз  терісімен  жауып,  айналасын  таспен  бастырып
тастап, уһ деп бір дем алмақ болады. Осыған шамданған
жынды жел тіпті құтырынып, тастарды жан-жаққа лақтырып,
адамдардың  өзіне  тарпа  бас  салады  да,  оларды  керуен-
көшімен, мал мүлкімен бірге әкеп көлге құлатады.
Табиғаты осындай қатал болса да, туған жерден табан
аударғысы келмеген халыққа шапқыншылар дамыл бермей,
ат үстінде күн кешуге мәжбүр етеді. Сан ғасырға созылған
жаугершілік  олардың  отырықшы  болуына  мұрша  бермей
келген.
Осыны айтқанда ол анау сайын дала мен мынау самал
тауларды  мекен  еткен  ержүрек  елді  аяп,  оның  қонақжай
халқына іш тартатыны жастарға айқын аңғарылып тұратын.
Шынында да, ол келер жолы келгенде де шұрқыраса қуанып
қауышқан  Ғайса  мен  оның  баласы  Әбубәкірді  ала  жүріп,
қазақтың жайлауларын аралап, әдет-ғұрпымен танысты, көп

336
сөздеріне зер салды. Обручевтің Азия жазбаларында қазақ
сөздерінің ұшырасып отыратыны содан. Ол: ақсақал, арасан,
баялыш,  бұлдырық,  құлан,  марал,  тақыр,  таутеке  тәрізді
атаулардың мән-мағынасын жақсы меңгеріп, оларды орынды
жерінде  қолданады.  Сорго  шөбін  қазақтардың  ғұма  деп
атайтынын да ол алғаш аңдаған. Жер-су, таулардың атауын
титтей  де  бұрмаламастан,  тап  бір өзінің  туған  өлкесіндей
суреттейді. «Орталық Азия атырабында» кітабын оқығанда
Тарбағатай төңірегін бірге аралағандай болады оқырман. Оған
мына бір үзінді-ақ көз жеткізері хақ.
«...Еміл өзенін жағалап, Дүрбелжіңге даламен тарттық.
Жолдың  сол  қапталында  теріскейден  Тарбағатай  тауы
қарауытады, оның жотасы теп-тегіс, түстік баурайы құлама
тік жар, төбесінде түйір қар жоқ, қалың жыныс орманмен
жап-жасыл боп жатыр. Күнгейде қара орманы сыңсып, текше-
текше болып биіктеп бара жатқан Барлық жоталары, оның
ең  биігі  Кертаудың  басында  алашабыр  қар  жарқырайды.
Осынау екі жотаның арасында еркін көсілген Еміл алқабының
көз тұндырған көк шалғыны ат бауырынан келеді. Жазықты
және  бір  жап-жасыл  заңғар  тау  Орқашар  тұйықтап  тұр.
Шақырайған  күнге  омырауын  ашып,  кең  алқап  жатыр,
шырылдаған  бозторғай  әуезіне  шайдай  ашық  аспан  ұйып
қалған. Атымызды бірде аяңдатып, бірде сар желіп, біз күн
ұясына  қонғанша  жүрдік.  Түнеген  жеріміз  –  бастауын
Орқашар тауынан алып, Емілге құятын Маралсу өзені. Жағасы
шалғынды, шөбі шүйгін. Аттарды шідерлеп өріске жібердік
те, тезек теріп, от тұтатып, шай қайнатып іштік».
Тау  суретін  көркем  сөзбен  осылай  көз  алдына  келтіре
қоятын ғаламат суреткер ізінше ғалым болып тың тұжырымдар
жасайды. Ол Сауыр мен Тарбағатай жоталарын қазақтың
қатпарлы тауларының сілемі деп тауып, Барлық, Майлы-
Жайыр  және  Жоңғар  Алатауын  Тянь-Шань  жүйесіне
жатқызды.  Артынан  ол  Алтай  атырабына  қайта  оралып,
алтын кендерін зерттеді. Өскеменде жер ауып жүрген ғалым,

337
Абайдың досы Михаэлиспен кездесіп, көп әңгімелесті. Сонда
оның ұлы қазақ ақыны туралы да естуі әбден ықтимал.
Орталық Азия мен Жоңғар сапарларынан жазған есебі
бірнеше  том  ғылыми  еңбек  болып  басылған  оның  алтын
шығатын аудандар жайындағы очерктері Обручевті алтын
қазба кендері жөніндегі ірі мамандардың санатына қосты.
Алайда  оған  сан-салалы  ғылыми  жұмыспен  жемісті
ұштастырған ұстаздық қызметін кілт доғаруына тура келді.
1905 жылғы революция жанышталғаннан кейін қанат жайған
қатал  реакцияға  төзбей,  ғылымдағы  атқамінерлер  мән
әкімдерге  қарсы  үн  көтеріп,  талай  фельетон  жазған  озық
ойлы оқымысты патша үкіметіне ұнамады. Қара жүздік оқу
министрі Кассоның бұйрығы бойынша ол 1912 жылы жасы
елуге де толмай отставкаға шықты. Сөйтіп, он екі жыл еңбек
еткен Томскіні, өзі ашқан геология мектебін, жан-тәнімен
сүйген шәкірттерін тастап шығуға мәжбүр болды.
Енді ер жеткен ұлдарын оқыту үшін ол Москваға көшіп
келіп,  отставкадағы  кен  инженерінің  зейнетақысымен  күн
көрді. Бірақ Владимир Афанасьевичтің ширек ғасыр жүргізген
зерттеу  жұмыстарынан  өңделмеген  материалдары  әлі  де
ұшан-теңіз еді. Ол алдымен соларды жүйелеп алып, Байкал,
Лена  зерттеулерін  қорытты.  Бұл  жылдары  ол  ғылыми
білімдерді таратуға көп күш салды. «Природа» журналының
белсенді авторы болып, аққан жұлдыз, мұхит тұңғиығы, теңіз
қайраңы, жер сілкіну жайында жазып отырды. Оның фантаст
жазушы ретінде танылған тұсы да осы жылдар.
В.А.Обручевтің  алғашқы  ғылыми-ғажайып  романы
«Ғайыпстанды» жұртшылық ал беттен жылы қабылдап, ол
сан мың оқырманның сүйікті кітабына айналды. Онда автор
Жердің бағзы даму дәуірін әдеби бейнелеуді мақсат етіп, ол
ойын әдемі орындап шыққан. Ал онан кейінгі «Жұмбақ жер»
романы  автордың  суреткерлік  кемелділігін,  ғалымдық
көрегендігін бар қырымен жарқырата жайып салды.

338
Ұлы Октябрь арайы В.А.Обручевтің өмірін де шапағат
нұрына орап, жарқыратып жіберді. Әулетімен әділдікке жақ
болған  оның  алдында  кімдермен  болу  керек  деген  сұрақ
тіпті тұрған да жоқ. Себебі ол өзінің ғұмыр бойы кім үшін
қызмет етіп келгенін жақсы білетін-ді. Октябрь күндері оған
бір таныс профессор жолығып:
– Енді не істемек ойыңыз бар.Владимир Афанасьевич?
– деп сұрағанда ол іркілмей:
– Қашанғымдай Россияға... халықтық Россияға қызмет
етемін, – деп ашып айтты.
Осыдан  көп  ұзамай  ол  Жоғары  Халық  шаруашылық
советіне  қызметке орналасты.  Москва геология  академия-
сында профессор бола жүріп, Владимир Афанасьевич геология
комитетінде,  қолданбалы  минералогия  және  металлургия
институтында, алтын кені трестерінде аға геолог, бас маман,
ғылыми совет мүшесі қызметтерін қоса атқарды. Сөйте жүріп
ол ғылыми зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазуға да, студенттер
үшін күрделі оқулықтар құрастыруға да уақыт тапты. 1926
жылы әуелі  неміс  тілінде,  сонан  соң  орыс  тілінде жарық
көрген «Сібір геологиясы атты еңбегі үшін Обручевқа алғашқы
Ленин атындағы сыйлық берілді.
Үш жылдан соң ол КСРО Ғылым Академиясының толық
мүшесі  болып  сайланды.  Академияның  әуелі  геология
институтын басқарып, кейін өзі құрған мәңгі мұздарды зерттеу
институтына жетекшілік етіп, ұшан-теңіз ұйымдастырушылық
қызмет атқарды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары ол жасының
ұлғайып қалғанына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бастан
асып жатқанына қарамай,  Геология-география ғылымдары
бөлімшесінің  ғалым  секретары  ретінде  көп  қажыр-қайрат
көрсетті. Ол басқарған бөлімше соғыс жылдары қорғаныс
маңызы бар қыруар жұмыс жүргізді,
Сібір – В.И.Обручевтің ең сүйікті тақырыбы еді. Оның
«Сібірдің  геологиялық  зерттеу  тарихы»  атты  көп  томды
ғылыми еңбегі КСРО Мемлекеттік сыйлығына екі мәрте ие

339
болды.  Ал  «Жұмбақ  жер»  романы  да  осы  тақырыпты
толыстыра,  кемелдендіре  түскен  келелі  туындысы.  Оның
мың  сан  оқырмандардың  ғана  емес,  оқымыстылардың
назарын аударғаны осыдан. Романда суреттелген жұмбақ
жерді  іздеуге  кезінде  самолетпен  ұшқыштар  да  шыққан
болатын.
 ...Міне, сол ұшқыштардың бірі Владимир Афанасьевичтің
алдында отыр. Санников жерінен сабақталған әңгімені сап
тыйып, енді ол әскери адамның аузына қараған да қалған.
– Біз сіз ойлағаннан әлдеқайда алысқа барып қайттық.
Мына мен күн системасындағы планеталарға ұшу сапарына
қатыстым.
–  Не  дейсіз,  шын  ба?  Қандай  снарядтармен  ұшып
жүрсіздер?
– Ракеталық снарядпен... ракетамен ұштық. Ұшу сапары
сәтті болды, дін аман оралғанымды көріп отырсыз ғой.
–  Ал  сонда  қай  планетада  болдыңыздар!  Әлбетте
Жеріміздің серігі – Айға бардыңыздар ғой әуелі?
– Жоқ, Ай геологтарға ғана қызық. Онда ауа да, су да,
өмір  де  жоқ.  Біз  одан  әрі  асып,  Меркурий  мен  Марс,
Шолпанға бардық.
– Міне, ұшу деп осыны айт! Кәне, снарядтың ұшуын,
қонуын,  шапшаңдығын  және  космос  сәулесінен  қалай
қорғанғандарыңызды  түгел  айтып  беріңізші.  Қандай
аппаратуралар қолдандыңыздар?
Дүние саларынан алты жыл бұрын 1950 жылы жазылған
«Планеталарға сапар» атты әңгімесінен алынған осы диалог
В.А.Обручевтің  айналысқан  ғылымдарының  ауқымы
қаншалық  кең болғанын аңғартса  керек.  Ол  геология  мен
география ғана емес, ғарыш тылсымына да ден қойған. Алыс
планеталарға адам ұшатынын сонда-ақ біліп, пешенесіне сол
борышты  орындау  жазылған  жастарға  қызыға  қараған.
«Сендердің еншіңе Айға, алыс жұлдыздарға саяхат жасау
бақыты  тиді...  –  деп  жазды  ол  жастарға.  –  Армандай

340
біліңдер!  Шындап  күрескілерің  келсе,  үлкен  істер  үшін
күресіңдер. Қабілет те бұлшық ет сияқты шыныққан сайын
шыңдала түседі. Екінің бірі ерен жаңалық аша бермейді, ал
аша алмаймын деп тайсақтаған адам түк те бітірмек емес.
Сендер ата-бабаларыңнан көш ілгері болуларың керек!»
Осынау мұратты ту тұтқан азамат ғалымның өзі ұдайы
асқарға талпынып, алысқа шарқ ұрып, шығармашылыққа толы
сан қырлы, саналы өмір кешті, балаларын да солай баули
білді. Ұлдары  да әке  жолын ұстанып,  ғалым болды.  Он
төрт жасында Жоңғар сапарына ертіп шыққан екінші ұлы
Сергей Владимирович әкесінің ізін басып, ірі геолог, үлкен
әдебиетші болып, академик атанды.
–  Табыстарымның  түп  төркіні  еңбектен  ләззат  таба
білуімде болса керек, – деген-ді В.А.Обручев. – Менің
өмірімнің мән-мазмұны – тек қана еңбек, шығармашылық
еңбек.
Еліміздің  ғылымы  мен  мәдениетінің,  әдебиетінің  ұлы
еңбеккері  болған ғұлама  ғалымның, жиһангез  жазушының
өмірі ұрпақтарға өнеге. Оның ерлікке үндеп, еңбекке баулитын
ғылыми-ғажайып романдарың әңгіме, повестерін оқып, талай
ұрпақтың жеті қат жер астын үңгіп, ұлы мұхиттарға сүңгіп,
шырқау жұлдыздарға ұшуға талпынары сөзсіз.
Сарбас 
АҚТАЕВ

341
М А З М Ұ Н Ы
Беташар  ........................................................................................5
Сондай бір жұмбақ жер әйтеуір бар................................................7
Жоғалып кеткен халық...................................................................14
Іс оңғарылып келеді..........................................................................16
Жолсапар..........................................................................................23
Мамонттар қорымы........................................................................29
Жаңа Сібір аралдарының арасында...................................................37
Қазандық аралын жағалай.................................................................44
Мұзды теңіз арқылы.......................................................................48
Жерұйық табалдырығында.............................................................59
Санников жеріндегі бірінші күн.......................................................66
Таңғажайып жануарлар....................................................................73
Көпіршіген  көл...............................................................................83
Адамнан алғашқы белгілер..............................................................91
Онкилондармен кездесу.................................................................99
Құрмалдық беру және құлшылық ету...........................................107
Киелі тас.........................................................................................116
Мүйізтұмсық аулау.......................................................................126
Вампулармен тұңғыш таныстық ....................................................131
Жар таңдау тойы...........................................................................139
Вампулармен шайқас.....................................................................153
Онкилондар моласы........................................................................162
Аңдыған алмай қоймайды...............................................................169
Мыңтүтін алқабы..........................................................................179
Вампулардың құдайлары................................................................189
Қасиетті  көл.................................................................................198

342
Түлеген құстарды аулау..................................................................204
Қауіп-қатер дабылы.......................................................................208
Жағдай қиындап барады.................................................................219
Қара тақыр шөл.............................................................................227
Құрмалдық шалу............................................................................232
Онкилондар арасындағы ақырғы күндер........................................243
Топан су........................................................................................252
Жер бетімен жүзу..........................................................................261
Апат...............................................................................................268
Никитаның бастан кешкендері........................................................277
Қашып шығу..................................................................................286
Бақсының соңғы сөзі......................................................................293
Үрейлі көршілік.............................................................................301
Тағы да мұз, тағы да теңіз.............................................................308
Академик алдында........................................................................312
Соңғы  сөз.....................................................................................318
Ғұлама ғалым, жиһангез жазушы. С.Ақтаев....................................
323

343
Oрыс тілінeн аударған Сарбас Ақтаев
Владимир  ОБРУЧЕВ
ЖҰМБАҚ  ЖЕР
Ғылыми-фантастикалық  роман
(қазақ  тіліндe)

344
ИБ №371
Басуға 13.09.2011 ж. қoл қoйылды. Пішімі 60х90 
1
/
16
. Қаріп түрі
«Academy.kz». Басылымы oфсeттік. Шартты баспа табағы 21,5.
Eсeптік баспа табағы 17,0. Таралымы 24 000 дана. Тапсырыс №
«Аударма» баспасы,
010009, Астана қаласы, Ғ. Мүсірепов көшесі, 5/1, ВП2
Арнаулы редакторы Л.Серғазы
Редакторы Ф.Рахымжанқызы
Суретшiсi В.Пак
Техникалық редакторы С.Бейсенова
Компьютерде беттеген Ғ.Сатыбалдиева
Корректоры Қ.Құрманғалиқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет