О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет12/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

ВАМПУЛАРДЫҢ ҚҰДАЙЛАРЫ
Жаңбырдан  соңғы  сап-салқын,  тұмансыз,  желкем  таң
олардың  қайтар  жолға  ертерек  шығуына  жағдай  жасады.
Оған, әсіресе, онкилондар қатты қуанды. Алайда жолға шығар
алдында алыс сапарға ауқаттанып, ет пісіріп алу үшін қайнаған
көлді тағы бір пайдалануға тура келді. Кетер алдында оған
онкилондар бірнеше турам ет тастап, үш мәрте тағзым етті.
– Жауынгер жерасты рухына түнде еш залал істемей, тек
қорқытып қана  қойғаны үшін  алғыс айтып  жатыр, –  деп
түсіндірді мұны Аннуир.
Таныс көлдер мен жарықшақ жерлерге тоқтамай, жасақ
түске тармаса Мыңтүтін алқабынан өтті. Алғашқы есімдіктерді
көргенде онкилондардың жүзі әдеттегідей жайнап сала берді.
Көсемнің  әмірімен  жатжерліктерді  қатерлі  алқапқа  ертіп
әкелгенде  олар  зор  құрбандыққа  рауа  болып,  бұдан  да
жаманын күткен сыңайы көрініп тұр. Бірақ олардың басқа
құрбандық  беруіне  тура  келді,  орманды  алқапқа  табаны
тиісімен  жатжерліктер  жағдайды  және  бір  пайдаланып,
«басында  бесінші  аяғы  бар»  жануарларын  көру  үшін
вампулардың мекеніне соға кетпек болды. Сұрастыра келгенде
ол алып жануарлар қатерлі жазыққа жақын жайылады екен.

190
Жасақ амалсыз түстік-шығысқа бұрылды, алға итпен үш
бақылаушы жіберді. Таныс суреттер алдан қайта самсады:
көлді  алқаптар  ағашы  қалыңдап  биіктей  түскен  орман
танабымен алмасты. Алты шақырымнан кейін «таяу алаңқайда
«құдайлар»  жайылып  жүр»  деген  хабар  беріп,  жасақты
барлаушылар  тоқтатты.  Орманның  бауырымен  сақ  жүре
отырып  әлгі  жануарларға  жақын  жерге  жетті.  Орманның
шетінен жүз қадам жерде төрт ірі хайуан көрінді, олардың
піл тұқымдас екенін айыру онша қиын емес. Түстен кейінгі
қайтқан  күннің  шуағымен  шөпке  тойып  жусап  тұр  бәрі.
Тұмсығын салбыратып, қысқа құйрығымен, ұзын құлағымен
шапақтап, тұрған жерінен міз бақпайды бірі де. Олардың
үсті-басын ұзын, бірақ сирек қызыл-күрең қылшық басқан.
Екеуі үлкен де, екеуі кішірек. Кішіректерінің әсіресе азуы
өзгеше келте әрі тіп-тік, ал үлкендерінің азуы ұшына қарай
қатты иіліп жоғары қарап тұр.
– Мұның мамонт екенінде шүбә жоқ, – деді Горюнов.
– Мына кереметтердің еркін жүргенде қалай жүгіретінін
көру керек екен, – деді Костяков. – Біз ғой пілдерді тек
зоологиялық бақшаның айналымға келмейтін қоршауында ғана
көрдік.
–  Жүгірткен,  әрине,  қызық.  Бірақ  бұларды  қалай
көндіреміз?!
– Меніңше, мылтық даусынан шошуға тиіс.
– О жағы күмәнді, өйткені олар отты қарудан бейхабар.
Оның үстіне біз осы маңда жақын тұратын күзетшілерінің
көңілін аударып аламыз ғой.
– Мылтық даусынан мамонтқа қарағанда сол вампуларың
қаттырақ қорқатын шығар, себебі олар мұның құдіретін аздап
көрді емес пе.
– Тынышталайық, кімді айтсаң сол келеді, әне! – деді
Горюнов қарсыдағы орман шетін қолымен нұсқап.
Алаңқайға еңгезердей екі вампу мен иығында жүгі бар
бала шықты. Мамонттарға таяп кеп жүгін жерге түсірді де,

191
тізерлеп отыра қалып олар бірнеше мәрте тағзым етті. Олар
жақындағанда ұйқыдан оянған мамонттар вампуларға тақап
кеп, тұмсығын бұлғап-бұлғап жіберіп, қорсылдаған сияқты
бір дыбыс шығарды. Табынып болып вампулар қабын ашып
жүгін жайды: онысы іші толы түрлі тамыр-шөп екен. Алдына
қойған тамырларды тұмсығымен іліп ап мамонт аузына сүңгіте
бастады. Вампулардың бірі әйел екен, ол өзі әкелген тамыр-
шөппен  жас  мамонттарды  жемдеуге  кірісті,  ал  бала  мен
еркектің үлесінде үлкендері. Жануарлар әкелгенді жеп бітіріп,
қатты қорсылдап тағы да талап етіп, вампуларға тұмсығын
созды, ол бейшаралар қайтадан тағзым етті де, қапшығын
алып бар пәрменімен бауырға қарай тура жүгірді. Костяков
көргісі келген қызық енді болды: мамонттар жер солқылдата
желіп, тұмсығын созып жиырып, құлағы мен құйрықсымағын
шаншып  алып  вампулардың  соңынан  салды.  Тегі,  бұл
олардың сыйлығына алғысы болса керек, әйтпесе вампуларды
әп-сәтте қуып жетіп, таптап-ақ тастар еді, ал бұлар бауырға
дейін ғана желіп барып, терең көмейден бір зор үн шығарып
жайбарақат кері қайтты.
Мамонтқа табыну және азық беру көрінісіне бар жасақ
ынтыға қарады. Вампулар көзден таса болғанда онкилондар
мамонттардың бірін  атып бер  деп  жиһангездерге  жалына
бастады. Себебі мамонттың терісі оларға қалқан боларлық
зат ретінде жоғары бағаланып, ал азуы найза мен жебенің
ұшына қадап, пышақ жасауға таптырмайды екен. Мамонтты
олар ілуде бір болмаса аулай алмайды, өйткені вампулар өз
құдайын қатты қорғайды да, соғыс кезі болмаса аулатпайды,
аулауға арнайы шыққанның өзінде де ежелгі жануарлар найза
мен жебеге міз бақпай, құтылып кетеді. Ал қазір жағдайды
пайдаланып қалу керек – жателдіктердің қолында қырып-
жоятын қаһарлы қару бар.
Онкилондардың тілегін Ордин де қостады, өйткені оның
бұл жануарды дәл қасынан көріп, өлшеп алғысы келді.

192
Костяков бала күнінде бір жерден оқыған пілдің тұмсығы
өте  тәтті  тамақ  деген  мағлұматты  есіне  түсіріп,  олардың
ұсынысын қоштады.
–  Вампулар  құдайын  өлтіргеніміз  үшін  кек  қайтарады
ғой, – деді Горюнов. – Қарауылдары бүкіл ордасын көтеріп,
бізге бас салады.
– Меніңше, олар мылтық даусын естіп әрмен қашуға тиіс.
Алайда  ғылым  үшін,  әрі  сенімді  серіктерімізді  разы  етіп
неге болсын бас тіккен де дұрыс қой, – деп жауап берді
Ордин.
– Мынау алыпты жарқыншақ оқпен жайрата алмаймыз,
ал  жараланса-ақ  ол  құтырып  кетеді,  сосын  арты  қиынға
соғады.
– Мәселе онда емес – екі-үш оқты бір-ақ қадалтамыз.
Осынау сирек әлі қолға үйреніп кеткен жануарды өлтіруге
Горюнов  көрінеу  бейілсіз  келісті,  бірақ  өзі  атқан  жоқ.
Онкилондардың  қуанышы  қойнына  сыймай,  ақ  адамдар
нажағайының вампулар құдайына әсері қандай екенін ынтыға
қадағалады. Қайта қалғымақ ниетпен бір бүйірлей жақынырақ
тұрған қарт мамонтты Ордин мен Костяков бірдей атты.
Жануар теңселіп кетіп, ілгері ұмтылды, жалт бұрылып, қатты
бір өкірді де тізерлей құлады, содан соң бар денесімен бір
бүйіріне сылқ ете қалды. Мылтық даусынан шошып кеткен
қалған үш мамонт қалтарысқа қарай аз ғана жүгіріп барып
тоқтады да, құлаған жолдасының орнынан тұрып, өздеріне
қосылуын күтіп, артына бұрылды, жолдасын шақырып терең
көмейден тартып ащы үндер шығарды.
Аңшылар мен онкилондар әлі де болса жантәсілім аяғы
мен тұмсығын сермеп жатқан жаралы мамонттың жанына
келді, жануар кісілерді көргенде басын әлсіз ғана сәл көтеріп,
іле әлі құрып, ауыр бір тыныс шығарып, жерге сылқ еткізді.
Оның  кішкентай  қара  көзінде  құныкерлеріне  деген  кінә
ұшқыны  жалт  етті.  Ізінше  осы  жанары  да  сөніп,  жануар
тыныш тапты. Ордин рулеткасын алып мамонттың тұрқын

193
өлшей бастады. Костяков көмектесіп, оның айтқанын жазып
тұрды.  Олардың  бұл  қарекетіне  өлімтікті  қоршап  алған
онкилондар  таңырқай  қарап,  мұны  ақ  адамдардың  өлген
құдайдың рухына рақым ете гөр деген дұғасы  деп ұқты.
Иттер  уақытын  далаға  жібермей,  осы  екі  ортада  үлкен
жарадан шөпке ағып жатқан қанды жалауға кірісті.
Тұрғысы келмей жатқан серігін қоршап алған бейтаныс
екі  аяқтыларға,  аңырып,  қырық  қадамдай  жақындап  кеп
тұрған  үш  мамонтты  жұмыспен  айналысқандары  да,  жай
көрермендер де аңдамай қалыпты. Олардың жақындағанын
әуелі иттер біліп абалап тұра ұмтылды. Адамдар жалт қарап,
мамонттардың тарпа бас салғанын күтпей не бауырға қарай
қашарын, не қарсы шабарын білмей аңтарылды да қалды.
Иттер он қадам жақын барып, құйрығын екі бұтының арасына
қысып, бата алмағанымен, жан даусы шыға шабаланып тұр.
Мынау  шәуілдеп  ығыр  еткен  жер  кенедей  сотқарларға
жануарлар жоғарыдан таңырқай қарайды. Ақыры иттің үргені
мезі етсе керек, олар маң басып, алаңқайдың келесі шетіне
барып, ағаш бұтағын сындырып алып жей бастады.
  Онкилондардың  жүрегі  орнына  түсіп,  Ордин  өлшеп,
сипаттамасын жазып бітірген соң мамонтты сойып, терісін
түсіруге  кірісті.  Бұл  кезде  мылтық  атылғаннан  кейін  іле
вампулардың ізімен жіберілген барлаушылар оралып, келесі
алаңқайдан тағылардың жаңада ғана тастап кеткен тұрағын
тапқанын хабарлады. Горюновтың енді соны көргісі келіп,
Горохов  пен  барлаушылардың  біреуін  ертіп  алып,
қалғандарына етті тапсырып жүріп кетті.
Тағылар тұрағы шағын алаңқайда өскен мәуелі бәйтеректің
түбінде екен. Ағаштың айналасындағы шөп тапталып қалған,
жерде бірнеше аң терісі жатыр, олақ жонылған ағаш аяқтар
мен екі ауыр шоқпар және бірнеше найза көрінеді. От еркін
сөнбепті, үстінде жартылай күйген еті бар істіктер жатыр.
Мылтық даусынан зәресі ұшып кешкі асын тауыспай да кетіпті
әр жерде мүжілген сүйектер жатыр, бұтақта жылқының тұтас

194
саны ілулі тұр. Жылқы саны екенін шөпке төселген терісінен-
ақ аңғаруға болады.
Тұрақты шолып шығып, вампулар жасаған бұйымдардың
үлгісі ретінде бір аяқты алып Горюнов кетуге ыңғайланып
еді,  онкилон  оған  вампудың  «ұясына»  қара,  бәлкім,
құдайлардың күзетшісі отырған шығар деп ағаштың басын
көрсетті. Алайда оның жорамалы негізсіз еді – онда болса
вампулар қару-жарағы мен істіктегі етін қайдан тастасын.
Айтқандай, олардың жоғарыдағы тұрағы иесіз боп шықты.
Сондықтан  оны  Горюновтың  көргісі  келіп,  үшеуі  бірдей
өрмелеп  ағаштың  басына  шықты.  Ұя  ұшар  баста  жуан
бұтақтардың  жан-жаққа  тарар  тұсында  екен.  Бұтақтарға
тұтастырып жіңішке бөренелер төсеген де, үстінен үстелге
ұқсатып сырғауылдар жайған, онысын жауыннан қорғау үшін
шырпы мен талдан тоқып қалқа жасаған. Вампулардың төсегі
мен көрпесі болған терілер соның астында жатыр. Екі шоқпар,
тері сақпан, лақтыратын бірнеше уақ тас – баспананың алғашқы
қауым адамдары түнде жортар жыртқыштан қорғанар бар
жарағы  осылар.  Жапырақ  арасынан  жан-жаққа  жасалған
саңылаулар  төңіректі,  оның  ішінде  мамонттар  жайылатын
алаңқайды қарап отыратын жер екен, Горюнов та солай қарай
көз тастап, олжасының айналасында тұқжыңдасып жатқан
онкилондарды көрді.
Меймандар ұядан төңіректі шолып отырғанда орманнан
бір  вампу  шығып,  жан-жағына  абайлап  қарап  алды  да,
жасырынып жатқан тайпаластарын қол бұлғап шақырды. Сол-
ақ екен, бұта арасынан бір әйел мен екі бала шыға келіп,
төртеуі ағаш түбіне беттеді. Оларды байқап қалған Горохов
сәл үрейлене күбір етті.
– Құдайлардың қарауылы қайтып келеді! Не істейміз?
Атсақ па екен?
Жалма-жан қорамсағынан оқ алып, садағының адырнасын
тарта берген онкилонды қолын сілтеп қап Горюнов тоқтатты
да:

195
– Қозғалмай отырып вампулардың не істейтінін бақылай
тұрайық! – деді Гороховқа.
– Ал олар ағашқа өрмелеп жүрсе ше?
– Күндіз мұнда оларға түк жоқ, тамағы және төменде
жатыр.
– Бұл арадан қалай кетеміз енді?
–  Мылтық  атып  шошытамыз!..  Қап,  тәйірі  алғыр,
мылтығымның төменде қалғанын қарашы!
– Мәссаған! Олар тауып алып бүлдіреді ғой оны.
– Бүлдіруіне жібермеспіз, сіздің мылтық осында емес
пе.  Менің  мылтығым  ағаштың  екінші  жағында  қалған  –
демек, таба алмауы да мүмкін.
Ағаш басындағы әңгіме кезінде олар үстелдің саңылауынан
теректің түбіндегі тұрақты бақылап жатты. Вампудың үй іші
ағаштың  түбіне кеп  от  айнала  жүресінен отырды:  әйелдің
емшекте сәбиі бар екен, он екілердегі ер баланың мұрнына
өткізілген  таяқша  іспетті  әшекейі  бар  екен,  алты  жас
шамасындағы қыз ондайдан әзір аман сияқты. Күйіп кеткен
етті көріп еркегі бірнеше үзік-үзік үн шығарды, баласы онысын
түсінді  де  бауырға  жүгіріп  кетіп,  бір  құшақ  шырпы  алып
келді. Әйел қоламтаны көсеп, шоғын жылтыратты да үстіне
тамыздық тастап отты үрлеп жақты. Кішкентай қыз істіктегі
етті алып, сыртын сыпырып тастап, сау қалғанын жеуге кірісті.
Еркек үйіліп жатқан сүйектің арасынан шақпақ тас алып оны
пышақ  етіп  жылқы  санынан  кесек  еттер  кесіп  ап  әйелге
лақтырды,  кішірегін  табан  аузында  өзі  қылғытып  жатты.
Әйел етті істікке шаншып беріп тұрды да, бала апарып отқа
тықты. Кенет жерде жатқан бала шарылдап қоя берді де,
әйел оны көтеріп ап, екі аяғынын арасына отырғызып, аузына
дертіп тұрған қап-қара емшегін салды.
Ойламаған жерден еркек жұмысын доғарып, тың тыңдай
қалды, сосын саусағымен мамонттар алаңын нұсқап, дүңк
етіп бірдеңе айтты, әйел де елеңдеп басын көтеріп, балалар
атып  тұрды.  Шамасы,  вампулар  алаңқай  жақтан  шығып

196
жатқан  онкилондардың  айғай-шуын  есітсе  керек.  Еркек
шақпақ тасын тастай беріп, алаңқайда не болып жатқанын
көру үшін жоғары шыққалы ағашты айналып кетті. Айнала
беріп ол бұтақта ілулі тұрған Горюновтын мылтығын көрді
де,  үрейі  ұшып  айғайлап  жіберді,  әйелі  мен  балалары  да
жүгіріп келіп ағашқа ғайыптан ілініп қалған жалтырақ таяққа
таңырқай қарасты. Таяқтың жылан емес екенін, үн шығарып,
орнынан былқ етпейтінін көріп, еркек оған батылдана қол
созды, әйел үрейленіп оны ұстай алды да, жанжал шықты:
ақыры, вампу қатынын итеріп жіберіп, қолы қалш-қалш етіп,
бұтақтағы мылтықты алды да, денесіне дарытпай ұстап от
басына әкеп малдасын құрып отырып қарай бастады. Әйел
мен  балалар  ғажайып  заттың  шағып  алмайтынын,  тізеде
тыныш жатқанын көрген соң жақын келді. Вампу бірте-бірте
батылданып, жалтырақ стволды сипап, дүмін байқап, аузына
үңіліп, тіпті оны үрлеп көріп, шүріппесін козғап еді – кенет
мылтық гүрс ете қалды.
Әйел шыңғырып шалқасынан түсті, сәби домалап бір қолын
отқа тығып  ап  шырылдап  қоя  берді,  балалар  жалт  беріп,
еркек мылтықты лақтырып жіберді. Енді бір сәтте балалар
безе жөнеліп, нәрестесін көтеріп ап, тегі, миы айналып кетті
ме, басын бір қолымен ұстап әйел де зарлап-қақсап солардың
соңынан жүгірді. Вампу жүгіре түсіп барып тоқтай қалды.
Бәрі  тып-тыныш,  от  жайбарақат  жанып  тұр,  өздерінің
зәресін алған зат ағаштан бірнеше қадам жерде жатыр. Вампу
бір аттап, екі аттап кері қайта бастады, қайтсін, кешкі асы
бір емес, екі рет үзілді, оттағы ет және күйіп барады. Отқа
төніп кеп іскектегі етке қолын соза беруі-ақ мұң екен, оның
төбесінен тағы да жай түсіп, бірдеңе отты ұрып, шоғы жан-
жаққа ұшты.
Енді еркектің де зәре-құты қалмады, жан даусы шыға
бақырып бауырға барып не істерін білмей тұрған әйелі мен
балаларына қарай жүгірді. Еркектің қашып келе жатқанын
көрісімен олар да бұта арасына сіңіп жоқ болды.

197
–  Бұлар  енді  көпке  дейін  келе  қоймас,  –  деді  отқа
жарқыншақ оқтың бірін жіберген Горохов. – Бұдан былай
бұл ағаш мәңгі сиқырланған боп қалады.
Онкилон көзінен жас аққанша қарқылдады. Горюнов та
күлді. Үшеуі де дереу ағаштан түсіп, мылтықты кеп алды,
онкилон  алдын  ала  ұяны  өртеп,  шоқпар  мен  найзаларды
төмендегі отқа тастады, Горохов болса іскектегі етті ағаштың
шоғырмағына қадап, жылқының санын теректің түбіне сүйреп
әкелді де, сүйектердің арасынан адамның бас сүйегін тауып
алып жіліктің басына кигізді, сосын көздің орнына бір-бір
көмір қыстырып, төбесіне вампулардың пышақ орнына ұстап
ет кесетін шақпақ тасын қойды.
– Қайтып келердей болса, олар осының бәрі қайдағы бір
сиқырдың күші деп ішегін ішіне тартары хақ, – деді ол. –
Және мылтық үнінен бұрынғыдан да бетер қорқатын болады.
Мамонттар  алқабына  қайтып  оралған  қылжақбастар
жасақты өздеріне көмекке жиналып жатқан әбігердің үстінде
көрді. Бірінші, екінші атылған мылтық даусын есіткен Ордин
мен Костяков бұлар вампулардьң шабуылына ұшыраған екен
деп, ет мүшелеп жатқан онкилондарды тік көтеріпті. Қандай
гәп болғанын білгенде мылтық оқиғасына барлығы ду күлді.
Алаңқайда от жағылып, Аннуир ас әзірлеп жүр: мамонттың
тұмсығы тамаша тәтті тағам болды, ал қой етінен жасаған
бифштекс отта аз жатқаннан ба, қатқыл пісті. Алайда кейін
бұл тағамдарды қанша қайталасаң да ет жетерлік еді.
Мамонттың  терісі  мен  азуын,  етін  арқалаған  аңшылар
ертеңіне тура Амнундактың тұрағына тартып, оған кешкісін
бір-ақ жетті.
Онкилондардың көсемі жойылып кеткен жатжерліктерді
іздеуге үлкен экспедиция сайлап қойған екен. Бұрын-соңды
мұндай  күшті  болмаған жер  сілкіну  онкилондарды  қатты
қорқытыпты.  Кейбір  жөртөледе  төбеге  жайған  сырғауыл
ашаның басынан шығып кетіп, шым құлап ұйқыдағы бірнеше
баланы басып қап, біраз адамды жаралапты. Үйінен атып

198
шыққан  үрейлі онкилондар  ағаштардың  теңселгенін  көріп,
жардан гүрс те гүрс құлаған тастардың дүңгірін естіп, жерге
аяқ басып тұрайын десе тұра алмай, құлай береді. Содан соң
бұл арада тіпті қариялар көріп білмеген құбылыс – нажағай
шатырлап,  шелектеп  жауған  жаңбыр  жертөлеге  оралуға
батпаған адамдарды малмандай су етіп, есікті шайып кеткен,
су төсек-орын мен киімдерді бүлдірген.
Бұл  апатты  жақындағы  вампулардың  шабуылымен
салыстыра  келіп  онкилондар  ақ  адамдардың  келуіне
байланысты бабалары  болжап айтып  кеткен бақытсыздық
шынымен басталды деп ойлайды. Ал ол адамдардың қайда
жүргені  белгісіз,  келер-келмесі  екіталай,  жер  астынан
шыққандай жалт етіп еді, солай жоқ болмасына кім кепіл.
Барабан белгісімен шеткі тұрақтан шыққан жасақ Мыңтүтін
алқабынан ешкімді және таппай келді, оған Амнундак қатты
абыржып, із-түссіз кеткендерді енді вампулар иелігінен іздеу
керек, бүкіл жауынгерлерді ол сол үшін жинап жатыр еді.
Жоғалып  кеткендердің  қайтып  оралуы  бәрінің  де  көңілін
орнына түсіріп, мамонттың терісі мен азуы, еті тұтас тайпаның
қуанышын қойнына сыйғызбады.
Жиһангездердің ойластырып салған жақсы жертөлесі жер
сілкінуден тіпті бүлінбепті де, сондықтан онда өз үйін жөндеп
біткенше  көсем  тұқымының  тең  жарымы  екі  күн  қонып
шықты.
ҚАСИЕТТІ КӨЛ
Қиын-қыстау  күндері  онкилондарды  тастап  кетпеген
жатжерліктердің аман-есен оралуы құрметіне қасиетті көлдің
басында құдайы құрмалдық берілуі тиіс деді Амнундакқа
бақсы. Жиһангездер бұл көлге ойпаттың бүкіл суы құятынын
сұрап біліп, оның қайда кетіп жатқанына көз жеткізуге жағдай
жасайтын  мына  оқиғаға  қуанып  қалды.  Құрмалдық  олар
келген соң екі күннен кейін белгіленді.

199
Басы  Амнундак  болып  бар  рудың  жауынгерлері  мен
жиһангездер таң ала қарақтан түстік-батысқа тартты; жасақтың
соңында құрбандық ақ бұғыны жетелеп, оның екі жағында
бақсы  мен  шәкірті  даңғыра  қағып,  жол  бойы  дұға  оқып
келді. Екі алаңқай мен аралық ормандардан өтіп, екі сағаттың
шамасында ойпаттың ең шетіне орналасқан кішігірім көлге
де жетті. Оның екі жақ жағасы қара базальт құздың үлкенді-
кішілі қой тастары арасынан сылдырап келіп көлге су ағып
жатыр,  ал  қалған  екі  жақта  тура  көлдің  өзінен  аңғардың
биіктігі жүздеген метр базальт жары тік көтеріліп, соның
шыңы мен аспанның бір пұшпағының суреті айдын айнасына
түсіп тұр. Осынау терең шыңырауға жазда ғана сәске түсте
күн терістік-шығыста тұрғанда бір-екі сағат түседі де, кейін
көл ұдайы көлеңкеде тұрады. Биіктігіне бас айналар қап-
қара құздар, жағаның қап-қара кемері, қап-қара су – бәрі-
бәрі қосылып көңілді құлазытып жіберді, онкилондардың
көлді қасиетті деп жүргені де осынысынан болса керек.
Судың шетінде басқа жартастардан биігірек тұрған біртегіс
тақта тас құрмалдық шалатын жер екен, бақсы шәкіртін алып
соған шықты. Амнундак, жиһангездер мен жауынгерлер сол
тақта тасты жарты шеңбер жасап айнала тұрды. Даңғырасын
алып бақсы оны баяу қаға бастады, төніп тұрған құздардың
жаңғыртуымен көлдің екінші бетін күмбірлеген кеп үн кеулеп
кетті. Жаңғырықтың не екенін білмейтін онкилондар оны үн
қатып жатқан рухтар деп түсінді. Тәуеп етіп болып бақсы
халцедоннан жасаған мұқият қайралған қысқа өткір пышағын
суырды. Сабы сүйек, бұрандамен безендірілген бұл пышақ
сыртқы түріне қарағанда қанжар тәрізді және ылғи осындай
қанды құрбандыққа ғана ұсталады. Шәкірт бұғыны мүйізінен
ұстап  басып,  басын  жерге  тұқыртты  да,  бақсы  желкеден
қатты соғып, сылқ еткізді. Өлген бұғының үстінде тағы да
даңғыра қағылып, дүңгірлей жөнелді, сөйткенше болған жоқ,
екі онкилон төрт қу бөренеден құрған жеңіл сал алып кеп
тақта  тастың  шетінен  суға  түсірді.  Оған  онкилондардың

200
көмегімен  шәкірт  бұғыны  салып,  жағадан  итеріп  жіберді.
Бақсы даңғырасын қағып, ерні жыбырлап, күбірлеп, сыбырлап
дұға оқумен болды, бірақ бір дыбыс сыртқа шыққан жоқ,
себебі  қасистті  көлдің  жағасында  қатты  сөйлеу  күпірлік
көрінеді.
Білінбейтін бір ағынмен сал баяу ғана көл ортасына сырғып
барады. Ақыры ол жардың етегіне де қалқып барып, бір
орнында шыр көбелек айнала бастады.
Көсем мен жауынгерлер үн-түнсіз салға телмірген де қалған.
Кенет қап-қара толқыннан қатты шу шығып, көл шайқалғандай
болды да, салдың маңынан бейнебір алып бірдеңе тереңнен
суды жұтып жатқандай ойыс шұңқыр шыға келді. Шұңқыр
бірте-бірте тереңдеп, шуыл күшейіп, пысылдап, иірімде шыр
айналған сал тереңге тартқан сумен толқынға көміліп жоқ
болды,  бөренелердің басы,  бұғының мүйізі бір жалт етіп,
шұңқыр жабылды да қалды. Бірер минут сол жерде иірім
дөңгеленіп  тұрып  ғайып  болды  да,  айдын  айнасы  қайта
қалпына келіп, көл түк көрмегендей көрермендер алдында
бәз қалпынша тұнжырады да жатты.
Сал қара суға шым батып кеткенде ғана даңғыра қағуын
тоқтатқан бақсы үні жарықшақтанып сыбырлай сөйледі.
– Қасиетті су құрмалдығымызды қабыл алды!
 Көлге қайта тағзым етіп ол тақта тастан түсті де, жасақ
келген  жолымен  кері  тартты.  Жиһангездер  де  енді  пікір
алмасуға  мүмкіндік  алды.  Ойпаттың  суы  қайда  кетіп
жатқанын көл көз алдына жайып салды. Бар су бірте-бірте
осы араға жиналып, бірден теңізге барып құятын жер асты
каналына сарқады екен.
– Бұл көлді қалайша қасиетті санайсыздар? – деп сұрады
Горюнов қайтар жолда Амнундактан.
– Бабаларымызды осы жерге бастап келген бақсы солай
депті. Көлді ол өзі тауып, жағасында рухтармен сөйлескен
екен, олар біздің жұрттың болашағын айтып беріпті. Өлерінде

201
ол өз мәйітін осы қасиетті суға жерлеуді өсиет етіпті. Содан
бері барлық бақсы осында қойылады.
– Сонда ол қалай?
– Өлген бақсыны әлгі көргеніңдей салға салып, қолына
даңғырасын, аяғына садақа-сыйлық салған тостаған, басына
құрмалдық бұғының басын қояды да, терісімен мәйітін орап
тастайды.  Жаңа  пері  жас  бақсы  тақта-тасқа  шығып  дұға
оқиды да, оған күллі жауынгер қатысады. Сал суда әрлі-
берлі жүзіп, бақсы өз жұртымен қоштасады. Сосын жаңа
көргеніңдей иірім салды шыр  айналдырып, ізінше су оны
тереңге тартып әкетеді.
– Су ештеңені сыртқа шығарып тастамай ма? Қалайша
тері, бөрене, даңғыра бәрі батып кетеді?
–  Жоқ, бәрі  де батып кетеді.  Зәуде бір су  солардың
біреуін сыртқа шығарып тастаса, бақсы рухтарға жақпай қалған
екен,  не  көзі  тірісінде  бір  ерсі  қылық  жасаған  екен  деп
білеміз.
– Бақсы қыста өлсе қайтесіздер? Көл қатып қалады ғой.
– Қасиетті көл қатпайды – жағаның жартастарында қар
жатқанымен, су мұз құрсанбайды.
Горюнов бұл құбылысты мезгіл-мезгіл судың жер астына
обылып тұратынынан деп білді, сол об қаймақтана бастаған
мұзды да сумен бірге жұтып отыратыны сөзсіз.
Келген  соң  бір  ай  дерлік  жиһангездер  қия  басып
жертөлесінен ешқайда шыққан жоқ, себебі Амнундак қайтып
олардың алысқа саяхат жасауына келісім бермеді. Олар тек
тақау алаңқайлар мен ормандарды аралап, жануарлар өмірін,
өсімдік  дүниесінің  дамуын  барлады,  аңға  шығып,  суасты
омыртқалыларымен жақын танысу үшін көлдерден балық
аулады,  бірақ  бәрінде  де  жанына  бірнеше  жауынгер  еріп
жүрді. Оның үстіне алыс саяхатқа ауа райы да жібермеді:
Санников жерінде жаздың алғашқы айы аса жауын-шашынды
болып, аспанды әлсін-әлсін бұлт торлап, ертелі-кеш сілбіреп
жаңбыр жауды да тұрды. Алайда жауынды күндер де оларды

202
зеріктірген  жоқ, бес  жас  келіншек  жертөлені кепілді  дуға
бөледі.  Келіншектермен  әңгіме-дүкен  құрып,  ұдайы
сұқбаттасып  отыруы  олардың  онкилондар  тілін  меңгеруін
тездетіп, емін-еркін сөйлесуіне, сөйтіп бұл жұрттың әдет-
ғұрпы,  тұрмыс  салты,  нанымы  жайында  бай  мағлұмат
жинауына жағдай жасады.
Бұл  тайпаның  жазбасы  болмаған,  бірақ  ауызша  аңыз-
әңгімелері мен ертегілері, жазып алса, көп екен. Тілді едәуір
игергеннен  кейін  жиһангездер  осы  мақсатпен  қарияларды
шақыртып  алып,  кейде  оларға  өздері  барып  әңгімелесіп
отырды. Жиһангездерді, сондай-ақ тайпаның діни нанымы
қызықтырған еді, осы орайда оларға дін ұстаушы ретінде
көп  мағлұмат  беретін  бақсы  ат-тонын  ала  қашып,  әңгіме
айтудан бас тартты, жалпы ол жателдіктерге жасырын бір
өшпенділік  сақтап,  сенімсіз  көзбен  қарады.  Дінге
онкилондардың өз көзқарасы да күңгірт, олардың аспандағы,
әуедегі,  бұлттағы,  жұлдыздағы,  судағы,  топырақтағы
қайырымды,  қайырымсыз  рухтарға  сенімінің  өзі  қарама-
қайшы.
Баяғысынша қардың ортасында иттермен жападан-жалғыз
тұрып, қысқа отын қамдап, ет қақтап, аңшылықпен күн кешіп
жатқан Никифоровқа екі жиһангездің ғана бір айда бір-ақ
рет барып, амандығын біліп қайтуына мүмкіндік болды. Тақа
бір  қажет  болып  қалса,  онан  хабар  алып  келуі  үшін
Никифоровқа  Белуханы  тастап,  Пеструханы  алып  кетті,
керегінде екеуі де хат тасушы орнына жүре алады. Ал зәуде
бір қатер төне қалса, ол күртіктен жоғары жақпарға от жағуы
керек, оның түтіні онкилондар тұрағынан анық көрінеді.
Санников жерінде қыстауға бел байлаған соң жиһангез-
дердің онкилондардан ойпаттың қысы жайында сұрастыруы
табиғи да. Олардың айтуынша, қыркүйектің басынан-ақ ай-
түйге қаратпай қыс түседі: түстік жақтан сәл ғана көтеріліп,

203
ойпатқа  күн  алты-жеті  сағат  қана  жарық  болып  тұрады.
Жапырақ сарғайып, жедел түсіп қалады. Онкилондар қысқа
отын дайындап алуға жанталасады. Күн жиі бұзылып, ауық-
ауық қар жауады. Қазанның  басынан бастап ойпатқа күн
мүлдем  түспейді,  бірақ  түске  қарай  бірнеше  сағат  жарық
болады. Жел түстіктен тұрса,  қар ұйытқытып, терістіктен
жауын және тұман әкеледі. Онкилондар қыстың қамымен
соңғы аңшылық кәсібін жасап, ет қорлайды. Қазан айының
ортасынан бастап күн атымен жоқ, тек бірер сағат қана іңір
болады,  жауын-шашын  жиілеп,  жертөледен  ошақ  етіп
шығартпайды. Қарашаның басынан қаңтардың аяғына дейін
поляр түні басып, аспан ашықта ай сәулесі мен онкилондар
аруақтардың жан алауы санайтын солтүстік шұғыласы ғана
жарық түсіреді. Бұл тұста түстік желі – аяз бен ашық ауа
райын, ал батыс пен шығыстан соққаны – ызғырық боран,
теріскейден тұрғаны жаңбыр мен шуақ әкеледі. (Осыларды
жазып алып Горюнов былай деп қосып қойды: қыстағы бұл
жылылықтың ойпаттың терістік бөлігіндегі қайнаған көлдер
мен  фумаролдардан  тарап  жатқаны  айдан  анық).  Соның
арқасында қар көп тұрмай, бұғылар мен жабайы жануарлар
азығын алаңқайлардан тебіндеп табады. Көбіне қар аңғарларда
жартастардың астына іркіліп, көктем кемеліне келгенше ерімей
жатады. Осынау қараңғы үш ай онкилондар үшін ең көңілсіз
шақ: боранда да, жаңбырда да бұра баспай жертөледе отыру
керек. Айлы түндері аңға да шығады, көбіне бұғыларға тиіп,
маза бермейтін қасқырларды аулайды.
Ақпанның басында түстік жақта сәуле пайда болады, бірақ
ойпатқа күн марттың басында ғана сығалайды, күн шапшаң
ұзарып, жылына бастайды, осы айдың аяғынан-ақ көктем
қауырт  кіреді:  қар  кетіп,  қылтиып  шөп  көрінеді,  табиғат
түлеп  салып,  жанданып  жайнай  жөнеледі,  ал  сәуірдің
ортасында ормандар жасыл желек киеді.

204

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет