О19 Обручев Владимир



Pdf көрінісі
бет9/20
Дата29.01.2017
өлшемі6,9 Mb.
#2981
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20

ЖАР ТАҢДАУ ТОЙЫ
Келесі күні онкилондардың көктемнің кемел тууын, жыл
құстарының келуін, солтүстік бұғыларының бұзаулауын атап
өтетін көктем тойы болуға тиісті. Алаңқайға алакөбеден-ақ
барлық мекеннен ағылып жауынгерлер келе бастады, үйде
тек кемпір-шал, бала-шаға мен бұғы күзеткен бақташылар
ғана қалды. Келгендер орман жиектей ру-руымен жайғасып,
от жақты, әйелдер ас қамдап, ерлер жарысқа қажет қаруларын
сайлады. Бір ошақтан бір ошаққа қыдырып, жаңалықтарын
ортаға салысты.

140
Онкилондарға  жазылмыш  бақытсыздықты  жуықтатпас
үшін бірге қалуға келіскен, қолында нажағайы мен жасыны
бар  жатжерліктерді  көру  үшін  жауынгерлер  топ-тобымен
Амнундактың жертөлесіне кезек-кезек кіріп-шығып жатты.
Алғашқы күндердегідей емес, әңгіме енді еркінірек өрбитін
болды, себебі Горохов ұмыта бастаған чукча тілін есіне түсіріп,
басқалары да бірдеңе түсіне бастады. Жертөленің бұрынғы
өз тұрғындары шығып кетті де, көсемі бастаған бір ру тұтас
келіп, үйдің екі бүйірі мен босағасына жайғасты, алдыңғы
қатарға  ерлері  малдасын  құрып,  артқы  жағында  әйелдері
түрегеп тұрды. Құрметті орында отырған Амнундакқа, бақсы
мен жатжерліктерте ру көсемі өзінше тарту-таралғы әкеліп,
бұлғын  мен  түлкі  терісін,  түрлі-түсті  тастардан  жасалған
моншақ және тас балта ұсынды – соның сыбағасына қыран-
қауырсынын  алып,  өз  шашына  қыстырды.  Жалпы,
рубасыларының  жасын  шашына қадаған  осы  қауырсынын
санап білуге болады екен. Олардың кейбіреуінің шашы бурыл
тартқан,  бірақ  күш-қуаты  әлі  нығыз  сияқты,  шашындағы
жиырма-отыз қауырсынына қарап тұтас бір желпуішті көз
алдыңа келтіресің.
Жағалата сұрай отырып жиһангездер мұнда рубасылық
атақ мұрагерлікпен берілмейтінін білді:  әр ру өз адамына
батылдығы  мен  батырлығы,  аң  аулау  мен  соғыстағы
ақжолтайлығы үшін ғұмыр бойына немесе қартайып тұғырдан
түскенге дейін көсемдікті береді. Қартайып қайраты қайтқан
көсем биліктен өзі бас тартып, жаңа басшы сайлатады да,
сол  мекеннің  құрметті  адамы  болып  қала  береді.  Көсем
қазаға ұшыраған жағдайда жедел жаңасы сайланады. Сол
сияқты күллі онкилондардың көсемі деген атақ та мұрагерлік
бойынша берілмейді: оны рубасылары өз ортасынан сайлайды.
Айтқандай, бүл құрметті ғана атақ: басқа рубасылар сияқты
бұл да өз тұқымын басқарады, тек руларындағы арасы дау-
дамайды ғана шешіп, бірлесіп аң аулау, тағыларға шабуыл
жасау шараларын белгілейді. Ал дау дегеніңіз, ара-тұра бұғы

141
жайылымы мен қыз алып қашу төңірегіндегі болмаса, аса
сирек.
Жертөледе бірге тұратын әрбір ру өзінше кішігірім коммуна,
үй-орманы да, мал-мүлкі де, жиған-тергені де түгел ортақ.
Әйелдер асты бірге істеп, теріні бірлесіп илейді, киімді бірігіп
тігеді,  жеміс-жидек,  қозықұйрық  теруге  де  бас  қосып
шығады,  ерлер  де  солай:  табынды  бірге  бағып,  күзетеді,
қару-жарақты қосылып  жасайды,  аң  қағу, балық  аулауға,
тағылармен соғысқа қатар аттанады, отын-суды бір жүріп
әзірлейді.
Он тоғыз ру жатжерліктермен жүз көрісіп, жертөлесіне
кіріп-шыққан соң меймандарын Амнундак алаңқайға келгенде
бақсы данғырасын қағып, тойдың басталған белгісін берді.
Әйелдер, қыздар, жеткіншектер және  жақын мекендердің
азын-аулақ  кәрі-құртаңы  жертөленің  екі  жағына  орман
барқынын жиектей отырды. Бір шетте ерлер ру-руымен жасақ
құрып, сапқа тұрып жатыр. Екінші белгі берілісімен жасақтар
әскери би орындап бірінен соң бірі көсемнің алдынан өте
бастады,  қолдарында  найза,  садақ,  дулыға,  арқаларында
жебе толы қорамсақ. Биінің түрі найзаны лақтырып қағып
алып, садақ тартып, секіре беру, барлық жасақтағы қимыл
бірдей, сәнін келтіріп тұрған сонысы ғана. Биіктігі екі метр,
жуан теректің түбірінен ойылып, мүйізтұмсықтың көнімен
асты-үсті түгел қапталған, үстінде бірнеше тесігі бар барабанды
тоқпақпен соғады екен кеп, әскери әуенінің түрі содан шыққан
дүңгір. Бұндай барабан әр руда бар екенін соның көмегімен
жедел маңызды хабарлар телеграф сияқты тайпаға әп-сәтте
тарайтынын жиһангездер енді білді. Барабанның қатты күңгірт
үні бірнеше шақырым жерге жетеді.
Би кезінде жиһангездерге онкилондардың әскери күшін
санап  білуге мүмкіндік  туды, олар  төрт жүз  – төрт  жүз
елудің аралығында екен, әр руда жиырма-отыздан жауынгер
бар. Бақташылар мен кемпір-шал қатын-қалаш, бала-шағаны
қосқанда тайпада мың екі жүз – мың жарым адам болып

142
шығады, бұл Амнундактың бастапқы сөзі бойынша әр руда
жиырма-отыз  жан  бар  деген  сөзімен  санағандағыдан
әлдеқайда көп, бақса ол тек жауынгерлерді ғана айтқан екен,
қалғандарының санын тіпті білмесе керек.
 Іле биден кейін найза лақтыру мен садақтан ату жөнінен
жарыс  басталды.  Найза  лақтыру  үшін  алдымен  биік  екі
қазыққа ұзын қайыс арқан керді. Оған қырық қадам жерге
келіп бір ру бір рудан кейін қатар түзеп, бүкіл жауынгерлер
арқаннан асыратындай етіп бір-бірден найза лақтырды. Үш
рубасыдан тұратын төрешілер алқасы межеден асқан, аспаған
найзаларды түгел санап шықты. Найзалары арқаннан ең көп
асқан ру жеңімпаз деп танылды. Садақтан ату жөніндегі
жарысты бастар алдында найза ұшына жабайы жылқының
терісін  ілді,  жон  арқадағы  қара  жолақ  нысана  болып
белгіленді. Әр ру нысанадан елу метр қатар түзіп, жауынгерлер
бір-бір оқтан шығарды. Қара жолаққа тиген жебе ғана есепке
алынып,  көп  тигізген  ру  жеңімпаз  деп  танылды.  Оның
құрметіне барабан гүрс-гүрс қағылып, көрермендер айғайлап
қошемет көрсетті.
Сонан кейін күрес басталды. Екі рудан кезектесіп бірдей
адам бөліп, қарама-қарсы сап құрды; одан екі-екі адамнан
шығып белдеседі де, барабан бес-он мәрте біркелкі қағылғанша
бірінің жамбасын бірі жерге тигізеді. Тағы да қай жығысы
кем ру жеңімпаз саналады. Күрес біткеннен кейін төрешілер
алқасы жарыстың түр-түрі бойынша жеңіп шыққан рулардың
атын Амнундакқа хабарлады, сосын барлық рубасыларымен
бірге  жинаған  ұпайына қарай  рулардың  орнын  анықтады.
Осыдан соң рулар дөңгелене сап құрып, ортасына Амнундак
шықты да, әлгі орындарды жариялады. Алдыңғы он орынға
ие  болған  рулар  айғай-қиқу  салып  мәз  боп  қалды  да,
қалғандары ұялып жерге қарады. Көсем өз орнына оралғасын
рулар әскери биді қайта бастады, бұл жолы жеңгендері алға
шығып, жеңілгендері артқа ысырылды, ал көрермендер тек
алдыңғыларға ғана қошемет көрсетті. Жеңіліс тапқандар енді

143
бір жылдаң соң ғана қарымта қайтара алады, сондықтан бұл
жарыс  жауынгерлердің  ұдайы  жаттығып,  денесін
шынықтыруын, әскери рухын биік ұстауын талап етеді.
Әйелдер ет қуырып, сорпа мен шелпек пісіріп қойған еді,
онкилондар биден кейін көлеңкеге отырып, асқа бас қойды.
Рубасылар меймандармен бірге Амнундактың жертөлесіне
жиналды, олар ас үстінде де жарыстың нәтижесін талқылап,
жеңілгендер сәтсіздігінің себебін айтып, ақталып жатты. Бәрі
де түскі астан кейін жатжерліктердің нажағай мен жасынын
көрсетуін өтінді.
Екі сағаттан кейін жас жігіттерді жар таңдау жарысына
шақырып, барабан қайта дүмпілдеді. Бойдақ жауынгерлер
әр руда екі-үштен ғана екен, енді олар ру-ру болып емес,
түгел қосылды жарысқа. Әуелі найза лақтыру қайталанды,
өз кезегімен әркім үш найзадан лақтырды: содан сон садақ
тарту басталды, әркім үш жебеден атты. Төрешілер тәртіпті
бақылап, тигізгендерді белгілеп тұрды, содан соң нәтижесіне
қарай жеңімпаздар реті айқындалды. Егер бір орынға екі,
үш  адам  бірдей  ілігетін  болса,  жеңімпаз  белдесіп  ұстасу
арқылы анықталды. Ақыр аяғында реті де айқындалды, сол
тәртіппен  сапқа  тізілгенде  үміткерлер  қырық  жеті  болып
шықты.
Барабанның жаңа дабылымен көрермендер арасынан жасы
жетіп, жар таңдауға жарап қалған қыздар көтерілді. Үйдегідей
үстіне не болса соны іле салмай, әйелдерге ұқсап олар да
тойға қызыл-жасыл жіңішке таспамен кестеленген жеңіл тері
шалбар мен кеудеше және торбас киіп келіпті. Бұрымдарын
гүлмен безеп, басына шеңбер-гүл киіп алыпты. Бірақ көрімге
келгенде олар киімін сыпырып тастап, жас жауынгерлерге
өрнек-таңбасының  әсемдігін,  сымбат-мүсінінің  мінсіздігін
көрсету  үшін  жалғыз  ғана  белдемшемен  шықты.  Олар
рубасылары отырған көсем үйінің қарсысына келіп сап түзеді.
Амнундак орнынан тұрып былай деді:

144
– Қыздар, бізге тәңірінің жаушысы болып қолында нажағай
мен  жасыны  бар  ақ  адамдар  келгенін  есіттіңдер  ғой.
Бабаларымыз айтып кеткен бақытсыздықтан онкилондарды
сақтау үшін олар бізбен бірге тұрмаққа келісті. Ештеңеден
мұқтаждық көрмесі үшін біз оларға баспана, азық-түлік және
жар-жолдас  тауып  беруіміз  керек.  Бұлар  қалыңдықты
сендердің  ортаңнан  таңдайды.  Қалауы  қайсыңа  түссе  де,
ризалық беріңдер. Мен сөйлеп болдым.
Бұл сөзге қыздар қайран қалған жоқ, себебі мұндай хабар
мекен-тұрақтарға  бұрын-ақ  тараған.  Төртеуіне  жары  болу
бұйырып тұрған қыздар тойға келе-ақ, жатжерліктерге ынтыға
қарап,  көз  айырмай  қойған.  Дегенмен  кейбір  қыздардың
жас  жауынгерлер  арасында  сүйіп,  көңіл  қосқандары  да
болатын, олар қонақтардың таңдауы түсе қоймас деп жұбатты
өздерін. Сондықтан Амнундактың сөзіне қыздар қатарынан
бірауызды жауап қайтты:
– Таңдаса таңдасын, біз бәріміз де ризамыз!
– Мына аралдағы жағдайымыз аяқ астынан қиындайын
деді-ау, – деп дал болды Ордин. – Әйел алып онкилондарға
байланып қалатын болдық. Не істейміз?
– Меніңше, онкилондарды ренжітіп алмас үшін көңілін
жықпай, достық қарым-қатынасымызды үзбеуіміз керек, –
деді Горюнов.
–  Сонда  шынымен-ақ  таңдап  қыз  аламыз  ба?  –  деп
аңтарылды Костяков.
– Біз былай жасаймыз, – деді Горюнов. – Бұларға біздің
елде үйленетін жігіт пен күйеуге шығуға келіскен қыз бірімен-
бірі жақын танысуы керек, сондықтан олар жарты жылдай
немесе  бір  жылдай  бір  түндікте  бірге  тұруы  керек,  сол
мерзімнің  ішінде  олар  бір-бірін  етене  жақын  біліп,  ортақ
өмірін ұнатса, үйленуіне болады дейік.
– Тамаша! Міне, мынауыңыз табылған ақыл! – деп қуанып
кетті Ордин. – Осы ұсынысты енді көсемге айтып, біз өз
еліміздің дәстүрі бойынша таңдаймыз қалыңдықты дейік.

145
Жиһангездердің  қалай  шешкенін  Горохов  Амнундакқа
жеткізді  де,  ол  келіскен  сыңай  танытып, оны  сөзімен  де
білдірді:
– Ақ адамдар, мен сендердің қалауыңа келешекте жар
боп ұнайтын қыздарды тартамын.
Жиһангездер  орнынан қымсына  көтерілді,  қысылмасқа
да жөн жоқ: қарсы алдында қылымсып, құлын мүшелі елу
қыз қатар түзеп тұр, дені үріп ауызға салғандай, таңдау да
оңайға түсер емес. Амнундакка еріп, олар әуелі сапты сүзіп
шықты, сұлуларының алдына келгенде әрқайсысы-ақ бір-бір
толқып алды. Бірден таңдап үлгерген Горохов қана болды.
Ол қу орта бойлы бір қызды анадайдан көздеп тұр екен,
жанына жетіп барып:
– Мен осыны қалаймын! – деп қолын созды.
 Жүзін қолымен жауып сықылықтаған қыз саптан шығып,
Гороховтың қасына кеп тұрды. Таңдау бірінші түскен қыз
сол болды да, құрметіне барабан соғылды.
Қалғандары саптың шетіне шыққанымен ешқайсысын түстеп
көрсетпеді. Бұған қайран қалған Амнундак:
–  Ақ  адамдарға  біреуі  ғана  ұнағандай  біздің  қыздар
шетінен ұсқынсыз болғаны ма? – деп сұрады.
– Жоқ, қайта қарап тұрғандай сұлулары тіпті көп, – деді
Горюнов, – сондықтан таңдау қиын соғып тұр. Оның үстіне
біз таңдайтын қыз өз қалауымен емес, сенің бұйрығыңмен
разылық  береді-ау  деп  қорқамыз.  Бізде  ерлері  алдымен
жар етуге таңдаған қызының келісімін алады.
–  Ә-ә,  демек,  сендерді  алдымен  қыздың  таңдағанын
қалайды  екенсіңдер  ғой.  Онда,  жақсы!  Таңдауға
құлықтыларын қазір түгел шақырайын. Ал, қыздар, мына ақ
адамдар сендер шетінен сұлу деп таңдауға жүрексініп тұр.
Олай болса, ақ адамға жар болуды қалайтын қыздар алға
шықсын.

146
Қыздар арасынан әзіл-күлкі естілді, кейбіреулері бірден
алға  шығуға  батпай,  салмағын  бір  аяғынан  екіншісіне
ауыстырып тапыршып қалды.
– Ал не тұрыс! – деп дауыстады Амнундак. – Сонда
ешқайсыңның да қонақтарға косақ болғыларың келмегені ме?
Ашуланып олар онда кетіп қалуы кәдік. Өйтсе біздің жұрт
бақытсыздыққа тап болады.
Осы сөз әсер етті де, қыздардың жартысынан астамы
жайнаң қағып алға шықты.
Сол  қарбаласты  пайдаланып  жиһангездер  қалағанын
көрсетіп  те  үлгерді.  Горюнов пен  Ордин  жертөледе бірге
тұрғаннан-ақ көзі түскен көсем руының қыздарын таңдады,
ал  Костяков  көзін  ойнақшытып  өзінен  айырмаған  құлын
мүшелі, қылықты қараторы қызды қалады.
– Бұл таңдау бітті, – деді дауыстап Амнундак. – Ендігі
кезек онкилон жауынгерлерінікі.
Қалаған қыздарын ертіп кейін ысырылған жиһангездермен
бірге көсем де өз орнына оралды. Қыздар киінуге рұқсат
алып,  әйелдердің  құттықтау  қошеметінің  қанатында  өз
руларына  жүгіріп  кетті  де,  ізінше  қалап  қосылған
жатжерліктермен қатар құрметті орынға отыру үшін қайтып
келді.
Қыздардың қалғаны қатарын қайта түзді. Барабан қайта
дүңгірледі. Қиғашырақ тұрған жас жауынгерлердің арасынан
жарыста бірінші орын алған біреуі шықты да, асықпай-саспай
қыздар қатарын жағалай бастады. Оны әзіл-күлкімен қарсы
алып, тіпті әр қыз дерлік «Мені алшы, мені!» деп жанықты,
себебі жас жауынгерлердің маңдайалдысының жары болу
арман  ғой,  сондықтан  бойжеткендер  оны  ашық  айтудан
жалтарған  жоқ.  Оларға  жігіт  те  әзілмен  жауап  беріп,
әрқайсысына әр алуан сылтау тапты: «Сен тым сұлусың»
(сиықсызына), – деді біреуіне, «сен бүкірсің» (оқтай тіп-
тікесіне), – деді екіншісіне, келесісіне: «көзің қитар» деді,

147
«тісің кетік» деді – не керек, бәрін ыза ғып, көпті күлкіге
батырды.
Сапты сүзіп келіп ол мен мұндаламай, жанарын төмен
салып тұрған бір қыздың қарсы алдына кеп иығынан қағып
қалды да: «Сен маған ұнайсың!» деді. Дір ете қалған қыз
саптан атып шығып тұра жүгірді, алаңқайда оқтай зулаған
оның соңынан жігіт тартты.
– Мұнысы қалай? – деп Амнундакқа қарады Горюнов.
– Қалап алған келіншегі онан неге қашады? Әлде ол жігітті
ұнатпай ма?
– Ғұрпымыз осындай. Қыз таңдаған жігіт қуып жетіп
ұстап алса ғана оны жар етеді.
– Жарыстың жаңа бір түрі де! – деді Ордин.
– Жоқ, бұл – дәстүр, – деп ежіктеді көсем, – және аса
ақылды әдет: қыз желең – жүгіру жеңіл, ал жігіт киімімен,
қолында  қаруы  бар  –  қорбаңдап  жүгіру  оңай  емес.  Қыз
қаламаса, оны қуып жететіндер некен-саяқ. Таңдаған жігіт
ұнамаса, иә басқа сүйгені болса, қыз өлсе де жеткізбейді.
– Бәрінен бұрын мынасы тамаша екен! – деді Ордин
жолдастарына, сосын көсемге қарап:– Сонда қалай, қызды
қуып жете алмаған жауынгер әйелсіз қалуы керек пе? – деп
сұрады.
– Жок, ол әйтеуір біреуін қуып жетіп ұстағанша таңдай
береді.
—  Қыз қанша уақыт қашқалақтауы керек, бір күн бе?
– Жоқ, әлгі әскери би шеңберімен бір ғана айналуы керек.
Әне, қараңдар, ол ұстап та алды!
Шынында да, жаңағы жауынгер ұстаған қызын бұрымынан
жетелеп келеді де, бикеш жұртқа көз ғып жігітті қолынан
ұрған болады. Әйелдер мен қалған қыздар мұны қалжыңдаса
құттықтап жатыр. Көрім жерге келіп, жауынгер мен қыз бір
шетте қатар тұрды.
Барабан тағы да дүмпілдеді. Екінші жігіт те қыздарға
тақалды.  Жеңімпаздардың  екіншісі  болғандықтан  бірінші

148
сияқты, бұған да ынтығушылар көп еді. Алайда ол сапты
сабырмен шолып бара жатып, ләм-мим деп үн қатқан жоқ.
Саптың шетіне шықты да ол қыздардың зығырданын қайнатып
ыза ғып кері оралды.
–  Ол  қашанға  дейін  таңдай  алады?  –  деп  сұрады
Костяков.
– Сапты үш қайтара сүзуіне болады, одан әрі жол жоқ,
– деп жауап қатты Амнундак. – Бұл жаужүрек батыл аңшы,
қыздарды қасақана ыза қылғысы келіп жүр. Қараңдаршы,
қыздардың қалай ашу шақырғанын!
Расында да, жауынгер екінші жолы да ешқайсысын атаған
жоқ. Қыздар ыза боп, «мені ал!» деудің орнына, бет-аузын
қисайтып оны келекелей бастады: «Тайып тұрсаң да жарайды!
Бар,  вампуларға  бар,  сабалақ  әйел  ал!  Түксіз  қыз  саған
ұнамас!» деп те салды. Келеке-күлкіге бір де мән бермей,
жауынгер үшінші жолы да маңғаздана басып, үнсіз өтіп бара
жатты  да  жалт  бұрылып,  соңғы  қыздардың  бірінің
жауырынына  салып  қалды.  Қыз  қапелімде  абдырап  қап,
атып шыққанымен, зымырап кете алмай жиырма қадамнан
соң-ақ жігіттің қолына түсті.
– Қуын қарай гөр! – деп басын шайқады Горохов. –
Жүгіре алмасын деп әдейі олардың дегбірін алды.
– Міне, бұл табылған ақыл! – деп күлді Костяков. –
Бұлай өзін менсінбейтін қызды да қолға түсіреді ғой.
–  Бұл  жолы  өзі  де  солай  болды  ма  деймін,  –  деді
Ордин.
–  Қараңдаршы,  ол  алдындағы  қыздай  көз  ғып
қарсыласпайды, бірақ қуанбайды да.
Қалғандардың әзіл-қалжыңына жауап қатпай, иіні түсіп
қыз жауынгердің соңынан еріп барады.
–  Өзіңнен  көр,  ашық  ауыз  болмау  керек  еді,  –  деді
Горохов.
Үшінші  жауынгер  саптың  алдындағы  қыздардың  бірін
тандады. Онысы тіпті жүйрік екен, алғаш қарасын көрсетпей
кетті де, айналымның ақырына келгенде сүрініп кетіп, көптің

149
көзінің сұғына  орай көк шөпке  серең ете қалды, орнынан
енді атып тұрайын дегенде бұрымы жігіттің уысына түсті.
Ол оны мардамсып жетелей жөнелді, Шамасы, қыз қасақана
құлаған, бұл да келісімнің бір түрі болса керек.
Төртінші  жауынгер  қыздардың  қасынан  үш  рет  өтті,
ешкімді қаламай, көсемнің алдына кеп басын иді.
– Сенің үйленгің келмей ме? – деп сұрады таңданған
Амнундак.
– Жоқ, ұлы көсем! Бірақ біздің көрші мекенде бір жас
жесір бар, маған сол ұнайды, әйелдікке соны берсеңіз екен.
Ол да қосылуға разы.
Жесірдің  рубасысы  жігіт  сөзін  растады  да,  Амнундак
келісім берді.
Бесінші  жауынгерге  екі  рет  жүгіруге  тура  келді,  себебі
алғаш таңдаған қызы ұстатпай кетті, екіншісі бірден маған
көз салмаған жазығың үшін деп, оны әбден әурелеп, шеңберді
толық айналып, тек ақтық қадамда ғана қалжыраған болып
тоқтай  қалды.  Алтыншы  жігіт  бесіншіге  ұстатпай  кеткен
қызды таңдап еді, ол жарты шеңберге жетпей-ақ қолға түсті.
Қасынан өтіп бара жатқанда қыздар оған қалжыңдап: «Ей,
желаяқ, қалайша шапшаң қалжырай қалдың!»деп айғайлады.
Осылай әр-алуан амалмен таңдау жалғаса берді, қыздар
қатары  сирей  түсті.  Сан  сағатқа  созылған  бұл  ойын
көрермендерін  де,  қатысушыларын  да  жалықтырған  жоқ.
Қыздар аяғынан тік тұрғанына көп болса да, оңайлықпен
беріспеді, жүгіргенде желдей есті. Кейбір жауынгерлерге екі
рет, тіпті біреуіне үш рет жүгіруге тура келді. Соңына қарай
қыздар санаулы ғана қалып, таңдау тездеді.
Үш жауынгерден қашып құтылған ең ақырғы қыз, жұртты
аң-таң етіп, соңғы жігітке де ұстатпай кетті. Шақыртумен
келген оған көсем:
– Күйеуді қаламайтының не сенің? – деп сынай қарады.
– Тайпаны жаңа жауынгерлермен толықтыру үшін әр қыз

150
жар  болуы  керек.  Сен  болсаң  табаны  күректей  төртеуінің
меселін шақтың. Бұны не деп білмек керек?
–  Жақсы  жауынгерлер  қараған  жоқ,  жаманын  мен
қаламаймын, – деп қыз өзін тәкаппар ұстап жауап берді.
– Сонда қалай, келесі көктемді күтпексің бе?
–  Мен мына  ақ адамға  жар  болсам деп  едім, –  деп
ойламаған жерден бір-ақ қойды тәкаппар қыз таң-тамаша
болған Ординді нұсқап.
–  Таңдауын  алды  ғой  ол,  –  деп  жақтырмай  қалды
Амнундак.
– Бұл ұлы көсем, екі әйел алуына болады, – деп қыз да
қаймығар емес. – Мен мұны сенің сөзің қамшы боп қалаған
едім, бұл басқаны тандады. Ендеше, мен екінші әйелі болайын.
Қыздың табандылығы мен тәкаппарлығы ұнап кетті де,
Ордин  ынғайсызданса  да  разылығын  берді.  Қыз  киіміне
жүгіріп барып кеп, оның қасына қатар отырды.
Жас жұбайлар сап түзеп барабан даңғырымен шеру тартып
Амнундак  пен  рубасылардың  алдынан  өтті;  күйеуге
шыққанының белгісі етіп қыздар осы екі ортада төрт бұрымын
екеу етіп қайта өріп ала қойған. Олар өткенде қалыңдықсыз
қалған жалғыз жауынгер жұрттың арасына кіріп жоқ болды,
ол жазғанға жарды тағы да жыл он екі ай күту керек.
Жиһангездердің  нажағайы мен  жасынын  онкилондарға
көрсететін де кез келді. Тәуір нысана табылмаған соң жылқы
терісін  әкеп  тағы  ілді.  Онкилондарды  айран-асыр  етіп
атқыштар  нысанадан  екі  жүз  қадам  тұрды,  бұл  садақ
тартушылардан төрт есе артық деген сөз. Екі бүйірден жарты
шеңбер  жасай  орналасқан  онкилондар  жатжерліктердің
жылтыр  таяққа  не  істеп,  не  қойғанын,  содан  соң  жағына
қалай төсегенін қалт жібермей қарап тұрды. Гүрс еткен үн,
бұрқ еткен түтін бәрін бір селк еткізді. Сонан соң топырлап,
бірін-бірі басып озып бәрі нысанаға қарай тұра жүгірді де,
барып бірден оқтан түскен шұрық тесіктерге саусағын тықты.
Көпшілігі таңырқап, теріні тесіп өткен оқты іздеп, алаңқайға

151
жүгірді. Өз бас киімін аспанға лақтырып, ұшып бара жатқанда
оқ  тигізген  Горюновқа  бәрі  ауыз  ашып  көз  жұмды.  Осы
кезде Ордин көзі түстік жақта орман үстінен терістікке ұшып
бара  жатқан  қаздарды  шалды.  Ол  жалма-жан  патронын
жаңартып, онкилондар нажағайыңды тағы неге көздеп тұрсың
деп сұрағанша болған жоқ, аспанға қаратып гүрс еткізді –
ортасына бір қаз сол замат топ еткенде көрермендер қиқу
салып, не істерге білмей қалды. Ақыр аяғында Амнундак
бұғыны  алып  кел деп  әмір  берді.  Ортаға алып  келіп  қоя
берген бұғы орманға қарай жалт беріп еді, жиырма қадам
жібермей Гороховтың оғы жалпасынан түсірді.
Жатжерліктердің кұдірет-күшін байқау осымен аяқталды.
Ақ адамдарға жақындығын мақтан тұтып, өздерін өр ұстаған
сүйіктілерін ертіп, олар күллі тайпанын қошеметімен Амнундак
үйіне бет алды. Алаңқайдың әр тұсында от лаулап, кешкі ас
қамдана басталған. Ас күткен ерлер мен қыздар от айналып
билеп жүр.
Кешкі астан кейін көсем жиһангездердің жаңа үйіне көшуін
өтінді.
–  Енді  бәріңнің  де  жарың  бар,  өзіміз  әрең  сыйысып
отырған біздің жертөледен жаңа үй кең де жайлы болар.
Келіншектер от жағып, ас әзірлегелі алдымен жүгіріп кетті.
Қасында көсем бар жиһангездер, күзетші қойып, өздері ру-
ру болып жерге төсеген терілерге қисая бастаған онкилондарға
қарап, алаңқайда аз аялдап қалды. Әудемнен соң Амнундак
меймандарын есікке дейін әкеп салды.
Жертөлеге кіріп ортада алаулап жанып жатқан үлкен отты
көрді.  Оның  жарығы  қабырғаға  жайылған  қарағайдың
қарамай иісі аңқып тұрған жаңа үйдің төрт бұрышына түгел
түсіп тұр. От басында үйде киер лыпасы – белдемшелерін
ғана  байлап  бес  қыз  отыр.  Қызу  әңгімесін  қалаулылары
келгенде  кілт  үзіп,  олар  оттан  кері  ысырылып  отырды.
Жертөле кісі тұратын қалыпқа кәміл келіп қапты: ашаға сүт
толы торсық, құман мен қазан ілінген, таяқтың басында жол

152
күрішкесі мен ағаш аяқтар тұр, жерде сорпа пісіретін екі ағаш
ыдыс пен ет шыжғыратын істіктер, отқа қыздырар тастар
жатыр  үйіліп. Үйдің  үш жақ  жақтауының астына  қарағай
бұтасы тасталып, үстіне бұғы терісі төселген. Кірер ауызға
тамызық отын үйіліп, су құйылған ыдыс тұр.
Кісі аузы-мұрнынан шығып, әбден ыс болған Амнундактың
жертөлесінен кейін мынау кең де таза үйде еркін тыныстаған
жиһангездер от басында отыра тұрып, темекі тартқысы келді.
От  басына  жайғасып  олар  қыздарды  шақырып,  қатар
отырғызды.  Үйреніп  үлгерген  азын-аулақ  сөздері  еркін
әңгімелесіп  кетуге  мүмкіндік  бермей,  олардың  ымдасып,
қолын шошайтып түсінісуіне тура келді. Ең алдымен олар
сүйіктілерінің  атын  біліп  алды:  Горюновтікі  –  Мату,
Костяковтікі  –  Папу,  Гороховтікі  –  Раку,  ал  Ординнің
біріншісі Анну, екіншісі және Анну болып шықты.
– Мәссаған керек  болса! – деді  ыңғайсызданып қалған
Ордин. – Екі қызды бірдей қосақтап, екеуінің де есімін
бірдей ғып беруін көрмейсің бе бұ құдайдың. Екеуі қатар
қарамауы үшін бұларды қалай атасам екен, ә?
– Анну – бірінші, Анну – екінші деп ата! – деп ақыл
қосты Горохов.
– Бұларша ол қалай болады?
–  Анну-эннен  және  Анну-нгирэк,  –  деп  жауап  берді
Горохов.
Екі Анну да келісім белгісі етіп басын изеді.
– Мұның тым ұзақ, қысқартыңқырауға болмай ма? Мен
мынаны  Аннуэн  деп  атаймын,  –  деп  Ордин  бірншісін
көрсетіп еді, ол басын иді.
– Ал сен – Аннуир! – деп екіншісінің білегінен ұстағанда
ол да келісім білдірді.
– Сіз бұларды жай ғана бірінші, екінші деп атасаңыз да
болады, түсінеді ғой бұлар, – деді Горюнов.
–  Жоқ,  неге?  Анну  деген  әдемі  есім,  ал  әлгі  нгирэк
дегеніңді сүрінбей, мүдірмей айту мүмкін емес.

153
Горохов осы сөзді аударғанда Ординнің есімдерін әсем
деп танығанына қыздар сүйсініп қалды. Олар орыс сөзіне
құмарта құлақ түріп, кейбірін түсінген де сыңай аңғартады.
«Бірер аптадан кейін ұдайы сұқбаттасу барысында бірін-бірі
толық түсінісетініне» әсіресе, орыстар жағы сенімді.
Әңгімелесе  отырып  олар  жатар  орындарын  да  бөлісті.
Кірер ауызға қарама-қарсы төргі қабырғаны жерге аласа қазық
қағып екі бөлді де, ерлер орналасты. Оң жақ, сол жақ бүйірге
шымылдық орнына тері ұстап әйелдерді жатқызды. Иелерінен
екі елі қалмайтын Крот пен Белуха кірер ауызға жайғасты.
Келіншектер отқа отын әкеп салып, орын-орындарына барып
жатты.
Жертөле іші жым-жырт.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет