16. Жаһандану үдерісіндегі экологиялық мәселелер Жаханданудағы үлкен мәселе бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, қоршаған ортаны ластау – адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкіндігі. Табиғат пен қоғамның арасындағы ахуал әсіресе ХХ ғ. күрт өзгере бастады. Оның ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін өндірісте кеңінен қолданып, соның негізінде қоғамдық-материалдық байлықты өсіріп, адамдарға жақсы жағдай жасау әрекетінен шығатыны сөзсіз. Бір жағынан, адам өз шаруашылық іс-әрекетінің нәтижелілігін күрт өсірді, оның тұрмысы жақсарды, орташа өмір ұзақтығы да біршама өсті. Екінші жағынан, тек өз қамын ойлау, табиғатты тек қана белгілі бір ресурс, шикізат ретінде пайдалану өзінің теріс салдарларын өмірге әкелмей қоймады. Табиғаттың жүйелі ұйымдасқанын ескермей, оның кейбір элементтерін өзгерту айнала қоршаған ортаның сапасын төмендете береді. Өзінің мақсаттарын іске асырудағы қоғамның алғашқы жоспарлары мен нақтылы өмірдегі өзгерістердің салдарлары жер мен көктей болып, үлкен қайшылықтарға әкеледі. Адам өз шаруашылық іс-әрекетінің алыс болашақтағы салдарларын (көбіне теріс) көп жағдайларда ескере алмайды. Тек бірнеше ғана мысал келтірейік. Соңғы 100 жылда ауадағы көмірқышқыл газдың үлесі 20%-ға дейін өсті, теледидар мен радионың дамуы жер бетіндегі метрліктолқындағы радиосәулелерді 1 млн. есе өсіріп, Күндегі радиосәулелермен теңестірді. Қоршаған ортада миллиондаған тонна улы заттар айналымда. Тек қана 1 тонна мұнай теңізге төгілгенде 12 шаршы шақырым кеңістікті жауып кетіп, оның астындағы тіршілікті құртады екен.
17. Дүниеге көзқарас оның формалары: миф, дін, философия, ерекшеліктері.
Миф- Табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (phantasia- грек сөзі, қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әртүрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар өзінің өмірге деген қажеттерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну іңкәрі- мифтердің Дүниеге келунің қайнар көзі болып табылады.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, сонымен қоғамға дүниеге деген көзқарас, дүние сезімінің жаңа түрі келді. Дін де мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылық- тары: мифте шынайы өмір мен қиял бір- бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен « о Дүние» бір- бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз- өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние- мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.Дінде ең құдіретті жасампаз- Құдай- табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып- білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де, адамның жан дүниесінде терең сенім сезімін туғызады. Философия-адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез-келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, діл, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады. Философия сөзі грек тілінен аударғанда -даналыққа деген махаббат мағынасын білдіреді. Б.з.д. 7-6 ғ.ғ. Ежелгі Үнді, Қытай Және Грек жерлерінде бір уақытта пайда болады. Мәліметтерге сүйенсек, «философия» терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің атақты философы және математигі Пифагор.