Құдықтағы құланның құлағында ойнаған!..
Айдай әлем алдында арғымақтай алшаң бас,
Заман болсын жолдасың бүгін кәрі, ертең жас!
Қаламыңды періште нәрестедей күзетсін,
Қазынаға жолығып тоқсан атан тарта алмас!
Әумин!
19
ІІІ
Дел-сал күйде оянды тұтқын Мұхтар бүгін бір,
Көрген түсі қиқымет, төңірегі бұлыңғыр.
Ту сыртынан қариды сақылдаған сары аяз,
Қаңсытады таңдайын ішіндегі шіліңгір.
Шойын есік таң атпай ыңыранып ашылды,
Талқандалып босағаң, о, топсаңнан жұлынғыр!
Қарақшыдай қақшиып алдында тұр сұрақшы,
Ежірейе қарайды екі бетің тілінгір!
Ақыл-айла бірікпей құтылатын түрі жоқ,
Жан қалмайды үміттің жалғағанмен жібін құр.
Көзін жұмса тағы да қилы заман – қырғын өрт,
Құшағында жалынның шырқыраған құлын жүр...
Жоқ кінәні мойындап, жорта қайтып райдан,
Ағалардың ақылын алғаны жөн бір ойдан.
Түс сыңайын аңдаса, қайыры бар қазаның,
Атасынан қалғандай арпалысқан бұл ойран!
Қоңыр жүзі түтігіп, қорлық хатқа қол қойды,
Обалы мен сауабы бір Құдайдан, Құдайдан!!!
ІV
Ақ домбыра, егілші, қара қобыз, боздашы,
Батпан, батпан шерімді шыңыраудан қозғашы.
Қараша үйді жыққанда қарсы соққан сұрапыл,
Қоламтаға көмілген үміт шоғы, қоздашы!
Көкжиектен жарқырап көтерілген жұлдыздай,
Аңсап күткен арманның алтын оты, маздашы!
Белдеуімде байлаулы, жер тарпышы, тұлпарым,
Сандығымда сақтаулы көк семсерім, тозбашы!
Зейін салшы зарыма, разы боп барына,
Сәби көңіл, қолыңды тым биікке созбашы!
Қуанышым, көсілші, қайғым, төрге озбашы,
Дамылдашы, ділмәр тіл, қайдағыны қазбашы!
Ұлы мақсат жолында қорлық хатқа қол қойып,
Мұхтар шықты түрмеден, өзіне олжа – өз басы.
Қара сөздің қалыбы, асыл ойдың алыбы,
Аманаты Алаштың, аруақтардың көз жасы!!!
20
ШӘКІРГЕ СОҢҒЫ САУАЛ
Армысың, асыл киелім,
Өзегі алтын жүйелім.
Еңкейе бермес өзгеге
Басымды саған иемін.
Ағытсаң жырдың тиегін,
Арынды, ақпа күй едің.
Тілеген жерден табылған,
Табиғат тартқан сый едің.
Дегбіріңді алған дертіңнің
Дауасын таппай күйемін.
Өркеші атан түйенің,
Емшегі мама биенің,
Семгендей шөгіп қалдың ба,
Сықырлап тозған сүйегің?
Өзіңе өзің би едің,
Жапанға жалғыз ие едің.
Шыңғыстың шыңы болмаса,
Арқаңды кімге сүйедің?
Ішінен шыққан аппағым
Қазандай қара күйенің.
Қалтылдай басып тұрсың ба
Құлама жардың жиегін?
Өледі екен хас тұлпар
Ернеуге сүйеп иегін.
Толтырған бар ма айтсаңшы
Тағдырдың тажал бүйенін?
Бұдыры болат бедерлім,
Бағасы қымбат беделдім.
Қарасы өшсе төбеңнің,
Көзімнің жасын төгермін.
Сұқсырдай судан суырылған
Толқынның төсін сөгермін.
Кімдерді қалай қылмағы
Қолыңда Тәңір шебердің.
Шоқтығы биік көк шоқы,
Мұжылып, міне, көнердің.
Жұртында қалған көненің,
Қаңқасы едің өнердің.
Айналсаң желге шаңдатып,
Тоқымын қақтың кемердің.
Аспанды кезсең ақ бұлттай,
21
Асқарға барып бөгелдің.
Оралсаң жерге опық жеп,
Кейпіне кірдің шөгелдің.
Сен де бір кезбе диуана,
Дәм-тұзын татқан көп елдің.
Үкідей ұштың үлпілдеп
Үстінен сансыз белеңнің.
Адырдан оппа кез келсе,
Аранын жаптың тереңнің.
Үмітті қуып қаңғырдың
Ұшында кеткен жебеңнің.
Сағымдай ағып, сандалып
Жүргенде, айтшы, не көрдің?
Соңыңа жастан мен ердім,
Соқпаққа түсіп жөнелдім.
Жебелей жортқан көк бөрі,
Сүргінге салсаң, желермін.
Желмая болсаң, жеделмін,
Жер түбін шолып келермін.
Бөртеден шыққан боз болсаң,
Қасқадан туған төбелмін.
Бедеудің белін талдырсаң,
Діңкесін құрттым көбеңнің.
Асырып бұдан не дермін,
Артымды шаңға көмермін.
Атамды айтып кайтейін,
Батаңды алып көгердім.
Ақиқат жолын нұсқашы,
Оғындай түзу береннің.
Жымына тұяқ ілдірмей
Жоғары менен төменнің,
Дулат пен Ақтанбердінің
Кенішін тауып кенелдің.
Шыңырауын көмген шегеннің,
Бұғатын бұзған бөгеннің,
Дауыл кеп діңін шайқады
Ұялы бұтақ еменнің.
Жанардан жасың бұршақтап,
Көзінен өттің тебеннің.
Бағылан мойын желкеңді
Бұршағы қиды көгеннің.
Бұлауға түскен тобандай,
Бейнет пен сорға бөлендің.
Заманың сиқын танытты
22
Меңіреу, мылқау, кереңнің.
Шалқыған көлің тартылып,
Қаңсыған шөлдей кебердің.
Шеңгелі бүріп ішіңді
Шорланып қатқан шеменнің,
Қобызын тарттың күңіреніп
Қапаста қайғы жегеннің.
Құтыла қалсаң кісеннен
Сәтінде алаң-елеңнің,
Шыға алмай шарлап шетіне
Опасыз дүние дегеннің,
Астыңа мінген ақ атан,
Апарып тасқа шөгердің.
Айтшы, сен сонда не көрдің?
Үркектей қарап алдыға,
Үмітті кері шегердің.
Сен сенбей кеткен жалғанға
Иланып қалай сенермін?
Сен көнбей кеткен құрыққа
Жуасып қалай көнермін?
Сен тәрк еткен арбаның
Дәртесін мен де тебермін.
Жанымды қоймас келер күн,
Қарыздың құнын төлермін.
Сен жұтқан удың жұғынын
Мен-дағы жұтып өлермін.
Тізгінін тұлдыр пәнидің
Артқыға мен де берермін.
Керегем кедей – басқұр жоқ,
Өнегем өгей – дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды,
Аңдыған дүлей – қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең,
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп,
Мақшарда саған не дермін?..
23
ҚҰМЫРСҚАНЫҢ БАЛЫ
(Кіші атам Қыдырмолланың рухына)
Бабам менің шипа таппай бір шыбындай жанына,
Зарығумен көзін жұмды құмырсқаның балына.
Зәру дәрі жатады екен жеті қат жер астында,
Тамшысына татымайтын Қарынбайдың малы да.
Естіген соң есте қалған бұл сөзіме ел сенер,
Қысылғанда жанның құны қолда жоқпен өлшенер.
Құмырсқаның балын тауып берер ме еді кім білсін,
Жерден шыққан Желім батыр мәңгі тірі болса егер?!
Өзгермейтін, көз көрмейтін тіршіліктің тұғырын,
Ажал-дию талқандайды толтырмасаң жұмырын.
Қалың малы Қарынбайдың Атымтайға бітсе де,
Шылбыр бойы ұзарта алмас шолақ жіптей ғұмырын.
Тепкілесе үзілмейтін темір өзек жан қайда,
Гүл-бәйшешек құлпырғанда жауқазын да солмай ма?
Шаба бермей көк шолақты сабалаумен борбайға,
Ей, бейшара, елмен бірге өлеріңді сен де ойла!
Құмырсқаның балын тапсаң кереметтің күшімен,
Алдыңда зыр жүгірейін бақайымның ұшымен.
Сетінеген өміріме сеп болатын түрі жоқ,
Жаралғалы жасыл көлдің кәусарынан ішіп ем.
Маған жаның ашымасын шөліркеген аңызға,
Иесіне қайтарармын алғанымды қарызға.
Сұлық жатқан дүниені шамаң келсе тік тұрғыз,
Таңдайына құмырсқаның балынан бір тамыз да!..
24
БІЗДІҢ МҰҚАҒАЛИ
Оу, халайық, Расулға таң қалма,
Көзіңді сал Мұқағали заңғарға.
Ол сәл ғана мызғып кеткен ұлы тау,
Ұлар басын сүйей салып таңдарға.
Мына өмірде маздамасаң мән бар ма,
Мен ғашықпын мәңгі өлмейтін жандарға.
Оның жыры Тянь-Шаньның түз құсы,
Дүр-дүр қағып сілкінетін самғарда.
Аман тұрса Авары мен Дағыстан,
Расул да танбас жойқын шабыстан.
Бірақ біздің Мұқағали марқасқа,
Күн астынан күркіреген арыстан.
Қайран сабаз өтті жалғыз өлең деп,
Тұлпарлардың дүбіріне елеңдеп.
Енді, міне, оның мұңлы жырымен
Өз жарамды отырамын мен емдеп.
Жер айналмай жұлдыз сөніп, ай батпас,
Қысқа ғұмыр алды-артыңды ойлатпас.
Уға малған алмасымды жануға
Маған да бір керек боп тұр қайрақ тас.
25
АҚЫН ДОСТЫ ЖҰБАТУ
Тірліктің дәмін татпас кім бұйырған,
Сен келдің Алматыға бір қиырдан.
Мен келдім алып таудың ар жағынан,
Бөктеріп торсығымды мұң құйылған.
Сұрамай кімнің жайын кім білгендей,
Өткеннің орны толмас үңгір көрдей.
Тізіліп қатар-қатар тұра қалдық,
Үзілген сабағынан бүлдіргендей.
Өскіндей үсік шалған дәнін ызғар,
Бұл күнде жабырқаңқы жанымыз бар.
Шілде деп ақ көйлекпен шауып жетсек,
Екен ғой айналаның бәрі мұз, қар.
Құлындай аңқау едік еркелеген,
Емес ек сен тістеуік, мен тебеген.
Сай-сайға қуғаннан соң сауғаладық,
Ін қазған көп суырдай әр төбеден.
Елеске ердің басы алданбас құр,
Көрсетпес өлімтігін арлан қасқыр.
Маңдайға жазғанына ризамыз,
Болған соң атамыздан қалған дәстүр.
Еске алсам Мұқағали, өр Қасымды,
Ұмытам сырқыраған жамбасымды.
Не таптық сөздің оғын сайлағаннан,
Балқытып қызыл тілден қорғасынды.
Суындай сырғып ағып Ертісімнің,
Тұғырдың тобығына жем түсірдім.
Өзеннің ар жағынан үн қатсаң да,
Кеудеңді күмбірлеген мен түсіндім.
Қайғырмас тас төбеңнен түнерсе күн,
Қай қазақ қадіріңді білер сенің.
Келесің арпалысып, аласұрып,
Көкжалдай оқ жалаған тілерсегін.
Ақынды ұйытпаса имандай шын,
26
Тіріліп әкең келсін иланбайсың.
Жылқы емес, жел қайырған замандастың,
Құдай-ау, қайсыбірін жиғандайсың.
Қоңызды құтқарам деп батқан қидан,
Қайтесің көмек сұрап қатқан мидан?!
Біздердің тағдырымыз молақ тағдыр,
Аюдың аяғындай қақпан қиған.
Кей кезде қарап тұрып қорқасың да,
Қоясың олай-бұлай жортасың да.
Жүргендей жанұшырып қазақ сорлы
Ордалы жыландардың ортасында.
Сұмдық бар мынау заман ұсқынында,
Айдаһар жер астынан ысқыруда.
Міне алмай арқандағы атын шешіп,
Талайдың қолы кетті ышқырында.
Пәниде түзеп алса пенде көшін,
Сескенбес десе-дағы енді өлесің.
Күндерге момақандау қос артыппыз,
Құрыққа асау жылдар көнбегесін.
Әзірше ажал бізді ала қоймас,
Тепсеңге аяқ бастық табан оймас.
Қайғының қара қылын көп боздатпа,
Онсыз да шақшадай ғой шарадай бас.
27
ДЫБЫСЫҢДЫ ЕСТИМІН
Дос жоқ қой менде.
Жүрсін
Досым жоқ деп налыма, дос дегенің баршылық,
Досқа қызмет еткенің – сүйіп тапқан жалшылық.
Қаңсығанда тамыры судан көріп таршылық,
Зар еңіреп жылайды жалғыз-жарым талшыбық.
Жылағанмен жалғыз тал малшынып көз жасына,
Жамыраған көк орман көшіп келмес қасына.
Қу далада қалғандай, Жүке, сонша шошыма,
Керек болса сенікі ердің артқы қасы да!
Ақан сері ағаңдай еңіреме, жасыма,
Атың барда асықпа Сағынайдың асына.
Жеке барып шағынсаң Ұлытаудың тасына,
Елің қайтіп жиналар Едігенің басына?!
Жатып алсаң жапанда күңіреніп абыздай,
Өртенеді аспаның шілде менен тамыздай.
Жетім қозы тәріздес жүдеу көңіл марқаймас,
Өгей өмір бауырына өз қолыңмен жағызбай.
Досым жоқ деп аузыңды сүрткенменен қу шөппен,
Досын әкеп бере ме біреу саған бір шеттен?!
Шыбын жаным аманда жүрегіме нұр сепкен,
Дыбысыңды естимін жер бетінде тырс еткен.
Бұлқынғанда бұрқ етіп кеудеңдегі көк қайнар,
Сарынға түс сабырлы, сары өзендей төкпей зар.
Кермесіне жолатпай қызылкөздер қақпайлар,
Опырылса мама ағаш ортамызда ат байлар.
Адам тозар ішінен, жан-күйіңді түсінем,
Жатырқайсың жалғанды түңілгенде кісіден.
Қанжығада көрісер емеспіз ғой көк қоян,
Қашып жүріп жыртқыштың тырнағынан, тісінен.
Ақ сұңқары арманның заңғардан үн қататын,
Торға түссе торығар шет елге ұрлап сататын.
Үзілмейтін жұлындай күндер қайда, құдай-ау,
Кісінескен құлындай шұрқырасып жататын?!
28
ЕЙ, ТҰРСЫН!
Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?
Сұм ажал ысқырады кер жыланша.
Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,
Әйтеуір артымызда белгі қалса.
Жеткізбес құйын дүние қуғанменен,
Жұбанбас жарлы жүрек думанменен.
Біз-дағы табиғаттың болмысымыз,
Адам боп анамыздан туғанменен.
Қарағай қадам баспас тұрғанменен,
Қара су теріс ақпас тұнғанменен.
Тылсымның бұйрығына бағынамыз,
Тентіреп аз күн сайран құрғанменен.
Қиядан қылп еткенді ілгенменен,
Жер үсті, аспан астын білгенменен,
Қатқан көң, кепкен тулақ ғұмыр мынау,
Қамшылық қайыс шықпас тілгенменен.
Көңілге қаяу салған кірбеңменен,
Додаға киіп-жарып кіргенменен,
Күніміз баспанасыз шілмен бірдей,
Қаңтарда қар астында дірдеңдеген.
Тіріге бар ма бұдан асқан жаза?
Таптырмас қайда барсаң қашқан маза.
Ұшпаққа ұшқан ұяң шығармаса,
Күпсініп, күпінгенің бос даңғаза.
Жылытпас тығылғанмен тасбауырға,
Сүрінсең, соғыласың тосқауылға.
Құшағы туған елдің кең болғанмен,
Бармақтай басың сыймас басқа ауылға.
Бөлінер соны ойласам ойым санға,
Етіктің өкшесіндей ойылсам да.
Танымай біз де бір күн қалмайық деп,
Біріміз бірімізді қою шаңда.
Өзендей асау өмір сал ағызған,
Аунатар көз жазғанша қарамыздан.
29
Шымбайға шертіп қалса батырмай-ақ,
Шыпылдап қан шығады жарамыздан.
Қамалып қатар өстік қабағанмен,
Тістесіп, тарпа бас сап талағанмен.
Жазылмас жара құрғыр былай шығып,
Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен.
Сарқылмас су аяғы жайылмасыз,
Айтылмас ән аяғы қайырмасыз.
Тергенмен жоқтан-барды не табамын,
Арасы бар мен жоқтың айырмасыз...
30
СЕНІҢ ДАУСЫҢ ШЫҚҚАНДА...
Бізге тағдыр әуелден жақсыларды қиған ба,
Артық бақыт қазақтың маңдайына сыйған ба?
Жәнібегім, қайтейін жетпеуші еді бір саған,
Жүзден озған жүйрікті мыңнан таңдап жиғанда!
Аз ғұмырда көп болды арқалаған азабың,
Сен мерт болып, деп пе едім қаралы өлең жазамын?
Бозторғайдай шырылдап шығушы едің аспанға,
Екі өкпесін зар қысып, еңіресе қазағың.
Өлді деуге өзіңді қалайша мен сенемін,
Біле алмадым жалт етіп сөнген оттың себебін.
Әнге салсаң шырқатып – тасқындаған дәрия,
Қара сөзге келгенде таудан аққан сел едің.
Арғы бабаң аруақты ән мен жырдың атасы,
Боздап туған сен едің аруананың ботасы.
Сенің даусың шыққанда кетуші еді асқақтап
Алатаудың арқасы, Шыңғыстаудың жотасы.
Ағып түстің жұлдыздай, жанымдағы жарығым,
Қара пышақ қақ тілді жүрегімнің жарымын.
Жылағанмен жібір ме басыңдағы қара тас,
Жұтап қалдым, қайтейін, енді кімге жарыдым?..
31
СЕКЕНГЕ СҮЙСІНУ
Туласа тұла бойда текті қаның,
Селдетіп ақ жаңбырын төкті жаның.
Аузынан ата күйдің түскендейсің,
Аруағы аян беріп Кетбұғаның.
Тәңірдің сыйлығындай сендегі өнер,
Қызығын пәнидегі пенде көрер.
Шанақта шалқар теңіз үйіріліп,
Ұшында саусағыңның дөңгеленер.
Қапысыз ғұмыр кешіп күймен ғана,
Еншіңе ризасың тиген дара.
«Көке!» деп көңілімді көтересің,
Көкейге көптің сырын түйген бала!
Баурайсың балдай тәтті күй тілімен,
Сезімнің жанға жұмбақ сиқырымен.
Көзінен керегенің күй төгілді,
Өлеңнен өзіңе арнап үй тігіп ем.
Болмаса ойда қуат, бойда намыс,
Жеткізбес өнер жолы айдан алыс.
Өрнекті өмір деген домбыраның
Тиегі тартқан сайын тайғанағыш.
Шаңдатып әлдеқандай шұнақ құйын,
Бұзбасын тіршіліктің құлақ күйін.
Ән-күйсіз қаңыраған дүниенің
Бағасы, бауырым-ау, бір-ақ тиын!
32
ЖАБЫҚБАЙМЕН МҰҢДАСУ
Болғанша тақыс пенде сауда баққан,
Қос қолға қысқа жіпті саумалатқан,
Пәнидің азабынан мойным босап,
Бұлаққа айналсам-ау таудан аққан.
Табысып мәңгілікке тау, даламен,
Жатар ма ем жанарымда аунап әлем?!
Әлдилеп айналамды әнге бөлеп,
Күндіз-түн көмейімнен саулап әуен.
Қарық қып қысы-жазы аймағымды,
Жалғасам ғасырларға айларымды.
Толқыным тойдан тойды жасап жатса,
Сапырып сары алтындай майда құмды.
Сырымды тұнығыма қанған ұғар,
Адамзат, рахат тапса жан-жануар.
Жыртқыш та, қарақшы да шөлін басып,
Арылса ниетінен қанға құмар.
Өзгеріп мына дүние түбірімен,
Құтылсақ сарылынан, гүрілінен.
Айдыным ақ торғындай үлбіресе
Нәп-нәзік жапырақтың дірілінен.
Мен де бір табиғаттың қолтумасы,
Күмбірін көкірегімнің сәл тыңдашы.
Кім білсін тілегімнің не боларын,
Жігіттің қайда қалмас еркін басы?!
Аз ғұмыр орта түсті серуендеткен,
Жастық шақ оралмайды желмен кеткен.
Болсам да алтын дария аялдар ма,
Дамылсыз дүние көші керуендеткен.
33
ҚОЛТАҢБА
Аман жүр, айналайын, Адай інім,
Жақсының жанына ерген талайының.
Асылдың өзің де бір сынығысың,
Емессің жұқанасы қалайының.
Жігіттің не мықтысын мен де көрдім,
Атының қатты тартқан шап айылын.
Бар болсаң барлығыңды көре алмайды,
Жоқ болсаң бере алмайды ағайының.
Төбеңе әңгіртаяқ ойнатады,
Байқаусыз бола қалса сәл айыбың.
Өнерді кие тұтқан құр қалмайды,
Есігін ашып көңіл сарайының.
Жүргендей сезінесің кейде өзіңді
Ішінде жыртқыш пенен жабайының.
Кісіден құны қымбат осы күні
Шошқаның қорсылдаған торайының.
Қазаққа дауа бар ма жете алмаған
Біз түгіл, қадіріне Абайының?!
Бағзыдан келе жатқан басын бұрмай,
Бұл өмір солай, інім, солай інім!
34
КӨКШЕТАУ
Көкшетау, мөлдіреген көркің қандай,
Қалықтап аспаныңда ән тұнғандай.
Сексен көл сексен тамшы сыйға тартып,
Айдынын көңілімнің толтырғандай.
Алаңын Абылайдың көрген кезде,
Ойланып, іштерінен ел тынғандай.
Кіргенде Кенесары үңгіріне,
Сескеніп кім болса да тартынғандай.
Оқжетпес кере тартып көкке садақ,
Көктегі ұшқан бұлтқа талпынғандай.
Бурабай тас боп қатқан алып бура,
Бауырында басып жатқан алтын бардай.
Мызғиды Жекебатыр анадайда,
Көтерсе басын жерден жел тұрғандай.
Ішінен қарағайдың шыға келіп,
Найзасы Наурызбайдың жарқылдардай.
Жан-жақтан қалың батыр күркіресе,
Түсердей төңкеріліп жер-су қалмай.
Көкшетау, қасиетті топырағыңда
Туыпты алыптарды халқым нардай.
Сондықтан күндік жерден сені көрсем,
Басымнан тұра алмаймын бөркімді алмай.
35
ТАРАҚТЫДА ТАРЛАН КӨП
Сөз тәңірі, медет бер,
Қызыл тілім демеп көр!
Домбырамды қолға алсам,
Он саусағым дедектер.
Тарақтыны толғауға
Аруақ өзі себепкер.
Ағыл-тегіл шабытым,
Аққан судай жөнеп бер!
Қалсын тасқын астында
Жол-жөнекей бөгеттер.
Қозғағанда тереңнен,
Жөнім жоқ қой өбектер!
Бабаларды мадақтап,
Жыр төгейін шанақтап.
Ақын ақын болған ба,
Сөзін сатқан қадақтап?
Қысқа өмірім жетер ме,
Үш жүзді шықсам адақтап?!
Ата-тегін білген құл
Жұртты аузына қаратпақ.
Жетелі ұлдың парызы –
Жеті атасын таратпақ.
Мақау болса, жүргені
Бұралқы иттей салақтап...
Өмір беріп санатты,
Адамды Алла жаратты.
Қанша заман белгісіз,
Күн айналып, таң атты.
Арғы түбі қазақтың
Бір бұтақтан тарапты.
Соның бірі – Орта жүз,
Жауға алдырмас жарақты.
Талай тарлан ер туып,
Жұртты аузына қаратты.
Орта жүздің ішінде
Ноқта ағасы – Тарақты.
Тарақтыға келейін,
Тұлпардайын желейін.
Орта жүзден бөлектеп,
36
Оны бөтен демейін.
Іліп алар жақсысын
Інжудейін терейін.
Шама-шарқым келгенше,
Жіпке тізіп көрейін.
Тарақтыдан төрт буын,
Төрт терекке теңейін.
Әлім, Алда, Айт, Қармыс,
Атын атап берейін.
Он екі ұл бар Қармыстан,
Көре алмаған көп дұшпан.
Арыстандай жігіттер
Ай мен күндей жар құшқан.
Көсегесі көгерген
Барлығының алғыстан.
Текті тұяқ тумағы –
Асыл затты болмыстан.
Алдырмаған іргесін
Ата-жауға аңдысқан –
Ерлер қанша, дүние-ай,
Қазақ үшін қан құсқан!
Ерлерді айтсам біртуар,
Қаным тасып бұрқырар.
Ойға түсіп қайдағым,
Сай-сүйегім сырқырар.
Тарақтыда Наймантай,
Асып одан кім туар?!
Қарақұрым жау көрсе,
Қамшымен-ақ ұмтылар,
Қайтып тумас қаһарман,
Қара дауыл бұлты бар.
Соны да алған бұл заман,
Атқан оқтай зырқырар.
Наймантайдан Байғозы,
Батыр да өзі, бай да өзі,
Тарақтының атағын
Алты Алашқа жайды өзі.
Жауға атылған жебенің
Сауыт бұзар сәйгезі.
Абылайдың тұсында
37
Ту ұстаған айбозы.
Серкесі жоқ халықтың
Достарыңызбен бөлісу: |