Өлеңдер, толғаулар, балаларға



Pdf көрінісі
бет8/18
Дата15.03.2017
өлшемі1,33 Mb.
#9689
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18
Арсы-гүрсі күрпілдеп, 
Піскен сайын қуанды: 
«Шіркін,шіркін,шіркін!» – деп. 
 
Пісе бердім жалықпай, 
Пісе бердім талықпай. 
Лыпылдады піспегім, 
Суда жүзген балықтай. 
 
Пістім санап бес мыңды, 
Даусым сыртқа естілді. 
Күндегідей көмекке 
Шақырмадым ешкімді. 
 
Тер құйылып үстімнен, 
Бір азапқа түстім мен. 
Есесіне ертесін 
Балдай қымыз іштім мен! 
 
 
 
 
БАЛМҰЗДАҚ 
  
Мұздай қаймақ, шекерден 
Жасаған ба, балмұздақ! 
Өте шықтың шекемнен, 
Асағанда, балмұздақ! 
 
Татпағандар арманда, 
Балдайсың-ау, балмұздақ! 
Қайта ауылға барғанда 
Болмайсың-ау, балмұздақ! 
 
Тек қана осы қалада 
Қаламысың, балмұздақ! 
Ауылдағы балаға 

142 
 
Барамысың, балмұздақ! 
 
 
 
 
ҚАРА КҮШІК 
 
Дегендей-ақ: «Бұл не,бұл- 
Тағы шыжып барады?» 
Қара күшік күнге бір 
Сығырая қарады. 
 
Итаяғын жалап ап, 
Көк желкесі құрыстап, 
Көлеңкені сағалап, 
Жата кетті тыныстап. 
 
Үйден шығып бала да, 
Тартты өзенге заматта-ақ. 
Оңдайда бұл қала ма, 
Еріп кетті салақтап. 
 
«Ой, тамаша, тамаша! 
Мұнда қызық қараса: 
Суға сүңгіп балаша, 
Құмға аунаса, қаласа!». 
 
Жүзіп жүрген балаға  
Су бетінде сырғанап, 
Қара күшік жағада 
Аузын ашып тұр қарап. 
 
Алды-артына қарамай, 
Кетер еді сүңгіп-ақ. 
Әттең, шіркін, баладай 
Жүзе алмайды бұл бірақ... 
 
 
 
ШІЛДЕДЕ 
 
Шіліңгір ыстық шілдеде 
Даладан жұпар аңқиды. 
Суымай ауа түнде де, 

143 
 
Денеңді лебі шарпиды. 
 
Сирейді жаңбыр шілдеде, 
Соқпайды жел де азынап. 
Жатады ылғи іргеде, 
Көлеңке қуып қозы, лақ. 
 
Шілдеде шалғын ұзарып, 
Сарғаяр егін алабы. 
Қарақат пісіп қызарып, 
Көзіңнің жауын алады. 
 
Жылиды суы көлдің де, 
Балалар шулап мәз-мейрам. 
Жүресің тойлап сен күнде, 
Думанға толы жаз – мейрам! 
 
 
 
 
ЖАПЫРАҚТАР 
 
Жапырақтар шулайды, 
Жел тынбаса, тынбайды. 
Жаңбыр келіп жумаса, 
Бірі бетін жумайды. 
 
Тұрғаны ылғи шаң басып, 
Бұлт келмесе тауды асып. 
Дауыл соқса, қолдасар 
Бір-біріне жармасып. 
 
Шөлдегені батады-ақ, 
Шеттерінен қаталап! 
Бұлт көрінсе, жабыла 
Соғып берер шапалақ!.. 
 
 
АҚҚУЛАР 
 
Аққулар-ау, аққулар, 
Күз алыс па, жуық па? 
Неге қанат қақтыңдар, 
Көлдің суы суық па? 

144 
 
 
Қандай мекен таптыңдар, 
Онда мұндай көл бар ма? 
Айтыңдаршы, аққулар, 
Біздің жердей жер бар ма? 
 
Әлде көкте саңқылдап, 
Қайтқыларың келді ме? 
Сайрандаңдар салқындап, 
Айдын-шалқар көл, міне! 
 
 
 
ҚАЗ БЕН ЖАЗ 
 
Қаз жүреді қаздаңдап: 
«Кетпейсің ғой, жазым?» – деп. 
Қояды оны жаз да алдап: 
«Кетпеймін ғой, қазым!» – деп. 
 
Жаз бір түнде кетеді, 
Күзден қашып, жан сақтап. 
Жасқа толып етегі, 
Қаз қалады жалтақтап. 
 
Қаз қаңқылдар сасқаннан: 
«Қайдасың, – деп, жазым-ау?». 
Жаз айғайлар аспаннан: 
«Қош боп тұр, – деп, – қазым ау!». 
 
 
 
КҮЗ 
 
Жапырақтар сап-сары, 
Қонып жатыр жерге кеп. 
Қызықтап бау-бақшаны, 
Шаттанады балбөбек. 
 
Егін пісіп далада, 
Қырманға дән сыймайды. 
Үлкенге де, балаға, 
Күз қуаныш сыйлайды. 
 

145 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ЖЕЛ 
 
Жел соғады екпіндеп, 
Шайқамаққа көлдерді. 
«Сонша неге кептің?» – деп, 
Жайпамаққа шөлдерді. 
 
Дауылдатып жөнелер, 
Толқынды қақ айырып. 
«Өлдім!» -десе шөл егер, 
Бұлтты әкелмес қайырып. 
 
Жер менен көк шулайды, 
Жел бір соқса, тынбайды. 
Ызылдатып қурайды, 
Өзі ғана тыңдайды. 
 
  
 
 
ЖАҢҒЫРЫҚ 
 
Өзеннің дауысы 
Жартас пен жарды ұрып, 
Күмбірлеп тау іші  
Тұрады мәңгілік- 
Жаңғырық! 
Жаңғырық! 
 
Шатқал-құз, сай-сала 
Ұйқтаған мәңгіріп, 
«Әу» десең ән салар 
Өзіңді таң қылып- 
Жаңғырық! 
Жаңғырық! 
 
Айқайла қаншама 

146 
 
Өңешің талдырып, 
Қайталар соншама 
Жалықпай жаңғырып- 
Жаңғырық! 
Жаңғырық! 
  
Не жоқ деп мынаған, 
Дауыс деп бұл қандай? 
Тасада бір адам 
Мазақтап тұрғандай. 
 
 
 
 
ҚҰСТАР КӨШІП БАРАДЫ 
 
Суық түсті деді ме, 
Көшті құстар қайтадан. 
Қош айтқандай еліне, 
Әлдене деп айтады ән. 
 
Бірі қалмай бірінен, 
Қалықтайды аспанда. 
Шіркіндердің, шынымен, 
Жанарында жас бар ма? 
 
Атам көкке қарады, 
Не ойлады? 
Ол – жұмбақ. 
Құстар көшіп барады, 
Қала бердім қол бұлғап. 
 
 
 ҚОЛШАНА 
 
Қолшананы үйдегі, 
Бала сыртқа сүйреді. 
Қарды көріп қолшана, 
«Алақайлап!» биледі. 
 
Жетегінде баланың 
Құлдырауы-ай шананың! 
Сүйкеп-сүйкеп жіберді 
Таза қарға табанын. 
 

147 
 
Қарға аунаса зырқырап, 
Тұра ала ма кір шыдап? 
Тот боп тұрған табаны 
Шыға келді жылтырап. 
 
Алып шыққан далаға, 
Алғыс айтып балаға, 
Көппен бірге қуанып, 
Шапқылап жүр шана да. 
 
 
 
АЯЗ АТА 
 
Әлде қарлы, боранды, 
Тау басынан түсті ме? 
Аяз ата оралды, 
Ақ тон киіп үстіне. 
 
Сары аязды, боранды, 
Болды ма әлде Сібірде. 
Аяз ата оралды, 
Есік қағып іңірде. 
 
Ақ қырауға малынған, 
Сақалы да, мұрты да, 
Аяз ата сағынған 
Сәлем берді жұртына. 
 
Жібек шапан етегі, 
Судыр-судыр етеді. 
Базарлығы мол екен- 
Бәрімізге жетеді. 
 
Аяз ата ортада, 
Жымың-жымың қараймыз. 
Сағыныппыз соншама, 
Босатамыз қалай біз?! 
 
Бізбен бірге ән салып, 
Бірге ойнайды атамыз. 
Тамашаға тамсанып, 
Рақатқа батамыз. 
 
 

148 
 
 
 
ЖАУА БЕР, АҚША ҚАР 
 
Жауа бер, өлкеме, 
Ақ түбіт-ақша қар. 
Оранып көрпеңе  
Ұйқтасын бақшалар. 
 
Жауа бер асыға, 
Жанымды сүйсіндір. 
Бұталар басына 
Ақ бөрік кисін бір. 
 
Ырыс боп жауа бер, 
Ертеңгі өсетін. 
Қуансын қара жер, 
Қуансын көшетім. 
 
Көк аспан желпісін, 
Ұлпаңды мамықтай. 
Көктемнің көркі үшін  
Жауа бер, жалықпай. 
 
 
МАЛ АЛДЫНАН ШЫҒАМЫН 
 
Қойын айдап, тепеңдеп, 
Қайтады атам өрістен. 
Күн бұзылмаса екен деп, 
Тілеп тұрам мен іштен. 
 
Маубас емен іңірден 
Пеш түбінде қалғыған, 
Баламын зыр жүгірген, 
Шығамын мал алдынан. 
 
Отарына ілесіп, 
Шолып қыр мен жотаны, 
Жауырыны сіресіп, 
Атам келе жатады. 
 
Шаршағаны жаңағы 
Қас -қағымда басылып, 

149 
 
Мені көрсе, қабағы 
Сала берер ашылып. 
 
 
 
 
 
ҚАР 
 
Қарқылдаса қарғалар, 
Жапалақтап қар жауар. 
Жолға шығып шаналар, 
Демалады арбалар. 
 
Зуылдайды шаналар, 
Шуылдайды балалар. 
Жапалақтап қар жауса, 
Қарға оранар қалалар. 
 
Жалт-жұлт етіп табаны, 
Коньки мұзда ағады. 
Мұз астында балықтар 
Қалай жанын бағады? 
 
Боран ән сап жондарда, 
Сықырлайды жолдар да. 
Көшелерге шығады 
Кезек тиіп, тондар да. 
 
Тастаса қыс жолақтап, 
Дала да – аппақ, жол-аппақ. 
Отырады ұлпа қар 
Бұтақтарға қонақтап. 
 
Жел қозғаса ұшады, 
Жерді барып құшады. 
Ашуланса, аспанның 
Бұрқырайды құшағы. 
 
 
 
 
 
 

150 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
БОРАН 
 
Боран, боран, борама, 
Түтеп кетсең бола ма?! 
Атам қайтсын өрістен, 
Қойлар енсін қораға. 
 
Боран, боран, долданба, 
Орғып дөңнен, ордан да. 
Құстар қонсын ұяға. 
Аңдар кірсін орманға. 
 
Неткен содыр борансың, 
Асықпа әлі борарсың. 
Ел орынға отырсын, 
Жолаушылар оралсын. 
 
Сонан кейін гуілде, 
Мұржалардың түбінде. 
Тыңдап тынбас әніңді, 
Отырайын үйімде. 
 
 
 
 
АҚПАН АЙЫ 
 
Бұрқыраса басылмайтын, 
Бар ашуын жасырмайтын, 
Шарт сынатын батырлардай 
Басынан сөз асырмайтын –  
Ақпан айы, ақпан айы. 
 
Ақ бурадай сақылдайтын, 
Адасқанды тақымдайтын, 
Қыстың соңын тез бітіріп, 

151 
 
Көктемге өзі жақындайтын –  
Ақпан айы, ақпан айы. 
 
Боранды күн дала қандай! 
Көз қызығып қарағандай. 
Ақ тон киіп, ақбоз мініп, 
Құйындатқан ағалардай –  
Ақпан айы, ақпан айы. 
 
Бүркемелеп асқарды айқын, 
Қарлы дауыл аспандайтын, 
Қайтпас, қайсар мінезі бар, 
Жауынгердей жасқанбайтын –  
Ақпан айы, ақпан айы. 
 
 
 
 ТҰМАН 
 
Бауырына басты да 
Аппақ тұман жайлана, 
Ақ теңіздің астына 
Сүңгіп кетті айнала. 
 
Тау басынан түсті ме, 
Әлде алыстан жетті ме? 
Біздің ауыл үстіне  
Жатып алды шөкті де. 
 
Асықпайды аптығып, 
Бұлттай шұбап желмейді. 
Дейін десем ақ түбіт, 
Қолға ұстауға келмейді. 
 
 
ШІЛДЕР 
 
Борайды боран, 
Деп: «Қарға оран!» –  
Қалтырап құстар, 
Қорқады одан. 
 
Шошиды торғай, 
Зәресі қалмай. 

152 
 
Қарқылдар қарға: 
«Суық, – деп, – қандай!». 
 
Жоқ барар туыс, 
Іздейді қуыс. 
Баспана табу- 
Ең қиын жұмыс. 
 
Қалмайтын қапыл, 
Бәріне мақұл, 
Мұндайда шілдер 
Табады ақыл. 
 
Қар астын үңгіп, 
Жатады мүлгіп. 
Билейді боран, 
Үстінен ырғып. 
 
Қар асты жылы, 
Біледі мұны. 
Шілдердің мынау, 
Айтатын жыры: 
 
«Біз-көп шілміз, көп шілміз, 
Шетімізден көпшілміз, 
Көпті қорқыта алмайды, 
Сары аяз бен көкшіл мұз. 
 
Ажырамас іргеміз, 
Жазы-қысы біргеміз. 
Қар астының қашаннан, 
Қасиетін білгеміз!». 
 
 
ЖАПАЛАҚ 
 
 Ақ шапанын тау киіп, 
Қыс келгенде қар құйып, 
Жабырқайды жапалақ, 
Жар басында жарбиып. 
 
Келер жан жоқ хал сұрап, 
Дірілдейді қалтырап: 
Қар астында қалған соң, 

153 
 
Қара тышқан, саршұнақ. 
 
«Азығым жоқ, үйім жоқ, 
Не болады күйім? – деп, 
Сары уайымға түседі, –  
Қоян алу қиын!» – деп. 
 
«Жапалақ-ау, жапалақ, 
Жер тепкіле, жата қап!» –  
Деп күледі мазақтап, 
Қырғи соғып шапалақ. 
 
 
 
КЕЛ, КЕЛ, МЕНІҢ ҚҰСТАРЫМ! 
 
Қыста суық қысқа күн, 
Құс ойлай ма қыс қамын. 
Жем шашайын аулаға, 
Кел, кел, момын құстарым! 
Мамық жүнді момындар, 
Кел, үрікпей қоныңдар! 
 
Жауса, мейлі, қалың қар, 
Еркін қанат қағыңдар. 
Суық, аяз сормасын, 
Жемге тойып алыңдар. 
Мамық жүнді момындар, 
Кел үрікпей қоныңдар! 
 
 
 
 
 
ТҰМАҚ 
 
Жазда атамның тұмағы 
Төрде ілулі тұрады. 
Қар жауып, қыс келгенде, 
Қайта сыртқа шығады. 
 
Әжем тіккен былтыр-ақ, 
Түлкі тамақ-бұл тұмақ. 
Аппақ қарға соққан соң, 
Шыға келді жылтырап. 

154 
 
 
Шаңы кетіп тысынан, 
Тазарды бар ысынан. 
Тұмақ үшін өзінің 
Артық не бар қысынан. 
 
Малақай да асыл ма, 
Түлкі тұмақ қасында? 
Қып-қызыл боп, атамның 
Құлпырады басында. 
 
Босқа тұрып налыпты, 
Іші пысып қалыпты. 
Қыс келді деп, құлағы 
Едірейіп алыпты. 
 
 
 
 
ШАНАМЕНЕН КЕЛЕМІН 
 
Мықтап ұстап делбені, 
Ағып келем кең жолмен. 
Итереді жел мені 
Кейін қарай кеудемнен. 
 
Еңістерден шана тік 
Құйылғанда, тістенем. 
Шапқан атты боратып, 
Тартып келем күшпенен. 
 
Шетке соқсам, шанамды ат 
Кете ме деп төңкеріп, 
Қарап қоям алаңдап, 
Алдын-ала жер шолып. 
 
Арындаған ат мынау, 
Танауынан бу атып. 
Жұлдыздай бір ақтым-ау, 
Кетпесе екен құлатып. 
 
Жеттім талай асып қыр, 
Көрінді ауыл қарасы. 
Атам неге тосып тұр, 

155 
 
Қорқып тұр-ау, шамасы... 
  
 
 
  
 
 
 
 
 
 
ШАҢҒЫШЫ 
 
Қос таяғым-тіреніш, 
Алдым-бір өр, бір еңіс. 
Қар бетіне ізіммен. 
Тартып келем рельс. 
 
Байқап алмай алдымен, 
Бір дөңестен қарғып ем, 
Ұшып түстім қалпақтай, 
Бұрқ еткізіп қарды мен. 
 
Әй, бүлдірдім, бүлдірдім, 
Көргендерді күлдірдім. 
Әттеген-ай, түп-түзу 
«Рельсті» сындырдым! 
 
 
 МҰЗТАБАН 
 
Сақам тұрмай қойғасын, 
Құйдым ойып қорғасын. 
 
Алып атам егеуін, 
Әдемілеп егедім. 
 
Үйіріп ем кідірмей, 
Алшы түсті мүдірмей. 
 
Қай жерінен мін табам, 
Болды нағыз мұзтабан. 
 
 
 
СЫНЫҚ БҰТАҚ 

156 
 
 
Сынды бұтақ, 
Қалды төмен салбырап. 
Тұрды жұтап, 
Жапырағы жалбырап. 
 
Көп жылады, 
Үн шығармай ішінен. 
Қалжырады, 
Айырылып күшінен. 
 
Ешкім көріп, 
Қамқорлыққа алмады. 
Ешкі келіп, 
Жапырағын жалмады. 
 
Назаланып, 
Жасын төкті сол бұтақ. 
Жараланып, 
Таңылмаған қолға құсап. 
 
 
 
 КҮЙШІ ҚАРАҒАЙ 
 
Оқшау – орман шетінде, 
Таудың күнгей бетінде, 
Жүз жыл тұрды қарағай, 
Күн мен желдің өтінде. 
 
Сонысына қарамай, 
Мықты еді бұл қарағай. 
Шымыр еді шыныққан, 
Майдан көрген ағадай. 
 
Қарап тұрып қарадай, 
Ыңылдайды қарағай. 
Әр бұтағы ән салып, 
Уілдейді баладай. 
 
Барсаң орман аралай, 
Өте шықпа қарамай. 
Домбыра үшін осы ғой, 
Таптырмайтын қарағай. 

157 
 
 
Әдейі іздеп барды да, 
Шебер көріп қалды да: 
Жасамаққа домбыра, 
Кетті кесіп алды да. 
 
Бірнеше күн жонды да, 
Жасап шықты домбыра. 
Сөйлеп кетті қарағай, 
Қолға келіп қонды да! 
 
 
 
 
СЕКСЕУІЛ 
  
Бұтақтарың төксе гүл 
Құлпырасың көктемде. 
Сарыбарақ сексеуіл, 
Саған отын жеткен бе?! 
 
Аптапта шөл қысса да, 
Қурамайсың, азбайсың. 
Мейлі жазы, қыста да 
Отқа жақсам маздайсың. 
 
Боран басып қалса да, 
Сілкінбейсің тік тұрып. 
Бой берместен балтаға, 
Көрсетесің мықтылық! 
 
 
 
ТАЛ БЕСІК 
 
Су құйған соң шелектеп, 
Өсе берді тал ептеп. 
«Түбінде бір, әйтеуір, 
Қалармын, – деп, – керек боп!». 
 
Ақтады да еңбекті, 
Бұтақтанып ер жетті. 
Бөбегіндей әлдилеп, 
Жел кеп оны тербетті. 

158 
 
 
Тұрды солай тербеліп, 
Жүрді талай ел көріп. 
Алып кетті бір шал кеп, 
Бірде оны өңгеріп. 
 
Шал бекерге келмепті, 
«Немерем!» – деп терлепті. 
Талдан бесік жасалып, 
Бал бөбекті тербетті. 
 
 
 
 
МАҚТАНШАҚ ҚАҢБАҚ 
 
Қатты соқты жел кенет, 
Қаңбақ ұшты дөңгелеп. 
Жүре-жүре қалбаңдап, 
Шықты ақыры дөңге кеп. 
 
Осы арада жел тынды. 
Қаңбақ тоқтап желпінді: 
 – Шыңға шыққан мынандай, 
Кім бар, сірә, мен сынды! 
 
Ойпаң енді не теңім, 
Биік тұғыр – мекенім. 
Өрлей берсем осылай, 
Бәлкім, көкке жетемін. 
 
-Құландай ем қырдағы, 
Қыран болдым шыңдағы, –  
Деген сөзін қаңбақтың 
Жел қитығып тыңдады. 
 
Тиді желдің шамына, 
Қайта соқты қағына. 
Қағып ала жөнелді, 
Ойға қарай тағы да. 
 
Дедектеді домалап, 
Өзін-өзі сабалап. 
Мақтаншаққа мұндайда, 
Обал-ақ-ай, обал-ақ!.. 

159 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ТҮЙЕЛЕР 
 
Түйе, түйе, түйелер, 
Ойпаң жерде үйелер. 
Күлтөбеге көп аунап, 
Үсті-басын күйелер. 
 
Өркештері баладай, 
Сандары дәл сабадай. 
Маңа берер маңқиып, 
Қатер бар деп қарамай. 
 
Жүк көтеріп төбедей. 
Құмда жүзер кемедей. 
Аштыққа да, шөлге де 
Шыдар бір ай елемей. 
 
Оты қанған болса егер, 
Бір шөкеннен мол шөгер. 
Ұзақ жатып тынықса, 
Ұзақ, ұзақ жол шегер. 
 
 
БУРА 
 
Шолып тұрмын даланы, 
Қырға шығып, 
Бір топ түйе барады 
Ырғатылып. 
Желкілдеген жел қағып 
Шудасын-ай! 
Селкілдеген долданып  
Бурасын-ай!.. 
 
Шынымды айтсам сондағы 
Турасынан, 

160 
 
Қорқып тұрдым соңдағы  
Бурасынан. 
 
Қуғаны бір анада, 
Түсті есіме. 
Қырдан енді бола ма 
Түспесіме? 
 
Тұра алады ұрынса, 
Құр қарап кім? 
Маған қарай бұрылса, 
Зырламақпын... 
 
 
 ҚҰНАН 
 
Саған мінсем, құнаным, 
Зуылдап бір шырқармын. 
Тас төбеңде құлағың, 
Тұқымысың тұлпардың. 
 
Тұлпар мініп бабалар, 
Жауға шапқан атойлап. 
Ту ұстаған ағалар, 
Кеше астында ат ойнап. 
 
Жүйріктердің санаулы 
Өзімсің, құнаным! 
Тұлпарлардың сонау бір, 
Көзімсің, құнаным! 
 
Құнаным-ау, кекілді, 
Құстай ұш өз далаңда. 
Менің бабам секілді  
Текті сенің бабаң да. 
 
 
ТЫРНАЛАР 
 
Тырау-тырау, тырналар, 
«Жем іздесең, қырға бар». 
Сақтанып жүр, тікен бар, 
Мойыныңды тырмалар. 
 

161 
 
Тырау-тырау, тырналар, 
«Жем іздесең, қырға бар». 
Қырда бірақ түлкі бар, 
Сақ болмасаң, жұлмалар. 
 
 
 
 
 
ТОРҒАЙЛАР 
 
Кел, торғайлар, қонаққа, 
Талдарыма қонақта! 
Залым құртты залалды, 
Орманыма жолатпа! 
 
Кел, торғайлар, қонаққа, 
Талдарыма қонақта! 
Шегірткеге қаскүнем, 
Егінімді тонатпа! 
 
Кел, торғайлар, қорғаңдар, 
Ортақ егін, ормандар. 
Бидай өнсін, тал өссін, 
Әсте жалқау болмаңдар. 
 
Кел, торғайлар, келіңдер, 
Дән шашайын, теріңдер. 
Қыста еркін демалып, 
Жазда көмек беріңдер. 
 
 
ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА 
 
Жапа – жалғыз бір тырна 
Келіп еді былтыр да. 
Жүріп алды сопиып, 
Биыл да ауыл сыртында. 
 
 – Не сыры бар, мынаның?- 
Деп атамнан сұрадым. 
Атам айтты: – Бұл байғұс, 
Жоғалтқан ғой сыңарын. 
 

162 
 
Сыңарына себебі, 
Кездесем деп сенеді. 
Сондықтан да жыл сайын 
Осы араға келеді. 
 
Жалғыз тырна жүр жылап, 
Айдалада тұнжырап. 
Енді қайтып сыңарын 
Көре алмайды-ау, бұл бірақ! 
 
Қозғап қойып бұл сырды, 
Атам ауыр күрсінді. 
Мен де жалғыз тырнаны 
Аяп кеттім бір түрлі. 
 
 
БАЛАПАН 
 
Үлпілдеген үрпегім, 
Сәл нәрседен үркегім. 
Бір жүріп, бір тоқтайсың, 
Титтей сары доптайсың. 
Жерге үңіліп жүресің, 
Дән теруді білесің. 
Ал қарақұс келгенде, 
Көктен қатер төнгенде, 
Пана тауып аласың, 
Жасырына қаласың. 
Жоқ қорғанар қаруың, 
Қиын-ақ күнкөрісің. 
Бас сауғалап қалуың- 
Үлкен ерлік сен үшін. 
 
 
 
 ТАЛ МЕН ТОРҒАЙ 
 
Ұясында қанаттанып алды да, 
Ұшып шықты бала торғай аспанға. 
Сәлден кейін қос топшысы талды да, 
Қонды келіп жағадағы жас талға. 
 
Оның нәзік бұтағында тербеліп, 
Отырды да сая тауып, тыныстап, 

163 
 
Деді талға: 
 – Тұрсың мұнда сен неғып, 
Бос тұрғанша, пайдалы бір жұмыс тап!.. 
 
«Сезбейсің-ау, көп нәрсені, батырым, 
Білем әлі толмай жатыр ақылың. 
Ұғынарсың қадірімді өскенде» –  
Деді де іштей жымиды тал ақырын... 
 
 
 
 
ӨРМЕКШІ МЕН ШЫБЫН 
 
Неше түрлі өрмекті 
Тоқыпты бір өрмекші. 
Өрмекшінің өнерін  
Бопты шыбын көрмекші. 
 
Әдейі іздеп келіпті, 
Келіп сәлем беріпті. 
Таңғажайып өрмекті 
Тамашалап көріпті: 
 
-Құтты болсын өрмегің, 
Ерен екен енбегің! 
Үйренейін деп келдім, 
Болмаған соң ермегім. 
 
Өрмекші айтты: 
– Шыбыным, 
Ермек деп жүр, мұны кім? 
Осы өнердің соңында 
Келеді өтіп ғұмырым. 
 
Тоқып келем ерінбей, 
Қиындықтан жерінбей. 
Өрмектің әр өрнегі- 
Төккен маңдай терім ғой. 
 
Болсаң егер үйренер, 
Күнде біздің үйге кел! 
Ерінбесең, алдыңнан 
Есік ашар қилы өнер. 

164 
 
 
Бастамақ боп бұл істі, 
Шыбын дереу кірісті. 
Бірақ көпке шыдамай, 
Бір қонды да, бір ұшты. 
 
Шошаңдауын қоймады, 
Оп-оңай деп ойлады. 
Бір тоқып, бір отырып, 
Өрмекпенен ойнады. 
 
Торға шығып ырғалды, 
Бәлеге енді шын қалды. 
Шатасты да маталды, 
Шықпастай боп шырмалды. 
 
 
 
АЙНАШ ПЕН ИНЕШ 
 
Айнашты ауыл біледі, 
Сабақты үздік оқиды. 
Кестені де тігеді, 
Қолғапты да тоқиды. 
 
Инешке ауыл күледі, 
Алқам-салқам түймесі. 
Қолына ылғи кіреді, 
Ұстай қалса инесі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет