Оңған, сірә, қай кезі?
Өтті-ау, шіркін, қазақтың
Төрт құбыласы сай кезі!..
Ел жақсысын сөз қылсам,
Ойдан ойды оздырсам,
Ерлер түсер есіме,
Аруағымды қоздырсам.
Тұяқ шешен табылмас,
Тау мен тасты тоздырсам.
Аға сұлтан – Тышқанбай,
Тарих түбін қаздырсам.
Тәшкентте Мәделбек,
Жыр қолтығын жаздырсам,
Түркістанда Шілмәмбет,
Түгендеуге аз мұршам.
Сүңги берсем әріге,
Саңлақтар көп әлі де.
Бері таман құласам –
Қашаубаев Әміре.
Бүкіл әлем таң қалған
Шырқап салған әніне.
Уа, жамиғат, өмірдің
Үңіліңдер мәніне.
Топырағы келіссе,
Асыл болмақ дәні де.
Ажар қосқан солар ғой
Тіршіліктің сәніне...
Жатырынан жарымай,
Нәсілінен дарымай,
Тұлпар тумас ешқашан,
Жортатұғын арымай.
Тарақтының жиені –
Бәрі бағылан, бәрі бай:
Қаз дауысты Қазыбек.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Дуан басы Ыбырай,
Ықылас пен Дайрабай,
Қаракесек Жидебай...
38
Белең, белең, кер белең,
Белең сайын көлденең.
Солар да өтті, дариға-ай,
Топқа тізгін бермеген.
Арысынан айырылған
Алаш нені көрмеген?..
Ат тұяғын тай басар,
Жүйрік кетпес кермеден.
Тарақтының ұрпағы
Тас қияға өрлеген.
Бүгініне келейін,
Көкке құлаш сермеген!..
Түрлендірген даланы,
Ер еңбегі жанады:
Жақайұлы Ыбырай –
Дән өсірген дананы,
Алтайбайдың жұлдызы –
Ұлбаладай ананы,
Жауды жеңген кешегі
Сыпатайдай баланы
Түгел білер қазақтың
Ұлан-байтақ алабы.
Тарақтыда тарлан көп,
Жерге тимес табаны.
«Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын солыңнан!»
Ақ ордаңа құт қонып,
Алтын нұрға шомылған,
Бақыт құсы ұшпасын
Мәңгі-бақи қолыңнан!
Үрім-бұтақ, зәузатың
Өріп шықсын соңыңнан!
Қыдыр баба кезіксін
Қия басқан жолыңнан!
Сақта, Құдай, қазақты
Пәле-жала, сорыңнан!..
39
ҚОБЫЗ-ЖҮРЕК
Қобыз үнін тыңдашы, керемет қандай,
Ғасырларды қиялмен аралатқандай.
Қорқыт бабам оралып көне заманнен,
Желмаясын желдіртті келе жатқандай.
Бүкіл дала боздаса бозінгендей бір,
Бауыр еті қазақтың езілгендей бір.
Қобыз-жүрек қайғысын сезінер кім бар,
Аққу құстың жүрегін сезінгендей бір?!
Көне сазы қазақтың асқақ армандай,
Әлдиінен бесіктің бастау алғандай.
Қозы Көрпеш – Баянның зарын оятып,
Махаббаттың жанарын жасқа малғандай.
Бабалардың жан сыры бізге жеткендей,
Алмасады бұл өмір күз бен көктемдей.
Жүрегінен адамның жылу іздейік,
Асан қайғы Жерұйық іздеп өткендей.
40
ЖЕР ШАРЫ ЖАЛҒЫЗСЫРАП...
...Білемін сені, аяулы Бостандығым,
Халқымның көп сарғайып тосқандығын.
Қазаққа ғарыштан да теңдік тиіп,
Самғауға шақырады аспан бүгін!
Жырламай мұны қалай үнсіз қалам?
Айтпасам ақиқатты құнсызданам.
Кім келіп-кетіп жатыр шаруасы жоқ
Тылсымның төріндегі мұңсыз ғалам.
Зуылдап жердің ұшқыр зымыраны,
Ғарышты бетке ап қанша зымырады.
Жұлдыздар тұңғиықта жүзген алыс,
Ашқан жоқ адамзатқа сырын әлі.
Жар болсын жаратқанның жалғыз өзі,
Тылсымның тіл қататын келді кезі.
Сығалап жеті қатқа телескоптан,
Қаншама ғалымдардың талды көзі.
Ойланбай дүние сыры еленбейді,
Түбіне түскен сайын тереңдейді.
Ғаламның он сегіз мың ортасында
Жер шары жалғызсырап елеңдейді.
41
СІЛКІНІП АҚ БҮРКІТТЕЙ
(Әлжаппар Әбішұлына)
Тоқсанға аман-есен келдің, аға,
Асқарға ақиықтай қондың, аға!
Ұқсаған өмірің бар керқұлаға,
Ұқсаған көңілің бар домбыраға.
Қозғасаң Сарыарқаның сағынышын,
Мәди боп мұң шағады шерлі дала!
Жасыңнан атой салып ат жалында,
Жасқанбай кірдің қанша от-жалынға.
Сұм заман тіршіліктің көкпарында,
Сілтеді қамшысын да, шоқпарын да.
Хақың бар мақтануға, шаттануға,
Тағдырдың адаспадың шатқалында!
Құйындай өте шықты жол бермеген,
Бір ғасыр көкірегін жел кернеген.
Бірісің қияметке куәгердің,
Санасам сұрапыл жоқ сен көрмеген.
Аштықтың көзін көрдің телмеңдеген,
Қорқаудың өзін көрдің өңмеңдеген...
Тайдырмай табаныңды әділдіктен,
Келесің арпалысып залымдықпен.
Үлгің бар алыптардан алып қалған,
Арқаңды босатпайсың ауыр жүктен!
Жігіттің жігері бар қайратыңда,
Әлдебір шал емессің жанын күткен!
Өзендей тоқсан тарау тоқсан жылың,
Уақыттың тежегендей шапшаңдығын.
Ақ маржан ақтарылар жүрегіңнен,
Кеудеңнің ашып қалсаң ақ сандығын.
Шақырып жүздің шамы жарқырап тұр,
Тоқсанның терезесін қақсаң бүгін!
Аспаннан қар ұшқынын қылаулатып,
Жүзің де жетер ертең қыраулатып.
Сілкініп отырасың ақ бүркіттей,
Ғасырды жанарыңнан бір аунатып!
Бұйырсын ұрпағыңа үйірімен
Басыңа үйірілген мынау бақыт!
42
ОРАЛМАС ӨТКЕН ЖЫЛДАР
(Сайын Мұратбековке)
Жасыңнан бастауды ойлап көшті қалай,
Жарқырап жан-жағыңа шаштың арай.
Ұшынан қаламыңның маржан төктің,
Тереңнен қайнап шыққан тас тұмадай.
Жасындай қара бұлттың тіліп астын,
Талантпен мылқау тағдыр тілін аштың.
Өшпейтін ізін қуып Ілиястың,
Асудың бірінен соң бірін астың.
Асудан асқар барсаң қар жатады,
Қар жатса қапталында зар жатады.
Қылышқа қымбат басың төселмесе,
Кім келіп алтын күмбез орнатады!?
Өзіңді сол биіктен дәйім көрем,
Затың бар атыңа сай Сайын деген.
Қалың ел қоршап бүгін отырар ма,
Қу болсаң күнің үшін уайым жеген?!
Соққанмен қорған болмас жарты қамал,
Қайырсыз – қалдырғанмен артыңа мал.
Байлығың – таусылмайтын адалдығың,
Құлдарын Құдай қолдар халқына адал!
Момынның құдай сүйген сен де бірі,
Не болар періштесіз пенде күні.
Алдымен өзіңе де нұр жаудырар,
Жаратқан жарылқаса жердегіні.
Кезің көп қабағыңа мұң жасырған,
Еншің көп алынбаған бұл ғасырдан.
Алпысқа аман-есен жеттің, міне,
Күн кешіп алпыс қилы бір басыңнан.
Оралмас өткен жылдар өкінгенмен,
Тарлансың талай өрттің шетін көрген.
Тәңірім тұрпатыңа дақ салмасын,
Жоңғардың жолбарысы секілденген!
43
КЛАРА ЖЕҢГЕЙГЕ АРНАЛҒАН ЖЫР
Жігіттің адал болса асыл жары –
Бақыты маңдайының ашылғаны.
Мінеки, елу жылға жуықтады
Жарқырап екі жақсы қосылғалы.
Қос жақсы тартып туған негізіне,
Ұқсайды бір ананың егізіне.
Қаршадай күндерінен қол ұстасып,
Өмірдің қайық салды теңізіне.
Ғашықтар татса-дағы қара судан,
Табады тәтті ләззат жарасудан.
Шайқалтпай шаңырағын нық ұстады
Жылдардың толқынында аласұрған.
Жеңгеміз Клараны кім білмейді,
Ән салса, тыңдағандар бұлбұл дейді.
Бәйек боп ағайынға келген-кеткен,
Ағаның артық-кемін білдірмейді.
Келін боп аттағалы босағаны,
Кісіден дастарханы босамады.
«Еркеш» деп еркелетіп келе жатыр
Азуы алты қарыс осы ағаны.
Жеңгеміз қадірлі адам жұртқа осындай,
Ұстара барда тұрмас мұрт басылмай.
Өнерде Қобыланды болса Ерағам,
Баптаған Тайбурылын Құртқасындай.
Асырып абыройын Ерағамның,
Қасынан аулақ жүрген қабағанның.
Қалдырып көрген емес көңілін бір
Қазақта сыйласуға жарағанның.
Өмірден көшті қанша ұлы ағалар,
Ерағам сағынғанда жылап алар.
Дәм татқан өз қолынан жеңгеміздің
Ғабиттей қасиетті ғұламалар.
Киелі ағалардан үлгі көрген,
Кісімсіп бөлінбеген бір күн елден.
44
Ұрпағын жас бұтақтай жамыратып,
Құдайым қызды берген, ұлды берген.
Бар болса кеуде
қазып
тасымаған,
Жоқ болса жерге қарап жасымаған.
Алланың бергеніне тәубә қылып,
Ұл-қызын қанағатпен асыраған.
Алдынан кесе өтпейді айналасы,
Сыйлайды қайыны да, қайынағасы.
Салады алақанға Ерағамды,
Секілді кейде жары, кейде анасы.
Қазақтың Еркеғали – Ерағасы,
Бұл күнде Клара да – ел анасы!
Шолтаңдап жүрген талай шолақ байтал
Кетпей ме жеңгемізден садағасы?
Жігіттің көңілі толса алған жарға,
Ешқашан өкпесі жоқ бұл жалғанға.
Қазақта таңдап жүріп тектіні алған,
Ұлында Рахмадидің арман бар ма?!
Жалғассын мына өлең!!!!!!!!!!
ЕКЕУІ БІРГЕ ЖЫРЛАП...
(Еркеғали аға мен Клара жеңгейге)
Болыпты елу жылдай, алтын ағам,
Жеңгеме қосылғалы жарқыраған.
Қаншама содан бері күндер ақты,
Бұлақтай таудан төмен сарқыраған.
Ғұмырдың тең бөлісіп бар қызығын,
Сыйлады бір-біріне жан қызуын.
Ағамның бекзаттығы жаннан бөлек,
Жеңгемде тектілігі хан қызының.
Екеуі бірге жырлап өмір жырын,
Жайнатты әр күн сайын көңіл гүлін.
Ұядан ұл өсірді, қыз өсірді,
Өрбіткен қос аққудай көгілдірін.
Ағаның баққан жеңге қас-қабағын,
45
Ортайтып көрген емес тостағанын.
Қазақтың қадірлісі енді екеуі,
Қасқайып төрінде отыр Астананың!
Кетпестей таңдайынан астың дәмі,
Дәм татқан туыс пенен достың бәрі –
Жиналып көрген емес ақ дастархан
Киелі шаңырақтың астындағы.
Бұл үйге нұр сәулесін төгеді ақ таң,
Отындай жас отаудың жаңа жаққан.
Аяулы қос жүректен айналайық
Елу жыл бірге соғып келе жатқан!
46
ҚЫЗДАР КҮНІ
Бүгін – бүкіл әлемде қыздар күні,
Орындалар тек қана қыз жарлығы.
Қыздар күні – сауықтың қызған күні,
Білінбейді күннің де ызғарлығы.
Қыздар күні қыздарға гүл ұсындық,
Гүлмен бірге жүректен жыр ұсындық.
«Әйелдерсіз өмірдің сәні жоқ!» деп
Айтылған сөз ежелден – ұлы шындық!
Қыздар күні астың да дәмі балдай,
Жүгіреді жігіттер жаны қалмай.
Әйелдерсіз, құдай-ау, еркек байғұс
Не нәрсеге өмірде жарығандай?
Қыз жігітке қалайша еркелемес,
Солар үшін өтті ғой сан төбелес.
Нәзік жанын әйелдің ұға алмаса,
Еркекпін деп жүргендер – еркек емес!
47
АЛДАЙ САЛ
Сарсаңға салған сұм жалған,
Болмады дейсің кімге арман?
Күрсінер күзгі жапырақ,
Бүршікті көрсе бүр жарған.
Тиянақ таппай көңілге,
Күндерім қанша мұңданған.
Жынданып кетсем таңданба,
Тағдыр ғой қалған Біржаннан.
Ойнаған қызыл отпенен,
Өзімді кейде жек көрем.
Жалт ете түсті бір сағым,
Жасымда қуып жетпеген.
Тәтті едің неткен, жастық шақ,
Таңдайдан дәмі кетпеген?
Жауқазын болғам мен-дағы,
Жамылып қарды көктеген.
Сарғайып жасыл маңайым,
Сары уайым түсті ептеген.
Жылытам тоңған жүректі
Іштегі қалған шоқпенен.
Базарлы, шулы дүние
Басынан кімнің өтпеген?..
Өкшесі қатты тіршілік
Өзектен кімді теппеген?..
Соны ойлап мынау ғаламға
Қараптап-қарап кектенем.
Тонатып нәзік жанымды,
Сүрдім бе ғұмыр текке мен?..
Түсінсең сөздің астарын,
Ұғарсың жайды көптеген.
Шіркін-ай, шерлі кеудеме
Үңілер кім бар деп келем...
Айыпқа, қалқам, бұйырма,
Ақын жоқ сырын төкпеген.
Алдай сал сәби жүректі,
Маңдайдан сипап еппенен...
48
ТҰМАНБАЙ 50-ГЕ КЕЛГЕНДЕ
Жырсыз күнің өткен емес ешқашан,
Жабырқадың ойдан ұшқын шашпасаң.
Көктем күйі күмбірледі сәт сайын,
Сен қолыңа қалам ала бастасаң.
Сен жырласаң, дала жырлап кеткендей,
Алатауың алтын нұрға бөккендей.
Алматыңа ақ жаңбырын төккендей,
Нәзік жаның өзің туған көктемдей.
Сен жырласаң, таудан сырғып ақ тұман,
Шыға келді ақ бұлақтар атқыған.
Аққу-қаздар аспан астын тербетіп,
Көк төсінен төгілгендей шаттық ән.
Сен жырласаң, сыр қалмайды жасырын,
Мөлдіреттің моншағын көз жасының.
Тайға мінген Тұманбайды сағынып,
Күрсінеді көк жайлауы Асының.
Сен жырласаң, көбейгендей аз үміт,
Сөйледі өмір қысы – жұтаң, жазы – құт.
Соғыс сызы, жетім-жесір әуені –
Жатты бәрі жүрегіңе жазылып.
Арман жолы болған емес кең көше,
Бұзып өттің тағдыр өткел бермесе.
Өрнек салып өлкесіне өлеңнің,
Көктем алып келіп едің сен кеше.
Күлімдейсің сол бір көктем қалпыңмен,
Шуақ болып тілдесесің халқыңмен.
Көлеңке мен ызғар барда тірлікте,
Қайран ақын қалай ғана алсын дем.
Көпке жетер көңілің бар ақ айран,
Емін-еркін дәмін татты талай жан.
Жиренесің Оразбайдан, Дантестен,
Үйренесің Пушкин менен Абайдан.
49
Қазынасы таусылмайтын кең кеуде,
Ақтарылды кеткенге де, келгенге.
Күйкілікке кеуіп қалған шөлсің де,
Дариясың кісілікке келгенде.
Біреу анау, біреу мынау демейсің,
Адалға дос, арамдарға өгейсің.
Мейірімге шаттануға байсың да,
Менменсуге, мақтануға кедейсің.
Жырмен жалғап алыс-жақын арасын,
Жырмен гүлдеп, жырмен тыныс аласың.
Алатаудың бауырында туған ұл,
Алатаудай биік тартып барасың.
Қарап тұрып қызығамын мен саған,
Сендей келсін 50 жасқа келсе адам.
Өрлей берсін осылайша жұлдызың,
Он жыл сайын осылайша қол соғам!
50
ҚОШ БОЛЫҢДАР, АҚ АТТАР
(Оралхан Бөкейдің рухына)
Шыбын жанға тіршілікте азап бар,
Күнәліге қияметте тозақ бар.
Күмбір-күмбір кісінейді түсімде
Аспан жақтан аппақ сүттей боз аттар.
Жоқ олардың жермен ешбір шатағы,
Тұяқтары бұлттан ұшқын атады.
Аппақ болып сол аттардың үстінде
Әулиелер кетіп бара жатады.
Ақ құстардай самғағанда пырақтар,
Жарқырайды аспандағы шырақтар.
Қ
иқыметтің
ұшығына шыға алмай,
Қу жанымды қинайды мың сұрақтар.
Ақ аттағы әулиелер сәлделі,
Шапанынан нұр шашады сәулелі.
Сияқтымын кететіндей ілесіп,
Көз қырын сап, демеп қалса сәл мені.
Ғұмырында не көрмейді пенде-адам,
Құдіреттің ғұзырында кең ғалам.
Аспандағы ақ аттарға жете алмай,
Көз жасымды сорғалатып мен қалам.
Қош болыңдар, қош болыңдар, ақ аттар,
Ақыретте жолығысар сағат бар.
Мәңгі-бақи сендер аман жүріңдер –
Аруағымды алып ұшқан қанаттар!..
51
НЕ КӨРСЕҢ ДЕ...
(Мырзатай Жолдасбековке)
Жалғыз жүріп мұратқа жетер дейсің кім жеке,
Не көрсең де көппенен бірге көрдің, Мырзеке!
Самғап ұшып халқыңа қызмет еткен шығарсың,
Сыртыңыздан біреулер күңкілдесе, күндесе.
Тұлпарға да міндіңіз топқа түссе озатын,
Торқаны да кидіңіз той өткен соң тозатын.
Мансап деген биліктің биігіне шықтыңыз,
Биік бірақ бәрінен өз абырой, өз атың.
Жағың түспей жалғанда, сол биіктен түспегей,
Жүйрік жүйрік бола ма аузымен құс тістемей.
Бір жақсылық қылғанға жүз жақсылық жасадың,
Ала-құла қазақты бөліп-жарып түстемей.
Азаматты алысқа жетелейді арманы,
Не тәйірі өмірдің от пен суға салғаны.
Күннен-күнге көбейіп көрер қызық алдағы,
Алла берген ырыздық таусылмаса болғаны!
52
ӨЛЕҢ-ХАТ
(Ділда Матайқызына)
Өмірі шуақты, қуатты, жақсы ана,
Келдіңіз аяңдап сексен бес жасқа да!
Қалың ел құттықтау жолдаған шығар-ау,
Бас болып Атырау, Алматы, Астана!
Бармақтай бақ берсе бір Алла маңдайға,
Өлгенің тіріліп, өшкенің жанбай ма!
Алашқа Имаштай арыстан ұл берген,
Дәл Сіздей шешеден айналсақ болмай ма!
Жамырап бұтағың жасай бер, әз ана,
Шаң жұқпас ешқашан жүрегі тазаға.
Қиянат көрсе де, қиямет көрсе де,
Асылдың сынығы тот басып тоза ма?!
Қаршадай қыз күннен қиындық көрдіңіз,
Келешек келбетін ойменен шолдыңыз.
Сіз жаққан ошақтың сөнбейді мәңгі оты,
Халықтың төрінде қашанда орныңыз!
Разы аруағы ата-ене, жардың да,
Парызыңыз өтелген ұрпақтың алдында.
Үлгіңіз жалғасар болашақ жылдарға,
Өлшемі Өзіңіз ұят пен ардың да!
Сіз келе жатсаңыз, кім кесіп өтеді?
Жол берер бас иіп әр қазақ жетелі.
«Бұл кім?» деп сұраса білмеген біреулер,
«Имаштың анасы!» деген сөз жетеді!..
53
ШУЫЛДАСЫН КӨП ҚАРҒА
(Иманғали Тасмағамбетовке)
Түскен кезде ел тағдыры көкпарға,
Сөйлемеймін қалай тіл мен жақ барда?
«Әй!» демесем, ақындығым не керек,
Бір қыранға жабылғанда көп қарға.
Иманғали ортамызда жалғыз-ақ,
Имансыздар толып жатыр қапталда.
Қайдасыңдар, көбедей көп қайраткер,
Қара ниет қамшы сілтеп жатқанда?!
Мәз болады, масайрайды біреулер,
Қызғаныштың қызыл отын жаққанға.
Көйлегі көк олар көпті не қылсын,
Көңілі тоқ оңай олжа тапқанға.
Қу ағаштан сөл шығарып соққанда,
Қайыршының қанын алар қаққанда.
Тор құрады биік шырқап ұшқанға,
Ор қазады топтан оза шапқанға.
Барлығы да бір Алланың қолында,
Кім біледі кім түседі қақпанға?
Арда туған азаматым – Имашым,
Алғыс алған жақыннан да, жаттан да.
Өнер үшін жұлып берген өзегін,
Өрге сүйреп небір қиын шақтарда!
Дуылдасын, шуылдасын көп қарға,
Қарғаларға жаза бар ма, сот бар ма?
Қырандарды сақтасын тек құдайым
Жанған оттан, жаулар атқан оқтан да!..
54
ТОЗБАЙТЫН ШАПАН ЖАПТЫМ
(Өмірбек Бәйгелдіге)
Елім деп ет жүрегі елжіреген,
Жақсы аға, жаны таза мөлдіреген.
Жетпістің жотасына шықтың, міне,
Ту тігіп жеті тауға желбіреген.
Туған бір азаматсың айы оңынан,
Заманға шалдырмаған аяғынан.
Қария секілдісің келе жатқан,
Халқыңмен бірге жасап баяғыдан.
Қайтемін жіпке тізіп өткеніңді,
Талайлар қанжығаңа бөктерілді.
Кейбіреу қайдан білсін қаршадайдан
Қазақ деп қабырғаңды сөккеніңді.
Аяулы асыл аға ер көңілді,
Ешқашан ел ұмытпас еңбегіңді.
Киелі Қаратаудың аршасымен
Анашың аластаған жөргегіңді.
Тұңғиық тұнық судай тереңдеген,
Үлгісін кісіліктің сенен көрем.
Тойыңда тон мен торқа онсыз да көп,
Тозбайтын шапан жаптым өлеңменен!
55
ҰСТАЗ
(Профессор Әбілфайыз Ыдырысовқа)
Қашанда орның бөлек ол ортада,
Жүрегі жылылыққа жомарт аға!
Ұлылық үлгісінен нәр жинадың,
Секілді бал жиғандай омартаға.
Жылдарға ой тастаумен жылжып өткен,
Алдыңнан талай-талай күлді көктем.
Сен бізді өз балаңнан кем көрмедің,
Өзіңді біз де сүйдік шын жүрекпен!
Өрелі өнегеңнен алдық тәлім,
Ешқашан туымызды сен жықпадың.
Қызыл көз қожайындар қиқу салды,
Ұрыға алдырғандай барлық малын.
Кімдерге тізгін берген мына жалған,
Қуғанмен жеткізер ме құлан-арман?!
Ғұмыры көңілі тардың құрдым келер,
Затындай қайыршының сұрап алған.
Жақсы аға, деме сөзден ауытқыды,
Екшейді бар мен жоқты халық түбі.
Тұғырдың семіздігі көзге ұрады,
Жүйріктің білінбейді арықтығы.
Немене жігіттерге жетпіс деген,
Жасында жалын шайнап, от тістеген!?
Үңілсем, басқан ізің сайрап жатыр,
Қарасам, ақ жүзіңе дақ түспеген!
Әбеке, аздық қылар алғыс саған,
Жыр құсы қашан самғар енді ұшпаған!?
Аяғың ілінбесін кәрілікке,
Таяғың сүрінбесін сәнге ұстаған!
Келемін қаршадайдан сөзбен байып,
Мен де бір көк теңізді кезген қайық.
Құдай-ау, көлеңкеңді қайдан табам,
Бір күні бола кетсең көзден ғайып?!
56
САУАЛ
(Академик Жабайхан Әбділдинге)
Қозғалмас құс қанатсыз, көш көліксіз,
Уа, Жәке, ортамызға хош келіпсіз!
Жаһанды оймен шолып, көзбен танып,
Асты-үстін дүниенің тексеріпсіз.
Қу сөзді қуырғанмен май шыға ма,
Болмаса өзіңіздей ойшыл аға.
Жабайхан деген атың жастан мәлім,
Ұйымас айтқаныңа қайсы дана?!
Шүйгінді шөп шыға ма тегін жерге,
Танылар тұлпарлығың тегіңнен де!
Қазақтың қара тілі Сіз бе дейміз,
Аузыңнан інжу-маржан төгілгенде.
Жақсы аға, жаның таза жыр аңсаған,
Сыртыңнан саулық тілеп жүрем саған.
Жарыста таймен озған толып жатыр,
Өзіңдей оймен озған бірен-саран.
Достарыңызбен бөлісу: |