Менің атым – Ақпан,
Келдім суық жақтан.
Малыңды күт, ата,
Сары аяздан сақтан!
Қойным толған боран,
Алай-дүлей болам.
Гуілдете соғам,
Жыртық болса, қораң.
Сұрықсыздау түрім,
Сүреңсіздеу күнім.
Ата, саған арнап,
Бар әкелген сүрім.
Басқалардан бөтен
Жүрісім бар төтен.
Уақытым аз әнтек,
Ертеректеу кетем.
222
НАУРЫЗ
Жақсы ма, ата, халіңіз?
Менің атым – Наурыз.
Балдай тәтті сары уыз
Алып келдім, алыңыз.
Қыр астында қыс қалды,
Қар еріді, су ақты.
Алып келдім құстарды,
Алып келдім шуақты.
Күнгей тегіс ашылды,
Мал тойынды қампайып.
Көтер, ата, басыңды,
Жата бермей жантайып.
223
КӨКЕК
«Көкек», «көкек», «көкек», – деп,
Қуаныштан секектеп,
Наурыздан соң мен келдім,
Мамырымды жетектеп.
Елді қозғап егіске,
Малды айдадым өріске.
Көкек деген баламын,
Икемі бар көп іске.
Ішпеп едің талайдан,
Мен әкелдім ақ айран.
Мұрын жара аңқиды,
Жұпар иіс маңайдан.
Жаңбырды алғаш жаудырдым,
Жердің иін қандырдым.
Өзен-суды тасытып,
Жұртты қайран қалдырдым.
Әкел, ата, қолыңды!
Таста, тұмақ-тоныңды.
Көңіл көтер, қырға шық,
Мін де жорға торыңды.
224
МАМЫР
Омырауына даланың
Әсем гүлдер қададым,
Ашық-жарқын қабағым,
Мамыр атты баламын.
Алма, өрікті гүлдеттім,
Бұталарды бүрлеттім.
Көбелекті көбейтіп,
Араларды гулеттім.
Түгел келіп түстіктен,
Ұя басты құс біткен.
Көктеді егіс дүркіреп,
Қуаттанып ыстықпен.
Қырда сағым ойнаттым,
Төл мейрамын тойлаттым.
Балаларды мәз қылып,
Өзен-суды бойлаттым.
Жайлауға енді көшемін,
Көк шалғынды кешемін.
Ата, кәне, төрге шық,
Түсті кілем төседім!
225
МАУСЫМ
Жапырағым күректей,
Сарымсағым білектей,
Маусым балаң мен болам,
Көк шалғыным жібектей.
Жайлау төрін жайнаттым,
Сайда бұлбұл сайраттым.
Үй тіктіріп майсаға,
Сазға бие байлаттым.
Қозы-лақтар марқайды,
Қурай басы шалқайды.
Көлеңкелер қысқарып,
Күн төбеде шаңқайды.
Ешкі таудың тасында,
Жылқы дөңнің басында.
Оқалақтап сиырлар
Айналды ауыл қасында.
Көлдің беті шалпылдап,
Қаз-үйрек жүр қаңқылдап.
Самал соқты аңқылдап,
Демал, ата, салқындап.
226
ШІЛДЕ
Менің атым – Шілде,
Шыжып кетем мүлде.
Балалармен бірге
Суға түсем күнде.
Пішен толып пісті,
Шөпке шалғы түсті.
Пішеншілер шөлдеп,
Бастаудан су ішті.
Бүлдіргенім балдай,
Қарақатым қандай!
Томашаламды татсаң,
Үйіреді таңдай.
Арнап қыс пен күзге,
Әкелгенім Сізге-
Сары май мен торта,
Ірімшік, құрт, сүзбе.
Мен де еңбекті сүйем,
Ыстық күнге күйем.
Қыстың қамын ойлап,
Тау-тау мая үйем!
227
ТАМЫЗ
Мен Тамызбын, Тамызбын,
Солтүстікте аңызбын.
Мәуелетіп ағашты,
Жемістен бал тамыздым.
Алма, өрігім үзілді,
Сөрелерге тізілді.
Уылжытып әкелдім
Қауын-қарбыз, жүзімді.
Балға бөккен ара мәз,
Балпаң тартты бала қаз.
Мен келгенде күн ашық,
Жауын-шашын болады аз.
Жақындады күз енді,
Ел бастады күземді.
Қозы қойдан бөлініп,
Қора-қопсы түзелді.
Тәтті-шырын жемісім,
Ата, бәрі сен үшін.
Мол ырысқа кенелген,
Аралап қайт, ел ішін.
228
ҚЫРКҮЙЕК
Алтын астық – кең далам,
Ынтығады ел маған.
Қызыл қырман қожасы,
Қыркүйегің мен болам.
Арпа, бидай,тарым бар,
Уағында орып алыңдар.
Қырман толы дәнім бар,
Қамбаға тез салыңдар!
Деп халыққа жар салам,
Күзді алдымен қарсы алам.
Күндіз-түні көз ілмей,
Орақта жүр қанша адам.
Жер сарғайды, от қашты,
Қына басты көк тасты.
Ел етекке ойысып,
Құстар көкте топтасты.
Күз келегенін мақұлдап,
Жапырақ ұшты жапырлап.
Елеңдеді егінші,
Сабантойы жақындап.
229
Мен әкелдім жаңа нан,
Жаңа шыққан табадан.
Сабан иісі аңқиды,
Сары алтындай даладан.
ҚАЗАН
Жаздың ізін өшіріп,
Қыстауға елді көшіріп,
Қазан балаң, мен келдім,
Қалмайын деп кешігіп.
Жылы жаққа қайтты құс,
Құстан хабар айтты қыс.
Бұлт жөңкілді аспанда,
Болғандай бір қақтығыс.
Бұта бүрі бітті ұшып,
Сыз білінді, шық түсіп.
Аю, борсық, суырлар
Жатты ініне бүк түсіп.
Қабақ шытып жиі күн,
Киді ел күздік киімін.
Төмен түсті тауешкі,
Тастап таудың биігін.
Саршұнақ жүр ініне
Жемін тасып күніге.
230
Кезек берем енді, ата,
Өзімнен соңғы ініме.
ҚАРАША
Менің атым – қараша,
Бұлтым ұшар аласа.
Төсегендей алаша,
Кең далама қараса.
Ел қыстауға жайланды,
Соғымға мал байланды.
Қырау шалып, мұз қатып,
Қар жаууға айналды.
Түнереді күнде аспан,
Жел азынап тынбастан.
Көлдің беті – қабыршақ,
Шарайнадай кір басқан.
Суық сұғып инесін,
Ата, шаншу тимесін.
Қымтап етек-жеңіңді,
Сал, шапанның түймесін!
231
ЖЕЛТОҚСАН
Қара жерге жауса қар,
Аңшы біткен аң соғар.
Менің атым – Желтоқсан,
Қызығым бар қансонар.
Жота, дөңдер, қырқалар,
Жамылды аппақ ұлпа қар.
Мен келгенде, малшылар
Етек-жеңін қымтанар.
Қыстың көзін қызарттым,
Түнді күннен ұзарттым.
Мол болсын деп жазда су,
Өзен-көлге мұз арттым.
Мен барда ішің пыспайды,
Думаным көп қыстайғы.
Күздегідей қырлардан
Жел соқса, шаң ұшпайды.
Әңгіме соқ жантай да
Алатау мен Алтайға.
Қартаймаса қара жер,
232
Ата, ешқашан қартайма!
АҢҚАУ АЮ
Таң бозынан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,
Атам қақпан құратын.
Менің аңшы атамды
Ауыл мақтан қылатын.
Едім мен де ерке шын,
Қасына ылғи ертетін.
«Жол қысқарсын, балам», – деп,
Жолда әңгіме шертетін.
Аңда көрген қызығын,
Айтатұғын күн ұзын.
Бірде есіне ап кететін,
Бала кезгі қылығын.
Атам алпыс жастағы,
Әңгімесін бастады:
– Бірде ұзап аулаққа,
Аңға шықтық тау жаққа.
Екі-үш аңшы келеміз,
Аю атып алмаққа.
Аптыға ұрып жағаны,
Асау өзен ағады.
Бүрген менен қараған,
233
Үзеңгіні қағады.
Ашылып сәл қабағы,
Шыңдар бізге қарады.
Оқыс қашқан қояннан
Аттар үркіп қалады.
Сайлар жатыр тұп-тұйық,
Жартастар тұр түксиіп.
Қайың, шырша, қарағай
Қарсы алады тік тұрып.
Аңғал-саңғал тау іші,
Арпалысқан тағысы.
Шаңқылдаған қыранның
Естіледі дауысы.
Үшеуміз де мергенбіз,
Қиындыққа көнгенбіз,
Қарсы шапқан аңдардың,
Әуселесін көргенбіз.
Қияладық шатқалды,
Құлауға аттар шақ қалды.
Басымыздан өткердік,
Небір қиын шақтарды.
Онда тіпті батылмыз,
Онда тіпті батырмыз.
Қорқынышты жерлерден
Қыңбай келе жатырмыз.
Қанжығамыз майланып,
Олжамызды байланып,
Бір төбеге тоқтадық,
Дем алуға жайланып.
Болған жайды баяндап,
Отыр едік жай аңдап.
Қарсы бетте келеді
Қоңыр аю аяңдап.
Қос қонжығы қасында,
Марғау аяқ басуға.
Алма ағашты бетке алған,
Өскен таудың басында.
Салады олар асырды,
Таптап шалғын, сасырды.
Қарақатты қағып жеп,
Алма ағашқа асылды.
Аю екен айлалы,
Сілкіледі алманы.
Сабағында қалдырмай,
234
Бәрін үзіп алғалы.
Біз отырмыз әлі аңдып,
Не болар деп ар жағы.
Жерге түскен алманы,
Қонжықтары жалмады.
Таптап аяқтарымен,
Үстіне кеп аунады.
Алмалардың не түрлі,
Берекесін кетірді.
Қонжықтарға енесі,
Қатты ақырып, зекірді.
Болмаған соң оған да,
Тоқтатпаққа бекінді.
Оларға бос таптатпай,
Ұстап алып аттатпай,
Кеуделерін бастырды.
Қара таспен қақпақтай.
Қонжықтары бақырды,
Аю қайта ақырды.
Жинай берді алмасын,
Тапқандай-ақ ақылды.
Беу, хайуан болғасын,
Қайдан терең ойласын?!
Әбден теріп біткесін,
Көтерді дәу маубасын.
Барып тасты аударды,
Кенет шошып таң қалды.
Қонжықтары болса оның
Бағана өліп қалған-ды.
Ары тартты, тұрмады,
Бері тартты, тұрмады.
Кеуделерін ақырын,
Құлағын сап тыңдады.
Өлгенін қос боздағы,
Білгеннен соң боздады.
Қаралы аю қайғысы,
Көңілімізді қозғады.
Күңіренді тау жаңғырып,
Даусы жартас, жарға ұрып.
Өксіп-өксіп жылады,
Байқұс аю зар қылып.
Аюды аяп атпадық,
Көздеуге де батпадық.
Удай ашып ішіміз,
235
Үйге қайттық аттанып, –
Деп тамамдап бұл сырды,
Атам ауыр күрсінді...
БӨРІЛЕР
Асып қырқа, төбені,
Аш қасқырлар келеді.
Аяз қысып бүкшиіп,
Бүкең-бүкең желеді.
Көздерінен от шашып,
Келе жатыр топтасып,
Тұмсықтарын шүйіріп,
Бір жүріп, бір тоқтасып.
Келмей қоймас болжамы,
Болмай қоймас олжалы,
Әрі кәрі, әрі әккі,
Бар еді бір көкжалы.
Түнде жортып қаңғыған,
Күндіз жатып, аңдыған.
Жас бөрінің талайын,
Жырынды еді баулыған.
Айлакерлік қылатын,
Ұрымталдан ұратын.
Таңдап жүріп жаратын
Жылқышының құр атын.
236
Қойыңды да қыратын,
Тайыңды да қыратын.
Ебін тауып, екі асап,
Еркін сайран құратын.
Кәрі көкжал қағынып,
Ширығады шабынып.
Тісі қышып қыңсылап,
Тайдың етін сағынып.
Талай жерді адақтап,
Келеді олар жалақтап.
Сілекейі шұбырып,
Қызыл тілі салақтап.
Жанталаса, жұлқына,
Жетті, міне, жылқыға.
Көрген жерде тап берді,
Жас бөрілер ұмтыла.
Көкжал бірақ саспады,
Дереу тыйып тастады.
Көп жылқыға сұқтана
Көзін сала бастады.
Қалт жібермей қас қағып,
Аралады бас бағып.
Көрінді бір кәрі айғыр,
Қарап тұрған қасқарып.
Қанды көзі кәнігі,
Салған жерден таныды:
– Дереу жарып тастаңдар, –
Деп азуын жаныды.
Жас бөрілер кеуделі,
Айтқанына көнбеді.
Қайтеміз деп кәріні,
Оған көңіл бөлмеді.
Не семізге қарамай,
Жүре түсті аралай.
Жауыр бие қара сұр,
237
Тұрған еді анадай.
Қанды көзі кәнігі,
Тағы жазбай таныды:
– Жарыңдар тез мынаны, –
Деп азуын жаныды.
Жас бөрілер кеуделі,
Айтқанына көнбеді.
Қайтеміз деп арықты,
Тағы көңіл бөлмеді.
Осы сәтте көк дөнен,
Өте берді көлденең.
Көкжал іші қылп етті,
Бұрын қалай көрмеген?!
Қанды көзі кәнігі,
Тағы жазбай таныды:
– Жайратыңдар, осыны, –
Деп азуын жаныды.
Жас бөрілер кеуделі,
Айтқанына көнбеді.
Жұқ болмас деп жұмырға,
Тіпті көңіл бөлмеді.
Кәрі көкжал күдікті,
Ойын ішке ірікті.
Бұл алжыған шығар деп,
Басқалары жінікті.
Жас бөрілер қайратты,
Бір семізді жайратты.
Жылы қанға малынып,
Ауыздары май қапты.
Етке тығып тұмсықты,
Бүйірлері бір шықты.
Енді бола бергенде,
Күн шықты да шу шықты.
Шыдасын ба адамға,
238
Зытты бәрі табанда.
Жеткізсін бе жылқыға,
Аяқтары аманда.
Талай қашып жүргенде,
Сасуды олар білген бе?
Жоғалатын бел асып,
Көз жаздырып бір демде.
Тастап артқа даланы,
Құйындатып барады.
Құтылдық па дегенде,
Көрді жалғыз қараны.
Барған сайын жақындап,
Келе жатыр тақымдап.
Ызаланды бөрілер,
Азулары сақылдап.
Тауға қашты, қоймады,
Сайға қашты, қоймады.
Бастырды да састырды,
Жылқының бір дойманы.
«Шапқан сайын үдейді,
Қайтеміз бұл дүлейді».
Жалтақтады көкжалға,
Жас бөрілер үрейлі.
Көкжал сонда қарады:
– Қасқа айғыр бұл манағы.
Құтылудың бар бұдан,
Жалғыз ғана амалы.
Қанша айтқанмен кәрі еді,
Осал жері бар еді.
Маңдайының сүйегі
Жұқалтаңдау мал еді.
Соққан желге азынап,
Қарсы тартсақ азырақ,
Шабысынан танады,
239
Құтыламыз қазір-ақ.
Бетке ап қырат-белеңді,
Желге қарсы жөнелді.
Суық соғып маңдайын,
Кәрі қасқа бөгелді.
Тастап артқа даланы,
Әлі безіп барады.
Құтылдық па дегенде,
Көрді екінші қараны.
-Шабысы тым сұрапыл,
Құтқармас, – деп мына сұр!
Жас бөрілер көкжалдан,
Күтті тағы бір ақыл.
Көкжал тағы қарады:
– Сұр бие бұл манағы.
Құтылудың бар бұдан,
Жалғыз ғана амалы.
Қанша жүйрік болса да,
Алды аласа соншама.
Еңіс келсе еңкеңдеп,
Шаба алмайды оншама.
Бетті бұрып теріске,
Тартыңдар тік еңіске.
Құтқармайды әйтпесе,
Қайқаң менен тегісте.
Бетке ап ылди-төменді,
Құлдилата жөнелді.
Ырғи алмай ылдида
Сұр бие де бөгелді.
Тастап артқа даланы,
Әлі қашып барады.
Құтылдық па дегенде,
Көрді үшінші қараны.
Құлақтарын жымқырып,
Құйрықтарын қымқырып,
240
Қатты састы бөрілер,
Бір жығылып, бір тұрып.
Көкжал сонда қарады:
Бұл көк дөнен манағы.
Қолтығында қанат бар,
Жерге тимес табаны.
Бітімінің бір кемі,
Жоқ ерекше жылқы еді.
Терімізді сыпырар,
Құтқармайды бұл тегі.
Қанша шамам бар менің,
Бітті қуат-дәрменім.
Жалтаңға тек тартыңдар,
Жеткенінше әлдерің.
Не салса да көрейін,
Өлсем мен-ақ өлейін.
Сендер аман қалыңдар,
Алдарқатып бөгейін.
Көкжал жорта налыпты,
Қалтарыста қалыпты.
Қуғыншы адам қалғанын,
Оңай соғып алыпты.
ЖАУДЫ АЯҒАН ЖАРАЛЫ
Шаяндар ертеде
Бірігіп тұрыпты.
Көрікті өлкеде
Салтанат құрыпты.
Сойқанды сүймепті,
Ойнапты, билепті.
Ешкімге тимепті,
Ешкім де тимепті.
Талай жыл өтіпті,
Көбейіп өсіпті.
241
Бетімен кетіпті,
Шетінен бөсіпті.
Тасыпты дәулеті,
Асыпты сәулеті.
Болыпты әулекі
Шаяндар әулеті.
Момындық бір кезгі
Жайына қалыпты.
Маңынан жүргенді
Аямай шығыпты.
Тасты да, тауды да,
Жүріпті шулатып.
Аңды да, малды да
Қырыпты улатып.
Хайуандар қаншама,
Ақыры шыдамай,
Бар маңға – баршаға
Жар сапты мынандай.
«Қаскүнем шаянға
Қарсылық қылайық.
Болмайды аяуға,
Қынадай қырайық.
Ағы мен қарасын.
Айырып жатпайық.
Әкесін, баласын-
Бәрін де таптайық.
Залымға лайық
Тек осы-үкімі.
Типыл ғып тынайық,
Қалмасын тұқымы!».
Хайуандар кекті боп,
Шабуыл бастапты.
Жаныштап, тепкілеп,
Жамсатып тастапты.
Шаяндар қан қақсап,
242
Қырғынға ұшырап,
Қалғаны жан-жаққа
Қашыпты бышырап.
Қысым кеп жанына,
Таба алмай панасын.
Зытыпты ханы да
Көрсетпей қарасын.
Артына жалтақтап,
Зәресі ұшыпты.
Тырбаңдап, қалтақтап,
Сан құлап түсіпті.
Кенетттен алдынан
Көлшік су шығыпты.
Өте алмай ол бұдан,
Діңкесі құрыпты.
Тұрыпты жағада,
Зар илеп қылқиып.
Бақа сол арада
Шығыпты қылтиып.
-Бақажан, сақташы,
Өлетін болдым-ау!
Өткізіп тасташы,
Бөгеп тұр көл мынау?
Кез болған сорым ба?!
Тым құрса көпір жоқ.
Қуғыншы соңымда
Келеді нөпір боп.
-Аулақ жүр, шағасың,
Жоқ менен қайырым.
Толқынға салатын,
Мен емес қайығың..
– Ая, мен пақырды,
Жалынам, Бақажан!
Тұяқ ем ақырғы,
Қалған бір атадан.
243
Түрімнен шошыма,
Тілімді жуытпан.
Құтқарсаң осыдан,
Өлгенше ұмытпан! –
Деп қолқа салыпты,
Бақа оған наныпты.
Қасына барыпты,
Арқалап алыпты.
Шаяның шанжиып,
Бақаға мініпті.
Ес жиып, әл жиып,
Мұртынан күліпті.
Бақаекең сермепті,
Есек қып аяқты.
Алқынып терлепті,
Жиекке таяпты.
Ал Шаян бастапқы
Қауіп пен қатерін,
Ұмыта бастапты,
Білген соң өтерін.
Кенеттен шатынап,
Ыза боп күйіпті.
Етіне шашырап,
Лай су тиіпті.
Бақаға ұрсыпты:
– Болдың , – деп – қырсықты.
Желкеден шағып ап,
Жағаға ыршыпты...
БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕР
Жон-арқасы жайқаңдап,
Қос мүйізі қайқаңдап,
Жорға бопты бір сиыр,
Бақайлары майпаңдап.
244
Зулап еңіс-қайқаңнан,
Төрт аяғы тайпалған.
Мысы басып жорғаның,
Бүкіл табын тайсалған.
Кеудесін жел кернепті,
Мақтаншақтық меңдепті:
– Сасық табан сиырлар,
Жылқы болам мен! – депті.
Қарамай өз тұрқына,
Қосылыпты жылқыға.
Түнгі өріске шығыпты,
Жанталасып, жұлқына.
Құр елеске еріпті,
Табынынан жеріпті.
Жетпек болып жылқыға,
Бұл да еңкілдеп желіпті.
Жылқы жүрсе жүріпті,
Жылқы тұрса тұрыпты.
Шапса шаңын көре алмай,
Діңкесі әбден құрыпты.
Сонда да өзін бұлдапты,
Кері мойын бұрмапты.
Кісінесе жылқылар,
Мөңірепті бұл қатты.
Бірде түнде қауіпті,
Бір топ қасқыр шауыпты.
Қалың жылқы шұрқырап,
Дереу айла тауыпты.
Тай-құлынын алдырмай,
Саяқтарын қалдырмай,
Жөңкіп берген қыр асып,
Қасқырларға шалдырмай.
«Жорға» естен таныпты,
Айдалада қалыпты.
Жемек болып боршалап,
245
Қасқыр қамап алыпты.
«Боршалайды-ау етімді,
Өлдім-ау», – деп өкірді.
Табынынан бөлініп,
Кеткеніне өкінді.
Шуылдап тал-қамысы,
Күңіреніпті тау іші.
Таяу жатқан табынға,
Естіліпті дауысы.
Сезіп сәтте сұмдықты,
Бүкіл табын дүрлікті.
Шаншып алып құйрықты,
Солай қарай құйғытты.
Бәрі бірдей лап берді,
Дер кезінде дөп келді.
Жан-жағынан анталап,
Көкжалдарға тап берді.
Жаны өзіне олжа екен,
Аман қапты «жорғаекең».
«Бөлінгенді бөрі жер,
Сендерсіз мен сорлы екем!» –
Деп өкініп налыпты,
Аңыз түбі анық-ты.
ҚАБАНБАЙ БАТЫР
1. Ерлерді ел ұмытпас
Ал, балалар, құлақ қой,
Түсінбесең сұрап қой.
Ерлік жыры ешқашан
Сарқылмайтын бұлақ қой.
Аңыз емес анық іс-
Сол бұлақтан қанып іш.
Зерек болсаң зерделі,
Сөз төркінін танығыш.
246
Достарыңызбен бөлісу: |