СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ЗОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
СОҒЫСТЫҢ САЛДАРЫ
1915 жылдың күзінде маған Құтырлағаннан кетуге тура келді. Бұның бір
себебі,— ұрылардың маған өшігуінде болса, екінші себебі — соғыстың
салдарында жатты.
Бір жыл бұрын басталған соғыстың, хал-жайын біліп отыратын мен ол
кезде саяси сауатты кісі емеспін жəне жаспын. Кім мен кім соғысып жатыр,
кімді кім жеңіп жатыр, ол жағына мен — саңыраумын. Менің еститіндерім
— Құтырлағандағы жатақтардың ғана соғыс туралы сөздері, көретіндерім
— соғыстың салдарынан Құтырлағанда туған халдер.
Соғыс басталған кезде Қайырке «Ерманса» деп жүретін еді, кейін
«Ярмания», одан «Ермания», одан «Германия» боп, ақыры жатақтардың
айтуында «Карман жұрты» боп кетті.
«Неге соғысады екен бұлар?» деген сұрауға, жатақтардың тауып алған
жауаптары да қызық.
— Карман патшасы баласына орыс патшасының қызын айттырған екен
ержеткен кезде орыс патшасының қызы басқа бір патшаның баласымен
қашып кетіп, соның салдарынан соғысып жатыр дейді, — деп жүрді
біреулер.
— Алда, жүзіқара-ай, тиыш отырған елді бүлікке салуын-ай! Тілеуі
кесілсейші, тілеуі кесілгірдің! — деп қарғап жүрді жатақтар ол «қызды».
— Орыс патшасы мен Карман патшасының баласы бір қызға бақас екен
— десіп жүрді, кейбір жатақтар, — екеуі бір күні кездесіп қап, орыс
патшасының баласы ұрам дегенде, қата тимей, бата тиіп, Карман
патшасының баласы өліп кетіпті, соғыс осыдан шығыпты...
— Орыс патшасы Карман патшасының əйелімен көңілдес екен бір күні
Карман патшасы үстінен шығыпты да, екеуі төбелесіп қап, соғыс содан
басталыпты, — десіп жүрді əлдекімдер...
Бұлардың бəрі де ойдан жасалған əңгімелер екендігі жəне қазақ
ауылында дау-шарға себеп болатын қиқым оқиғаларға байланыстыра
жасалған əңгімелер екендігі, бұл əңгімелерден, — жатақтардың ол кездегі
ой-өрісі қандайлығы айқын көрініп тұр. Станица орыстарының жүріп
жатқан соғысты ол кезде қаншалық түсінетінін мен білмеймін, олардың
тілін де білмеймін.
Менің білетінім де, көретінім де соғыстан Құтырлаған орыстарына түсіп
жатқан ауыртпалық қана. Оны ұғу үшің көп білімнің қажеті жоқ сияқты,
көретін көз, көргеніне қорытынды жасай алатын ми болса жететін сияқты...
Не көрем мен?
Соғыс басталған күндері бес жүз үйдей Құтырлағаннан соғысқа қырық-
елу кісі алынғанда:
— Япырай, мұнша жан кетті, қала енді қалай күн көрер екен?! — деп
шуласқан еді жатақтар.
Ай сайын, апта сайын... дегендей, қаланың жас еркектері алына кеп,
1915 жылдың, күзіне қарай, кем-кетіктер мен аурулар болмаса, бұ қалада
жас еркек атаулы таусылды дерлік халге жетті. Жексенбі сайын думан
болып жататын қалада əн-күйдің дауысы біржола семді...
Сембегенде қайтсін!.. Соғыс бастала салысымен-ақ, «пəлен орыстың,
пəленше деген баласы өлген қағазы келіпті» деген қауесет тарай бастады
да, кейінірек қауесет көбейіп кетті. Баласы өлді деген адамдардың
талайының жылап отырғанын көзімізбен де көрдік...
Соғыстың алғашқы кезінде «біздің жақ қырып жатқан көрінеді» десіп
жүрген жатақтар, біраздан кейін «жау жағы басым боп бара жатыр дейді»
деп, тағы біраздан кейін «Карман шыдатпауға айналыпты дейді» деп, уақыт
өткен сайын жау жағын күшейте сөйледі.
— Көкте құдай, жерде царь деп шоқынатын орыстар, енді царіне тілін де
тигізетін бопты, — дей бастады жатақтар бір кезде.
— Тіл тигізбегенде қайтсін — деп жүрді олар, — білетін орыстардың
айтуынша, патша тізгінін қатынына беріп, өзі арақ ішіп, ойнас қылғаннан
басқаны білмепті ғой. Қатыны да барып тұрған бір қар болса керек,
байының көзіне күнде шөп салады дейді. Соған тізгін берген соң не оңсын
ол!.. Біздің патша сөйтіп азғындық жолда жүргенде, Карман патшасы
соғысқа даярланып, неше түрлі айланы жасай беріпті. Сонан, кейін ол
жеңбегенде кім жеңсін!..
Қалада патшаға қарсы өрби бастаған сөз, «Сойдақ Савка» келгеннен
кейін тіпті күшейіп кетті.
Сəбелейді мен білемін: зор денелі, сұлу сарғылт кескінді, бұйра сары
шашты, оның шын аты — Василий Никифорович Чесноков. Қазақтардың
«Сойдақ Савка» деуі, үстіңгі күрек тістерінің əдеттен тысқары үлкендігінен
екі тістің арасынан тіс түскендей алшақтығынан. Содан ба, əлде мінезінен
бе, — орыстар да оны «зубастый» («тісті») дейді.
«Мінезі» дейтінім, əрі кедей, əрі жалғыз бола тұра, ол ешкімді
басындырған жігіт емес. Ауылдағы байдың балалары сияқты, станицадағы
кулактың балалары да өктемдеу келеді, олар да ретсіз жерде жұдырық сала
сөйлеседі. Ондай өктемдік Құтырлағанда Чемасов, Турнов сияқты əрі бай,
əрі өскен тұқымнан шығады. Станицада əлденеше үй боп кеткен,
тұқымдарынан атамандар, чиновниктер көп шыққан бұлардың жастары
бейбастақ, төбелескіш, сабағыш... Басынған біреулерін олар үйіне кіріп
сабайды, олар жүрген жерден талайлар ығысып кетеді... Ал, Сойдақ Савка
олардан да қорықпайды, төбелессе жалғыз өзі тобын қиратып шығады.
Орыстардың оны «зубастый» деуі, басынан сөз асырмайтындықтан,
ерегіссе жеңіп шығатындықтан деседі. Күштімсігенге сондай батыл жəне
қатал ол, момынға тимейді, қорлық көргенге болыса жүреді, сондықтан өз
бетімен теңдікке жетпейтіндер оның маңына көп үйріледі, оларға пана бола
алады, өктемнің ешқайсысы оған қарсы келе алмай ығысып жүреді...
Сойдақ Савка кедей жігіт дедік қой. Үйі — қаланың көл жақ ылдиына
салынған жер-үйшік. Қопабайдың айтуынша бұл «избушканы» Сойдақ
Савканың ұлы атасы Серафим Серафимович əкесінен енші алғанда
салыпты. Содан бері өңделмеген үй, жермен тұтасып, соның сүйелі сияқты
дене бөлшегіне айналып кеткен.
Тағы да Қопабайдың айтуынша, бұл үй өмірінде егін атаулыдан, тек
жалғыз темекіні отырғызады екен. «Күзеннің темекісі» деген аттаққа
шығып, насыбай ататын қазақтар, одан басқа темекі алмайды екен.
Темекіні əйелдері егеді, ал, еркектерінің ата-бабасынан бергі кəсібі —
балташылық. Осы қаладағы ағаш үйлердің көбін солар қиған шананың,
қамыт-доғаның көбін солар істеген. Сəбелейдің де кəсібі сол. Бір қызығы,
тағы да Қопабайдың айтуынша, «бұл өспеген тұқым, тууы көп туады да,
тұра келе жалғыз қалады». Сойдақ Савка да сондай.
Жасы жиырмадан асқанмен, ол соғысқа кеткенше үйленген жоқ. Əкесі
ерте өлген. Үйіндегі бар адамы, — шешесі ғана. Ол жазы-қысы темекімен
жəне өспейтін де, өшпейтін де жалғыз сиырмен шұғылданады. Сойдақ
Савканың өзі, ата дағдысымен — балташы.
Мінезі қызық Сойдақ Савка, соғысқа да қызық түрде кетті. Ол кездің
əдетінде, казак-орыстар армияға өз аты, өз тұрманымен барады. Армияға
жарарлық ат-тұрман жұрттың бəрінен табыла бермейді, əсіресе кедейден...
Естуімізше, казак-орыс станицаларында осы мəселенің төңірегінде көп
қайғылы халдер кездеседі екен: казак-орыс болса армияға өз атынсыз бара
алмайды, бармауға жəне болмайды, сондықтан əрбір казак-орыс қанша
кедей болғанмен, көп жыл еңбектеніп ұлына ат-тұрман даярлайды... Хош,
сонда, оның ұлы біреу ғана болса жөн ғой, егер көп болса ше?.. Осы
мəселенің төңірегінде нелер қайғылар ұшырасады екен...
Сойдақ Савка бұл тұйықтан оңай шығады. Соғыс басталып, казак-
орыстар майданға алына бастағанда, ол станицалық атаманға барады да:
— Мен соғысқа керекпін бе? — деп сұрайды.
— Əрине керексің, — дейді атаман таңданған кескінмен, — оны неге
сұрадың?
— Керек болсам, соғысқа мен жаяу барам.
— Неге?!. Казак-орыс емеспісің, сен?
— Болғаныммен, атым жоқ, сатып алар қаражатым жоқ, шешемді сата
алмаймын жəне оның менен басқа ешкімге керегі жоқ.
Ұзын сөздің қысқасы, екеуі ұзақ көрісіп, келісімге келе алмайды. Атаман
бұл халді айтып, жоғарғы командованияға қағаз жолдайды.
Сойдақ Савкаға Петропавлдан шақырған қатынас келеді. Савка кетеді.
Біреулер оны «жазаға ұшырар» деп күдіктенеді...
Артынан естісек Сойдақ Савка пехотаға кетеді. Серіктерінен, өзінен
келген хаттарға қарағанда, майданда ол орасан ерлік көрсетеді...
1915 жылдың жазында, Сойдақ Савка майданнан қайтып келеді. Бəріміз
де барып көрдік: оң аяғын зеңбіректің оғы сындырып, жамбасынан
кесілген ақсақ боп, балдақпен қайтыпты. Аз уақытта оның кескін-кейрі
қатты өзгерген, жап-жас бетіне айғыздалып əжімдер түскен, кескіні
ызбарланып кеткен...
Көп кешікпей «Сойдақ Савка патшаға қарсы бол кепті... Ашықтан-ашық
патшаны боқтайды дейді... Ол ақмақ патша, тізгіні өзінде емес, қатынында
дейді... Баяғыдан бері түк қару даярламай, Карманға орысты босқа
қырғызып жатыр дейді... Əскерлер патшаға қарсы дейді... Патша тез арада
түседі дейді...» деген сөз жатақтар арасында да, станицалықтар арасында
да бұрқ ете қалды... Жұрт екіге жарылды: бір жағы: «Патшаға қарсы
болғаны несі?!.» деп Сойдақ Савканы сөкті, енді бір жағы: «Айтқанында
өтірік бар ма? Бəрі рас емес пе?» деп жақтады...
Сөйтіп жүргенде, «Сойдақ Савканы ұстап əкетіпті» деп естідік.
— Неге?
— Патшаға қарсылығы үшін...
Бірақ патшаға қарсылық онымен сөнген жоқ... Соғыстың Сойдақ
Савкадан басқа да мүгедектері келе бастады...
— Бəрі де патшаға қарсы боп келеді, мұның бəрін қалай тияды
ұлықтар?.. Тия алмаса, арты неге соғады мұның?! — деп үрейленісті
жатақтар...
Со жылдың көктемінен бастап Құтырлағанда қазақ жігіттері көбейді де,
күзгі егін жинау кезінде қаптап кетті... «Неге бұлай?» деген сұрауға
жатақтар əртүрлі жауап тауып жүрді.
— Орыста еркек жұмыскер азайғанын біліп пайда табуға келгені де, —
десті біреулері.
— Қазақтан да солдат алатын бопты деген қауесет бар, содан ығысып
келген де, орысқа жалданған қазақты солдатқа алмайды дейді, — десті
біреулері.
Қалай келсе де, қазақ жігіттері Құтырлағанда көбейді. Жатақтардың
айтуынша, орыс қаласының бəрінде де осылай. Қазақ жігіттерінің
Құтырлағанда бұлайша көбеюін өзге жатақтар да, мен де ұнатқан жоқпын.
Қалай ұнатам!.. Күз, Аубакір баққан қойлар иелеріне қайтарылып
берілгеннен кейін мен қалада жалдайтын орыс таба алмадым. Кісі жалдауға
шамасы келетін орыстар қарулы қазақ жігіттерін алмай, мен сияқты баланы
не қылсын. Сондықтан қыстың басында бірер ай жұмыссыз сандалып
жүрдім де, ол қалыппен қалаға сия алмайтын болған соң, 1915 жылдың
ноябрінде апам Ұлтуғанның үйіне кеттім.
Мен келсем, апам үйінің бұрынғы жандары түгел екен. Сол жылы ұл
бала туған апамның, бұрынғы талдырмаш денесі толығып, енді ол нұрлы
кескінді, толық денелі əйел боп қапты. Алғаш көргенде, ауыл салтымен ол
менен жаулығын жасырып, көрсетпеген қалпымен қалып еді, бұл жолы да
жасырам дегенмен, көрші үйдегі құдағилар еркіне жібермей менен көрімдік
алды.
Бес-алты айлық жиеніміз бүлдіршіндей əп-əдемі екен. Сол кезде кісіге
көз тоқтатып күле бастапты. «Қулық бие құлын жанды» дегендей,
байқаймын, менен қымсынған болғанмен, апамның жан-тіні кішкентайдың
үстінде.
Бұл үйдегі менің «дұшпаным» болса, болмаса да — шалы ғой. Аз тұрып
сынап көрсем, апам оны жеңіңкіреген сияқты. Бұрын болмашы нəрсеге
кейи қап, — «құдайы бар болғыр-ай, өлер болдым-ау, осы келіннен» деп
көпіре жөнелетін ол сол дағдысымен тағы да көтерілейін десе апам «болды,
болды!» — деп қабақ түйсе, шал жым қояды екен. Апамды жек көретін шал
оның баласын жанындай жақсы көріп шұрқырай сүйеді екен. Жалпы
жағдайын алғанда, бұдан екі жыл бұрын, бұл үйге келімсек сияқтанып,
əрқайсысына бір жалтақтап отыратын апам — қазір өзі би, өзі тос. Оның
бетіне шығары жоқ. Жездеміз Болатбай мен барған кезінде үйінде жоқ екен.
Ол іш аралап, қайыс ору кəсібімен кетіпті.
— Өрімшіме еді ол кісі? — деп сұрасам:
— Жас уақытында істеген кəсібі еді, — дейді əкесі, — кейінгі жылдары
тастап кетіп еді, күн көрістің тапшылығынан тағы да кірісті.
— Неге?
— Мынау соғыс деген дүниені қымбаттатып жіберді ғой. Соғыстан
бұрын пұты бір сомға əрең жететін ұнның бағасы қазір жеті-сегіз сом боп
кетті. Оған ақша шыдай ма? Бұрын бір малыңды сатсаң, бір қыстық астық
жинап алатын ең. Қазір бір қысқа жететін астыққа екі-үш ірі қара керек.
Дəулеті мол адам болмаса, ондай мал бізден табыла ма?
— Астық қымбаттамағанда қайтсін, — дейді шал,— қазақ атаулы егін
екпейді, астықты орыстан ғана алады. Орыстың қаласы бүтін кезде,
сататын бидай мен ұн əр үйінен табылатын еді, қазір ілуде біреуінде ғана
болмаса табылмайтын көрінеді; əнеу күні Мақаріпкеге барып, қаланы күн
ұзын қыдырып, жарты пұт ұнды əрең тауып əкелдім.
— Қайдан табылсын! — дейді шал өкінішті дауыспен, — егінді салуға
да азамат керек. Орыстың іске жарар ер-азаматы соғыста. Қатын-қалаш егін
сап өндіре ме!.. Қаладағы үйлердің көпшілігінің ішімділігінен артық егін
алуға шамасы келмейді екен.
Соғыстың салдарынан үй ішінің тұрмысына түскен ауырлықты айта кеп:
— Шиеттей жандарды асыраймын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей,
қала кезіп кетті жалғыз бала! Денсаулығы да нашарланып жүр еді өзінің.
Ауырып қап бір жерде жатыр ма, əлі кім біледі!.. — деп күрсінеді Нұралы.
Баласына жаны шын ашитындығының белгісі сияқтандырып, Нұралы
көз жасын төгіп алады.
— Жылағаны несі, жамандық шақырып? — дейді Ұлтуған шалға кейіп,
— жалғыз жүрген жоқ, бір топ адаммен жүр. Сол ғана ма кəсіп іздеп
кеткен? Кім кетпей жатыр?
Апамның жаны күйеуіне ашымайды деп ойлай ма, немене Нұралы оған
ала көзімен жаман қарайды да үндемейді. Шалдың, үй тұрмысының кемдігі
туралы да, баласына жаны ашуы туралы айтқан сөздері де маған тиіп
жатқан сияқтанады. Ол сөздерді естігім келмеген менің бұл үйден масыл
болмай кеткім келеді. Бірақ қайда?
Танысып көрсем, күн көрісі мол дəулетті үйлер ғана болмаса,
Нұралының үйіндей ғана шаруасы барлардың бəрі де күнін əрең көріп
қалтақтап отыр. Аяқ-табақтап əркімдерден ас сұрап жүргендер де бірталай.
Бұлар — Жайылған аталатын ауылдың көпшілігі. Ондай үйлердің шет
шығып кəсіп істеуге жарайтын еркектерінен біреуі де үйде жоқ. Бəрі де
орыс қалаларын қыдырып жұмыс іздеп кеткен.
— Шіркін, ырыс егінде екен ғой, — дейді астығы жоқтар өкініп, — егін
салуды кəсіп еткен орыстар біздің қазақ сияқты тентіреп ел кезіп кеткен
жоқ. Əр үйінің ішер астығы өзінде. Баяғыдан бері мал жиғанша, егінге
үйренсекші. Егінді бейнет көріп, аза бойымыз тік тұратын еді, енді тарттық
оның тақсіретін!..
— Ендеше алдағы жылы егінді біз де салайық, — деушілерге:
— Жерді жырта сап, тұқымды шаша сап егін ала аламысың. Егін өсіруде
де көп мəн бар емес пе? Соқа айдап көрмеген қазақ қайдан біледі оны! —
деседі уайымшылдар...
Ауыл кедейлерінің, былай да ауыр тұрмысы, соғыс салдарынан
бұрынғысынан əлдеқайда ауырлап кеткенмен, «қайтып күн көру керек?»
деген сұрау, əр кедейдің маңдайшасында ілулі тұрғанмен, ауылдың
атқамінерлерінің, болыс, билерінің момын шаруаға істейтін зорлық-
зомбылығы бұрынғыдан да үдеп, жемсаулары бұрынғыдан əлдеқайда кеңіп
апты. Жайылғанға келе мен осындай, зорлықтың айқын бір сипатын
көрдім.
|