Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет2/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

САЯТШЫ ОРАЗ
Күрілдектің күтірінде жеген таяқтан кейін қатты ауырып еңбекке күші
келмеген Мұқаң Зəуре атты ұзатқан қызының аулына көшіп келеді.
Зəуренің күйеуі — бес мың жылқы біткен Есеней байдың інісі,
Еменалының кенже баласы. — Аты — Сүлеймен — əкеммен жасты.
Зəурені ол тоқалдыққа алған. Бұл ауылда біздің үй бір қыс болған деседі.
Ол жылы мен төрт-бес жаста болсам керек.
Со жылы кездескен адамдардың ішінде, менің сəбилік есімде апам да,
жездем де, басқалар да сақталмаған тек қана елесі сақталған жалғыз адам
— Саятшы Ораз. Кейін ол адамның түр-тұлғасың кескін-кейпін айқын
танып, қызыға қарап жүрдім.
Орта бойлы, кең жауырынды, төстек кеуделі, мұрнының екі жақ сайынан
басқа бетін түгел жапқан, ұзындығы кіндігіне түсетін қалың ақ сақалды,
кішірек келген дөңестеу мұрынды, ойнақылау келген дөңгелек қара кезді,
желкілдеген ұзын ақ қасты, кең маңдайлы, əжімсіз қызыл-күрең кескінді,
ықшам сыртқы киімдерін шалбарланып алатын кең шалбарының балағын
ішіне сала, қонышын тізеден асыра етік киетін, беліне қазақша кісе
буынатын кісесінің төңірегінде: мылтықтың оғың дəрісің тазалайтын
саймандарын 
салатын 
салпыншақтары 
көп, 
кішігірім 
тебінгідей
оқшантайлы, сол жақ бүйірінде қынды ұзын кездігі салбырап жүретін
арқасынан асынған шиті мылтығы түспейтін адам еді ол...
Менің есімде бұл кісі соншама айқын сақталмас па еді, қайтер еді, —
егер со қыста, біздің үйдің күн көруіне оның көп жəрдемі тимесе...
Кейін білдім, жездем Сүлеймен орта дəулетті болғанмен сараң адам
екен. Сондықтан ба, болмаса Оразбен бұрыннан көңілдестігі бар ма, менің
əкем 1904 жылы жездемнің аулына көшіп барғанда, қысқы үйін күйеуінің
қасынан емес, Ораз үйінің қасына салыпты.
Шала-шарпы есімде: Ораз бен біздің үй су жататын сайдың күнгей
жағындағы қалың ағаштың қойнауында, өзге үйлерден оғаштау отырды.
Біздің үйде ол жылы мал атаулыдан жалғыз-ақ сиыр болыпты. Оразда да
бір ат, бір сиырдан басқа мал жоқ еді деседі. Сондықтан оның да шымнан
салынған үйімен қамыспен қоршалған қорасы да, біздің де шымнан салған
үймен қамыстан салған қорамыз да шап-шағын, кіп-кішкене.
Ораз ең алдымен мылтықшы екен жəне жалғыз оқты шитімен ғана атады
екен. Бертініректе аспанда зырлап ұшып бара жатқан үйректі шитімен атып
түсіргенін өзім де көзіммен көрдім. Ес біліп, қасына ерген кезімізде
Ораздың ұсынған оғы тимегенін көрген емеспін. Өзгелер де, Ораздың қолы
өмірде мүлт кеткен емес» деседі. Оның үш мергендігі елдің есінде ерекше
сақталған.


Бір мергендігінің тарихы былай: Ораздың жігіт кезінде қалың ел жайлап
отырған жерге адасып жалғыз шошқа келеді. Ауылдың надан адамдары
одан үрейленіп молдаға барса, молда: «Сендердің көздеріңе шошқа боп
көрініп жүрген шайтан» — деп қорқытады. «Онда қайттік?!» деп сасқан
жұртқа молда: «Үй басы мал сойып, тасаттық

беру керек сонда ғана бұл
пəле қашады», — дейді, молда, əрине, тасаттыққа сойылатын көп қойдың
етіне ғана тоймайды, бəрінің терісі оныкі.
Жұрт жиналып тасаттық берудің жабдығын сөйлесіп жатқанда, Ораз
тұрып: «Ау, жұрт, мен білсем, осы жын да емес, шайтан да емес, кəдімгі
шошқа. Нанбасаңдар, мен осыны атып көрейін, шошқа болса өледі де,
шайтан болса жоғалады»,— дейді. Жұрт ақылдасады да:
— Егер атып өлтіре алсаң, саған бір жақсы ат мінгізейік, — дейді.
Осыған олар уəделеседі. Шошқа қорысында жатқанда көлдің жағасына
жұрт жиналады. Сонда, білгішсінген біреу:
— Оқты не жүрегінен, не миынан тигізбесең, шошқа өлмейді, — деді.
Ораз тұрып: «Оқты бергі құлағының тесігінен тигізіп, арғы құлағының
тесігінен шығарсам, ризамысыңдар?» — деп сұрайды.
— Оны істей алсаң, бір түгіл, екі ат берейік! — деседі əркімдер.
— Ендеше атам! — деп Ораз əзірленгенде, біреу тұрып:
— Шошқаны жүз адым жерден жақын атқан шариғатта обал болады
дейтін, — дейді.
Сонда Ораз: «Мен жүз емес, екі жүз адымнан-ақ атайын», — деп, сол
шамалы жерді мөлшерлеп алады да, шиті мылтықтың аяғын жерге құрып
жіберіп, шошқаның əзі жақ құлағын нысанаға алып тартып кеп қалады,
шошқа шоршаң етіп атып тұрады да, қылжиып барып құлайды.
Жұрт жүгіріп барып қараса, Ораздың оғы бергі құлақтан тиіп, арғы
құлақтан шыққан екен дейді. Шошқа өліп қалыпты!..
Ораздың енді бір мергендігін былайша сипаттасады жұрт: тағы бір
жазда, ел жайлауда отырғанда той болады. Тойға жиналған жұрт көлдің
жағасындағы көк майсаға отырып, алдарына табақ тартылған кезде,
аспанның биігіне шығып ап, бір бозторғайды қуып жүрген тұрымтайды
көреді. Тұрымтай бозторғайды əлденеше рет шалып, іле алмайды,
тұрымтай шалған сайын бозторғай биіктеп ұша береді.
Бозторғайды аяған жұрт: «Бұ бейшара неге төмен қарай ұмтылмайды,
неге жоғарылай береді» десе, біреу: «Төмендесе-ақ қағып түспей ме
тұрымтай, соны біліп жоғарылап барады»,— дейді. Аздан кейін


бозторғайдың екпіні бəсеңдеп, тұрымтайдың екпіні күшейе бастағанын
көреді жұрт. «Апырай, енді шалады-ау, бейшараны!..» деп аяған жұрт
шуласа бастаған кезде, жиынның арасынан мылтықтың дауысы гүрс ете
қалады. Со кезде торғайды ілгелі жүрген биіктегі тұрымтай қаң-көбелек
ойнап төмен қарай құлдырай құлайды.
Жұрт: «Не болды бұған? деп таңданса, тұрымтайды атып түсірген Ораз
екен!..
Ораздың мылтықшылығы осындай болса, құсбегілігі одан да бетер
болған. Есін білгелі қыс бүркіт салудан жаз қаршыға мен тұйғын салудан
қол үзбеген. Алғыр құстардың ішінде ілуде біреуі ғана болмаса, бабын
тауып қайыра алмайтыны — ителгі деседі. Ораз — осы ителгіні де
қайырып салған кісі.
— Менің малым көп, — деп қалжыңдайды екен Ораз.
— Қайдағы мал? — деп сұрағандарға:
— Көктің құсы, жердің аңы түгелімен менікі, олар бар¬да мен аштан
өлмеймін, көштен қалмаймын, — дейді екен.
Жазы-қысы құс салатын. Ораз əр күні қоржынын толтыра құс,
қанжығасын толтыра аң əкелмей қоймайды екен. Соның бəрін өз
пайдасына жұмсаса, оның, байып кетуі мүмкін ғой. Бірақ өйтпейді Ораз.
Оның қанжығасы қанды екенін білетін жұрт, аң мен құсқа мылтықпен
шықсын, қайырған құсымен шықсын қасына топталып ереді екен. Ораз
атқаның я ілдірген аңдарын соларға үлестіріп, өзі үйіне бірер күнге азық
əкеледі екен.
Ораз қыстыгүні күзен, тышқан, түлкі, қасқыр сияқты аңдарды да көп
аулаған. Бірақ солардың да терісін сатып пайда қылмай, кім көрінгенге
сауғаға бере берген.
Оның аса дос көретін тобы балалар болушы еді. Жаз да, қыс та аңға
шықса, қасында балалар қаптап жүретін. Сауғасын ол балалардан да аямай,
күндік олжасын үлестіріп беретің бүгін құр қалған баланы ертең риза
қылатын.
Оразбен бəлкім ересектеу болған кезде аңға бір шығуым əлі күнге
есімде: Ораздың аңға ерте шығуын білетін балалар таңертең оның үйінің
маңайына жиналады. Оразда жалғыз-ақ ат болды дедік қой. Қардың жұқа
жəне жұмсақ кезінде ғана ол аңға атпен шығады да, қар қалыңдаған кезде
жаяу шығады.
Жасы со кезде алпыстарды орталаған Ораздың денесі тіп-тік жүрісі
шапшаң. Ол ит терісінен істеген үлкен биялайын оң қолына киеді де,
томағалы бүркітін жұдырығына қондырып:


— Ал, кəне, жүріңдер, балалар! — деп жөнеле береді.
Қаптаған бала Ораздың соңынан ере тартады...
«Сағындық жалы» аталатын жотадағы ағаштан біз шығып кетеміз. Бұл
жотаның оң жақ қабырғасын ала, жарыса біткен «Сəдір шоғы» дейтін бір
жал бар, сол жағында жарыса біткен «Елтін» дейтін жал бар. Осы
жалдардың арасындағы сайлардың əр жеріне өзектене талдар, шіліктер
өседі...
— Ал, балалар, — дейді Ораз сайға түсе бере, — мен сонау талдың
ығына отырайын. Сендер жел жағына шығыңдар да, ішіндегі аңды бері
қарай айдаңдар!
Балалар: «Айдағанға көне ме ол, ата» — десе:
— Неге көнбейді? — дейді Ораз, — айқайдан қашпайтын аң бола ма, ар
жағынан дыбыс шықса, бері қарай өздері де жөңкиді.
Ораз жұмсаған жаққа балалар жүгіріп кетеді де, шуласа кеп жыныстың
ішіне кіреді. Талдардың не шіліктердің арасындағы бар аң қоян ғана ма,
болмаса ең қорқағы солар ғана ма, əдетте шудан үркіп ағаштан шыға
қашатын қоян болады...
Ораз ол кезде, бүркітінің томағасын алып, əзірленіп отырады. Аң аулап,
дағдыланып қалған бүркіт, бұл кезде қанатын қомданыңқырап, жан-жағына
қылқыңдап қарайды да, қашып шыққан қоянды көргенде, бірер рет
шаңқылдап шақырып жіберіп, талпына бастайды. Со кезде Ораз бүркітін
ұшырады.
Шарықтап, биікке шығып, төмен сорғаламай аң алмау — бүркіттің ата
дағдысы. Сол дағдысымен ол қашып бара жатқан қоянға тұра ұмтылмай,
əуелі бойын жазып, биіктеп алады да, содан кейін, қоян қашып бара жатқан
жаққа қарай құлдырай кеп құйылады.
Бүркіт атаулының бəрі сондай ма, немесе Ораздың баулыған бүркіті
сондай ма, иесі жүгіріп жеткенше, ұстаған қоянын бүркіт тірі қалпында
басады да отырады.
Жасының қартаңдығына қарамай. Ораз со кезде балалардан жүйрік.
Балалар қарға батпайды, ол батады. Солай бола тұра, жарыса жүгіргенде,
ол балалардан озып кетеді... Егер қар тіпті қалың боп, жүгіртуге мұрша
бермесе, Ораз аяғына шаңғы киіп алады. Шаңғы кигенде ол: «Шапқан атқа
қатарласам» — деп серпеді. Атпен жарыса ала ма, жоқ па, ол арасы бізге
мəлімсіз, бірақ шаңғы кигенде ол қардың бетінде аққан жұлдыздай
зымырайды...
Со кезде оның былай да күрең кескіні тіпті күрең тартып, бетіне ақ сақал


жамап алған жас жігітке ұқсайды.
Ораздың қысқы соғымы — қоян ғана. Оның үйі қоянды көбінесе сорпа
ғып емес, бəліш қып жейді. Сол үйде үлкен қара таба болады. Ораздың
əйелі бəлішті осы қара табаға толтыра жасайды...
Ораз əңгімеші адам. Оның айтуынша, əкесі Қаша да аңшы екен. Ес
білгелі əкесінің қасына еріп аңшылықты кəсіп еткен оның аң аулау туралы
нелер тамаша əңгімелері болады. Сол əңгімелерді ол аса шеберлікпен
айтып береді. Оның əңгімелері əсіресе балалар үшін қызық. Ғажап
ертегілер сияқты оның нелер əңгімелері, менің есімде күні бүгінге дейін
сақтаулы. Оларды жазуға бұл кітапта орын жоқ.
Ораз аңнан қайтса-ақ, жұрт оның кеңесін тыңдауға жиналады.
— Бəйбіше, — дейді қонақтарын жылы шыраймен қарсы алған Ораз,
амандық-саулықтан кейін, — даярла, бəлішіңді!.. Асқа дейін біз əңгіме соға
тұрайық!..
Аңшылық туралы əңгіменің арты, күн көріске кеп соғады. Ауылда не
көп — кедей көп. Олардың бəрінің қолынан аңшылық келе бермейді.
Көпшілігі ауыл байларының, көршілес орыс поселкелеріндегі кулактардың
жалшылығында. Сол ауылда Тоқпамбай, Сыйқым дейтін екі шал, бала
күндерінен жалшылықта жүргенмен не мал, не үй не семья біткен емес.
Ондайлар толып жатыр. Солардың халін айта кеп:
— Жасағанның бергеніне шүкіршілік, — дейді Ораз, сақалын сипап, —
байлық біткен жоқ. Бірақ, аңшылықтың арқасында ешкімге телміргем жоқ.
Байға түскен күнің құрсын. Ол сенің теріңді бір емес, жеті рет сойып
алады...
— Рас! — дейді жұрт күрсініп, — содан қалай құтыламыз бірақ?..
Бұл сұраудың жауабын Ораз үйіне жиналған кедейлерден ешкім таба
алмайды.
Күрілдек күтірінен көшіп келген қыс, əкем сол ауылдың жылқысын
бағуға жалданады. Бірақ ашық даланың суығында атқаратын бұл қызметте
ұзақ төзе алмай, денсаулығы жарамаған соң босады. Үйге келген əкем
төсек тартып, жатып алды. Үйде сатар мал да, ұстар қаражат та жоқ.
Шаруасы мол күйеуі қараспайды... Енді қалай күн көру керек?
Мұндай жағдайда, Ораз жəрдемдеспесе, со жылы біздің үй аштан өлер
еді деп ойлаймын...
Əлі есімде, біз таңертең əкемнің ауру жанына батып, сарнаған даусынан
оянамыз. О кісінің сарнағанда үздіксіз айтатыны — үш-ақ ауыз сөзі бар:
«Ойпырай, алла-ай, жаным-ай!..» Ұйқыдан ояу уақыттарының бəрінде осы


үш сөзді үздіксіз айтудан аузын жаппайды...
Шешем со қыста орыс поселкелерінен тон алып тікті. Жəрдемшісі —
ержетіп қалған Бағила ғана. Бірақ оң қолы баяғы өртке күйгеннен тырысып,
қисайып біткен, ол ине сабақтап беруден басқаға жарамайды. Тонды
шешем тебен инемен, жуан кендірмен өзі ғана тігеді.
Неге екенін кім білсін, — тіккен тонның ақысына біздің, үйдің алатыны
картоп қана. Осы картоптан басқа адал ас жоқ...
Сондай таршылықта тұрған күндерде, бір күні таңертең Ораз келді де,
əкемнің көңілін сұрап отырып:
— Ау, Мұқан! — дейді, үй-ішінің хал-жайын көргеннен кейін, —
шариғатта айтады екен: «Ең ауыр ақы — көрші ақысы» — деп. Маған биыл
көрші қондың ғой, сен. Бəрібір «иттің, құлы итақайға» үлестіріп жатқан
дүние, сен оны намыс көрме, мен борыш көрмейін, биыл қыс мылтықтың
қарауылына, бүркіттің тұяғына іліккен олжаға екеуміз ортақ болайық.
Осы кеңестен кейін біздің екі үйдің дастарқаны қосылып кетті, Ораз
үйінің қоян етінен пісіретін бəлішіне біздің үй де ортақ болды. Бірақ бұл
бəлішті екі үй кезектесіп пісіреді: бір күні Ораздікі, бір күні біздікі...
Үлкендігіне кісінің құлашы əрең жетерліктей зор бəліштің ішінде
қоянның етіне араласа, картоп та салынады. Молдығы ма, берекелілігі ме,
бір бəліш екі үйдің жанын лық тойғызады. Əуелі олар бəлішті айнала
отырып қасықпен ішіндегі тұздықты етін соғып алады да, содан кейін
сыртқы қабыршағымен шай ішеді...
Аурулы Мұқанның көңілін аулағысы келе ме, немесе кеңесқор адам ба,
— асқа тойғаннан кейін Ораз аңшылық əңгімесін шертіп кетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет