Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет37/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   107
ЖАТАҚТЫҢ ҮЙІ
Атың хал-хайын талай рет сөзде ғана кездестіріп, өзін көрмеген
Құтырлағанның көшесіне, міне, енді кірдік.
Бұдан бұрын мен көрген орыс поселкесіндегі үйдің көпшілігі не
шымнан не саманнан болушы еді. Құтырлағанның үйлері түгелге жақын
ағаш екен. Бірақ ағаш үйлерінің көпшілігі «пяти стенный» аталатын екі
бөлмеден ғана. «Крестовой» үйлер бұл қалада сирек екен. Көпшілігінің
шағыры тақтаймен жабылған. Темірмен жабылған шатырлар анда-санда
ғана кездеседі. Қаланың орталығында алаң. Алаңда ағаштан қиған жалғыз
мұнаралы ғана кішірек шіркеу.
Ұзындығы шақырым жарымдай көшені бойлай жүріп отырған біз,
қаланың теріскей жақ шетіне шықтық. Қаланың, о жақ шетінде терезелері
көп екі үлкен ағаш үй қатар тұр екен. Болатбайдың айтуынша, бірі —
школа, бірі — май заводы. Ол екі үйдің ар жағында үш-төрт диірмен
көрінеді. Оның ар жағында, томар ма, шөптесін көл ме қамыс өскен бір
саяңдау жер бар. Саяңның бер жағында шоқиған екі нəрсе көрінеді,
олардың не үйген тезек екенің не тіккен үй екенін шамалай алмай келем.
Олар кигіз үй екен. Біздің үш ауыл Жаманшұбардағы ең құрым үйдің өзі
бұдан анағұрлым тəуір сияқты. Сыртына жапқан кигіз, — қотыр түйеге
жапқан жабудай далба-дұлба...
Үйдің сыртындағы ридванның көлеңкесінде кішірек екі қыз ойнап отыр.
Болатбай соларды шақырып алып, кімнің үйлері екенін сұрап еді, «оң
жақтағы — Аубакірдікі, сол жақтағы Қопабайдікі» деді, олар.
Ауыл əдетінде үйдің қасына не салтты, не арбалы адамның келген дүбірі
естілсе, үй адамының біреуі тысқа шығып қарсы алады. Мынау екі үйде
ондай əдет жоқ па, болмаса үйлерінде кісі жоқ па — біздің алдымыздан
ешкім шыға қоймады.
— Ал, бала, түсейік — деді Болатбай маған. — «Жатақ» дегендер
таңның атуы мен күннің батуына дейін қала кезіп үйінде отырмайды.
Біз Аубакірдің үйіне кірсек үстінде кірлеу, жамаулы жалғыз ғана көйлегі
бар, аяғы жалаңаш əйел, басына баланың шапанын бүркеніп, оң жақ
босағада қисайып жатыр екен...
Біздің ауылдың ең сорлы деген адамының ағаш та болса кроваты
болушы еді, ескі де болса терінде бірер сандық жиналып тұрар еді. Оның
үстінде аз да, ескі де болса бірнеше көрпе-жастығы болар еді. Төрге
төсейтін не киізі, не алашасы жоқ үй біздің елу үйлі Жаманшұбарда жоқ
еді. Біздің ауылдың ең нашар деген үйінің өзінде сыпайылыққа киетін


қоңыр дүрсін болса да, ішкі-тысқы жаңа киімдер болушы еді де, олардың
біразы керегенің басында ілулі тұрушы еді. Сол жақ босағада аттың қысқы-
жазғы тұрманы ілулі тұрар еді. Оң жақ босағада қазан-ошақ, аяқ-табақ
сияқты ыдыстар жиналып, шимен қоршалып қойылар еді.
Мынау үйде оның бірі де жоқ. Бұл үйдің іші төсенішсіз, шаңы шыққан
тақыр. Керегелердің, айнала басында не киімнен, не ат-тұрманынан ілінген
ешнəрсе жоқ, жап-жалаңаш. Бұл үйдегі бар мүлік: іргеде жинаулы жатқан
бірер жамаулы ескі көрпе мен бір-екі кір жастық қана. Ыдыс атаулыдан
босаға жақта жалғыз кішірек қазаң құлақ-мұрнынан айрылып, бүйірлері
майысқан кішкене самауыр, ескілеу ағаш табақ, кетік ожау жəне табақтың
үстіне жиналған азын-аулақ ала-құла ескі шəшкелер.
Іші жалаңаштықтан осылай ұлып тұрған үйге біз кіре бергенде ду етіп
көтерілген қара шыбынның қалыңдығы көшкен бұлт сияқтанып кетті.
Түндігі жабылып, ішіне сəуле кигіздің жыртық жерлері арқылы түсіп
тұрған бұл үй маған қара шыбындардың қамалған абақтысы сияқты...
Расында қатты ұйқыда ма, болмаса қимылдауға бізден ұяла ма, —
аяғының ашық жеріне үймелей қонған шыбындардың шағуына кемпір
тырп етер емес. Сонысына қарағанда «өліп қалған болар» деп ойлайтын
кемпірдің, тірі екендігіне қорылдаңқырай алған демі ғана куə...
Аш қара шыбындар бізге жабыла кетті.
— Я, алла! — деді Болатбай, бетіне жыпырлай қонған қара шыбындарды
екі қолымен кезекпен қақпалай, — мұндай да көп шыбын болады екен!..
Шырағым, — деді ол маған, — есікті аш та, қамзолыңды шешіп ап
жайқашы, мына шыбындарды! Қамалып тұрған сорлылар далаға шығып
жеңілсін. Əйтпесе, шыдап болмас!
Топсасы шығып, қиқайыңқырап жабылып тұрған ескі қарағай есікті мен
аштым да, сыртымдағы ескілеу қамзол-шамды шешіп алып, үйдегі
шыбындарды қууға кірістім... Менің жайқаған шапанымнан жасқанды ма,
болмаса өздерінің де мынау азығы жоқ үйден кеткісі кеп тұрды ма —
шыбындар бұйығып тұрған түтіндей есікке қарай лап беріп, дуылдай
қашты...
Со кезде, басына бүркенген шапанды қолымен сыпыра түрегелген
əйелдің кескініне қарасам, аппақ шашты, қыли көзді, беті əжімді кəрі кісі
екен. Бір ғажабы бетінің, екі ұшы нарттай қып-қызыл.
— Мал-жан аман ба, Ұлданай? — деді Болатбай, таңдана қарай қалған
кемпірге, — танымай отырмысың мені. Мен Жайылғандағы Нұралының
баласы Болатбаймын!
— Қайдан білейін кім екеніңді, — деді кемпір мұрнынан сөйлеп, — кəрі
кісінің есінде кім жүреді дейсің.


— Аубакір мен Кəкіш қайда?
— Қала қыдырып кетті.
Ұлданайдың сөзінен де, кескінінен де бізді ұнатпағанын көрген
Болатбай:
— Ал, шырағым, шығайық далаға, — деді.
— Бұрын да берекесі шамалы үй еді, — деді Болатбай, тысқа шыға, —
мына бейбақтың үйі немене боп кеткен, өзі. Алла сақтасын, адамның зəресі
кететін ғой, өзінен.
— Осы біздің жездеміз — Аубакірдің үйі ме? — деп сұрадым мен.
— Иə, — деп жауап берді Болатбай, — кəдімгі апаң Кəкіштің үйі.
Болатбайға Аубакір мен Кəкішті қыстыгүні көргенімді айтып ем:
— Соларды өз киімі деп ойлайсың ба? — деді ол.
— Енді кімнің киімі?
— Ондай киім Аубакірге қайдан келсін. Біз білмейтін Аубакір ме, ол.
Кеңірдек барқыттан түгіл қамполаттан жаңа қамзол-шалбар киіп көрді ме
екен əуелі?
— Енді қайдан алады сондай киімдерді?
— Тамыр орыстарынан сұрап киіп барған да.
Атқа жақындап барғаннан кейін:
— Бала, біз бір орыстың үйіне барайық та, шай қойдырып ішейік. Бүгін
азына күні
53 
екені есімнен шығып кетіпті. Бұл күндері жатақтар қала
қыдырып, малын баққан үйлерден нан жинайды. Кеш болмай қайтпайды,
олар.
— Нанды неге жинайды? Өздерінің ұны болмай ма?
— Ұнының болатын да, болмайтын да күндері кездеседі. Бірақ азына
күні нан жинау жатақтардың əдетіне кіріп кеткен. Үйінде ұны тіреліп тұрса
да жинайды, олар.
Қалаға кеткен Болатбай екеуміз бір орыстың үйіне барып, ақысын төлеп
шай қайнаттырып іштік те, жаңағы екі үйге кешке қарай жаяу оралдық.
Кигіз үйдің маңайы бұл кезде əбігер екен. Үйлердің алдында
сырғауылмен қоршалған кең шарбақ тұрған. Сол шарбаққа мақырасқан көп


қойлар қамалып жатыр. Бір жақтан шұбырып көп сиырлар келеді. Олардың
алдынан шыққан — орыстың əйел, еркектері.
Болатбай екеуміз қой қамалып жатқан шарбақтың алдына барсақ.
Аубакір жүр. Қыстыгүні маған мырза сияқтанып көрінген оның үстіне
қазір қарасаң, жамалған қамзол-шалбар, етігі жоқ, жалаңаяқ...
Ол бізбен солғын амандасты. Со кезде арғы жақтан басына кірлеу
орамал байлаған, үстінде кірлеген ескі көйлегі ғана бар, жалаңаяқ, толық
денелі бір əйел келе жатты, жақындағанда тани кеттім — Кəкіш!.. Ол мені:
«Қарағым-ай, сен екенсің ғой!» деп құшақтап кеп бетімнен сүйді.
Менің көңілім бауырмал тартқан Кəкіштің үйіне қонуда еді. Болатбай
Қопабайдікіне қонды. Қопабайдың əйелі жоқ екен менімен шамалас
Қайырке атты, менен жеті-сегіз жастай үлкен Бейсембі атты, менен төрт-
бес жастай кіші Кенжебай атты үш баласы бар екен.
Əйелі жоқ болғанмен, Қопабай үйінің іші де, киім-кешектері де
Аубакірдің үйінен анағұрлым жинақ, анағүрлым таза! Үйінің қасында қолы
бос Кəкіш бола тұра, Қопабай бізге ас істеп беруге қалада тұратын басқа
бір қазақ əйелін шақырып əкелді. Бұл да таныс əйел боп шықты. Біздің
ауылдағы жамағайынымыз Итаяқтың қызы — Жəмила.
Шайдан кейінгі əңгімеде Болатбай менің жайымды Қопабайға баяндап
еді:
— Аубакір қойды бағып отыр ғой, — деді Қопабай, — мен сиыр бағып
отырмын. Оған қойшының керегі болмас, кісісі жетеді. Сиырды Бейсембі
мен Қайырке бағып жүр еді, Бейсенбі үй шаруасына да керек боп тұр. Жəне
ертең орыстың егіні піскенде, жалданып азық жинап алу да керек қой.
Қайырке сиырды жалғыз баға алмайды, сен осы баланы маған беріп кет.
— Баламен ақылдасып көрейік — деді Болатбай.
Ет жердің алдында Болатбай мені далаға оңаша алып шықты да:
— Ал, шырағым, қалай? Қопабайға тұрамысың, ауылға қайтамысың? —
деді.
Бұл сұрауға мен біраз уақытқа дейін жауап бере қойған жоқпын.
Бермейтінім — егер жатақ дегенің мынау болса, мұның көрген күні
құрысын! Одан ауылымның жалшылығы əлдеқайда артық сияқты... Бірақ
қайтуға ма? Қалуға ма?
Жатақтардың тұрмысынан жүрегім айнып-ақ тұр!.. Соны ойлағанда,
қайтқым кеп-ақ кетсе де, «қайтқанда, қайда барам?» деген сұрау туады,
менің алдымда. Артта қалған «ел» атаулыда, егер қайтып барсам, менің
тұрар үйім, Болатбайдікі ғана. Екі-үш күн жолаушылап бірге жүргенде


маған оның мінезі де, кісілігі де ұнады. «Бұ бір момын адам екен» деген
ұғымға келдім мен. Болатбайдың үйіне барсам, мүмкін, маған пана болар
да...
Осы ой келгенде қайтуға қобалжысам, аттанарда апам Ұлтуған
екеуміздің оңаша кездескен бір сөзіміз есіме түсе кетеді.
— Жүр, қалқам, ағашқа барып, отын теріп əкелейік — деген еді Ұлтуған
маған ертең Құтырлағанға жүреміз деген күннің кешінде.
Қалың ағаштың ішіне кіргеннен кейін ағаштың қу бұтақтарын жинауға
кіріскенімде, апамның өңі қуқылданып, «бері кел», дегендей маған
қолымен ымдаған еді. Сол арада арамен кесілген жуан ағаштың
жалпақтығы үстелдей түбірі тұрған. Мен жақындай бергенде апам
құшақтай алды да, əлгі түбірге отыра кетіп, ал кеп жылады... Сирек алған
əрбір демін ішіне тартқан сайын оның жылауы үдей түсті. Бірақ бұл үдеу
оның, сыңсып қана жылаған дауысын зорайтқан жоқ. Жақын жердегі ауыл
адамдары естіп қояр деген болу керек ол демін ішіне тарта жылады...
Ұлтуған алғаш көріскенде, мен де ағыл-тегіл жылаған едім. Бұл жолы
жыламай, оны уатпақ болып ем, уану орнына үдеп кетті.
Сөзіме көндіре алмаған мен «егер қоймайтын болсаң мен бүгін біржола
кетем де, енді қайтып қараңды көрмеймін» деп қорқытқан болып ем, ол
ақырындап барып бəсеңдеді де, жасыл шəлісінің етегімен көзін сүртіп
«отыр, мұнда» деп қасынан орын көрсетті.
— Мен өзгеге емес, құдайға жылаймын, — деді ол, — егер мені құдай ұл
ғып жаратса ғой, қаршадай сені арқалап жүрсем де асыраймын ғой. Құдай
мені сорыма қарай қыз ғып жаратты. Саған қурайдай паналығым жоқ,
соған жылаймын... Келген жерімнің түрі мынау, күйеуі құрысын. Жас
болды не, кəрі болды не, мен сияқты сорлыға бəрібір емес пе? Оның өзі
ғана болса бір сəрі, — көндірер ме ем, қайтер ем. Үйінде аюдай ақырып əне
бір қақбас кəрі иті отыр, баласына билік бермейді. Ол əкесінен шыға
алмайды, мен одан шыға алмаймын. Сонымен, шалдың не дегені болады да
тұрады. Ал, шал қақпас бұрын да күңкілі көп кісі еді, сен келген соң онысы
күшейіп кетті.
— Күшейсе, кетейін деп отырмын ғой, мен.
— Соған ішім күйеді де, — деді апам.
— Ішің күйіп қайтесің — дедім мен — Тамақхы бірдеме ғып
асырармын.
— Бірақ сен өкпелеп кетіп барасың ғой, — деді апам. — «Жетім бала тас
бауыр» деп, мінезіңе қаттылық пайда болған ба немене, сені көрмей кете ме
деп жылап отырмын.


— Неге көрмеймін — дедім мен. — Менің сенен басқа кімім бар?
Ұлтуған «анық өкпелемеймісің?» деп мені бекітіп алды да:
— Шынымды айтайын, — кеткеніңе тілектеспін. Мал түлігі болып
қалдың. Денің сау. Енді кісіге телмірмеуің жөн. Аяқ-қолың аман болса, бұл
иттің үйіне тамақ асыраймын деп келме! — деді.
— Жарайды! — деп уəде бердім мен.
Болатбай екеуміз Қопабай үйінің сыртында оңаша кеңесіп тұрғанда,
менің есіме түскен апамның сөзі осы еді. Сондықтан Болатбайдың:
— Ал, енді қайтесің? — деген сұрауына:
— Қалам! — дедім мен нық дауыспен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет