Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет43/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   107
КҮЙЕУ ҚОСШЫ
1916 жылдың январь айында Болатбайдың үйіне Нұрғазаның баласы
Мырзағазы келді. Көрмегелі екі-үш жыл болған бұл жігіттің бойы да
бұрынғыдан əлдеқайда есіп, бұрын тақыр ерніне қырбықтанып қара мұрт
шығып қапты. Жол-жөнін сұрасақ, қайынына барады екен. Қайыны
Жайылғанға жақын жерде отыратын Балықбай ауылындағы Тайжан деген
кісі екен. Тайжанның бəйбішесі өткен күз өліп, Мырзағазы соған бата
оқырға келеді екен. Таңертең, қайынына жүрерде:
— Кəне, Сəбит, сен де киін — деді ол, — бірге барып қайтайық.
— Барсаң, барып қайт,— деді апам мен жездем.
Мен Мырзағазының шанасына мініп кете бардым. Оның жеккені — зор
денелі, тарпаң мінезді, семіз қара кек айғыр. Жегілген шана жөкеменен
қапталған, ағаштары ала-жолақтанып сырланған кошава.
— Қалыңдығыңды көріп пе ең! — деп сұрадым мен былай шыға.
— Жоқ,— дейді ол.
— Қызды таңдап айттырам деуші ең, неғып көрмедің?
— Балаға билететін шал ма, біздің шал? Алдыңғы жылы Стаптың күзгі
базарына барды да, қайтарда Тайжанның үйіне қонып, құда боп келді.
Қасында мен болған жоқпын.
— Көрмей айттырған қыз көңіліңе ұнамаса қайтесің?
— Əй, қу шеке, — деп Мырзағазы маған күлімсіреген кескінмен қарай
қойды да, — қайтеді дейсің ол, — деді жымия түсіп, — тоқал алуға жақсы
болады қайта. Көксау əкем қанша жасар дейсің енді. Тізгін маған тимей ме,
содан кейін? Бұ жеңгең оған дейін балалы-шағалы болмай ма? Ар жағында
маған тоқал алдырып, өзі бəйбіше боп отырмай ма?..
Бұл сөз осымен бітіп, екеуміз аз уақыт үн-түнсіз келе жатыр ек:
— Бала, сен «ұрын келу» дегеннің, не екенін білемісің? — деп сұрады
Мырзағазы.
Мен ойланып қалдым. Қабамбайдың Ғабдолынан естіген «Сұлушашта»:
«Күйеуі Сұлушаштың ұрын келді,
Қисайтып жаман беркін қырын келді»,
деген сөз бар еді. Сол сөздегі «ұрын» түсті менің есіме. Бір-ақ мен оның


мəнісін біле алмадым да, не сөз екенін одан сұрадым.
— Одан кейін айтайын, — деді Мырзағазы, — қыздың қалыңына қанша
төлейтінін білемісің?
Мен тағы да ойландым. Ауылда əйел босанса, ұл туса «ат ұстар екен»
дейтін де, қыз туса «қырық жеті екен» дейтін. Осы «қырық жеті» дегені
қалыңмал болу керек, қалыңға қырық жеті бас мал алу керек» деп ойладым
да, Мырзағазыға сол жауапты бердім.
— Білдің, бала, — деді ол. Сол қырық жеті бас мал қандай жүйеге
бөлінеді?
— Оны білмеймін.
— Əкемнің айтуынша, оның мəні былай көрінеді: бұзаулы сиыр ма,
құлынды бие ме, боталы түйе ме, — ең алдымен балалайтын жеті мал
беретін көрінеді. Бұған қой мен ешкі кірмейді. Мысалы жеті бие береді
дейік. Оның соңында жеті құлың жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болу
керек. Сонда бұл отыз бес мал болды ғой?
— Ия.
— Балалайтын малдың іштегі төлін де есептейді екен. Оның атын
«бүкпе» дейді екен — бұ да жетеу. Сонда қырық екі болды ма?
— Болды.
— Бұған қосылатын малдар: құда болуға уəделескенде күйеудің əкесі
қыздың əкесіне «уəдеміз шегедей мықты болсын» деп, «шеге ат» дегенді
мінгізеді, бұл — бір; екінші, —қыздың əкесі құда түсуге келгенде «мінт ат»
дегенді береді; үшінші, «жеке ту бие» дегені болады, онысы қыздың əкесі
үйіне қайтып той жасағанда сойыстыққа алатыны болу керек; төртінші, —
«түс ат дегені болады дейді, онысы күйеу қайын атасының үйіне алғаш
барып түскенде беретін айыбы болу керек; бесінші — «өлі-тірі» дейтіні
болатын көрінеді. Бұнысы — қыздың, əкесі күйеудің əкесіне кеп құда түсіп
жатқанда, құдасынан бір қойды алып қайтады да, елінің қатын-қалашына
сойып беріп, бір жапырақ етіне шейін, бір қасық сорпасына шейін таратып
береді. Терісін де біреуге береді. Бұ малды тірі күнінде де, сойылғанда да
қыздың көзіне көрсетпейді. Қызға еті түгіл сорпасын татырмайды. Бұл мал
сойылып, еті мен сорпасын жұрт ішіп-жеп тарағанша қызды оңаша бір үйге
қамап қояды.
— Қызық екен!..
— Сонымен, — деді Мырзағазы, — манағы балалы малдың саны қырық
екі, мына соңғы əр түрлі ырымның малы бес, барлығы нешеу болды?
— Қырық жеті, — дедім мен.


«Қалыңмал» дегенің осы, — деді ол. — Қазақтың «қырық жетіні қырқа
матап бердім» дейтіні осыдан ғой.
— Көп мал екен — дедім мен.
«Бай мен бай құда болса, Араларында жорға жүреді, Кедей мен кедей
құда болса, Араларында дорба жүреді, Бай мен кедей құда болса, Ілінісіп
зорға жүреді», —депті ғой,— деді Мырзағазы, малы барлығына
масаттанғандай көтеріле сөйлеп: — «Қырық жеті» деген жалпыға ортақ
қалыңмал ғой, оны төлемей қатын ала ма жігіт:
— Рас.
— Бай мен бай құда болса, балалы малды жетіден емес, тоғыздан
беретіні де болатын көрінеді. Жүз жылқы беретіндер де бопты ілгеріде.
— Өздерің қанша беретін болдыңдар?
— Біздікі тоғыз тоғыздан ғана.
— Ол неше мал болады?
— Елу алты бас болады екен.
— Көп екен!
«Бұл сөзді өкінішпен айты ма» деп ойлап, менің көңілімді жұбатқысы
келді ме, немесе маған мырза көрінгісі келді ме:
«Көп» деп, немене дейсің ол? — деді Мырзағазы, — ертең ержетіп,
қалың берер күнің туса, қызды өзім айттырам да, қалыңын өзім төлеймін.
Құдайға шүкір, мал жетеді!..
Мырзағазының бұл сөзі маған орынсыз серпу сияқтанды. Олай
ойламағанда ше?.. Мырза болса, мен панасыз жетім боп жүргенде неге
асырамапты?.. Серіпкен сөзіне мені сендіре алмаспын деді ме, əлде
«қалыңмал» дегеннің не екенін ұқтырып болдым деді ме:
— Сөз «ұрыннан» шығып еді ғой, — деді Мырзағазы, — оның не екенін
білмеймін дедің ғой сен. Соны айтайын енді. Күйеудің қалыңдықты оң
жақта көргісі келсе, қайнатасынан ұлықсат сұрап кісі салады.
— Неге сұрайды ол ұлықсатты?
— Қызық екенсің ғой, бала, — деді Мырзағазы күліп, — қайынатасынан
ұлықсатсыз, күйеу ол ауылдың маңайына жолай ала ма?
— Солай екен ғой, — дедім, бұл əдеттен ептеп хабарым бар мен, —
қайынатасына білдірмей, жасырын көруге болмай ма қалыңдығын?


— Əрине болады. Епті күйеу қыздың жеңгелері мен ағаларының аузын
алып та қалыңдығына жасырын жолыға береді.
— Неге сөйтіп жолыға бермейді күйеулер?
— Сұрағыш бала екенсің де, — деді Мырзағазы қарқылдап күліп, —
олай жолықпаудың мəні бар. Жігіт қалыңды қатынға емес, қызға төлейді
ғой. Егер қалыңдығы қыз болмай шықса, қайтпек ол?
— Қайдам? — дедім, бұл мəселеден əлі тəжірибем жоқ мен.
— Күйеудің қалыңдық оң жақта отырғанда ұрын баратын себебі де осы,
— деді Мырзағазы. — Бірақ ұрын бару оңай емес ол.
— Несі қиын?
— Оған ең кем дегенде «аяқ тоғыз», əйтпесе, «орта», не «қасқа тоғыз»
айып төлейді. Білемісің, олардың не екенін?
— Жоқ.
«Аяқ тоғыз» деп, — бұзаулы сиыр бастаған ұлылы-кішілі тоғыз малды
айтады; «орта тоғыз» дегені бие — бастаған тоғыз мал, «қасқа тоғыз»
дегені — түйе бастаған тоғыз мал. Осы тоғыздардың əрқайсысына
қосылатын лайықты өлі бұйымдары болады. Мысалы: «қасқа тоғызға» —
кілем, қымбат ішік жібек шапан, тұтас құндыз сияқты заттар қосылады.
Өзге тоғыздың өзіне лайықты бұйымдары бар.
— Сонша айыпты неге төлейді күйеу?
— Қалыңдығын көру үшін.
— Одан мақсат.
— Қалыңдығының айыпты, айыпсызын білу үшін.
— Егер айыпты болса?
— Ол уақытта күйеудің қалыңдығын алмаймын деуге хақысы бар.
— Алмаса не болады?
— Қызы айыпты болса, əкесі алған қалыңмалын айып-қиыбын қоса
қайтарып береді, əрі жұрт алдында қызы да, өзі де масқара болады... Содан
кейін кемтар біреу болмаса, ол қызды кім алады дейсің?
— Қызық екен! Ондай пəлесі барын біле тұра, қыз əкесі күйеуді ұрын
келтіре ме?
— Құда түсіп, қалыңмал алған соң, ұлықсат бермеуге хақысы жоқ.


Қызына сенгендер ұрын келгісі келген күйеуден айыпқа тоғызды сықап
тұрып алады.
— Қызына сенбегендер ше?
— Сылтауын тауып жалтаққа салады.
— Егер күйеу оған көнбесе? Келем дей берсе?
— Онда амалсыздан ұлықсат береді де.
— Қызық екен.
— Ұлықсат сұраудың екі түрі бар: бірі — ұрың бірі — жасырын келу.
«Ұрын келу» дегеннің не екенін айттым. Ұрын келетін күйеуі тиісті
айыбын төлейді де, қайынатасының ауылына көп қосшы ертіп кеп, күндіз
ашық түседі. Бай адам болса, күйеуге оңаша отау тігіп, қалыңдықты сонда
ойнатады. Егер күйеу көңілді болса, қайынатасы той жасайды.
— Кəдімгідей ел жинап па?
— Əрине, кəдімгі тойдай ел де жиналады, мал да сойылады, ат та
шабады, балуан да күреседі.. Қысқасы өзге тойда болатын ойын-сауықтың
бəрі болады...
— Түсінікті. Ал, «жасырын келу» не?
— Той жасауды шығынсынған қайынатасы; күйеуден айыбын ғана алады
да, елге дабыра қылмай-ақ, күйеуін ауылына түнде ғана жасырын келтіреді.
Бірақ түрі басқа болғанмен, «ұрын» мен «жасырынның» мəнісі біреу ғана.
Түсіндің бе?
— Түсіндім.
— Түсінсең сол,— деп жымия қараған Мырзағазыға:
— Өзің қайсысын жасамақ боп жүрсің, осының? — деп сұрадым мен.
— Əй, қу! — деп Мырзағазы менің басымнан ұстап жұлқылап қойды да,
— сиырының мүйізің жылқысының жалын санаған кісі емес пе, менің
əкем? — деді, — өткен жаз ұрын барам деп талпынып ем, ұлықсат бермеді
əкем.
— Мүмкін осы жолы көрерсің қалыңдығыңды.
— Мүмкін — деді ол жымия түсіп...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет