Жобаның қысқаша теориялық мәні
Оқытудың инновациялық технологиялары: интерактивті оқытулар, ақпараттық технология, жобалау әдістері т.б. Соның бірі – оқытудың ақпараттық технология жүйесі. Оқытудың ақпараттық жүйесінің түрлерін енгізу бағытында оқыту әдісемесін тиімді қолдануға болады. Құзіреттілігі жоғары кәсіби техникалық мамандар даярлау жүйесінде инновациялық технологиялармен оқыту маңызды орын алмақ. Өйткені бүгінгі күні ақпараттық технологиялармен оқыту жүйесі әлемдегі кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудағы ең тиімді формасы болып табылады.
Инновациялық технологияларға тоқталсақ:
Ойын технологиясы білім алушыларды ұжымдық өзара әрекетке түсіре отырып, мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді. Оқытудың мұндай формалары білім алушылардың білімдерін бекітуге, жинақтауға мүмкіндік береді. Тәжірибелік сабақтағы ойын формалары ойын тәсілдері мен жағдаяттар (ситуациялар) арқылы жүзеге асады. Мәселен, «Лото», «Мозайканы жинақта», «Футбол», «Аукцион», т.б. ойындарды пайдалануға болады. Қазіргі уақыт кез келген тұлғадан тауардан бастап, өмірлік жолы мен достарына дейін таңдауды жүзеге асыра білуді талап етеді. Сондықтан да «Қажетті автокөлік бөлшегін таңдай біл», «Қажетті құралды таңдай біл», «Ақауды тап», «Жағдаятты түсіндір» т.б. сияқты ойындар білімалушылардың вариативті ойлауын, мәселені шешудің бірнеше нұсқасын қарастыра білу, қажетті нұсқаларды іздеп тауып сұрыптай білу, дұрысын таңдай білу білім алушылардың сыни, креативті, тиімді, саналы ойлауын дамытады, өз мамандығын жете түсіну мүмкіндіктерін жүезеге асырады. Вариативті принцип жүзеге асырылатын оқытудың мұндай түрі білім алушылардың қателік жасаудан қорқуын, сәтсіздіктерді бақытсыздық ретінде қабылдауының алдын алады. Нәтижесінде білім алушы өзінің жасаған қателігін дұрыс шешім табудың бір ғана нұсқасы ретінде қабылдайтын болады. Бұл дағдылар білім алушыда тек пәндік дағдыларды ғана емес, өмірлік дағдыларды да қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ойынды ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
ойын білімалушылардың шығармашылық еркіндігіне негізделіп құрылуы тиіс;
ойын білімалушыларда оң эмоция туғызатындай болуы;
ойын мақсатының қолжетімді болуы, оның ресімделуі әр түрлі көз тартатындай, ойын атрибуттарының міндетті түрде болуы: ресімделуі, көрнекілік құралдардың, тәжірибелік сабаққа қажетті құрал-жабдықтардың тиімді орналасуы, сабақтың эмоционалдық фонын арттырып, білімалушылар үшін жаңа әсер беретін болады;
ойында командалық және жеке қатысушылар арасындағы жарыс элементтерінің болуы;
ойын білімалушылардың жеке және жеке ерекшеліктерін ескеретін болуы;
ойын нәтижесінің соңғы қорытындысын шығару.
Ойынның негізгі мақсаты – шығармашылық біліктері мен дағдыларын дамыту, шығармашылық әлеуеті мен кәсіби-бағдарланған ойлауын қалыптастыру. Конфуций «Мұғалім мен оқушы бірге өседі» дегендей, сабақта ойын формасын пайдалану білімалушылар мен өндірістік оқыту шеберінің бірге өсуін қамтамасыз етеді.
Іскерлік ойындар – бұл әдіс білімалушылардың алған білімдерін шынайы жағдайларға ұқсас жағдайларда қолдануға мүмкіндік береді, болашақ маманның белсенді шығармашылық, кәсіби және әлеуметтік құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етеді. Рөлдік ойындар білімалушыларлардың өз білімдері мен дағдыларын қауіпсіз ортада пайдаланып көруіне мүмкіндік береді. Рөлдік ойындар шынайы өмірде кездесетін проблемалар мен жағдаяттарды зерттеуге ықпал етеді. Өндірістік оқыту сабағында қандай да бір өндіріс орнының қызметі көрсетіліп, сол жағдайларға байланысты нақты әрекеттер, оқиғалар талқыланады. Бұл білім алушылардың нақты өндіріс орнында өздерінің жағдаяттан қалай шығатындығын көрсетіп береді. Бұл білімалушыларды тұлға ретінде тәрбиелейді.
Конференция-сабақ. Сабаққа білімалушылар алдын ала дайындалып келеді. Қосымша әдебиеттерді, интернет көздерін пайдалана отырып, ақпарат дайындайды. Мұндай өндірістік оқыту сабақтарында жалпы құзыреттіліктер қалыптасады: кәсіби міндеттерді тиімді шешу үшін қажетті ақпарат іздеу, кәсіби қызметте ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану. Жұмысқа орналасу мен кәсіби даму мәселелерін шешу үшін тек қана кәсіби білім жеткіліксіз, өндірістік қарым-қатынасты мақсатты түрде құрастыра білу, стандартты емес шешімдер қабылдау, тіпті азғантай мәселелерді жан-жақты қарастыра білу. Бұған топта ұйымдастырылып өткізілетін шеберлік кластар, кәсіби шеберлік байқаулары, жарыс сабақтары, т.б. өз үлестерін қосады. Мұндай сабақ түрлері теориямен практиканы байланыстыруға мүмкіндік береді, тақырыпты оқуға деген қызығушылықты қалыптастырады, өз мамандығына деген шығармашылықты дамытады. Жарыс сабақтар білім алушылар арасында ұжымдасу, топ алдындағы жауапкершілік, пәндік тәрбиенің негізін қалайды. Жарыс түріндегі өндірістік оқыту сабақтары білімалушыларды белсенді әрекет жасатады, жарыс сабағына даярлық ретінде үй тапсырмаларын пайдалануға болады.
Бірлесіп оқу немесе өзара оқыту технологиясында өндірістік сабақ тақырыбы бойынша жеделдетілген тапсырмалар беріледі, білімалушылар өндірістік оқыту шебері кейіпіне еніп, тәжірибелік сабақта өз тақырыбын талқылайтын болады. Мұндай жұмыс білімалушылардың үнемі қызығушылығын тудырады. Сабақтың бұл түріне дайындық жеке және бірлескен шығармашылық жұмыстардан құралады.
Достарыңызбен бөлісу: |