Орақова амангүл шахарбекқызы оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын дамытудың педагогикалық шарттары



бет14/67
Дата09.05.2022
өлшемі2,25 Mb.
#33218
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   67
Байланысты:
Диссертация АШО1

біріншіден, жеке тұлға – «адам» ұғымына қарағанда кең ұғым;

екіншіден, адам жеке тұлға болып тумайды, қоршаған ортамен қарым-қатынаста, іс-әрекет барысында қалыптасады;

үшіншіден, жеке тұлға – ол қоғамдық қатынастың тек өнімі емес, оның субъектісі де;

төртіншіден, жеке тұлға - өзіндік ой-толғамы, көзқарасы, пікірі бар, саналы, еңбек және танымдық іс-әрекетке қабілетті дербес адам деген тұжырым түйіндедік.

Жеке тұлға ұғымының мәнін біршама аштық, енді осы жеке тұлғаның даму мәнін қарастыруға көшеміз.

Адамзаттың, прогрестің, әрбір жеке тұлғаның дамуындағы негізгі қозғаушы күш шығармашылық болып табылады.

Ал мектеп табалдырығын аттаған баланың негізгі әрекеті оқу әрекеті болғандықтан оның шығармашылық сипатта болуының мәні зор. Өйткені шығармашылық сипаттағы әрекет баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал ететіні ғылыми тұрғыда негізделген.

Тұлғаның шығармашылығын дамыту жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғылымдарында ертеден зерттеліп келеді. Егер бұл мәселенің зерттелуіне ретроспективті шолу жасасақ, онда оның әлемдік мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында болғанын, «шығармашылық теориясын» жасауға деген ізденістердің аз болмағанын байқаймыз.

Оқушының жеке тұлғасын дамыту үшін ең алдымен олардың қабілеттерін дамытудың мәні зор. Ендеше баланың шығармашылығын дамыту мәселесін талдау үшін алдымен «қабілет» ұғымының мәнін ашу керек.

Философияда “қабілет” – жеке тұлғаның белгілі бір әрекетті орындауына жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, олар қоғамдық-тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып әрі қарай дамып отырады деп есептейді [9, 622 б.].

«Қабілет» ұғымын ғылымға алғаш рет енгізген Платон мен оның ізбасарларының бұл ұғым жайлы түсініктері таптық көзқарастарға негізделген еді. Олар адам туғаннан бастап бірі – басқарушылар, бірі – жауынгер, бірі – жер иеленушілер болып туады деп есептейді [6,56-57 б.].

Ал Аристотель қабілет адамның ішкі ашылмаған мүмкіндіктері деп қарастырады [6,60-62 б.].

Сократ болса, бала бойындағы қабілеттерге ерекше мән берген. Ол өз оқушыларының қабілеттерінің дамуына қамқорлық жасау үшін оларға әрқашан дайын ұсыныстар бермей, «ақиқатқа жетуді» өздеріне жүктегені байқалады. Сондықтан ғылымда бұл әдіс «Сократтық» әдіс деп аталған [6,63-65 б.].

Хуан Уарте адам қабілеттерінің шектеулі екенін, сол себепті ол әртүрлі әрекеттерді бірдей нәтижелі орындауы мүмкін еместігін айтса [10,465 б.], оған керісінше Я.А.Коменский оқыту арқылы балада әртүрлі шығармашылық қабілеттерді қалыптастыруға болады деген идеяны ұсынады [19].

Қазақ ойшылы Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» атты дастанында барлық қабілеттері дамыған кісіні «толық пішімді адам» дей келе, оған жетудің негізгі жолы білім, ғылым екенін атап көрсеткен. Ол адамның ақыл-парасаты барлық нәрсенің мән-мағынасын түсінуге қабілетті деген пікірді дәлелдейді [20].

Адамның ақыл-ойын, қабілеттерін дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізу мәселесіне бірнеше еңбектер арнаған Әл-Фараби бабамыз қабілет өзінен-өзі табиғат тудырған қалпында бақытқа жеткізе алмайды, оларды бағыттау, тәрбиелеу, дамыту керек деген құнды пікір айтады [21].

Ал ұлы Абайдың «Жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зорайтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен еш нәрсеге жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіру үшін қам жеуі керек”, - деген тұжырымынан қабілетті дамыту қажет деген кесімді пікірді аңғарамыз [22].

Ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесіндегі әкенің балаға айтқан ақылы адамның тағдыры туысынан белгіленбейтіндігін, адамдық қасиеттердің, қабілеттердің қалыптасар жері - өмір талқысы, әрекет ету екенін ескертуі Фараби, Абай пікірлерімен үндеседі [23].

Қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Қабілетті дамыту үшін адамда тиісті білім жүйесі, икемділік пен дағды болуы керек [24]. Ал, қабілеттілік – адамның өз бейімділігі негізінде, шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс жасау арқылы қалыптасатын қасиет.

Ресейлік психологияда қабілеттер жайлы ілім біркелкі дамыған жоқ. Мысалы: 1930-40 жылдардың арасында тұлғаға деген тұрпайы социалистік көзқарас қалыптасқан кезде қабілет жайлы мәліметтер психологиядан да, педагогикалық практикадан да алынып тасталған. Тек 50–жылдардың ортасынан бастап бұл мәселе бойынша іргелі зерттеулер жүргізілді.

Қабілет ұғымына психологияда түрлі анықтамалар бар. Ең алғаш қабілет мәселесін көтерген С.Л.Рубинштейн іс-әрекеттің қабілетті дамытудағы ролін нақтылап, қабілеттердің іс-әрекет барысында дамитындығы жайлы теорияның негізін салды.

С.Л.Рубинштейн: «Қабілет әрекеттің талаптарын қанағаттандырады және үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ол қасиеттердің синтезі» дейді [25]. Бұдан бөлек психологияда:

1. Қабілет – белгілі бір немесе бірнеше істі үздік орындауға мүмкіндік беретін адамның әртүрлі жеке қасиеттері [26].

2. Қабілет – адамның білім алуға қажетті психологиялық ерекшеліктері [27].

3. Қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті [28] деген анықтамалар кездеседі.

Қабілет мәселесі көптеген зерттеушілердің назарын аударып келді, әлі де өзектілігін жойған жоқ. Кеңестік психологтардың қабілет жайлы еңбектерін шартты түрде 2 топқа бөлуге болады. Біріншілер қабілет мәселесін құрылымдық тұрғыдан талдаса, екінші топ өкілдері қабілетті теориялық негізде зерттейді. Енді сол еңбектердің кейбіреулеріне тоқтала кетейік.

Б.М.Теплов және оның шәкірттері қабілетті жеке адамның психологиялық ерекшелігі деп қарастырып, оның дамуындағы нышанның роліне ерекше назар аударады. Олар қабілет туа пайда болмайды, туа берілетін тек табиғи алғышарттар, яғни нышандар дейді [29].

Ал А.Н.Леоньтев басқа авторлардың қабілет ұғымына берген анықтамаларына тоқтай келе, оларды дамытудағы әлеуметтік жағдайлардың шешуші ролі ерекше екеніне назар аударуды ұсынды. Ол барлық психологиялық қасиеттер сияқты, қабілеттер де алдыңғы ұрпақ тәжірибесін меңгеруде қалыптасып, дамып отырады деген идеяны алға тартады [30].

Қабілет жайлы ой-пікірлерді әрі қарай өрбіте отырып, Б.Г.Ананьев қабілет тек білім, білік жиынтығы ғана емес, оларды қолдана білудегі дербестік, саналылық, шығармашылық деген пікір айтады. Ол қабілет дамуын тұлғаның дамуымен байланыстырады және таланттылық деп қабілеттің көпқырлылығын айтады. Б.Г.Ананьевтің пікірі бойынша, нышан қабілеттердің алғышарты және олар тек іс-әрекетте ғана қабілетке айналады [31].

Сондай-ақ қабілеттің жекелеген түрлерін зерттеумен айналысқан ғалымдар да аз емес. Мәселен, В.А.Крутецкий математикалық қабілетке байланысты еңбегінде қабілетті әрекетке жарамдылық деп тануды ұсынады және ол әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай орындауда көрінетін қасиет деп есептейді [32].

Жаңашыл педагог И.П.Волков «… егер баланың жеке қасиеттерін жас кезінен анықтап, дамытуға жағдай жасаса, талант қалыптастыру кез келген мамандық дайындау сияқты қатардағы шара», - дейді [33]. Бейнелеу өнеріне деген қабілет жайлы зерттеу жүргізген В.И.Кириенко қабілет адамдардың жеке ерекшелігі және бейнелеу өнеріне деген қабілет тек сурет салуда ғана емес, ойын, еңбек сияқты басқа да әрекеттер барысында да дамитынын дәлелдейді [34].

Көрнекті психолог, Н.С.Лейтес қабілетке «іс-әрекеттің белгілі бір түрінде жетістіктерге жеткізген психологиялық қасиет», - деген анықтама береді және ақыл-ой қабілетінің алғышарты белсенділік және өзін-өзі реттеу деген қорытынды жасап қабілеттілікке төмендегілерді:


  • ұқыптылықты, жинақтылықты, зейіннің тұрақтылығын, еңбек ету қабілетінің жоғарылығын;

  • ақыл-ойды, логикалық ойлауының жылдамдығын, кез-келген жағдайды талдап, салыстыра білуін;

  • барлық күш-қуатын сарқа жұмсап, тынымсыз еңбек етуін жатқызады.

Бейімділік пен қабілеттің соншалықты тығыз байланыстылығы кейде тіпті бірінен-бірін ажырату қиындығын туғызады. Дегенмен, «Бейімділік - ұмтылу, ал қабілет – мүмкіндіктер», - дейді Н.С.Лейтес. Баланың бейімділігін тәрбиелей отырып, оның жалпы қалыптасуына, ақыл-ойының өсуіне жағдай жасауға болатындығына тоқталады [35].

Ең алдымен, қабілет әрекеттің белгілі бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікпен байқалады, «Бейімділік – адамның әрекетпен айналысуға бетбұрысы, оған көңілінің аууы, оянып келе жатқан қабілеттердің алғашқы белгісі», - деп жазады академик Т.Тәжібаев. Ол бала кезде ерекше көзге түсетін бейімділік оның келешек қабілетінің көрсеткіші екенін ерекше атайды [36].

Аталған зерттеулерді талдай отырып, бұл проблемаға деген қызығушылық үнемі болған және олардың арасында үлкен қарама қайшылықтар жоқ деуге толық негіз бар.

Сонымен, қабілет туралы тұжырымдарды, еңбектерді талдай келе, адам бойында табиғи мүмкіндіктер болады, олар тек белгілі бір әлеуметтік жағдайларда байқалып, әрі қарай дамиды, әр адам басқа адамнан өзінің табиғи психологиялық өзгешеліктерімен ерекшеленеді деген қорытынды шығаруға болады.

Қабілет туа бітетін қасиет емес, ол өмір сүру барысында дамып отырады. Қабілет дәрежесі әр адамда әр түрлі деңгейде болады.

Сондай-ақ, қабілет мәселесін қарастыруда «талант», «дарын» терминдерін айналып өтуге болмайды.

«Дарындылық» ұғымы туралы психологиялық-педагогикалық анықтамалар оған өз қатарындағы адамдардан жоғары ақыл-ой қызметімен ерекшеленетін адам қасиетін жатқызады. Дарындылық пен таланттылықты синоним ретінде қолданып жүрген авторлар да кездесіп қалады. Біздің ойымызша, таланттылық арнайы іс-әрекетте жоғары нәтижеге жеткізсе, дарындылық ақыл-ой қызметінің ең жоғарғы дәрежесімен сипатталады. Әрбір талантты балада дарындылық бар да, ал дарынды баланың барлығы бірдей талантты болмауы мүмкін. Өйткені, дарындылық - адамның немесе топ адамдардың шығармашылық мүмкіндіктерін көрсететін, қабілеттіліктің өзіндік бір салалық үйлесімділігі.

Ғалымдар дарындылықты, бір жағынан, ойлау қабілетінің, ақылының, жан қасиетінің, еркіндіктерінің даму дәрежесіне қарап, және де осы қабілеттіліктердің білімнің әр саласын меңгеруге бағыттылығы бойынша ажыратады. Енді біз қабілет, дарын сияқты қасиеттерге негізделетін «шығармашылық» ұғымына жеке тоқталған жөн деп ойлаймыз.

«Шығармашылық» ұғымының мәнін анықтайтын болсақ, ол адамға ғана тән қасиет. Шығармашылықты адамның қоғамдық мәні бар жаңа материалдық және рухани құндылықтар тудыратын іс-әрекеті деуге болады. Өйткені, күнделікті өмірдегі шығармашылық - өмір сүрудің қажетті шарты. Тұлғаның еңбек өнімділігі мен мүмкіндіктер шегінің арақатынасы оның шығармашылық қабілетін сипаттайды.

«Шығармашылық» сөзінің этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Демек, оны жаңа нәрсе ойлап табу сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте: «… шығармашылық - қайталанбайтын, тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сатыдағы, бұрын-соңды болмаған жаңалық ашатын іс-әрекет», - деген анықтама берілген [10, 642 б.].

Философтар В.С.Библер мен оның ізбасарлары ойлау мен шығармашылықты өзара ұқсас, теңбе-тең түсінік деген идеяны ұсынады және де ойлауды шығармашылық пікір деп түсінеді [37].

Философиялық еңбектерге жасалған талдауларға сүйенсек, «шығармашылық» ұғымының астарында «қабілет» ұғымы жататынын философтардың барлығы да мойындайтыны аңғарылады.

Шығармашылықтың ішкі мазмұнын психологтар жан-жақты зерттеп келеді.

Психологиялық сөздікте: «Шығармашылық - жаңа рухани және материалдық құндылықтарды жасау жолындағы адам әрекетінің нәтижесі, жемісі», - делінген [12, 342 б.].

«Шығармашылықты жаңа бірегей нәрселер жасаудан өзге тұлғаның қабілеті, ынтасы, білімі, іскерлігі, т.с.с. қасиеттерінің жемісі деуге болады», - дейді В.Г.Пушкин [38].

Психологияда «шығармашылық» ұғымының жалпы теориясын алғаш рет С.Л.Рубинштейн негіздеді. Ол: «Адамның шығармашылығының өзіне тән ерекшелігі – оның саналы түрде мақсатты әрекет жасаумен анықталады. Бұл жағдайда адам алға қойған мақсатына қарай өз ойларын объективті түрде тұжырымдап, оны нақты жағдайда қолдана біледі және адам мен қоршаған орта арасындағы, яғни субъекті мен объектінің нақты бірлігі түрінде көрінеді», - деп тұжырымдайды [25, 103 б.].

Көрнекті психологтар Л.С.Выготский, А.В.Петровский «шығармашылық» деп нәтижесінде жаңа құндылықтар пайда болатын, жаңалық ашатын әрекетті атаған [39;40]. Ал Ф.А.Пономарев «шығармашылықты» «даму» ұғымымен қатар қояды. Өйткені әрбір жаңалық, әсіресе интеллектуалдық тұрғыда болса, ол баланың психикасын жаңа деңгейге көтереді деп есептейді [41].

Педагог зерттеуші А.Матейко шығармашылық процестің негізі – бар тәжірибені қайта құру немесе оның негізінде жаңа комбинацияларды қалыптастыру деп атап санайды [42].

Шығармашылық психолог Л.В.Запорожец еңбектеріне де арқау болғанын байқаймыз. Оның басты жетістігі – оқу-тәрбие процесінің мектеп қабырғасынан бастап шығармашылық сипатта болуын көздегендігінде болып отыр [43].

Ал, Д.Б.Богоявленскаяның пікірі бойынша, шығармашылық - бұл жеке тұлғаның «шығармашылық әрекетінің» туындысы. Ол мотивтік құрылымдар арқылы кейде тежеледі, кейде ынталанады және жеке тұлғаның шығармашылық потенциалы интеллектуалды белсенділік ұғымына байланысты анықталады екен [44].

Шығармашылық туралы еңбектерді талдай келе, ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері қабілеттің мұндай дәрежесіне, белгілі бір шарттар орындалған жағдайда, кез-келген оқушыны көтеруге болатынын әр қырынан дәлелдеуде деген қорытынды жасаймыз.

Сонымен қатар, А.Н.Лук шығармашылық қабілеттердің белгілерін төмендегідей:



  • мәселені қарастырудағы қырағылық, көрегендік;

  • ақпаратты нерв жүйесінде код арқылы хабарлау;

  • тасымалдай білу;

  • ақылдың икемділігі, ойдың оралымдылығы;

  • әрекетті бағалай білу деп жіктеп берген.

Және ол іс-әрекетте шығармашылық қабілеттерді дамыту үшін қажетті жағдайдың болуы керектігін және қорқыныш, жалқаулық, өзін-өзі шамадан тыс сынау сияқты психологиялық кедергілермен күресу қажеттілігіне тоқталады [45].

Шығармашылықты әр буынға қатысты зерттеген еңбектер біршама. Мәселен, В.И.Андреевтің зерттеу жұмысы мектепте, орта және жоғары оқу орнында шығармашыл жеке тұлға тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне арналады. Ол проблеманың зерттелуінің әдіснамалық ауқымын және ондағы диалектикалық кедергілерді анықтайды [46].

А.Б.Мырзабаев оқыту мен тәрбиелеудің өзекті мақсаты – оқушылардың шығармашыл ойлауын дамыту. Өйткені, әркім өмірде бір қиын жағдаят кезінде икемділік пен ойлаудың талдағыштық қабілетін қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі педагогикалық жүйеде «білім беру» ұғымы жаңа мазмұнмен толығуы тиіс. Бұл дегеніміз – білім беруді мәдени жүйеде қарастырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып шығармашыл тұлға қалыптастыруға жағдай жасау, – деп атап көрсетеді [47]

Оқушылардың көркем-шығармашылық қабілеттерінің ерекшелігі мен дамытудың жолдары мен әдістері А.А.Мелик-Пашаевтің, В.С.Шубинскийдің, Л.Г.Дирксен, Г.Т.Жақыпбекованың зерттеулерінде қарастырылады [48; 49; 50;51].

Шығармашылық қабілеттердің жоғары деңгейі – дарындылық, таланттылық мәселесінің теориясын жасаған В.Э.Чурновский, В.С.Юркевич, И.П.Волков, Ү.Б.Жексенбаева осы феноменнің ерекшеліктері, олармен жұмыс түрлері, дарынды, талантты балалар экологиясы жайлы ой қозғап, оқу-тәрбие процесін жетілдіруге байланысты тәжірибелермен бөлісіп, ұсыныстар береді [52; 33; 53].

Педагогикалық еңбекті шығармашылық процесс ретінде қарастырған В.А.Кан-Калик, Н.Д.Никандровтың зерттеулерінде ұстаз шығармашылығының психологиялық негіздеріне, мұғалімнің жеке шығармашылығын қалыптастыру жолдарына талдау жасалады [54].

Біз жоғарыда аталған еңбектерде шығармашылық қабілеттердің белгілерін анықтау, шарттарын айқындау, жолдарын табу сияқты ортақ идеялардың қарастырылғанын анықтадық.

Оқу процесінде оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру және дамыту мәселесі шығармашылық процестің қандай кезеңдерден тұратындығын білуді талап етеді және оған деген көзқарастар түрліше. Мысалы, көрнекті француз математигі Ж.Адамар шығармашылық процесті 3 кезеңге бөледі:

Дайындық кезеңі.


  1. Инкубация, жасырын идеялар, тұйыққа тірелу кезеңі.

  2. Интуицияның жарқ етуі. Эврика.

  3. Тексеру кезеңі [55].

Ал А.Н.Лук шығармашылық процесті 5 кезеңге бөледі:

  1. Айқын және дұрыс қойылған мақсат.

  2. Күшті жұмылдыру, қосымша мәліметтер іздеу.

  3. Проблемадан уақытша кету. Инкубация.

  4. Интуицияның оянуы. Инсайт.

  5. Нәтиженің дұрыстығын тексеру [56] .

Б.А.Тұрғынбаеваның зерттеуіндегі шығармашалық процестің кезеңдерге бөлінуі назар аударуға тұрарлық:

  1. Жаңалықпен бетпе-бет келу.

  2. Шығармашылық белсенділік, екіұштылық.

  3. Шешімнің жарқ етуі.

  4. Шығармашылық акт.

  5. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу [57].

Жоғарыда келтірілген және басқа да зерттеулерді негізге ала отырып, біз оқушылардың шығармашылығын дамыту процесінің даму кезеңдерін былайша топтастырдық:

I. Даярлық кезеңi.

а) пәнге деген тiкелей қызығушылық;

ә) оқушының қандай да бiр оқу пәнiнiң әлеуметтiк және практикалық мәнiн бағалауы;

б) оқушының оқу пәнiнiң өз жоспарындағы және болашақтағы рөлiн бағалауы.

II. Практикалық кезең.

а) жайлы көңiл-күй;

ә) танымдық қызметтегi өз тәжiрибесiн қолдану және жағымды өзгерту қажеттiлiгi.

III. Шығармашылық кезең.

Берiлген оқу пәнi материалдары бойынша бiлiмiн топтау және бағалау қажеттiлiгi.

IV. Қорытынды

V. Релаксация (босаңсу, еркiн сезiну).

Біз талдаған зерттеулерден арнайы ұйымдастырылған оқыту әдістері шығармашылық процестің дамуына, ойлаудың икемділігіне әсер ететінін көреміз. Осыдан барып бала психологиясындағы шығармашылыққа ерекше көңіл бөлу керектігі шықты. Әрине, мұндай ғылыми шығармашылық еңбек пен баланың шығармашылық әрекетінің арасында үлкен айырмашылық бар екенін ескеруіміз керек. Психологтардың көзқарастары бойынша «шығармашылық» –субъектінің қандай да бір жаңалық табудағы әрекеті. Сондықтан да шығармашылық тура және кері мағынадағы «таңдаулылар» үшін ғана емес, әрбір адамға тән қасиет. Мейлі жаңа білімді меңгерген оқушы болсын, мейлі жаңа техникалық тапсырманы орындаған оқушы болсын, олар шығармашылықпен әрекет жасайды. Осылайша, психологиялық көзқарас бойынша, оқытудағы шығармашылық процесті субъект үшін бұрын белгісіз болып келген мәселелердің шешімін табу, жаңалық ашу деп түсінуге болады.

Шығармашылық қабілет жалпылама сипаттау – оны субъектінің шығармашылығының жемісі деп қабылдауға мүмкіндік береді. Олай болса, шығармашылықтың шарттарына сәйкес, «шығармашылық» жеке тұлғаға бағытталған екені, оның қатысуынсыз шығармашылық қабілеттің болуы мүмкін еместігі анықталған.

Шығармашылықты дамытудың жолдарын зерттеу мақсатында шығармашылықты адамның ақыл-ой белсенділігі деп анықтау мен оған басқа да педагогтардың толық келісетіндігін ескере отырып, шығармашылықтың білімді игеру қарқындылығына байланысты болатындығын анықтадық. Яғни, білімді игеру қарқындылығы төмен болса, онда шығармашылықтың құрылымы (ерекшелігі, күрделілігі, нақтылығы, түсініктілігі, т.б.) төмен болатыны және, керісінше, білімді игеру қарқындылығы жоғары болса, онда шығармашылықтың құрылымы жоғары болып, нәтижесінде шығармашылық қабілеттің дамитындығы айқындалады.

Оқу процесінде шығармашылықтың құрылымы аз қолданылғанмен, ғылыми процесте ол «оқушылардың өзіндік іс-әрекеті» ұғымына сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, оқушылардың шығармашылығының нәтижесі өз мәнінде ғылыми шығармашылық еңбектен айырмашылығы шамалы.

Жеке тұлғаның шығармашылығын дамыту үшін оқытуға проблемалық жағдаяттар енгізілуі тиіс, сонда оқушылар алдында қойылған түйінді мәселені өз бетімен немесе мұғалімнің көмегімен шешеді. Мұндай оқыту барысында танымдық қызмет құрылымында маңызды психологиялық заңдылық – ойлау қабілетінің проблемалық сипаты жатады. Байқаулар көрсеткендей, шығармашылықпен жұмыс істейтін оқушылар проблемалық тапсырманы шешуде қосымша материалдар іздеуге белсене кіріседі, мәселені шешудің түрлі жолдарын белгілеп, оларды қолданады. Олар неғұрлым көбірек дербестік танытқысы келеді.

Оқушы шығармашылығы дегеніміз – ой бостандығы мен еріктілік болған жағдайда ойлау процесін бір ізділіктен шығарып, логикалық ойлауды талдағыштық тұрғыға жетелеп өзін-өзі дамытатын белсенді ой еңбегі. Осындай еңбектің негізінде білім игеруге, оқуға, оқи білуге тәрбиелеу білім беру процесінің негізіне айналса, баланың жан-жақты дамып, шығармашыл адам болып жетілуінің негізі болады [47,13 б.]

Демек, оқыту әдістері оқушылардың шығармашылығын дамытуға бағытталуы керек. Олай болса, оқушының танымдық іс-әрекеті мен шығармашылық дамудың нәтижелілігі, оқыту әдістерін комплексті түрде ұйымдастырудың алғышарттарын жасауда болып табылады. Оқыту әдістерін дұрыс қолданған жағдайда ғана оқушылардың ой-өрісін тереңірек дамытуға мүмкіндік туады, бұл оқушылардың интеллектісін, зейінін, ойлауын арттырады.

Оқу процесінде шығармашылық түсінігін бірінші кезеңде жеке бастың қасиеті емес, оқушының оқу процесіндегі іс-әрекеттің құралы және табыстың «белгісі» деп білу керек. Яғни, оқу процесіндегі негізгі мәселе – оқушылардың белсенді іс-әрекеті және ол шығармашылықтың дамуына негіз болады деген қорытынды жасауға болады. Бұл кезде оқушылардың іс-әрекеті неғұрлым үйлесімді, кемелденген, тиімді оқыту әдістерімен ұйымдастырылса, онда олардың белсенділігі де соғұрлым жоғары болып, шығармашылықтың дамуы қарқынды түрде көрінеді. Яғни, оқу процесіндегі негізгі мәселе – оқушылардың белсенді іс-әрекеті және ол шығармашылықтың дамуына негіз болады.

Ол үшін ең бастысы оқу процесін гуманизациялау қажет. Яғни, сабақта оқушыға проблемалық ситуация, ойын ситуациясын құру, сезімдік ықпалмен әсер етуге болады, бақылау мен талапты күшейту, ынталандыру, әр оқушының тәртібі мен мінез–құлқына және жұмыс істеу ырғағына үйлесімді тәсілдер қолдану, шаршау мен жалығудан арылту шараларын жасау оқу процесін гуманизациялауды жүзеге асырады.

Бұдан біз шығармашылықтың мәні – алдымен оның қажеттілігінде, әрбір адамның шығармашылық қабілетінің нәтижесін рухани қанағаттану мен қуаныш сезіміне айналдыруға жаңаша қадам жасауда деп түсінеміз.

Оқушылар білімді өз дәрежесінде игермесе немесе оны іс жүзінде қолдана алмаса, онда танымдық белсенділік те көрсете алмайды. Бұл олардың шығармашылығының дамуына кері әсер етеді. Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру үшін мұғалім әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек және оқу процесінде психологиялық ерекшеліктерін басты назарға алғаны жөн.

Оқушылардың шығармашылығын дамытудың педагогикалық-психологиялық негіздерін талдай келе, мынадай түйіндер жасауға болады деп ойлаймыз. Я.АПономаревтың пікірінше, адамның шығармашылық қабілеттері оның жалпы және арнайы қабілеттеріне тәуелсіз болып, олармен қатар өмір сүре береді [58]. Осыған сүйене отырып, оқу процесін ұйымдастыру арқылы оқушылардың шығармашылығын дамытудың сан түрлі қыры мен жолын тануға болады. Өйткені оқушылардың шығармашылығын дамыту барлық педагогикалық технологиялардың көздеген мақсаттарының ең биік шыңы десе болады.

Г.К.Селевконың айтуынша, қазіргі кезеңдегі психологиялық-педагогикалық ғылымда шығармашылық шартты ұғым ретінде алынады. Шығармашылықтың байқалатын, көрінетін тұстары - таза жаңаны жасау процесі және сонымен қатар, салыстырмалы түрдегі жаңаның белгілі бір аяда, белгілі бір кезеңдегі, белгілі бір орындағы, белгілі бір субъектіге маңызды болып табылатын, сөйтіп, сан қырынан танылатын процесс [59].

Біз оны жеке тұлғаның дамуының психологиялық механизмдері арқылы көрсетіп отырмыз (1 сурет):

Шығармашылыққа философтар берген анықтамаларды талдай және оларды өзара салыстыра келе, шығармашылықты біз де тарихи-қоғамдық мәні бар жоғары деңгейдегі жаңалық ашатын іс-әрекет деп танимыз. Осы желіде психологтардың шығармашылықты тануда оған нәтижесінде жаңа құндылықтар пайда болатын, жаңалық ашатын адамның іс-әрекеті деп берген анықтамасын негізге алу қажет деп санаймыз.

Шығармашылық – адамға тән ерекше қасиет дейтін болсақ, онда тұтас шығармашылық бірден көзге көріне салатын құбылыс еместігін де түйсінеміз. Тұтастықтың жекелеген бөлшектерден құралатыны белгілі. Сондықтан, шығармашылықтың танылатын тұсы ерекше болып келетін, шығармашылық қабілеттердің болмысынан танылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, шығармашылықты біз де А.Н.Луктың ізімен: мәселені қарастырудағы қырағылық пен көрегендік; алынған ақпаратты жүйке жүйесінде код арқылы хабарлау; тасымалдай білу; ақылдың икемді болып келуі;ойдың оралымды болып келуі; әрекетті өзі танып-бағалай білуі деп танимыз.


1 сурет – Жеке тұлғаның даму деңгейі


Шығармашылықты танудың теориялық негіздері оқыту арқылы оқушылардың шығармашылығын дамыту процесін ұйымдастыруға тірек бола алады. Оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін аса маңызды болып табылатын «қабілет», «бейімділік», «талант», «дарын» ұғымдарын ажырата танып-білу керек. Бұл ұғымдар - өзара тығыз байланысып жатқан, болмыстары тым күрделі де терең болып келетін ұғымдар деуге болады. Дегенмен де, олардың өзара иерархиялық түрде түзілген нәзік құрылымы барын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да оқушылардың шығармашылығын дамытуда бұл мәселені ескеру қажет.

Біздің ойымызша, шығармашылық емес, тек оның алғышарты – нышан ғана туа бітетін қасиет. Сол нышанды дер кезінде танып, мәпелесе, ол нышан біртіндеп жетіліп, дамып, қабілетке айналуы мүмкін. Бұл ретте біз қазақ халқының этнопедагогикалық тамаша үлгісі ретінде Қобыланды батырдың тәрбиесін, Алпамыс батырдың тәрбиесін, Абайды әжесі Зере мен анасы Ұлжанның тәрбиелеуін айта аламыз. Балада байқалған ерекше нышанды арнайы назар аударып тәрбиелеу арқылы соны дамытып, шығармашыл тұлғаға жеткізу мүмкіндігі адамда бар және оны дамыту мүмкіндігі педагогиканың қолында. Бұл ойға біз философиялық, педагогикалық және психологиялық ілімдерді талдай отырып келеміз. Осының негізінде, әрбір оқушыны шығармашыл әрекетке баулып, оның шығармашыл болмысы қалыптасуына педагогикалық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызу керек деген түйін жасай аламыз.

Қорыта келе, шығармашылықтың негізгі сипаты жаңалық ашуға,жаңа тәсілдер табуға ұмтылу деп айтуға толық негіз бар. Шығармашылыққа, жаңа, тың нәрсе жасау тән десек, ертеден белгілі нәрсені қайталауды немесе көшіруді шығармашылық деп айтуға болмайды, бірақ бұрыннан белгілі, таныс нәрселердің өзінен қандай да бір ерекшелік табу, оны жаңаша түрде жасау, ерекше қасиеттерін табу шығармашылыққа тән құбылыс деп тұжырымдауға болады. Шығармашылық әрекетке – оқушының проблеманы көре білуі, өз іс–әрекетінің бағдарламасын жасай білуі және ойды іске асыру үшін жаңа идеялар тудыра алуы жатады.

Сонымен, шығармашылық проблемалық сипаты бар, барлық ішкі байланыстарды біріктіретін, нәтижесінде жаңа материалдық және идеялық құндылықтар алынатын адамның мақсатты әрекеті.






    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет