Эпикур (б.д.д. 341-270 ж.ж.) эпикуршілдік, деп аталатын антика заманында кең тараған философиялық бағыттың негізін қалаушы. Ол философияны адам өмірін бақытқа жеткізетін және қорқыныштан адалаушы деп түсінді. Осыдан эпикуршылдар әлем туралы түсініктерге сәйкес келетін, соған негізделген этикаға үлкен көңіл қойды.
Демокриттің атомистік теориясын дамыта отырып, Эпикур атомдар қозғалысына жаңа теориялық мән берді. Демокрит атомдар барлық бағытта бірдей қозғалады десе, Эпикур оларды бір-бірінен бірдей қашықтықта өз салмағы әсерінен кеңістікте төмен қарай құлайтынын көрсетеді. Берілген кездейсоқтық және қажеттілік күшінен олардың түзу сызықты құлау қозғалыстарынан ауытқулары да мүмкін. Бұл Эпикурды атомдардың өздігінен қозғалатындығы және кездейсоқ соқтығысатындығы идеясына алып келді.
Эпикуршілер Демокриттің тағдырға сенімін жоққа шығарды, атомдардың ауытқып кетуін адам еркіндігінің, бостандығының табиғи дәлелденуі деп қарастырады. Олардың ойынша, негізінде көптеген себептілік жатқан атомдар тәрізді адамның мінез-құлқы өздігінен қозғалатын қасиетке ие болады. Сондықтан қажеттілікті жеңу арқылы еркіндікке жол ашылады.
Таным теориясында Эпикур Демокрит сияқты сенсуалист (сезімді танымның бірден-бір қайнар көзі деп санау). Тек қана сезімнің ақиқаттығы болмысқа барабар, «сезім қателеспейді», сезім танымның негізі, ақиқаттың белгісі болатыны дәріптеледі.
Сондай-ақ, Эпикур сол тарихи дәуірдің атеисі. Ол, танымның мақсаты - адамдарды білімсіздіктен, ырымшылдықтан, ескі нанымнан, құдай және өлім алдындағы қорқыныштан құтқару, онсыз бақытты болу мүмкін емес деп есептеді.
Негізінде «сүйіспеншілік» түсінігі жатқан Эпикурдың этикалық ілімі де өз уақытында кеңінен танылды тапты. Ол адам бақыты - сүйсіну сезімін алуында деп есептеді. Тән сұраныстарын қанағаттандыру, ішкі жан дүние сезіміне тыныштық орнату, оның рухани жағдайының тепе-теңдігі үшін керек. Адамның жаны осы қанағаттанудың нәитижесінде жайбарақат, алаңсыз тыныштыққа кенеледі. «Парасатпен өнегелі және әділетті өмір сүрмей, жағымды тіршілік мүмкін емес және керісінше, жағымды өмір сүрмейінше, парасатпен өнегелі және әділетті тұрмыс құра алмайсың».
Этикалық қатынастарда қастық пен сүйіспеншіліктің өзара байланысына, әрекеттестігіне ой жіберіп, Эпикур қастандықтардан арылуды ұсынады, өйткені ол әр түрлі азап, жапа шегуді алып келеді. Тек қана сүйіспеншілікке жетіп, біз жағымсыз қасіреттерден арыламыз, - дейді ол,- ал бақытқа ұзақ оқу мен жаттығулар арқылы қол жеткізіледі.
Элин дәуіріндегі ең бір дамыған, үлкен бедел, ықпалға ие болған Стоиктер (портты қаланың аты Стои) философиясы б.д.д. III ғасырда пайда болып, өз дамуында ерте, орта, соңғы болып үш түрлі сатыдан өтті.
Стоиктер мектебінің негізін калаушы Китионнан шыққан Зенон (б.д.д.333-262 ж.ж.) деп есептеледі. Мектептің бүтіндей философиялық құрылымын жасаған соңғы стоиктердің өкілдері Сенека (б.д.д.3ж б.э.65ж) мен Марк Аврелий (б.д.121-180ж.ж.) кең танымал, үлкен бедел иелері болды. Стоиктер ғалам туралы барлық түсініктерінің құрылымынан туындайтын этика сұрақтарына үлкен назар аударып, философияны - этика, физика және логикаға бөледі. Соның ішінде, этика – философиялық білімнің орталығы, негізі, егер философия жұмыртқа болса, онда этика – оның сары уызы, физика – ақуызы, логика – сыртқы қабығы, деп тұжырымдайды.
Стоиктер барлық табиғатты жанды деп қарастырған гилозоистер болды,. Материя енжар, керенау субстанция есебінде ақыл, ойдың (құдай) туындысы. Денемен, болмыспен бірге денесіздер қатарына жататын «уақыт», «орын», «шексіздік» және т.б. жалпы түсініктер (универсалилер) де өмір сүреді.
Болмыс ақылдан бағыт алатын заңдылықтарға ие, бәрін тағдыр билейді және бәрі мәңгілік алдын-ала анықталған. Осы болашақты болжауға мүмкіндік береді, – деп есептейді стоиктер. Құдіретті күш болмай қоймайтын қажеттілік, ол құбылыстарды өзара байланыстыратын қайталанбайтын себептер тізбегі ретінде көрінеді. «Тағдыр кім жүргісі келсе соны билейді, ал кім керек етпесе сүйрейді», – дейді Сенека.
Бізге жеткен бір аңызда Зенонның ұрлық істеген өзінің құлын жазалағаны туралы айтылады. Философтың тағдырға сенетінін білмеген құлы: «Маған тағдыр даусыз ұрлауды жазған» – десе, Зенон: «Тағдыр таяқ жеуді де жазған» – деп жауап беріпті.
Стоиктер этикада «егер адам барынша табиғатқа жақын өмір сүретін болса, бақытты болады», сондықтан ол өмірге керектің ең аз бөлігіне қанағаттануы керек, дегенге сәйкес келетін пікір, көзқарасты ұстанады.
Табиғаттың жаны болатынынан (ақыл-ой иесі) адамның өмір салты да ұтымды дәлелденуі керек. Бұл, егер «адам азбен шектелетін, ақыл-парасатпен өмір сүретін болса, ізгілікті және бақытты болады», дегенді білдіреді. Ақыл-парасат адамның бар болмысының, яғни сана-сезімі және тәні бар жан иесі ретінде дамуының өн бойында жетілуіне себепші болады. Ізгілік тек табиғатпен үндестікте, келісіммен өмір сүргенде көрініс табады, яғни тек табиғатпен үндестік бізді ізгілікке алып келеді.
Стоиктер ізгіліктің төрт түрін ажыратады: а) ақыл-парасаттылық, в) ұстамды-сабырлылық, с) ерлік және д)в әдептілік. Жауыздық (кемістік) дегеніміз, осы өмір салтына жасалатын кедергілер. Сондықтан жауыздық (кемістіктің көптеген түрлері) – ақылсыз-зердесіздік, жүгенсіз бетімен кеткендік, қорқақтық, әділетсіздік ізгілік түрлеріне қарсы тұрады. Ізгілікті пікірлермен қатар стоиктер адамның міндет-парыздары туралы ойды да насихаттайды. Мысалы, «адам тағдырға сәйкес өмір сүруі керек, сонда оның құдай бақылап сынаған, табиғатпен байланысты іс-әрекеті моральдық шыңдалады. Моральдық шыңдалу өмір салтына тек қана данышпандардың қабілеті жетеді, өйткені бұл жетістікке жету философиялық таным арқылы мүмкін болады», - дейді.
Стоиктер бойынша адамның негізгі мақсаты – құмартудан құтылу, еріктілік таныту. Байлықты аңсап, оның соңына түскен бақытсыз, ол өзіне зардап әкелетін ізгіліксіз, ақымақ, ақылсыз адам. Стоиктердің айтуынша, мұндай адамдар халықтың көпшілігін құрайды.
Стоиктер этикада «егер адам барынша табиғатқа жақын өмір сүретін болса, бақытты болады,сондықтан ол өмірге керектің ең аз бөлігіне қанағаттануы керек» дегенге көзқарасты ұстанады. Ал егер «адам азбен шектелетін, ақыл-парасатпен өмір сүретін болса, ізгі және бақытты болады» дегенді білдіреді.