Қазақстандағы қолданыстағы ГМО өнімдеріне көзқарастар ГМО-генетикасы өзгертілген заттар.Бүгінгі таңда заман ағымымен биологияның бұл тармағы қарыштап дамып келеді.Біреулер ГМО-ға мүлде қарсы болса , халық арасында бұл өнімді қолдайтындар да табылады.Генетика саласының бұл үлкен жаңалығы ғылымға жаңа серпіліс әкелді деуге де болады.Бірақ генетикасы өзгертілген өнімдердің адам ағзасы үшін қауіптілігі туралы да дабыл қағылуда.Бірақ біз генетикалық модификацияланған организмдер арқылы неғұрлым өнімді , табиғаттың қолайсыз жағдайларына төзімді , әр түрлі зиянкестер мен микроорганизмдермен зақымдалмайтын жаңа түрлерді ала аламыз.Бұл өнімдері шығару қазірге таңда өзекті мәселе болып отырған азық-түлік жетіспеушілігі , аштық сияқты проблемалардың шешімі ретінде де қарастырылуда.Ғылымның бұл жаңалығы әлемнің қай елін болса да айналып өткен жоқ.Кей елдер өз нарықтарына ГМО өнімдерін кіргізуге түбегейлі қарсы болса , көбіне Еуропа және Америка елдері ГМО өнімдерін жасппай шығаруда және өздері тұтынуда.Әрине , бұл жаңалық Қазақстанды да айналып өтпек емес.Бізге де генетикасы өзгертілген тауарлардың бір парасы келіп жетті.Бұл біздегі жағдайды ушықтыра ма, әлде керісінше проблемаларымызды шеше ме , ол әрине болашақтың еншісінде.
Халқымыз «Ас – адамның арқауы» деп, қашаннан тамақтануға ерекше мән берген. Адамның тамақтану рационында ет, сүт, жеміс-жидек өнімдері алғашқы орындардың бірінде тұратыны белгілі. Дастарханымыздың әрін кіргізетін осы өнімдердің денсаулығымызға ешбір зиянсыз, сапалы болуын бәріміз қалаймыз. Бүгінгі таңда бәрімізді елеңсіз қалдырмайтын мәселе бұл – азық-түлік, яғни тамақ өнімдері сапасының сын көтермейтіндігі болып табылады.
Қазақстан – сыртқы сауда алаңында экономикасы жан-жақты ілгері дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Американ ғалымы Дис Сакс: «қандай бір ел болмасын, оның экономикалық жетістігі сыртқы саудаға байланысты. Дүниежүзілік экономикадан оқшауланып, ешқандай ел дені сау, жөні түзу экономика жасай алған жоқ» деп көрсетеді . Бұл күнде сыртқы саудаға шекарамыз да, есігіміз де ашық елімізге киім-кешек, азық-түлік, жемістер, цитрус және т.б. тамақ өнімдерінің басым көпшілігі өзге мемлекеттерден, яғни Қытай, Ресей және т.б. тасымалданады.Әкелінген өнімдердің сапасын айтпағанның өзінде бағасының өзі жаға ұстарлықтай... Тасымалданған өнімдердің қауіптілігі – құрамында ГМО (гендік модификацияланған организм) болуы, жарамдылық мерзімінен тыс ұзақ сақталынуда.
Алдымен, ГМО дегеніміз не? ГМО (генетически модификацияланған организмдер) биотехнологиялық әдістермен генетикалық құрамы өзгертілген организмдер (көбіне азықтүлік ретінде пайдаланылатын организмдер, өсімдіктер, жемістер). Гендік модификацияланған организмдерді (ГМО) өсіру үшін бір организмнің генін басқа бір өсімдіктің немесе жануардың ДНҚ-сына енгізіп, трансгенизация жасайды. Бұл операция арқылы организмнің кейбір табиғи қасиеттері өзгертіледі. Мысалы: картоп генінің қатарына сарышаян генін қосу нәтижесінде ешқандай жәндік жемейтін картоп түрі, қызанға солтүстік камбаласының генін қосудан аязға төзімді, үсімейтін қызан түрі, жалпы аязға төзімді, жәндіктер жемейтін, құрт түспейтін, ұзақ сақталатын, тағысын-тағы қасиеттері бар түрлер алынады. Бүкіл жаратылыс ғасырлар бойы өзі сұрыптап берген, кез келген организмнің өсіпөнуіне жауапты болып саналатын геномына бөтен генді әкеліп, жасанды жолмен енгізген кезде оның келесі ұрпағы өзгеріске ұшырайды.
ГМО деген атынан үріккеніміз болмаса, оның қандай болатынын, пайда-зияны қаншалық екенін қарапайым халық, яғни біз әлі біле бермейміз. Себебі ГМО-ның адам денсаулығына әсері әлі толық зерттеліп болған жоқ, қазіргі таңда әлемде көптеген ғалымдар ГМО-ның адамзат баласының денсаулығына зияны мен пайдалы тұстарын зерттеуде екіжақты көзқарас қалыптастыруда. Яғни зиянды тұстары, біріншіден, өте қауіпті аллергиялық реакциялардың пайда болуы. Мысалы, АҚШ адамдар ГМО өнімдерін еркін қолданады. Аллергиямен ауыратындар саны 70% құрайды. Ал Швецияда 7%, бұл өнімдерді қолдануға тыйым салынған. Екіншіден, трансгенді өнімдерді пайдалану асқазанның сілемейлі қабатының құрылымын бұзады. Зат алмасудың бұзылып, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Үшіншіден, ісік ауруларының көбеюіне себеп болады. Жасушаларды мутацияға ұшыратады.Төртіншіден, әйелдер мен ерлердің бедеулігі мен белсіздігіне әкеліп соғуында. Осы орайда, ғалымдар жануарларды генетикасы модификацияланған дақылдармен қоректендіру арқылы сараптама жасай отырып, эксперименттік жануарлардың және олардың кейінгі ұрпақтарының ағзаларында патологиялық өзгерістері барын анықтаған. Британия ғалымдары – генетикасы модификацияланған ГМ-картоптың, Италия ғалымдары – ГМ-сояның, Австралия ғалымдары ГМ-асбұршақтың, француз зерттеушілері ГМжүгерінің жануарлар ағзасына қауіпті екендігін дәлелдеген. Мысалы, ГМ-жүгері беріп асыраған эксперименттік жануарлардың төлдері 100 пайыз өлі туғаны туралы ғылыми нәтиже бары белгілі. Бірақ мұндай қорытындыны кезінде жауып тастаған. Себебі ғалымдардың бұл секілді қорытындыларының жария болуы өндіруші компанияларға тиімді емес [3]. Аталған дәйектерге, сүйенсек, құрамында ГМО бар күнделікті қолданып жүрген тағамдар мен жемістердің (алма, банан, лимон және т.б.) зияны шашы етектен. Өйткені құрамында ГМО бар тағамдар мерзіміне қарамастан бұзылмайды. Елімізге әкелінетін өнімдердің «сырты бүтін, іші түтін». Осы өнімдерді қандай мемлекеттік орган қадағалап отырғаны белгісіз. Күнделікті тұтынып отырған халық та сұрамай сатып ала береді.Кедендік шекарашыларымыз өнімдерді өткізген кезде, әрине, өнімдердің тек сыртқы пішініне қарайды. Өйткені Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңында ГМО қарастырылмаған және 12-бабына сәйкес, (тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар) «сапасының айқын белгілері бар тамақ өнімдері оларды өндіру, айналымы және кәдеге жарату процестеріне жіберілмейді» делінген [4]. Бұл жерде заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі ауадай қажет.
Ғалымдар генетикалық аппараттың қолдан өзгертіп өсірілген өнімдер бүгінгідей қарқынмен тұтынушының қарнына түсе берсе, алдағы 40 жылдан кейін адамзат ұрпағы күрт кеміп, бүкіл биосфера бұзылып бітеді деген тұжырымға келуде.
ГМО – әуелі баста адамзат баласының күрт көбеюі салдарынан азық-түлік жетпей қалуы мүмкін деген жақсы ниетпен бидай, көкөністер, үй жануарларының ДНҚ құрамын өзгертіп, олардан көп өнім алуды көздеген. Десек те, қазіргі таңда ГМО экономиканың табыс көзіне айналды. Яғни, шығынсыз есеп, бұзылмайтын өнім, еркін сауда. Әрине, бұл пайдадан біздің еш үлесіміз жоқ, аграрлық саясатты ұстанатын,жер қойнауы бай мемлекет болсақ та, өзге елдің жасанды өнімдеріне тәуелдіміз. Аграрлық ел ретінде көп көлемде астық дақылдарын егеміз. Бірақ түрлі зиянкестер мен аурулардың (өсімдік аурулары) кесірінен еккен егініміздің шығымы, өнімділігі азайып, өзіндік құны қымбатқа шығады. Мұның бәрі – шығын. Жарайды, бұл – тек бидайдың төңірегіндегі әңгіме. Ал бізде одан басқа да сақтау мерзімі шектеулі, тез бұзылатын ауылшаруашылық дақылдар, көкөністер мен жеміс-жидектер бар ғой. Осының бәрінде біз өнімділікті ұлғайтып, сапасын көтерсек, өз елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, өзге елдерге де экспортқа шығара алатын мүмкіндігіміз бар. Ал өнімділікті қалай көтереміз? Қолданыста жүрген химикаттар – пестицид, гербицид дегендер кешегі күннің технологиясы болып қалды. Денсаулықты ойласақ, дәл осы химикаттар ағзамызға зиянын тигізіп жатуы мүмкін. Сол себепті де біз жаңа технологиядан қашпай, қолданып, сол арқылы өнімділікті, өндірісті ұлғайта отырып, бір мезгілде бақылауды да қамтамасыз еткеніміз дұрыс сияқты. Өнімдеріміз өз елімізде өндірілетін болса, оның сапасы мен құрамы көңілге қонарлықтай болар еді, ал сырттан әкелініп жатқан өнімдердің қандай екенін, гендік модификацияға қаншалықты түскенін біле бермейміз.
Әрине, гендік модификацияланған азықтүліктер – 20-ғасырдың биология саласындағы үлкен жетістігі, бұл да инновация екендігін мойындаймыз, десек те ұлт денсаулығы мен болашақ ұрпақ тағдырын ескеретін болсақ, өз табиғи өніміміздің құны мен құрамын жоғалтпайық!