«ДИУАНИ ЛҰҒАТ ат-ТҮРК». «Түркі тілдерінің сөздігі» - Махмұт Қашқаридың (11 ғ.) түрікше-арабша түсіндірме сөздігі. Сөздік бүкіл түркі халықтарының тілтану энциклопедиясы іспетті. Мұнда орта ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының бәріне бірдей ортақ болып келетін 6 мыңнан астам түркі сөздері мен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Сонымен бірге, бұл «Сөздікті» «көне түркі әдеби жәдігерліктерінің хрестоматиясы» деуге де болады. Өйткені мұнда автор өмір сүрген дәуірде ғана емес, одан сан ғасырлар бұрын өмірге келген ежелгі түркі өлең-жырларының, мақал-мәтелдерінің, қанатты сөздерінің көркем теңеулерінің, фразеологиялық тіркестерінің, т.б. ғажайьш үлгілері бар. «Д. л. ат-т-тің» автор қолымен жазылған түпнұсқасы сақталмаған.
Көшірілген бір нұсқасы Стамбұлдағы Фатех кітапханасынан табылды. «Сөздік» 1915 -17 ж. Стамбұл қаласындағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап түрінде жарық көрді. Махмұт Қашқари «Сөздігін» зерттеу, басқа тілдерге аудару, кітап етіп шығару ісі осы кезден бастап қолға алынды. Қазақ ғалымы А.Егеубай «Д. л. ат-т-тің» үш томын қазақ тіліне түңғыш рет аударып, оны «Түрік сөздігі» деген атпен 1997 -98ж. оқырман қауымға ұсынды. Бүкілтүркі әлемініңалтын қазыналарының бірісаналатын осы кітаптың жарыққа шығуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев сәт сапар тілеп, кіріспе сөз жазды. М.Қашқари «Сөздігін» зерттеу, насихаттау, тәржіма жасау істеріне В.В. Бартольд, А.Н. Кононов, М.Хартман, түрік филологы Б.Аталай, өзбек ғалымы С.Муталибов, неміс ғалымы Броккельман, орыс ғалымы И.В. Стеблева, қазақ ғалымдары Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, А.Егеубай, т.б. мол үлес қосты. «Д. л. ат-т-тің» әдеби және тарихи маңызы зор. Мұнда 200-ден астам өлең, 300-ге тарта мақал-мәтелдер, жүздеген қанатты сөздер, афоризмдер мен көркем теңеулер, т.б. бар. Бұл «Сөздікте» мысал ретінде келтірілген көптеген мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілерінің қадым замандарда, алғашқы қауымда, сақтар, ғұндар дәуірінде өмірге келгенін аңғаруқиын емес. «Сөздікте» ерлік тақырыбын жырлаған көлемді дастандардан келтірілген үзінділер жиі ұшырайды. «Д. л. ат-т-те»
мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілері («Алып Ер Тоңғаны жоқтау») және ежелгі түркілердің наным-сенімінен туған тұрмыс-салт жырлары, әсіресе төрт түлік мал туралы өлеңдер, бата, тілек, бесік жыры, жар-жар, сыңсу, естірту, т.б. жиі ұшырайды.
Белгілі түркітанушы ғалым Кононовтыңсөзімен айтқанда, Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» -«Ежелгі түркі халықтарының өмірі, олардың материалдық және мәдени байлықтары, тұрмыс жайлары, этнонимдері мен топонимдері, туыстық және жегжаттық терминдері, қызмет адамдарының титулдары мен аттары, үй жануарлары мен жабайы аңдар атаулары, астрономиялық терминдер, халық күнтізбесі, айлардың және аптадағы күндердің аттары, аурулар мен дәрілердің атаулары, анатомиялық терминдер, металдар мен минералдар, әскери, спорт және әкімш. терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік қаһармандардың есімдері, діни және этн. терминология, т.б. туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады».»Д. л. ат-т.» бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ асыл қазына, тілдік, әдеби, тарихи, этногр., т.б. тұрғыдан мейлінше бай мұра екені даусыз.