Симптомдары. Бірінші белгілері азықтандыру кезінде немесе бірнеше сағат өткеннен соң пайда болады. Алғашқыда ауық-ауық мал мазасызданады, спастикалық (түйілмелі) ауырсыну болады. Ауру жылқы кейде жүріп бара жатып кілт тоқтайды, мезгіл-мезгіл ішіне қарайды, аунайды. Орнынан тұрған бойда алға қарай ұмтылады.
Қарынның қабырғасы қатты керілгендіктен тұрақты мазасыздану болады (дистензионды ауырсыну). Ауру ит сияқты шоқиып отырады. Осы кезде өңеш қабырғасының бас жаққа қарай толқындала жиырылып жатқандығын байқауға болады.
Ауру жылқының жалпы күйі тез нашарлайды, дене қызуы 39-41°С дейін көтеріледі, көздің кілегейлі қабығы қанталап, көкшілденеді. Тамыр соғуы жиілейді, минутына 80-90 ретке жетеді. Бастапқыда жүрек саздары күшейеді, ал сонынан әлсірейді.
Тыныстануы үстіртін болады, жылқы ентігеді. Тыныстану 25-50 дейін жиілейді. Сырттан қарағанда дененің сол жағында құрсақ қуысы қабырғасы 14-17 кабыртқалар аралығынан сыртқа шығыңқы екенін байқауға болады. Асқазан жыны қышқыл реакциялы (60-100 титр бірлігі), онда сүт және май қышқылдары көп, ал байланыспаған (бос) гр қышқылы жоқ. Сусызданған сайын қанда эритроциттер саны және гемоглобин мөлшері көбейген, кейде нейтрофильді лейкоцитоз, эозинопения, ЭШЖ төмендеген.
Балау. Ауруға тән шаншу синдромы. Асқазанға зонд енгізу және тік ішек арқылы зерттеп малға тірі кезінде диагноз қояды. Егер мал өлсе, өлексені сойып көргенде асқазанның азықтармен созылғанын немесе оның жарылып кеткені қойылған диагноздың растығын дәлелдейді.
Емі. Ауырсыну синдромында венаға 30-60 мл мөлшерінде 10 %-ды анальгин немесе 150-300 мл хлоралгидрат ерітінділерін енгізеді. Асқазанға зонд енгізеді, газдар мен азық қалдықтарын сыртқа шығарады, малдың жағдайы жақсарады. 4-6 л жылы сумен асқазанды жуып-шайса жақсы нәтиже береді. Ол үшін 1-2 %-ды ихтиол, натрий гидрокарбонат ерітінділерін қолданады. Ішке 10-12 мл сүт немесе 15-30 мл сірке, қышқылдарын бір бөтелге суға сұйылтып ішкізсе, онда пилороспазм басылады.
Ауру жылқы венасына 200-300 мл 10 %-ды хлорлы натрий ерітіндісіне 2-2,5 г натрий кофеин-бензоаты және 50-100 г глюкоза қосып енгізген жақсы нәтиже береді. Ашу процестерін тоқтату үшін ішке микробтарға қарсы нашар еритін препараттар тағайындайды (антибиотиктер мен сульфаниламидты препараттары).
Сақтандыру. Қалыптасқан азықтандыру мен күтіп-ұстау, жылқыларды жұмысқа жегу тәртіптерін сақтайды. Малды сусымалы азықтарға еркін жетуін тоқтатады. Жылқыға бұзылған азық бермейді, суықтанда сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |