Кіріспе Отбасын жоспарлау — біздің өмірімізге белсене араласатын түсінік. Отбасын ұзақ жылдар бойы жоспарлау — бала тууды шектеу деген түсінікті береді. Бірақ, отбасын жоспарлау — баланы кездейсоқ емес, жоспарлы түрде өмірге әкелу деген сөз. Яғни, отбасылық жұп ұрпағын өсіру мен тәрбиелеу дайындығын есепке ала отырып, баланы өмірге әкелу мәселесіне саналы түрде қарауы. 19-35 жас аралығы — бала туу үшін оңтайлы жас. Егер жүктілік бұдан ерте немесе кеш болса, онда туудың күрделі болатыны дәлелденген. Жүктілік арасындағы үзіліс 2-2,5 жыл болғаны дұрыс, өйткені, әйелге келесі баласын өмірге әкелу үшін, өз денсаулығын және болашақ балаларының денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Контрацепцияның қазіргі заманғы жаңаша әдістері жыныстық қатынастың мейлінше үйлесімді болуын, қажетсіз уайымның және кездейсоқ жағдайдың алдын алады. Контрацепцияның қандай да бір әдісін қолдану туралы шешімді маманнан кеңес алған соң қабылдауға болады.
Жасанды түсін бала тууды жоспарлаудың қолайлы тәсілі емес, одан мүмкіндігінше бас тартқан жөн. Әсіресе, жасанды түсік жасату — әйел бедеулігінің бір себебі. Жыныс жолдары арқылы берілетін жұқпалы кеселдер де еркек пен әйел бедеулігіне әкеліп соқтыратын жиі себепке жатады.
Жыныс мүшелерінің саулығын қадағалау өте маңызды, өйткені, бала сүю мүмкіндігіне шектеу қоятын көптеген аурулар бар. Бұндай ауруларды өз уақытында емдеген дұрыс. Сонымен қатар, мамандардан үнемі профилактикалық тексеруден өткен дұрыс.
Қазақстанда халық санының көбеюін қолдауға бағытталған демография саласында нақты мемлекеттік саясат жұмыс жасайды. Отбасын жоспарлау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар отбасыларға ата-аналық борышқа жауапкершілікпен қарап, баланың өмірге келуін асыға күтіп, әйел денсаулығын сақтау мен отбасылық қатынастардың нығая түсуіне мүмкіндік жасайды.