Демалыс уақытының түсінігі мен түрлері Демалыс уақыты - қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан бос және оны өз қалауы бойынша пайдаланылатын уақыты. Оның еңбек заңдарына сәйкес мынадай түрлері бар:
1) Демалуға және тамақтануға арналған үзіліс;
2) Күн сайынғы демелыс;
3) Демалыс күндері;
4) Мереке күндері;
5) Демалыстар;
Демалуға және тамақтануға арналған үзіліс. Күнделікті жұмыс (ауысым) ішінде қызметкерге демалу және тамақтану үшін жинақтап алғанда ұзақтығы бір сағаттан кем болмайтын үзіліс беріледі. (Еңбек туралы заңның 53-бабы). Заңда үзілістің тек төменгі ұзақтығы ғана белгіленген. Үзілістің мейілінше ұзақтығы өндіріс сипаты мен ауысым кестесіне сәйкес белгіленеді. Бұл үзіліс жұмыс ұақытына енгізілмейді және оны қызметкер өз қалауы бойынша пайдаланады. Үзіліс беру уақыты мен оның ұзақтығы жұмыс берушінің актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленеді. Түскі үзіліс төрт сағат жұмыс істегеннен кейін беріледі. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін емес жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерге жұмыс уақытында демалу мен тамақтану мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, демалу және тамақтану тәртібі мен орны жұмыс берушінің актілеріне белгіленеді.
Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимі
Автокөлік құралын басқарудың күнделікті ұзақтығы 9 сағаттан аспауы тиіс. Ол кез келген аптаның ішінде 10 сағатқа дейін екі рет көбейтілуі мүмкін (1-қосымша). Автокөлік құралын басқарудың жалпы ұзақтығы кез келген екі аптаның ішінде 90 сағаттан аспауы тиіс.
Автокөлік құралын үздіксіз төрт жарым сағат басқарғаннан кейін, егер демалыс уақыты келмесе, кемінде 45 минут үзіліс жасауы тиіс.
Бұл үзіліс қосындысы 45 минуттан кем болмайтындай етіп басқару кезеңі ішінде үлестірілетін, әрқайсысы ұзақтығы кемінде 15 минут үзілістермен ауыстырылуы мүмкін.
Осы үзілістердің кезінде жүргізуші басқа ешқандай жұмыс орындамайды .Үзілістердің күнделікті демалыс кезеңдері ретінде қаралуы мүмкін емес. Әрбір 24 сағат ішінде жүргізушінің ұзақтығы кемінде 12 сағат күнделікті демалысы болады.
Егер әрбір 30 сағат ішінде автокөлік құралын кем дегенде екі жүргізуші басқарса, онда әрбір жүргізушінің қатарынан ұзақтығы кемінде 8 сағат демалысы болады.
Егер автокөлік құралында жататын орын болса және автокөлік құралы тұрақта тұрса, онда күнделікті демалыс кезеңі пайдаланылуы мүмкін.
Жүргізуші бағыт учаскесінде паромда немесе темір жолмен тасымалданатын автокөлік құралын алып жүрген жағдайларда, оның жататын орны болуы тиіс және күнделікті демалысы бір реттен артық үзілуі мүмкін. Бұл үзіліс тиеуге дейін және түсіруден кейін 1 сағаттан аспауы тиіс. Бұл ретте кедендік ресімдеу жөніндегі операциялар тиеу және түсіру бойынша операцияларға кіреді, ал үзілетін демалыстың күнделікті кезеңі екі сағатқа ұлғайтылады.
Әрбір жұмыс аптасының ішінде жүргізушінің ұзақтығы 45 жүйелі сағатты құрайтын апталық демалысы болуы тиіс. Егер демалыс автокөлік құралының не жүргізушінің тіркелген жерінде қолданылса, ол 36 сағатқа дейін қысқартылуы мүмкін, егер ол басқа жерде қолданылса, 24 сағатқа дейін қысқартылуы мүмкін. Демалыс ұзақтығының кез келген қысқартылуы үш аптаның ішінде тиісті демалыс уақытын беру арқылы өтелуі тиіс.
Апталық демалыс, автокөлік құралын басқарудың алты күнделікті кезеңдерінен кейін, егер осы күндер ішінде басқарудың жалпы ұзақтығы басқарудың алты күнделікті кезеңдеріне сәйкес келетін ең ұзақ уақыттан аспайтын болса, алтыншы күннің соңына дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
Жол жүру қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу және қолайлы тұрақ орнына қол жеткізу үшін жүргізуші автокөлік құралында бар тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде осы Ереженің талаптарынан ауытқуы мүмкін. Жүргізуші ережелерден ауытқудың сипаты мен себептерін тіркеу парағы мен диаграммалық дискіде көрсетуі тиіс.
Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін тіркеу бойынша талаптар
Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін тіркеудің бақылау құрылғыларымен (тахографтармен):
1) қауіпті жүктердің автомобиль тасымалдарын;
2) жолаушылардың, багаждың және жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын;
3) жолаушылардың және багаждың қалааралық облысаралық тұрақты және тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын жүк, соның ішінде мамандандырылған автомобильдер жабдықталуы тиіс.
"Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабына сәйкес осы тармақтың 3) тармақшасы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
ЕСТР-ге қатысушы болып табылатын мемлекеттің аумағында тіркелген автокөлік құралдары Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асырған кезде, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, тахографтармен жабдықталуы тиіс.
ЕСТР-ге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің аумағында тіркелген автокөлік құралдары Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асырған кезде осы автокөлік құралдары жүргізушілеріне еңбек және демалыс режимінің күнделікті тіркеу парақтарын жүргізуге рұқсат беріледі.
Тахографтармен жабдықтау мынадай автокөлік құралдарымен тасымалдарды жүзеге асырған кезде талап етілмейді:
1) жалпы жабдықталған салмағы тіркемелердің немесе жартылай тіркемелердің салмағын қоса алғанда, 3,5 тоннадан аспайтын, қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарын қоса алғанда, жүк, соның ішінде мамандандырылған (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) автомобильдермен;
2) жолаушылар мен жүктерді, соның ішінде қауіпті жүктерді ұзақтығы 50 км аспайтын тұрақты желілерде тасымалдау үшін қолданылатын автокөлік құралдарымен;
3) рұқсат етілген ең жоғарғы жылдамдығы 30 км-ден аспайтын автокөлік құралдарымен;
4) қарулы күштер, азаматтық қорғаныс органдары, өрт сөндіру қызметі мен қоғамдық тәртіпті қолдау күштерінің басқаруындағы автокөлік құралдарымен;
5) төтенше жағдайларда немесе құтқару операциялары барысында пайдаланылатын автокөлік құралдарымен;
6) медициналық мақсатта пайдаланылатын арнайы автокөлік құралдарымен;
7) қауіпті жүктердің өндірісі, қайта өңделуі, сақталуы, қолданылуы немесе жойылуы жүзеге асырылатын ұйымдардың аумақтары ішінде олардың технологиялық қозғалысын жүзеге асыратын автокөлік құралдарымен, егер мұндай қозғалыстар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелеріне, жалпы пайдаланымдағы автокөлік құралдарының қозғалысы рұқсат етілетін ведомстволық жолдарға шығусыз жүзеге асырылатын болса;
8) қауіпті жүктерді, мұндай жүктер Қауіпті жүктерді халықаралық тасымалдау туралы еуропалық келісіммен(бұдан әрі - ҚЖХЖТ) реттелген көлемдерден аспайтын мөлшерде бөлшек саудада сату үшін буылып-түйілген және тікелей тұтынуға, тұрмыста пайдалануға, демалысқа немесе спортқа арналған жағдайда, олардың тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдарымен;
9) ҚЖХЖТ-ға сәйкес анықталған қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына әсер етуі мүмкін емес және қауіпті емес жүктердің тасымалы деп есептеуге болатын қауіпті заттардың шектеулі мөлшерін бір автокөлік құралында тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарымен тасымалдауды қауіпті жүкті тасымалдау емес деп есептеуге болады;
10) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлік құралдары болып табылмайтын және ішкі немесе пайдалану жабдығында қауіпті жүктері бар машиналар мен тетіктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарымен.
Қазақстан Республикасындағы автокөлік құралдарында қолданылатын тахографтар ЕСТР-дің талаптарына сәйкес болуы тиіс және заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында тахографтарды қолдануға рұқсат беретін өлшеу құралдары үлгісін бекіту туралы сертификат, сондай-ақ, олардың мемлекеттік метрологиялық бақылаудан (тексеруден) өткені туралы куәлігі немесе тексеру белгісі болуы тиіс.
4. Тахографтарды орнату мен пайдалануға
қойылатын талаптар:
Көлік құралдарында тахографтарды орнату осы бақылау құрылғыларын орнату жөніндегі талаптарды реттейтін нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
Тахограф, автокөлік құралында жүргізуші өз орнынан спидометр, жүріс есептеуіш пен сағаттың көрсетулеріне бақылау жасай алатындай етіп орнатылуы тиіс. Тахограф, жетекші элементтерді қоса алғанда, кездейсоқ сынудан қорғалуы тиіс.
Тахограф, орнату кезінде тексерілгеннен кейін, автокөлік құралында құрылғының жанында немесе құрылғының өзінде көрінетін жерде орнатылуы туралы мәліметтері бар тақтайша орнатылуы тиіс. Әрбір тексеруден кейін, құрылғының мәліметтерін өзгерту қажет болған жағдайда, бұрынғы тақтайшаның орнына жаңа тақтайша орнатылады.
Мерзімді тексерулер екі жылдың ішінде кемінде бір рет жүргізіледі және көлік құралдарының техникалық байқауымен бір уақытта өткізілуі мүмкін және мынадай тексерулерді қамтуы тиіс:
1) бақылау құрылғысы жұмысының дұрыстығы;
2) бақылау құрылғысында үлгісінің ресми бекітілу белгісінің бар болуы;
3) орнату немесе тексеру туралы тақтайшаның бар болуы;
4) доңғалақтар шиналарының тиімді шеңберінің нақты мәні;
5) бақылау құрылғысы мен басқа да бөліктердегі пломбалардың бүтіндігі.
Пайдалану барысында тахографтармен өлшенетін нақты параметрлердің барынша рұқсат етілген параметрлерден ауытқуын тексеру стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімдерден сиретілмей өткізілуі тиіс. Бұл сынақтар барысында орнату мәліметтері бар тақтайшаларды ауыстыру жүргізілуі тиіс.
Тахографты тексерудің оң нәтижесі оның тексеруден өткені туралы куәлікпен немесе тексеру белгісімен куәландырылады. Тахографты тексеру туралы куәлік белгіленген мерзім ішінде сақталып және бақылау органдарының талабы бойынша ұсынылады.
Диаграммалық дискілер (2-қосымша) бақылау құрылғысының қалыпты қолданылуын қиындатпайтындай, ал онда бар жазбалар өшірілмейтін және жеңіл оқылатындай болуы тиіс.
Диаграммалық дискілер өзінің көлемі мен оған түсірілген жазбаларды, дымқылдық пен температураның қалыпты жағдайларында, кемінде бір жыл бойы сақтауы тиіс.
Жұмыс күнінің басында, тәуліктік жұмыс аяқталғаннан кейін, сондай-ақ автокөлік құралы ауыстырылған жағдайда, бір жұмыс күні ішінде әрбір жүргізуші диаграммалық дискіге тиісті жазулар жазады (3-қосымша). Жалпы алғанда, дискі үш автокөлік құралына дейін ауыстыру туралы жазуды қамтамасыз етеді.
Дискілердегі жазбалардың ең төменгі мүмкін ұзақтығы, олардың нысанына қарамастан, 24 сағатты құрауы тиіс.