Мектепке дейінгі 5-6 жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыру мынадай негізгі педагогикалық ұстанымдарға сүйенеді:
- мәдени сәйкестілік ұстанымы – аймақтық, ұлттық және әлемдік мәдени құндылықтарды пайдалану арқылы балалар ұйымының жұмысын мәдени орталық қатынас жасау арқылы ұйымдастыру;
- тәрбиелей отырып оқыту – баланың нақты ақыл-ойы мен тәжірибелік әрекетін іске асыра отырып, оның бойына ұйымшылдық, тәртіптілік, ұқыптылық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру;
- жас ерекшелігі мен жеке ерекшеліктеріне байланысты қатынас жасау –балалардың жасы мен субъективті тәжірибесіне сәйкес тақырып мазмұны мен жұмыс тәсілдерін таңдау;
- жүйелілік – оқу материалын таңдау мен оны дұрыс жеткізу, оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын байыту;
- түйсіну мен белсенділік ұстанымы –балалардың оқу материалын дұрыс түсінуі, қабылдауы мен ақыл-ойының, танымдық үдерісінің даму мәселелерін қарастырады;
-қызметтік қатынас ұстанымы – оқыту мен тәрбиелеу үдерісін бала әрекетін ұйымдастырудың түрлері мен формаларына танымдық компоненттерді кірістіре отырып жүргізуді көздейді;
- адамгершілік ұстанымы – педагогтің бала пікірімен санасып, оның сезімі мен көңіл күйін ескеріп, өзіне тең құқылы серіктес ретінде қабылдай отырып, бойына жоғары адами құндылықтар – отаншылдық, туған жерге деген махаббат сезімін дарыту;
- көрнекілік ұстанымы – оқытудың эмоционалдық және көрнекілік технологияларын үйлесімді қолдану арқылы қоршаған әлемді қабылдау мен тануға мүмкіншілік туғызу;
- креативтілік ұстанымы – мектепке дейінгі балалардың бойында бұрын қалыптасқан дағдыларын өзіндік іс-әрекет жағдайларында қолдану мүмкіндіктерін арттыру арқылы шығармашылыққа тәрбиелеу. Сол арқылы қалыптан тыс міндеттер мен проблемалық жағдайлардың шешімін өздігінен таба білу қажеттіліктерін қолдап, одан әрі жетілдіруге ынталандыру.
Мектепке дейінгі ересек жастағы баланы тәрбиелеу мен дамытудың қорытынды нәтижесі - үлкендермен және құрдастарымен қалыпты қарым-қатынаста бола алатын, негізгі құзыреттілікті және дене тәрбиесі, салауатты өмір салты негіздерін меңгерген, мектепте оқуға дайын тұлғаны қалыптастыру болып табылады.