Ф.Аквинский философиясының маңызды бөлігін оның болмыс туралы ғылымы құрайды. Аристотель тәрізді, Фома да жеке заттарда түр материямен бірлікте және оған қатынасында жетекші бастама деп есептеді. Түрдің заттармен байланысынан Фома оның төрт түрлі болмыс деңгейін ерекшелейді: біріншісі – органикалық емес, сірескен табиғат, мұнда түр заттар мәнінің тұрақты, өзгеріссіздігін көрсетеді; екінші деңгей – өсімдіктер әлемі. Мұнда түр мақсатқа бағыттылық беретін, денені іштен қалыптастыратын соңғы себеп есебінде көрінеді. Үшінші деңгейде түр – мақсатты анықтайтын әрекетшіл себеп, әлемнің әрекетшіл бастауы жануарлар пайда болған негіз. Соңғы, төртінші деңгейде түр рух немесе адамның парасатты жаны есебінде көрінеді.
Ф.Аквинскийдің этикалық құрылымдары да үлкен көңіл бөлуді керек етеді. Ол Құдайды пайымдайтын адамды мәңгі, өлімнен кейінгі өмірге дайындалуға бағыттайды.Ерік бостандығына ие болған адам жақсылық пен жамандық, моральды және бейморальды қылықтардың қайсысын болса да өзі таңдайды. Жақсылықтың жолын оған жаратқан ие көрсетсе, ал күнәлі болатын жамандық жолының жауапкершілігін өзіне алады.
Аквинскийдің этикасы оның құқық түсінігімен тығыз байланысты. Құқықтың бірінші түрі мәңгілік құқық – құдайдың ғаламға жасайтын басшылығының негізін құрайтын ережелер жиынтығы. Адамға берілген жаратылыстық құқықтан да көрінісін табатын мәңгілік құқықты барлық жан иесі қолдауға міндетті. Мысалы, адамдар осы ережелерге сәйкес, Құдайды құрметтеуі керек. Құқықтың соңғы түрі–әрқашан заңдары өзгеріп отыратын, оның нақты көрінісі болатын адам құқығы. Бұл құқықтың әлеуметтік орталарда нақты пайдаланылатын екі түрі бар: бүкілхалықтық және азаматтық.