Аманбеков Н.Ж.
ӘЛЕУМЕТТІК ДИФФЕРЕНЦИАЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ АСПЕКТІСІ
КСРО экономикасының құрылымын қайта қарау қоғамның әлеуметтік құрылымында, оның негізгі әлеуметтік институттарында және еңбек нарығында қайғылы өзгерістерге әкеліп соқтырды. Қалаларда кәсіпорындарды жекешелендіргеннен кейін адамдардың көбі жұмыссыз қалып, олардың бір бөлігі жиырма жылдың ішінде де еңбек нарығында өз орнын таба алмады. Объективті өзгерістер тек халықтың әлеуметтік құрамынан ғана емес, әлеуметтік теңсіздіктің жаңа түрлерінің пайда болуымен, әлеуметтік мобильділіктің үрдістерімен және бағыттылығымен, мәртебелік-рөлдік күйімен байланысты елеулі өзгерістерден де көрініс табады. Заманауи қала кеңістігі әлеуметтік үдерістердің өзгергіштігімен: жеке меншіктің көптеген түрлерінің дамуымен, билік қатынастары, өндірісті үлестіру, ұйымдастыру саласындағы елеулі өзгерістермен; түрлі санатты халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасымен сипатталынады. Нәтижесінде объективті жағдайлар мен қаланың әлеуметтік кеңістігіндегі өз орны туралы адамның субъективтік пікірі арасындағы қарама-қайшылықтар күшейе түседі. Қалай болғанда да, бұл өзгерістердің негізінде әлеуметтік дифференциация сияқты үдеріс жатыр.
Осыған байланысты қоғамның әлеуметтік құрылымында болып жатқан әлеуметтік үдерістердің сипаты мен табиғатын зерттеу маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік дифференциация – адамдардың тіршілік әрекетінің алуан түрлі салаларын қамтитын өте күрделі, көпқырлы пәнаралық түсінік болып табылатындықтан, ғылыми зерттеу міндетті түрде таңдамалы әдіснаманы қажет етеді. Яғни, мақаланың басты мақсаты әлеуметтік құрылымда болып жатқан өзгерістерді эмпирикалық тұрғыдан зерттеу алдымызға қоғамның бірден-бір сипаты әлеуметтік теңсіздік феноменіне қатысты негізгі тұжырымдамаларды саралау қажеттілігін мақсат қояды.
Шетелдік және отандық әдебиетте әлеуметтік теңсіздік, кедейшілік пен байлық мәселелері бойынша бай теориялық материал жинақталған.
Таңдамалы шолуды байлық пен кедейлікті жаңғыртудың түрлі схемаларын құрудағы, мүмкін, ең ежелгі дәстүріне ие теориялар тобынан бастайық.
Марксизм. К. Маркс әлеуметтік теңсіздікті зерттеудегі таптық бағыттың негізін қалаушы. Оның пікірінше, кез келген қоғам өндіріс құралдарына ие – қанаушылар мен құралдарға ие емес – қаналушылардан тұрады. Сонымен қатар, К. Маркс аралық тап – зиялыларды да жоққа шығармады. Маркс пен Энгельс теңсіздік меншік қатынастары мен оның көлемі дәрежесінің салдары деп анықтады [1].
Белгілі ресейлік әлеуметтанушы В. Ильин маркстік таптық тұжырымдаманың веберлік тұжырымдамадан бірнеше ерекшеліктерін атап көрсетеді, олар: біріншіден, тұжырымдаманың динамикалық сипаты, яғни капиталдың алғашқы жинақталуы мен ұдайы жаңғыртылуы үдерісінің мәнге ие болуы; екіншіден, Маркстің таптық теорияны революциялық идеологияның теориялық базасы ретінде қарастыруы; үшіншіден, таптық құрылымның ұдайы жаңғыруы нарықтық өндіріс жүйесімен байланыстылығы; төртіншіден, қоғам құрылымының полярлылығы; бесіншіден, таптық шеңбердің қалыптасу тетігінің негізінде капиталдың болуы [2].
Вебердің әлеуметтік стратификация теориясы. Неміс философы әрі әлеуметтанушы М. Вебер әлеуметтік дифференциацияны адамдар арасындағы құндылықтар, ережелер мен қатынастардың оңтайлану үдерісі ретінде қарастырды.
Вебердің әлеуметтік стратификация теориясының басты ережелерінің бірі индивидтердің тең емес "өмірлік мүмкіндіктері" түсінігі - олардың экономикалық және мәдени игіліктердің көп немесе аз мөлшерін алуына, экономикалық гүлденуге қол жеткізу мүмкіндіктері болып табылады. Өмірлік мүмкіндіктер жеке тұлғаның жеке меншікке деген қатынасымен және таптық тиесілігімен айқындалады (бір әлеуметтік тап өкілдерінің өмірлік мүмкіндіктері ұқсас, ал таптық айырмашылықтары болса, бұл өмірлік мүмкіндіктерінің теңсіздігіне себепші болады). Олар білім деңгейін, медициналық қызмет көрсетудің стандарттарын, жеке тұлғаның өмірлік үміттерін айқындай отырып, экономикалық саланың аясынан шығады. Сәйкесінше, қарапайым ортадан шыққан адамның ауқатты ортадан шыққан адамға қарағанда дәулетті, білімді, табысты болу мүмкіндігі айтарлықтай аз болады; ауқатты болудың ең жақсы мүмкіндігі - тумысынан сондай болу.
Вебер таптық артықшылықтардың мүмкіндігін ресурстерге және игіліктерге «монополизация» деген ұғымнан шығарады. Оның пайымдауынша, меншік иелері қымбат тауарларды сатып алуды монополизациялауға, тауарларды сатуда жүйелі монопольді саясат жүргізу мүмкіндігіне, артық өнімді қолданбаудың арқасында меншік игіліктерін жинақтау мүмкіндігіне монополизация жүргізуге, меншікті жалға беру арқылы кәсіпте кілтті позицияларды бақылауға, әлеуметтік беделі жоғары білімдерге, сонда-ақ тұтынудың беделді түрлерін монополизациялауға қабілетті болып табылады [3].
Сонымен қатар, М. Вебер әлеуметтік қабаттасудың бірнеше тұғырын атап өтті: экономикалық жағдайы (меншік, табыс, біліктілік), мәртебе (әлеуметтік жағдайының беделдігі), мәдениет ерекшеліктері (дүниетаным, өмір сүру стилін және т. б.). Және де бұл тұғырлар әр түрлі таптар өкілдерінің өмірлік мүмкіндіктерін анықтайтындығын атап өтті [3, 151 б.].
Сонымен осы аталмыш таптық талдаудың классикалық теорияларының негізінде әлеуметтік құрылымның өзгеруін жан-жақты түсіндіруге тырысқан барлық жаңа тұжырымдамалардың өсіп өнгенін атап өтуіміз қажет. Бірақ XX ғасырда көптеген қоғамдардың әлеуметтік құрылымында елеулі өзгерістер орын алды. Бұл өзгерістер әлеуметтік дифференциацияның бастапқы өлшемдерінің өзгерісіне де түрткі болды. Қазіргі әлеуметтік қабаттар мен топтардың шекаралары, көлемі, жағдайы, даму қарқыны туралы түсініктерді қайта қарау қажеттілігін тудырды. Оның негізінде ақпараттық факторға негізделген постиндустриалдық қоғам (А. Турен бойынша «постмодерндік», У. Бек бойынша «посттаптық» және с.с.) жатыр.
Әлеуметтанушылар қазіргі қоғамның ерекшелігі - жаһандану үдерісі кереғар түрлену үдерісіне қабаттасатындығын атап өтеді. Қазіргі қоғамның әлеуметтік өзгерісі стратификация жүйесінде бұрын-соңды болмаған қауымдастықтардың пайда болуынан көрініс табады – бұл жұмыссыздар, маргиналдар, "жаңа кедейлер" табы, ірі және орта меншік иелер табы. әлеуметтік құрылымдағы өзгерістер өз кезегінде жеке және топтық бірегейлікті сезінуге, бұл жіктердің жаңа әлеуметтік шындыққа, олардың әлеуметтік иерархиядағы орнына бейімделуіне, жаңа мәртебелік-рөлдік атқарымдарға қатысты мәселелерді алға қойды.
Сондықтан едәуір тұжырымдамалық мүмкіндіктерді "жалғыз дұрыс" теорияны ұстанудан бас тартуды және оның орнына зерттелініп жатқан мәселеге деген түрлі көзқарастарды және зерттеу пәнінің түрлі жақтарын ұсынатын түрлі теориялық бағыттарға ден қоюды білдіретін полипарадигмалылық қағидасы ашады. Осындай тәсілдеменің тиімділігі жайлы танымал ресей әлеуметтанушысы В.А.Ядов жаза отырып, оны әлеуметтік өзгерістер динамизмнің күрт өсуімен байланыстырады [4].
Бұл тұрғыдан алғанда, біздің ойымызша, қазіргі тұжырымдамалық бағыттардың ішінен «әлеуметтік эксклюзия» және «андекласс», «микро-таптар», П. Бурдьенің «капитал» түрлері тұжырымдамалары идеяларының қарқыны зор.
Әлеуметтік эксклюзия және «андекласс» тұжырымдамалары. Мақаланың шеңберіндегі әлеуметтік дифференциация мәселесі бойынша бұл тұжырымдамалардың пайдасы қазіргі қазақстандық қалаларда пайыздық басымдыққа ие азқамтылған топтарды анықтауға және саралауға қолайлылығында. П. Абрахамсон «әлеуметтік эксклюзия және кедейшілік» еңбегінде әлеуметтік эксклюзияны «кедейшіліктің постмодерндік баламасы» деп атайды [5]. Ал Э. Гидденстің пайымдауынша, әлеуметтік эксклюзия теңсіздіктің дәрежесін емес, адамдарды әлеуметтік «мейнстримнан» бөліп тұратын тетіктер деп қарастырады [6]. Бұдан біз бұл ғылыми тұжырымдаманың басты назары теңсіздіктің динамикалық қырына бағытталғанын байқаймыз. Мысалы, әлеуметтік эксклюзия тұжырымдамасы ғылыми айналымға жұмбаздалған қар тәріздес өмірлік қиындықтардың, қолайсыз жағдайлардың баттасуын суреттейтін «әлеуметтік мәселелердің көптілігі» ұғымын енгізеді [7]. Бұл тұжырымдаманың тағы бір сараптамалық құралы «табысталатын депривация циклы» түсінігі. Түсініктің мағынасында балалық шағында депривацияны бастан кешіргендер депривацияланған ұрпақтың ата-анасы болады деген ой жатыр [8]. Әлеуметтік эксклюзия бағытының өкілдері қоғамның басыңқы ағымынан тыс қалғандар деп географиялық тұрғыдан резидент болып табылатын, бірақ депривацияның құрылымдық себептердің салдарынан азаматтық қоғамда қалыпты қызмет етуге қатыса алмайтын адамдарды жатқызады [9, 229 б.]. Индивидтердің тыс қалуы мына себептермен түсіндіріледі: біріншіден, білім, біліктілік, қызмет бабы, тұрғын үй, қаржылық ресурстары тұрғысынан қолайсыз жағдайда орналасуы, екіншіден, осы өмірлік мүмкіндіктерді үлестіретін негізгі әлеуметтік институттарға қол жеткізу мүмкіндігінің төмендігі, үшіншіден, бұл шектеулер ұзақ мерзімге жалғасуы [5, 159 б.].
Андекласс тұжырымдамасының басты назары азқамтылған өмірлік мүмкіндіктері төмен қабаттардың мәдени және индивидуалды-тұлғалық факторларына мән беру болып табылады. Тұжырымдама бойынша андеклассқа ұзақ уақыт бойы қоғамдық асыраудағы, яғни мемлекеттік жәрдемақыларға күн көретін еңбекке қабілетті топтар жатқызылады. Олардың басты белгілері – жұмыссыздық, жесір аналық, географиялық сегрегация және осы мәселелердің ұрпақаралық сабақтастығы.
Жалпы бұл екі тұжырымдаманың тоқ етер ойы төменгі таптан шығудың қиындығы, жоғары қарай мобильділіктің жоқтығы болып табылады.
«Микро-таптар» тұжырымдамасы. К. Виден мен Д. Граски 20-шы ғасырдың соңында «ірі таптар» теориясының қазіргі замандық әрдайым қозғалыстағы өндірістік қатынастарда орын алған индивидтердің микро-денгейдегі ғадеттерін түсіндіру қабілетінің шектеулігі зерттеушілердің арасында өткір пікір-талас тудырды. Ол әлеуметтік өмірдің күннен күнге күрделенуі мен серпіндеуі, сондықтан да бірнеше біртекті емес кәсіби топтарды біріктірген әлеуметтік категориялардың іріленуі қоғамда орын алған әралуандылықты түсіндіруге қиындатты деп ой қорытады [10]. Сыңшылар еңбектің бөлінісі барысында пайда болатын қызметтік тауашалардың («қызмет түрлері») маңыздылығын атап өтеді [11]. Бұл аталмыш қызметтік топтар, кейінірек «микро-таптар» деп аталған үйреншікті таптық категорияларға қарағанда индивидтердің әрекетін талдауда артықшылықтары бар [10, 9 б.]. Д.Граски мен К.Виден микро-таптардың арасында қызметтік шарттары, еңбекақы денгейінде, тұтынушылық қабілеттерінде, электоралдық қызығушылықтарында айырмащылықтар бар деп тұжырымдайды [12]. Бұдан байқайтынымыз, қазіргі қоғамның әлеуметтік иерархиясының өзегі кәсіби топтар болып табылады. Бұл тұжырымдама қазіргі Қазақстанның еңбек нарығы ерекшелігін, нақтырақ айтсақ, ресми және ресми емес кәсіби топтардың әлеуметтік құрылымындағы орнын, олардың субъективті көзқарастарын анықтауға мүмкіндік береді.
Бурдьенің "капитал" тұжырымдамасы. П. Бурдье тапты әлеуметтік кеңістікте ұқсас позициялары бар агенттердің жиынтығы деп анықтайды. Ал әлеуметтік кеңістіктің өзі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және символикалық өрістермен құралады. Әр өрісте сәйкесінше материалдық немесе инкорпоративті күйде капиталдың қозғалысы жүзеге асады. Сондықтан тұжырымдаманың назары түрлі ресурстардың бір-біріне ауыса алу қабілеті мен жеке тұлғаларда бар бір ресурстың басқаларын жинақтауға септігін тигізетіні жайлы ой жатыр. «Капиталды» Бурдье «жинақталған еңбек» деп түсінеді және оның негізгі үш түрін бөліп көрсетеді - экономикалық, мәдени және әлеуметтік [13].
Ол капиталды динамикалық және өзін-өзі арттыратын ресурс деп қарастырады. Капиталдың өзі де, оның иегерлерінің позициялары да капиталдың көбее алу және өзге капиталға ауыса алу қабілетінің арқасында қайта жаңғыртылып отырады. Мысалы, қолайлы жағдайлар туындағанда мәдени және әлеуметтік капитал экономикалық капиталға ауыса алады, ал ол өз кезегінде иегерлеріне жақсы білім, аристократиялық атақ, қоғамдық сый-сияпатқа қол жеткізіуіне жол ашады [13, 72 б.].
Сонымен, Бурдье әлеуметтік стратификацияның негізінде дәстүрлі капитал түрлері не билік емес, индивидтің құрылымы жағынан күрделі әртүрлі көлемдегі жиынтық капиталы жатыр деп тұжырымдайды [13, 524 б.].
Барлық осы мақалада қарастырылған теориялық бағыттардың нақты эмпирикалық зерттеу жүргізуде жұмылдырылуы тиімді сараптамалық сызбаны құруға мүмкіндік береді және жаңа әлеуметтік құрылымның барлық әлеуметтік қабаттарын, топтарын, олардың мүмкіндіктері мен .
Достарыңызбен бөлісу: |