СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – МЕМЛЕКЕТТІКТІ НЫҒАЙТУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары - 5 институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» атты стратегиялық бағдарламасында сыбайлас жемқорлық туралы ерекше тоқталған болатын. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асыру мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негізделген жүйелі шараларды талап етеді.
Трансперенси Интернешнл халықаралық ұйымы жыл сайын ұсынып отырған Сыбайлас жемқорлықты Қабылдау Индексіне (Corruption Perception Index) сәйкес (бұдан әрі – СҚИ), Қазақстан 2014 жылдың қорытындысы бойынша, 177 елдің ішінде 126-шы орынға орналасқан [1].
Сыбайлас жемқорлықты Қабылдау Индексі (бұдан әрі – СҚИ) – бұл мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың таралу көрсеткіші бойынша жаһандық зерттеу және осыған байланысты әлем елдерінің рейтингісі. Индекс шеңберінде сыбайлас жемқорлық жеке пайда мақсатында қандай да болмасын қызмет бабын, кез келген түрде пайдалану деп түсіндіріледі. Жоба бастамашылары индекстің сарапшылардың пікіріне бағытталуын сыбайлас жемқорлықты өлшеуде статистикалық мәліметтер, мысалға, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істер немесе сот үкімдері саны ескеріле қоймайды. Бұл мәліметтер біріншіден, әрқашан қол жетімді емес, ал екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың нақтылы деңгейін емес, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша құқық қорғау органдарының нәтижелі көрсеткіші. Бұл жағдайда зерттеушілердің ойынша, ақпараттың жалғыз сенімді қайнар көзі - сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет кездесетін (кәсіпкерлер) немесе оны зерттеумен кәсіби тұрде айналысатындардың (сарапшылар) пікірі. СҚИ халықаралық ұйымдардың сараптамалық талдауларынан алынған мағлұматтар негізінде есептелетін жинақтаушы индикатор болып табылады. Барлық ақпарат көздері мемлекеттік және экономикалық сектордағы сыбайлас жемқорлықтың таралуының жалпы деңгейін бағамдап және көптеген елдердің көрсеткіштерінен тұрады. Индекс елдерді мемлекеттік сектордың жемқорлық деңгейін қабылдау негізінде 0 шкаласынан (сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары деңгейде) 100 шкаласына (сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі) дейін орналастырады. Қорытынды рейтингіде елдің ұпайымен бірге ақпарат көздерінің саны келтіріледі. Белгіленген талаптарға сай қандай да болмасын елді индекске қосу үшін кем дегенде үш ақпарат көзі болуы тиіс. Жалпы алғанда, кемшіліктеріне қарамастан индекс салыстырмалы түрде сенімді өлшем құралы.
Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қатер төндіреді, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайтыны сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық сыбайлас жемқор және адал (жергілікті немесе шетелдік) кәсіпкерлерді алдын ала теңсіздік жағдайына қоя отырып, сыртқы және ішкі нарықтардағы бәсекелестікке нұсқан келтіріп, ұлттық экономикаға жағымсыз әсер етеді. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы бойынша ол Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің құнын көтереді, бұдан ең алдымен халық зиян шегетіні сөзсіз [2].
Сыбайлас жемқорлық бизнес жүргізудің экономикалық және қаржылық ортасына зиян келтіріп, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін, инвестицияларға ынталарын төмендетеді, экономикалық және саяси дамуды тежейді, әлеуметтік теңсіздікті туындатады, сондай-ақ саяси үдеріске белгілі бір тұрақсыздықты енгізеді.
Құқық қорғау органдары қабылдап жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарамастан, олар айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Қазақстан Республикасының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені ғана құраса, 2012 жылы осы көрсеткіш 7,8 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал ҚР білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің экономика институтының директоры Сакен Еспаевтың мәліметтері бойынша 1994-2013 жылдардағы Қазақстанға жемқорлықтан келген зиян 7.5 млрд. долларға тең. Соңғы екі онжылдықта елден 120 млрд. долларға жуық капитал кеткен. Соның ішінде біразы сыбайлас жемқорлық салдарынан [3, с.2].
Бұл көрсеткіштер әрине көңіл көншітерлік емес. Алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған біздің ел үшін жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Бұл құбылыстың ұлттық қауіпсіздігімізге қатер екендігі ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы - «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер» деп көрсетіледі[4].
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамдық демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне сызат түсіретіні даусыз. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен күресте әлемдік елдердің нәтижелі тәжірибесін талдап анықтау біз үшін маңызды.
Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық мәселесін әрбір мемлекетте, түрлі халықаралық ұйымдарда кездестіруге болады. Бірақ ол барлық жерде бірдей бола бермейді. Тарихи дәуір және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму кезеңіне қарай сыбайлас жемқорлықтың пайда болу мәселелері де әр алуан болып келеді. Кейбір шет елдердің мемлекеттік басқаруында және мемлекеттік қызметінде жемқорлықтың алдын алуға және жоюға бағытталған әкімшілік қалыптың кешендері құрылған. Бірқатар мемлекеттерде шенеуніктердің ар кодексі немесе этикалық кодекстер жиынтығы болып табылатын арнайы заңдар қабылданған. Осыған орай, шетел мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу шараларына назар аударайық.
Транспаренси Интернешнлдің мәліметтерін негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықтың жер жүзіне таратылу айырмашылықтарын және қазіргі әлемдегі жемқорлықтың деңгейін зерттеу мақсатында, әлем картасындағы сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты бейнелеп көрсетуге тырысайық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы айтқанда, барлық елдерді шартты түрде төрт санатқа бөлуге болады: 1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдер; 2) сыбайлас жемқорлық орташа деңгейдегі елдер; 3) сыбайлас жемқорлыққа байланасты едеуір мәселелері бар елдер; 4) сыбайлас жемқорлық айырықша байқалатын елдер.
Бұл көрсетілген рейтингіде үздіктер қатарына Дания мен Жаңа Зеландияны жатқызамыз. Олар мүмкін болған 100 ұпайдан 92 ұпай жинаған. Үшінші орынға 89 ұпаймен Финляндия жайғасқан. Алғашқы ондықтың қатарында Швеция, Норвегия, Сингапур, Швейцария, Нидерланды, Австрия және Канада бар.
Посткеңестік елдер ішінде біздің алдымызда Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Беларусь орналасқан. Бізден кейін Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан жайғасқан.
Жоғарыда аталған елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері - осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлық сырттан төнген және ішкі қауіп ретінде қабылданып, соған байланысты онымен күрес көлемді және кешенді сипат алады.
Ең алдымен, бізге қызықтысы кейінгі жылдары рейтингіде ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан Данияның тәжірибесі. Бұл елдің бұл салада табысқа жетуіне ең алдымен нәтижелі жұмыс істеп тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдар мен бастамалар ықпал етеді.
Транспаренси Интернешнл 2014 жылы Даниядағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізген зерттеулер нәтижесіне сәйкес төмендегідей қорытындылар жасалған: Даниядағы сыбайлас жемқорлыққа «ымырасыздық» ең алдымен күшті мемлекеттік басқару мәдениетімен байланысты. Бұл жүйеде бұқаралық ақпарат құралдары маңызды орын алады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтардың көптеген оқиғалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып және ұлттық аудиторлық бюрода, парламенттік омбудсмендердің талқалауына түседі. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмыстарын нәтижелі жүргізеді. Сыбайлас жемқорлық Данияда күрделі мәселе болмағандықтан, қоғамдық үрдістерге және мүдделерге ықпал ететін тақырып болып табылмайды. Ел азаматтары дат мекемелрі мен лауазымды тұлғаларына «дұрыс» қарайды және олардың беделі жоғары. Елдің көптеген компаниялары өз ішінде және сыртқы серіктестермен жұмыс істеу барысында жемқорлыққа «ымырасыздық» саясатын ұстануда [5, с.4].
1965 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Сингапур сыбайлас жемқорлықтың деңгейі өте жоғары ел болып саналды [6,с.77]. Сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, ол адамдардың өмір сүру салтына айналған. Салыстырмалы түрде аз тарихи уақытта яғни, тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін кедей елден жоғары дамыған постиндустриялы елге айналды. Бұл жол 1959 жылы Сигапурдың премьер-министрі Ли Куан Ю жасаған таңдауды жүзеге асыру жолы болып табылады. Дәл осы адам, тұщы су мен құрылыс құмы сырттан әкелінетін портты қаланы, Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржы және сауда орталығына айналдыруды көздеді. Бұл үшін сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету қажет болды. Оны төмендету стратегиясы кешенді түрде жүзеге асты: шенеуіктердің қызметі қатаң реттелді, барлық заңдардағы екі мағыналық жойылып, көптеген рұқсат ету және лицензиялау түрлерін алынып тасталды, заңның үстемдігі және заң алдында барлығы тең принципі қалтықсыз жүзеге асырылды, билік органдарының қызметін қарапайымдандырылып, этикалық стандарттардың сақталу қатаң қадағаланды.
Қауіпсіз және жемқорлықтан еркін мемлекеттің бейнесін қалыптастыра отырып, олар экономикаға ішкі және сыртқы инвистицияны көптеп тарту арқылы жоғары экономикалық өрлеуге қол жеткізді. Бірақ та, бұл нәтиже сыбайлас жемқорлыққа үнемі қарсы шаралар қабылдағанда ғана қол жетімді. Осы мақсатта Сингапурдың жемқорлыққа қатысты заңнамасы оған жол бермеу үшін жетілдіріліп отырады.
Шығыстағы көршіміз Қытайда кәсіпкердің жеке меншігіне кез келген қол сұғушылық ауыр мемлекеттік қылмыс болып табылады [7, с.6]. Кез келген мұндай қол сұғушылық фактысіне полиция немесе басқа да билік органдары тарапынан сылбыр қимыл бұл ауыр қылмысқа болысушылық болып саналады. Жеке меншік құқығы сондай-ақ, жеке тұлғалар мен мемлекет арасындағы келісім-шарттаррдың нормалары мен мерзімдерінің қандай жағдай болмасын өзгерместігі арқылы қорғалады. Қытайда барлық келісім-шартттар билік органдарымен қатаң сақталады. Жеке меншіктің және кәсіпкерліктің нақты мұндай қорғалуы қоғамда жақсы сезіледі. Қытайлықтар кәсіпкерлікпен құлшына айналысып, елге жергілікті билікке сенетін көптеген шетелдік инвесторлар тартылады. Осының барлығы, әрине Қытайдың жылдам экономикалық өсіміне ықпал етеді.
Көптеген ғасырлар бойы қытай бюрократиясы елдегі ерекше каста болды және қоғамдық игіліктерді уысында ұстады. Өз әлеуметтік жағдайларын жақсартуды ойлаған надан бюрократияның кесірінен Қытай көптеген уақыт бойы дамуда тежеліп қалды. Кадрлық жұмысшының мәртебесі (ганьбу) қоғамда ерекше орын алып, басқаларға қарағанда жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз етті. Қытайдағы нарықтық қатынастардың дамуы бюрократтардың жауапты лауазымдарда бола отырып мемлекеттік ресурстарды реттеу мен бизнемендерге рұқсат беру құқығын берді. Бұл мүмкіндіктер көптеген қытай шенеуіктерін сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауға, мемлекет пен жеке бизнес есебінен заңсыз байыуға итермеледі.
Қазіргі Қытайда билік органдарының және шенеуіктердің жеке бизнеске қысым жасауы төменгі деңгейде. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қытай заңнамасының қаталдығы себепші. Қытай билігі шенеуіктердің жемқорлық әрекеттерін елдің экономикалық дамуына қатер деп анықтауымен байланысты. Және де олардың ойынша, жемқорлыққа ең біріншіден себепші болатын шенеуіктер. Бизнесті қолдаудың тағы бір маңызды факторы шенеуіктердің заңсыз әрекеттерінен олар зардап шегетін болса мемлекет ол шенеуік үшін шығынның орнын жауып, содан кейін ол шенеуіктің отбасынан, туысқандарынан өндіріп алады.
Бірақ та, мемлекет өз шенуіктерінен өртке қарсы қауіпсіздіктің, санитарлық бақылау және басқа да мемлекеттің бақылаушы қызметтері үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер де мысалға, жеке кәсіпорында өрт бола қалған жағдайда бірінші кезекте осы кәсіпорын үшін жауап беретін инспектор кінәлі деп танылып қатаң жазаға ұшырауы мүмкін. Сондықтан ол инспектор бизнесменді өрт қауіпсіздігі сақталмаған деп санап, бизнесменді оған қарсы әрекет жасауға көндіре алмаса өртке қарсы құралдарды өз есебінен алуы жиі кездеседі.
Қытайдағы мемлекеттік аппараттың қызметі нәтижесі жүйесі, шенеуіктердің қызметінің нәтижелілігін бағалау, қарауындағы жауапты аумақты немесе саланы дамыту көрсеткіштерімен қатаң байланысты. Мысалға, экономикалық даму көрсеткіштері, инвестиция тарту деңгейі, экспорт көлемі және т.б. Сонымен бірге атқарған жұмыстары үшін: салған айыппұлдарының көлемі, бюджетке түскен қосымша салықтық түсімдер немесе ашылған қылмыстар үшін ешқандай айтулы мадақтаулар қарастырылмаған. Осылай бола тұра, адал қызмет атқаратын шенеуіктер көптеген жеңілдіктерге және қоғамда абыройға ие. Олар өзі күнделікті қарым-қатынас жасайтын бизнесмендердің өмір сүру деңгейімен бір деңгейде өмір сүреді. Шенеуіктер әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген: пәтер, балаларға тегін білім, медециналық қызмет, лайықты зейнетақы және т.б.. Бұның барлығы Қытайда жақсы бағаланады. Сондықтан да қытай шенеуіктері экономикалық өсімге, ел басшылығы ұсынатын экономикалық қызмет стратегиясын қатаң орындауға мүдделі. Нәтижесінде Қытайда сыбайлас жемқорлық экономикалық салада кең таралса да, ол біздегімен салыстырғанда экономикалық дамуға аз кедергі жасайды.
Көпшілік елдердің тәжірибесінен байқағанымыздай, сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресте азаматтық қоғам институттарының – саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген саясаткерлер институттары ерекше орын алады. Бұл институттар мемлекеттік органдарға жемқорлықпен қарсы күресте көмектесіп қана қоймай, кейде бұл органдар қоғамдық саладағы жемқорлық фактілерін «байқамаған» жағдайда олардың осы бағыттағы қызметін де атқарады. Азаматтық қоғам институттарың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне мысал ретінде Транспаренси Интернешнл ұйымының ұлттық бөлімшелерінің жұмысын келтіруге болады. Бұл бөлімшелер әлемнің 80–нен астам елдерінде белсенді жұмыс істейді, соның ішінде Қазақстанда, Әзірбайжанда, Латвияда, Литвада, Молдовада, Ресейде және Эстонияда.
Сонымен бірге азаматтық қоғам институттарының сыбайлас жемқорлыққа қатысты жұмысы, әсіресе өтпелі кезеңдегі және дамушы елдерде толыққанды дами алмауда. Бұны келесі жағдайлармен түсіндіруге болады:
- бірінщіден, барлық елдерде мемлекеттік органдар жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүзеге асырғанда азаматтық қоғам институттарын қатыстырмайды;
- екіншіден, бірқатар елдерде азаматтық қоғам институттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің бекітілген заңдық мүмкіндіктері мен тетіктеріне ие емес;
- үшіншіден, сыбайлас жемқорлық белең алған елдерде аз санды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымдардың қызметі азаматтық және саяси белсенділігінің, саяси және құқықтық мәдениеттің төмен деңгейіне байланысты қолдау таппайды.
Сондықтан да, қандай да болмасын мемлекеттегі жемқорлыққа қатысты саясатты оңтайлы жүзеге асырудың алғышарттары біріншіден, мемлекеттік органдардың өзара реттелген жұмысы және екіншіден, бұл органдардың азаматтық қоғам институттарымен тұрақты ықпалдастығы болып табылады.
Байқағанымыздай, шетел мемлекеттерінде жемқорлыққа қарсы саясат сол елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына, мәдени құндылықтарына және азаматтық қоғам институттарының даму деңгейіне байланысты әртүрлі болып келді. Осы елдердегі сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне талдау жасау Қазақстан үшін өте қажет. Бұл талдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық ұлттық стратегияны жасауға көмектеседі.
Біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған мемлекеттің жоғарғы басшысының күшті саяси жігері және соның негізінде құрылған мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық сипаттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат.
Екіншіден, мемлекеттік әкімшілік жүйесінің бәріне азаматтық қоғам жағынан ұйымдастырылған әлеуметтік бақылау және құқық бұзушылардың қылмыс жөнінде іс қозғау мүмкіндігімен қамтамасыз ету.
Үшіншіден, билік жүргізуге ие тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің қызметінің тазалығы жөніндегі мониторингті жүзеге асыруы, тәуелсіз органдардың алдында қатаң есеп беруі.
Төртіншіден, және ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қоғамдық пікірдің ымырасыздығын қалыптастыру бұл бағыттағы саясаттың негізі болуға тиіс.
Осы қағидаларды сақтау ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мықты негізі болады деп санаймыз.