Өткен ғасырдың бiрiншi жартысы, Кеңес үкiметi орнағаннан



Pdf көрінісі
бет3/8
Дата26.01.2017
өлшемі0,7 Mb.
#2736
1   2   3   4   5   6   7   8
Д
үрбелеңнiң дүбiрiне iлiккендер не бай, не колхоз құрылысына 
қарсы,  не  алаш  партиясының  жақтасы  деп  айыпталды.  Әйтеуiр, 
қандай  жала  болсын  иә  атылды,  иә  сотталды,  иә  ерiксiз  жер 
аударылды.  Осы  бiр  қиягер  саясаттың  салдарынан  Бүйрекбаевтар 
отбасы да ойсырата опық жедi. Жер аударылды. Әйтеуiр жоғарыда 
аталған  айыптың  бiреуi  тағылды,  мүмкiн  соңғысы  –  алаш 
партиясының сыбайласы болар. 
Бүйрекбаевтардың  ата  қонысы  облысымыздың  бұрынғы 
Преснов ауданы (бүгiнгi Жамбыл ауданы) № 1 ауыл – Тайқұрт деген 
елдi  мекен  болыпты,  бүгiнде  оның  аты  да,  орыны  да  жоқ.  Ерлi-

зайыпты Ақжан мен Рахила Бүйрекбаевтар, шиектей бес баласымен 
(Сәлiк,  Сәркен,  Бижамал,  Ғабит,  Сәбит),  әлi  қыстың  ызғары 
басылмай тұрғанда, наурыз айының iшiнде, өгiзге жегiлген шанамен 
Қызылжарға  қарай  жол  тартты.  Жалпы  бұл  отбасында  жетi  бала 
болған. Олардың ең үлкен баласы Баттал деген Петербургке барып, 
дәрiгерлiк институтта оқып-жүргенде фани дүниеден өтедi, ал одан 
кейiнгi Мәлiк дегенi елде қалады. Бiр үйден қопарыла көшкен жетi 
жанның  тағдыры  қалай  болды?  Көшу-қону  әрқашан  оңай  iс  емес. 
Ал,  ерiксiз  көшу,  одан  да  қыйын,  барлы-жоқты  дүниесiн  артта 
қалдырып, қара бастарымен сапарға шықты. 
Қызылжарға келген соң шойын жол вокзалында кәдiмгi жабық, 
мал  немесе  тауар  тасыйтын  вагондарға  отырғызып  алып  кетедi, 
содан  Арал  қаласына  бiрақ  жеткiзедi.  Поездан  түскен,  айдалған 
адамдарды  ауласы  темiр  сыммен  қоршалған,  бiрнеше  аласа,  ұзын 
барақтарға  орналастырады.  Қоршаулар  бұрышында  иттер  мен 
солдаттардан күзет қойылған. Үйлердiң ластануы, ауаның бұзылуы 
тамақ пен киiмнiң жетiспеуi бәрi де келген халықтың ден-саулығын 
төмендетпей қойған жоқ, ақыры оларды ауруға шалдықтырады, өлiм 
көбеедi.  Осы  жолда  Бүйрекбаевтардың  Сәбит,  Ғабит  деген  балары 
кенеттен ауырып, қазаға ұшырайды. 
Көктем  келiп,  теңiз  мұзы  ерiгеннен  кейiн  кемелер  қозғалысы 
басталады,  бұларды  Құланшы  балық  зауытына  ауыстырады.  Осы 
жерде  бәрi  де  балық  аулау,  балық  өңдеумен  айналыса  бастайды. 
1934  жылы  халықтың  көпшiлiгi,  әсiресе  жұмысқа  жарамдылары 
Қарақалпақтың  (Өзбекстан)  Мойнақ  деген  аудан  орталығына 
көшiрiледi.  Дегенмен,  жер  ауып  келгендер  әлсiн-әлсiн 
комендатураның бақылауында болады. 
Ақжан Бүйрекбайұлының балаларының тағдыры қалай болды? 
Мәлiк  пен  Сәркен  Ұлы  Отан  соғысына  қатысты,  бiрақ  Сәркен 
соғыстан  оралмады.  Ғабит,  Сәбит  деген  балалары  жолда  қайтты 
дедiк. Бижамал деген қызы Аралда Әбдiжәмiл Нүрпейiсовтiң жақын 
туысы  –  Бекмурзин  дегенге  тұрмысқа шығады.  Ақжанның  өзi  елде 
1953 жылы қайтыс болады, ал оның жұбайы Рахила 1955 жылдары 
дүние  салады.  Олардың  Сәлiк  деген баласы  ұстаз,  көп  жылдар оқу 
орындарында  еңбек  еткен,  1936-1943  жылдар  аралығында  Аралда 
бiр  орталау  мектептiң  директоры  қызметiн  атқарады.  Одан  кейiн 
әскерге  алынып,  соғысқа  қатысады.  Соғыстан  кейiн  туған  жерге 
оралып,  өзiнiң  педагогикалық  жұмысын  жалғастырады.  Бұрынғы 
Соколов ауданының бiрқатар мектептерiнде директор болып қызмет 
атқарды.  Содан  зейнеткерлiкке  шығып,  1999  жылы  өмiрден  өттi. 
Сәлiк Ақжанұлының артында төрт-бес ұл-қыздары қалды. Гүлзира, 
Асқар,  Амангелдi,  Уәлихан,  Ғалихан.  Олардың  Гүлзира,  Асқар, 
Амангелдi дегендерi Аралда туып келгендер. Бәрi де бiлiмдi, белгiлi 
азаматтар болып  шықты.  Мәселен  Асқар –  юрист,  Ғалихан бүгiнде 
аудан әкiмiнiң орынбасары, Гүлзира – педагог т.с.с. 

Сәлiктiң  Әбдiжәмiл  Нүрпейiсовке  жазған  бiр  хаты  қолымызға 
түстi.  Хаттың  мазмұны  қысқаша  мынадай:  -  Құрметтi  Әбдiжәмiл, 
осы хатты жолдап отырған құдаңыз Сәлiк, делiнген хаттың басында. 
– 
Алланың жәрдемiмен науқасымнан айықтым. Бiз Қызылжардан 60 
шақырым  қашықтықта  тұрамыз.  Мұнда  кiшi  баламызды  сағалап 
келiп едiк, шүкiршiлiк бәрi де ойдағыдай болып шықты. Дегенмен, 
жас  ұлғайған  сайын  ыңқыл-сыңқыл  көбее  түсерi  сөзсiз.  Ал, 
Сiздердiң  амандықтарыңызды  теледидардан  ғана  естiп  тұрамыз, 
басқа  байланыс  бiзде  жоқ-қой.  Әсiресе,  Ұлы  Абай  жөнiндегi 
теледидардан  сөйлеген  ұлағатты,  тамаша  сөзiң  бiзде  үлкен  әсер 
қалдырды.  Ал,  Әбе  –  құда,  абыройың  да,  дәрежең  де  бүкiл  елге 
тарады, бiз Сенi мақтан етемiз! Өткенде бiр сөзiңiзде келiп қалармын 
сiздерге деп едiң, келмедiң. Егер келiп қалсаң менiң де төбем көкке 
көтерiлер  едi,  сол  арқылы  менiң  кейбiр  шешiлмей  жүрген 
проблемаларым,  мәселен  пәтер  жайы  жергiлiктi  жерде  де  шешiле 
салар  едi  ғой.  Сенiң  бiр  ауыз  сөзiң  үкiмет  басшыларына  да  өтерi 
сөзсiз.  Қартайғанда  қаладан  (Қызылжардан)  кемпiрiм  және  бiр 
немерем  үшеумiзге  шағын,  жайлы  пәтер  болса  деймiн.  Дәрiгерге 
көрiнуге, тыныш өмiр сүруге қолайлы болар едi. 
Алда  денiң  сау  болсын,  творчестволық  табысың  молая  берсiн, 
дәрежең шарықтай берсiн демекпiн, қымбатты құда! 
Сәлеммен Сәлiк. 3.08.1995ж. 
Иә,  Сәлiк  Ақжанұлы  өзiнiң,  туыстарының,  әке  мен  шешесiнiң 
отызыншы жылдары заңсыз қудаланып, ерiксiз жер аударылғандығы 
жөнiнде көп iзденедi, көп шағымданады. Соғыстан кейiнгi жылдары 
бұл  отбасы  босанып,  ақталып  елге  оралады.  Бiрақ  Құқық  қорғау 
орындарынан  қайтсе  де  ақталды  деген  шешiм  бертiнге  дейiн 
болмайды.  Тек  1996жылдың  15  қаңтар  айында  Қазақстан 
Республикасы  прокуратурасы  мен  Солтүстiк  Қазақстан  облысы 
прокуратурасынан ақталды деген анықтама қағазы түседi. 
Онда  Бүйрекбаев  Сәлiк  Ақжанұлы  1916  жылы  Солтүстiк 
Қазақстан облысы, Преснов ауданындағы № 1 ауылда (Тайқұрт елдi 
мекенiнде)  туған  делiнген.  Осы  жерде  әке-шешесiн  және  басқа 
туыстарын  Қарақалпақ  автономиялық  республикасының  Мойнақ 
ауданына ерiксiз жер аударылған. Қазақстан Республикасы заңының 
3  бабына  сәйкес  (14.04.1993ж.)  бұл  отбасының  жер  аударылуы 
заңсыз деп табылып, ақталды делiнген. 
Қол қойған 1 класты заңгер, бөлiм аға прокуроры Л.С.Голицкая. 
Бұндай  шешiм  алдымен  Петропавл  халық  сотында  қаралып 
(19.12.1995),  Бүйрекбаевтар  заңсыз  қуғындалып,  ерiксiз  жер 
аударылған деп табылады, сөйтiп ақталып шығады. 
Иә, талай тағдырлар заңсыз жапа шектi-ғой сол заманда. 
 
 
 

*  *  *
 
 
«
Е
гемен  Қазақстан»  газетiнiң  тiлшiсi  Өмiр  Есқалидың  «Захар 
Андреевич» атанған Зағыпармен сұхбаты жайында. 
Зағыпар Байқуанышев ақсақал араға ширек ғасыр салып туған 
жерге  оралуын  пшенеге  жазған  тағдырдың  ең  үлкен  сыйына 
санайды. Осы уақыт iшiнде көрмеген теперiшi қалмаса керек. 
Зағыпар қария әңгiмесiн былай бастаған едi. 
-
Алдымен  әкемiз  1930  жылы  мал-мүлкi  тәркiленiп,  Қызылжар 
қаласы  маңындағы  Затон  деген  жерге  қара  жұмысқа  айдалыпты,  - 
деп бастады әңгiмесiн 84 жастағы қария өткен тарихтың жұрнағын 
барынша  көз  алдымызға  елестетуге  тырысып.  –  «Байдың  тұқымы» 
деген  жазықсыз  жала  жауып,  бiр  ауыз  сөздiң  құрбаны  болып  кете 
барған.  Ақыры  күйiкке  шыдай  алмай  сол  жылы  бар-жоғы  54 
жасында  көз  жұмды.  Зираты  облыс  орталығындағы  демалыс 
саябағының  iшiнде.  Әлдеқашан  жермен  жексен  болған.  Баласы 
Нұрхан, елге белгiлi Абылай қажы үшеуi қатар жатыр. 
-
Сосын  зобалаң  отбасымызға  туды.  Шешем  Жәмиланы, 
бауырларым Баязит, Нұрмұқанды және тоғыз жастағы менi бiр түнде 
тұтқындап,  шалғай  аудандардың  бiрiне  алып  келдi.  Қу  далада 
тұрғызылған  барақтардың  бiрiне  әкелiп  қамады.  Ағам  Оразбай  iш 
жаққа кетiп қалып, қамаудан аман қалды. Мұнда қой құсап тоғытып 
жатқандары  -  өңкей  ауқаттылар.  Солардың  бiрi  –  Тәштиттiң 
Хамзасын,  оның  балалары  Меден  мен  Сайранды  шешем  жақсы 
танитын  болып  шықты.  Меден  осыдан  он  жылдай  бұрын  қайтыс 
болды.  Керемет  жақсы  кiсi  едi.  Жасынан  аурушан  болғанына 
қарамастан,  осында  бригадирлiк  қызмет  атқарды.  Тiлмен  айтып 
жеткiсiз сол бiр зұлмат кезеңнiң тiрi куәгерi – мен ғана. Шешем 300-
ге  жуық  отбасы  қолдан  жасалған  зорлық-зомбылықтың,  аштықтың 
құрбаны  болды  деп  айтып  отыратын.  Оның  шет  жағасын  өзiм  де 
көрдiм.  Тұрған  жерiмiз  «Байқала»  деп  аталғанымен  (сiрә,  өңкей 
ауқаттыларға  қарап  осылай  аталып  кетсе  керек),  аштықтың  азабын 
әбден  тарттық.  Үкiмет  тарапынан  тамақ  берiлмейдi.  «Өлмесең  - 
өмiрем қаптың» кебi. 10-15 күнде маңайдағы ауылдарға қол жайып, 
қайыр  сұратуға  жiбередi.  Қашып  кетпесiн  деген  ойлары  шығар, 
бала-шағаны  алып  қалып,  үлкендер  ел  кезiп  кетедi.  Адамдар 
аштықтан  бұратылып,  шыбын  құсап  қырылып  жатты.  Арам  өлген 
малдың етiн жеуге мәжбүр болдық. 
Ауызекi  тiлде  «Байқала»  аталғанымен,  белгiлi  өлкетанушы 
Дәстен  Баймұқановтың  айтуынша,  мұндай  уақытша  қамау  лагерi 
Қызылжар  өңiрiнде  екеу  болыпты.  Бiрi  –  Мағжан  Жұмабаев 
ауданында, бiз сөз етiп отырған Тимирязев ауданында орналасыпты. 
Бұл  жердi  әу  баста  Троицк,  Шадрин,  Екатеринбургке  дейiн  мал 
айдап,  ондаған  дүкен  ұстаған  Көшке  деген  бай  мекендептi.  Оған 
қатысты  құжаттарға  көз  жүгiртсек,  Төңкерiс  ауданының  II  ауылы-

ның еңбекшiлерi Тұрлығұлов Көшкенiң ауылдағы кедейлердi қанап, 
еңбегiн  жегенiн  анықтап,  мал-мүлкiн  тәркiлеуге,  өзiн  жер  аударуға 
үкiм шығарған. 
Дәстеннiң  деректерiне  сүйенсек,  1928  жылғы  27  тамызда 
ҚазКСР  Орталық  атқару  комитетi  мен  Халық  комиссарлары  кеңесi 
«
Байлардың  шаруашылықтарын  тәркiлеу  туралы»  қаулы  қабылдай-
ды.  Бұл  шешiм  бойынша  көшпелi  аудандарда  300-ден,  қалған 
аудандарда 150-ден артық малы бар байлар тәркiленедi. Отбасымен 
қоса  жер  аударылуға  тиiс  болады.  Отбасы  мүшелерiнiң  жасы, 
денсаулығы  еш  ескерiлмейдi.  Тәркiлеу  шараларын  жүзеге  асыру 
мақсатымен ауылдарда 300-ге тарта комиссия құрылып, шаш ал десе 
бас  алатын  қиқу  басталып  кетедi.  Жер-жерлерде  уақытша 
шоғырландыру лагерьлерi құрылады. Солардың бiрi бұрынғы Түмен 
ауылының жұртында орналасқан. 
-
Орта  дәулеттiлер  де  байлардың  санатына  жатқызылып,  мал-
мүлкi  тәркiлеуге  ұшырады,  -  дедi  әңгiмесiн  жалғастырған  Зағыпар 
ақсақал аз-кем тыныстап алып. – Осындай асыра сiлтеу салдарынан 
«
тәркiленушiлердi»  қайда  сыйғызарын  бiлмей  тығырыққа  тiрелген 
өкiмет жоғарыдағыдай лагерьлердi ұйымдастыруға кiрiседi. Балшық 
пен  шымнан  қалап,  барақтар  тұрғызады.  Айналдыра  тiкен  сыммен 
қоршап,  күзет  қояды.  Лагерь  бастығына  Тастемiр  деген  кiсi 
тағайындалады. Мұндағылардың алды Қазақстанның өзге жерлерiне 
жер  аударылып  жатса,  келушiлерде  де  қисап  болмады.  Сибаннан 
Есенейдiң  тұқымы  деп  жала  жабылған  Жарылғап  бала-шағасымен, 
Бiлекше,  Бiркен  деген  орта  дәулеттiлер  де  осында  қамалды. 
Аштықтан  жантәсiлiм  еткен  жандарды  жеке  жерлеуге  рұқсат 
етiлмедi.  Үлкен  орларға  көмiлдi.  Түнде  арам  өлiп  қалған 
жылқылардың етiн балталап шауып әкелiп талғажау еттi. 
-
Тар  қапастан  қалай  аман  құтылдыңыздар?  Жер  аударылып 
кетпеуге не себеп болды? 
-
Лагерьге ең жақыны – Жарқын деген ауыл. Онда нағашылары-
мыз  тұратын.  Солар  тамақ  әкелiп,  жүрек  жалғап  жүрдiк.  Бiрде 
оларға  қоңыр  күзге  қарай  iш  жаққа  кеткен  ағамыз  Оразбай  келiп, 
бiздердi жасырын алып кетудiң жолын ақылдасады. Етi тiрi, пысық 
едi. Ебiн тауып, лагерьден жасырын алып шығып, Түмен қайдасың 
деп  тартып  отырдық.  Ондағы  ағайын-туыстармен  қауышып,  1938 
жылға дейiн Николаевка деген орыс селосында тұрдық. Кейiн Омбы 
облысына  табан  тiредiк.  Сол  шығып,  ұжымшарда,  өндiрiс 
орындарында жұмыс iстемейтiндер Сiбiрге жер аударылатын болды. 
Тағы  да  үдере  көшiп,  Казанька  деген  жерге  келдiк.  «Бiрлiк», 
«
Қызылту» ұжымшарларына топтастық. 
Елге жақын қоныстанғандықтан, Қызылжар элеваторына астық 
таси бастадық. Сөйтiп, өз қолымыз өз аузымызға ендi жеттi-ау деген 
кезде  басымызға  тағы  да  қара  бұлт  үйiрiлдi.  Әлде-кiмдердiң 
көрсетуiмен  40-қа  жуық  ұжымшар  мүшелерiн  түрмеге  жапты. 

Араларында ұжымшар төрағасы Тырнап, бауырлары Ыдырыс, Имақ, 
ағам  Оразбай,  Меден,  тағы  басқалары  бар.  «Қазынаның  бидайын 
ұрлады»  деген  жала  жабылды.  Жасы  сексендi  алқымдап  қалған 
Тәштиттiң Хамзасына дейiн тұтқындалды. Төрiнен көрi жақын ол не 
бiлушi  едi?  Тоғыз  адам  ату  жазасына  кесiлдi.  Қалғандарына  он 
жылдан  арқалатты.  Мың  болғыр  еврей  адвокаты  кейiн  бәрiн  ақтап 
алды. Ағам түрмеде көз жұмды. Меден бес жылын өтеп келдi. 
-
Бертiнге  дейiн  төлқұжатыңызда  «Захар  Андреевич»  деп 
жазылып келiптi. Ол қандай мәжбүрлiктен туды? 
-
Николаевка  селосында  тұрғанымызда  шешемiз  бiр  орыс 
әйелiмен танысады. Ол помещиктiң қызы екен. Кеңес өкiметiнен көп 
зәбiр көрiптi. Сонымен аралас-құралас, абысын-ажын сияқты сырлас 
болыпты. Менi бауырына салып, баласындай әлпештесе керек. Бүкiл 
село менi Захар деп атайтын. Әкесiнiң аты Андрей екен. Төлқұжатқа 
«
Захар  Андреевич»  деп  жазылу  тарихы  осындай.  Бәлкiм,  көлденең 
көздердiң  зәбiр-жаласынан  сақтай  жүрсiн  деген  шешемнiң  бiр  ойы 
болды  ма  екен,  кiм  бiлсiн?  Елге  1958  жылы  көшiп  келiп,  арада  38 
жыл өткеннен кейiн ғана аты-жөнiмдi қазақшаладым. Тәуелсiздiктiң 
арқасы – мұның бәрi. 
Атамыздың немере iнiсi Омбыда оқу тауысқан екен. Бiлiмдарлығына 
қарап,  «молла  аға»  дейтiнбiз.  Өзiмiздiң  тұқымнан  шыққан  Шәкей 
дейтiн  бiр  белсендi  «Түрегеп  тұрып  дәрет  сындыр»,  дейдi.  Молла 
ағамыз  келiспейдi.  «Онда  арест  қылам»,  дейдi.  Сөйтiп,  оны  да 
«
Байқалаға»  айдатып  жiберген.  Сонда  аштан  өлдi.  Мұны  айтып 
отырғаным,  iштен  шыққан  жау  жаман.  Бiр-бiрiмiздi  сыйласақ, 
ауызбiрлiктi  болсақ,  жат  жанынан  түңiледi.  Бала  жасымнан  қанша 
қуғын-сүргiнге  ұшырап,  талай  бейнеттi  көрсем  де  ата-баба 
қонысына  ораламын  деп  ойлап  па  едiм.  Тағдыр  оны  маған  жазды. 
Елiмiздiң  ертеңi  ертегiдей  болатынына  сенемiн.  Бiр  уайымдайты-
ным,  «Байқала»  сияқты  өткен  күнiмiздiң  қаралы  сәтiн  көзге 
елестететiн  тарихи  орындар  жайлы  жас  ұрпақ  бiле  бермейдi.  Тым 
болмаса сол жерге ескерткiш белгi қойылса, аруақтарға деген үлкен 
құрмет  болар  едi.  Киелi  бәйтеректен  басқа  iз  қалмай  барады-ау. 
Оның өзi бар ма екен? 
 
*  *  *
 
 
Ж
уырда  ғана  қажылыққа  барып  келген  Мейiз  Мұстафақызы 
өзiнiң  әкесi  жөнiнде  сыр  шертедi,  естелiк  айтады.  Мейiз  қажының 
атасы  Исабай  деген  адам  да  қажылықта  болған  екен.  Мейiз  өзiнiң 
жас кезiндегi есiнде қалғандарын былайша суреттейдi. 
Әкем  –  Мұстафа  Исабай  қажыұлының  ата  қонысы  Жамбыл 
ауданының  Үлгi  ауылы.  Ата  тегi  жайлы  төмендегi  өлеңiнде 
жазылған. Ол 1929 жылы қыркүйек айында Сталиннiң байларды тап 
ретiнде  жою  саясаты  кезiнде  дүние  мүлкi  тәркiленiп,  Арал 

теңiзiндегi  «Барсакелмес»  аралының  «Николай  тауы»  деп  аталатын 
жерiне iнiсi Мұқанай екеуi жер аударылыпты. Үш жыл ауыр қапаста 
өмiр кешiп, бiр баласын сол жақта жерлеп, 1932 жылы ақталған соң 
елге оралады. 
Елге  оралғасын  да  ауылдың  шолақ  белсеңдiлерi  «Жер  ауып 
келгенсiң» деп сенiмсiздiкпен қарап, елге сыйғызбайды. Оның үстiне 
әкемiз  ескiше  де,  жаңаша  да  сауатты,  шешен,  ақын  жанды,  тура 
сөйлейтiн адам едi. Ел iшiнде үлкендер осы уақытқа дейiн «Мұстафа 
былай деп едi» деген әңгiменi айтып отырады. Әкемнiң осы мiнезi де 
ауылдағы кеңестiк басшыларға ұнай бермесе керек. Ақыры жалғыз 
сиырын жегiп, бiр түнде Ресей жерiне қашып кетуге мәжбүр болады. 
Бұл 1935 жыл едi. Осы кеткеннен елге 1954 жылы ғана оралды. 
Әкемнiң  кiндiгiнен  тараған  жалғыз  ер  бала  ертеректе  қайтыс 
болып,  кейiн  төрт  қыз  бала  қалдық.  Әдетте  отбасындағы  қыз 
баланың тәрбиесi анаға ғана тиесiлi болса, бiз әке тәрбиесiн де көп 
көрдiк. Анамыз шаруақор, таза, қақ-соқта жұмысы жоқ, сөзге сараң, 
тұйық адам едi. Ер жеткесiн байқап отырсақ, әкемiз бала тәрбиесiне 
өте көп көңiл бөлiп, ұсақ-түйек демей әр iсте ақыл айтып отырыпты-
ау. Осы уақытқа дейiн кейбiр күнделiктi iстерде, адамдармен қарым-
қатынасымда  «әкем  осындай жағдайда  қандай ақыл  айтушы  едi»,  - 
деп ойланып қаламын. 
Кезiнде  өз  күшiмен  мешiт-медiресе  салдырған  әкемiз  бiздi 
адамгершiлiкпен  қатар  дiни  нанымға  да  тәрбиеледi.  Кiшкене 
күнiмiзден  бастап  фатиха,  ықылас  сүрелерiн  жатқа  айтқызатын. 
Әкемiздiң  тәрбиесi  ғой,  Тараз  қаласында  тұратын,  бiр  кезде 
аудандық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы болған 
Жiбек  деген  сiңiлiм  қазiр  бес  уақыт  намазын  тастамайды.  Әзiрге 
қажылыққа баруға денсаулығы мүмкiндiк бермей жүр. 
Әкемiз сол кездегi «Родина – 49» деген радиоқабылдағыштан ел 
жаңалығын  тыңдап,  «Ленин  туы»  газетiн  өзi  оқып,  бiзге  үнемi 
оқытып отыратындықтан да болар, саяси сауаты да кем болған жоқ. 
Өлеңдi табан аузында суырып салып шығаратын әкемiзге: «Кеңестiк 
құрылысты мақтап «Ленин туына» өлең жаз» десек, адал малымды 
тартып алып, өзiмдi азапқа салған өкiметтерiңдi қалай мақтаймын» 
дейтiн едi. Қазiр ойлап отырсақ көптеген мәселелердi әкемiз дұрыс 
пайымдайды екен ғой. Мысалы, «кеңес өкiметi бәрiн теңестiремiз, - 
дейдi – бұл табиғаттың заңын өзгертiп, бес саусақты бiрдей қыламыз 
дегенмен бiрдей», - дейтiн. Дiнге қарсы болуы, жекеменшiкке қарсы 
болуы  дұрыс  емес,  өкiмет  халықтың  ортақ  өгiзден  оңаша  бұзауды 
жақсы  көретiнiн  ескермей  отыр  дейтiн.  Кеңестiк  құрылысты 
ұнатпаса да бiзге «заманның түлкi болса, тазы болып қуу керек» деп, 
ұстаған бағыттарына  берiк  болыңдар деп  отыратын.  Заман  ағымын 
дұрыс  түсiнген  әкемiз  матариалдық  жағдайының  қиындығына 
қарамай,  төртеумiздi  де  оқытты.  «Әке  көрген  оқ  жонар»  дегендей, 
кешегi кеңес өкiметi кезiнде халыққа азды-көптi қызмет атқарып, әке 

сенiмiн  ақтағандай  болдық.  Үлкенiмiз  Өрiк  көп  жылдар  Тараз 
қаласындағы  педагогикалық  институттың  орыс  тiлi  кафедрасында 
оқытушы  болып,  зейнеткерлiкке  шықты.  Өзiм  Солтүстiк  Қазақстан 
облысындағы Жамбыл аудандық партия комитетiнде және соңғы 16 
жыл  осы  ауданның  әлеуметтiк  қамсыздандыру  бөлiмiн  басқардым. 
Сiңлiм  Жiбек  Жамбыл  облысының  Сарысу  аудандық  партия 
комитетiнiң  хатшысы,  Жамбыл  облыстық  кәсiподақтарының  курс 
директоры  болып  қызмет  атқарды.  Ең  кiшiмiз  Кенже  Қазақстан 
мәдениет  министрлiгiнiң  бөлiм  бастығы  болып  жүргенде  кенеттен 
қайтыс  болды.  Әкем  –  Мұстафа  Исабай  қажыұлының  аруағына 
тағзым  ете  отырып,  төменде  оның  жер  ауып  жүргенде  шығарған 
өлеңiн жолдап отырмын. 
 
Қолыма қалам алып хат жазайын, 
Бұл күнде iшiм толған бәрi уайым. 
Бiлген соң бiр-екi сөз айта салдым, 
Өзгеден сұрамаймын сөзiм дайын. 
 
Арғы атам аруақ қонған қара керей, 
Көрген жан тояды екен iшпей-жемей. 
Кешегi жиырма тоғыз жыл болғанда, 
Иттей қылып бiздi айдады адам демей. 
 
Бiр атам одан бергi Еменалы, 
Бақыт пен байлық болды елдiң сәнi. 
Жерлерден ерегiскен бәйгенi алып, 
Қалатын дұшпандары кейiп налып. 
 
Бiр атам одан бергi аты Қантай, 
Қайғымен күнiм өттi жаздың алты ай. 
Қонған бақ, бiткен дәулет пәле болды, 
Өзге сөз неге керек шыны осылай. 
 
Бiр атам одан бергi Атамбай-ды, 
Атамбай жаман болса аталмайды. 
Iшiнде аз ғана ауыл серкесi едiм, 
Ойлап па ем көремiн деп осындайды. 
 
Өзiмнiң туған әкем қажы Исабай, 
Би емес, болыс емес, дәулеттi бай. 
Үш отау үш жағына тiгiп қойып, 
Орнатқан бәрiне де қара саба-ай. 
 
 
Баласы сол қажының мен Мұстафа, 

Көргем жоқ бұл дүниеден еш бiр опа. 
Басымнан бақыт-дәулет кеткеннен соң, 
Кiсiден жақын жүрген көрдiм жапа. 
 
Елден бұрын медiресе-мешiт салдым, 
Қызығын көремiн деп дүние малдың. 
Өзiмдi жап-жалаңаш айдап кеттi, 
Өлiмiң көре алмадым қажы әкемнiң. 
 
Өлiмiн қажы-әкемнiң көре алмадым, 
Қолымнан садақасын бере алмадым. 
Адамның көңiлiмен iс бiтпейдi, 
Жазуы болады екен бiр алланың. 
 
Кiсiмiн болып өткен заманында, 
Дүниенiң мына көрдiм жаманын да. 
Бұрынғы қара өлеңмен жеткiзейiн, 
Жүгiрдi қағаз үстiнде қаламым да. 
 
Шiркiн-ай, келер ме екен өткен күнiм, 
Басыма бақыт-дәулет қонған күнiм. 
Атпенен ту өгiздi бiрге парлап, 
Егiндi құба жонға еккен күнiм. 
 
Ала боп қолмен шашқан шығады деп, 
Бидайды машинамен сепкен күнiм. 
Базарға салтанатпен барамын деп, 
Екi атты тарантасқа жеккен күнiм. 
 
Шайға сүт ақ дариға таба алмадым, 
Ақ майды аяғыммен тепкен күнiм. 
Тауына Николайдың қамап қойып, 
Күн өткен қызғалдақтай шөккен күнiм. 
 
Шiркiн-ай, келер ме екен оңған күнiм, 
Бәленше жақсы жiгiт болған күнiм. 
Жағалай бие байлап, ақ үй тiгiп, 
Өрген ғып Аяқкөлге қонған күнiм. 
 
Той қылып, ат шаптырған думан күнiм, 
Белiме күмiс белбеу буған күнiм. 
Қызықты көремiн деп күздi күнi, 
Қасқырды көбiк қарда қуған күнiм. 
 
Медiресе-мешiт салып, мейман күтiп, 

Төңiрек төрт түлiкке толған күнiм. 
Айында Рамазанның зекет берiп, 
Таратқан қайыр-зекет қолдан күнiм. 
 
Тобығым бұлт-сырт етiп баса алмаймын, 
Байлардың асауындай бұлан күнiм. 
Жазықсыз жап-жалаңаш айдап кетiп, 
Кем болды кiсi өлтiрген қудан күнiм. 
 
Тауына Николайдың қамап қойып, 
Отырмын балық тiлеп судан күнiм. 
Ол күнде не қылмады малдың күшi, 
Бәрi де амал қанша құдай iсi. 
 
Қымыздай қолға түссе жұтар едiм, 
Көк торсық жуып қойған жуындысын. 
Осы күн қолға түссе iшер едiм, 
Астынан сеператор аққан суын. 
 
Шөп шауып етiп жүрмiн адал кәсiп, 
Бiр күнде дуылдадық желдей есiп, 
Бiр тосын аққан суға болад деген, 
Жастықта не қылмадық көңiл өсiп. 
 
Өзiме тәңiрiм берген заманыңда, 
Жақсымен достас болдым құдай десiп, 
Бұл күнде «рабочий» болып жүрмiн, 
Жазғасын жалғыз алла амал нешiк. 
 
Мәшiнге екi сиыр жектiм парлап, 
Мойнына тесiк ағаш салдым жарма. 
Базарға пар атпенен барушы едiм, 
Жазғасын алла осылай амал бар ма? 
 
Белiмде қатты қайыс құлақбаудан, 
Қараңыз қалай қылды мына жалған. 
Ойласам бас қаңғырап ауырады, 
Домалап құлағандай биiк таудан. 
 
Ескi етiк аяғымда жұлықтанған, 
Бiр кезде көпшiк мiндiк бұлықтанған. 
Дүние бiздi алдап мұндай қылды, 
Бұл шiркiн ендi кiмге тұрақтанған. 
 
Аяқта сандал-шәрке кенеп байпақ, 

Дүниенiң болмайды екен артын байқап, 
Баласы пәленшенiң пәлен болып, 
Бiраз күн дәурен сүрдiк ұрттап шайқап. 
 
Кигiзден ескi құрап байпақ кидiк, 
Аллаға тәуба қылып ләпсi тыйдық. 
Бұрынғы мақпал өнiм таңдайтұғын, 
Кенеппен сол байпақтың аузын жидық. 
 
Бұл күнде таныс болдық кенеппенен, 
Шөп-шалам, мал жемейтiн кебекпенен. 
Түйтәрi, кәртоп, бұршақ тамақ па едi, 
Құдайым кез келтiрдi себеппенен. 
 
Бұл күнде жаман – жақсы, жақсы – төмен, 
Сары өзек мыржық терек болды емен. 
Бұынғы үлкендердiң айтқаны кеп, 
Қарағай басын шалып шортан жеген. 
 
Мұнымен доғарайын осы сөздi, 
Жақсылар осы кезде елден бездi. 
Суалып ой да, көл де боз боп кеттi
Алланың уақытында келген кезде. 
 
*  *  *
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет