1.Антикалық философияның пайда болуы және ерекшелігі. Сократқа дейінгі философия.
2. Ежелгі Грекияның классикалық философиясы кезеңі.
3. Эллиндік-Римдік философия.
1. Б.д.д. VII-V ғғ. Антикалық рухани даму мифологиялық, діни көзқарастан ғылыми, философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі, ал б.д.д. V-III ғғ. ойшылдарының мәнділіктің генетикалық бастамасын, түпнегізін жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, оны өзінің категориялық аппараты тұрғысынан түсіндіріп, философиялық ойлауды биік деңгейге көтеруіне байланысты кезеңді Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп екіге бөледі.
Сократқа дейінгі дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп Кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет қаласында өмір сүрген, жеті данышпанның қатарына жататын Фалес болды(шамамен б.д.д.625-547 жж.). Ол «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы», «Теңіз астрологиясы» деген еңбектер жазған, бірақ олар біздің заманымызға жетпеген.
Аристотель өзінің «Метафизика» деген еңбегінде заттардың генетикалық бастамасын іздеген, олардың сол бастамадан қалай пайда болғанын және содан қалай қайтіп келетінін, басқаша айтқанда, денелердің өзгеруіне қарамастан, жалпы табиғаттың жойылмайтындығын мәселе етіп көтергендердің ішіндегі біріншісі Фалес болды деп көрсетеді.
Фалестің ілімінше, барлық денелердің генетикалық бастамасы – су. Бұл жерде су – мұхит (нун), Абзулардың (Апсулардың) философиялық жиынтықталған ұғымы. Фалес, бір жағынан, барлық денелер суда қалқып жүреді десе, екінші жағынан, ол жай су емес, ол – «ақыл-ой», осы тұрғыдан ол Құдай тектес дейді. Ол әлемдегі барлық заттардың өмір сүруінің алғы шарты-мыс. Күн және басқа әлемдік денелер судың буымен қоректенеді. Әлем құдайға толы, құдайлар әлемдегі болып жатқан құбылыстардың, іс-әрекеттің негізгі күші, сонымен қатар сол денелердің өзіндік қозғалыстарының қайнар көзі ретінде – солардың жаны. Мысалы, магниттің жаны бар, себебі ол өзіне темірді тарта алады.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы Анаксимандр (шамамен б.д.д. 611-545 жж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері: «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түпнегізі сатысына дейін көтерді. Бастаманы ол заттардың түпнегізі – апейронмен теңестірді. Олай болса, апейрон бастама да, түпнегіз де. Симпликийдің айтуы бойынша, Анаксимандрдың апейроны генетикалық бастама ретінде де, түпнегіз ретінде де таусылмайтын шексіз және төрт дүлей күштің (Жер, Су, Ауа, От) бір-бірімен араласып, ауысу процесінің негізі. Бірақ апейрон кеңістікте шексіз емес, сол төрт дүлей күштің негізі ретінде шексіз, көмескі және мәңгі. Ол еш уақытта қартаймайды, өлмейді және жойылмайды. Ол мәңгі белсенділікте және қозғалыста болады. Ол өзінің осы қасиетінің арқасында өзінен қарама-қарсы құбылыстар – ылғал мен құрғақтық, салқындық пен жылылық шығарады. Олар екі-екіден қосылып, Жер (құрғақтық пен салқындық), Су (ылғалдық пен салқындық), Ауа (ылғалдық пен жылылық), От (құрғақтық пен жылылық) түзейді. Осы төртеуі арақатынасқа түсіп, олардың ортасында ең ауыр Жер орналасады да, қалғандары оны Сумен, Ауамен, жарықпен (От) қоршайды. Аспан Отының әсерімен судың біраз бөлігі буланады да, мұхиттардан Жер көріне бастайды, сөйтіп, құрлықтар пайда болады. Демек, апейрон Космостың генетикалық бастамасы ретінде ондағы денелерді дүниеге әкеледі. Аспан әлемі соғыс арбасы дөңгелегінің шеңбері сияқты үш сақинадан тұрады. Бұл сақиналар көзге көрінбейді. Төменгі сақинаның көптеген тесіктері бар, сол тесіктер арқылы Аспандағы Оттар көрініп тұрады. Ортадағы сақинада бір ғана тесік бар – ол Ай. Жоғары сақинада да бір тесік бар – ол Күн. Тесіктер толық немесе аздап бітелулері мүмкін, онда Күн мен Ай тұтылады. Сақиналар Жерді айналып жүреді, олармен қоса тесіктер де қозғалыста болады. Анаксимандр осылай жұлдыздардың, Күннің, Айдың қозғалыстарын түсіндіреді.
Анаксимандр ілімінше, тіршілік теңіз бен құрлықтың шекарасы Айда, аспан отының әсерімен пайда болды. Ал адам теңіз жануарларының бір түрінің ішінде өсіп, өрбіп, ер жеткенненкейін құрлыққа шығып өмір сүрді.
Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VI ғ. ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп Ауаны айтады. Ауа – шексіз (апейрон). Сөйтіп, Анаксимандрдың апейроны түпнегізден Ауаның қасиетіне айналды. Ауа үнемі қозғалыста болады да, бірде қоюланып, бірде сұйылып, алуан түрлі заттар мен құбылыстарды түзеді. Ауа сұйылғанда алдымен Отқа, содан кейін эфирге айналса, қоюланғанда – желге, бұлтқа, Суға, Жерге және тасқа айналады. Ауаның сұйылуы жылылыққа байланысты да, қоюлануы салқынға байланысты.
Анаксименнің ілімінше, Жер және басқа аспан денелері Ауада қалқып жүреді. Жер қозғалмайды, ал басқа денелер Ауаның әсерінен ылғи да қозғалыста болады. Күн де – Жер, бірақ өзінің жылдам қозғалуының себебінен ыстық шоққа айналған.
Ауа тек қана денелердің бастамасы емес, сонымен бірге жанның да бастамасы.Ал жан болса, ол – бізді біріктіретін бастама. Анаксимен құдайларды да Ауадан пайда болды деген пікір айтады. Басқаша айтқанда, құдайлар Ауаны жаратқан жоқ, керісінше, Ауа құдайларды жаратты. Олай болса, құдайлар материалдық түпнегіздің модификациясы ғана.
Қорыта айтқанда, Милет мектебінің өкілдері Фалес, Анаксимандр, Анаксимен барлық заттардың, денелердің генетикалық бастамасын, түпнегізін құдайлардың құдіретінен іздемейді, олардың өзіндік ішкі мазмұнынан іздейді. Генетикалық бастаманың, түпнегіздің табиғаты, бір жағынан, зат тәріздес болса, екінші жағынан, ақыл-ойдан да қашық емес, сондықтан ол құдайлармен пара-пар құбылыс.
Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (шамамен б.д.д. 544-483 жж.) болды. Оны ілімдегі терең ойлары үшін «Тұңғиық» деп атаған. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Бұл еңбектің 130-дай фрагменттері ғана сақталып, бізге дейін жеткен.
Гераклит заттардың түпнегіздік-генетикалық бастамасын От деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес. Әлемді құдай да, адам да жаратқан жоқ, ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын, әр уақытта болған, бар және болатын тірі От. Оттан Ғарыштың пайда болуын Гераклит Оттың жетіспеушілігінен болатын төмен қарай жол десе, Оттың молдығынан Ғарыштың кері Отқа айналуын, өзінің түпнегізіне қайтып келуін жоғарыға қарай жоқ деп атаған. Сөйтіп, төмен-жоғары қарай мәңгі қозғалыстың нәтижесінде жалқыдан барлық заттар, керісінше, заттардан жалқы жаратылады. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның объективті заңы – логосқа байланысты. Логостың өзі от сияқты. Бірақ сезім үшін – От сияқты болып көрінсе, ақыл-ой үшін – ол Логос, объективті заңдылық. Логос тек қана Ғарышқа ғана тән заңдылық емес, ол адам жанына да тән. Адамның жанына тән Логос ылғалдың булануынан пайда болады, ал керісінше, жан өлгенде, ол суға айналады. Жан тек ылғалды ғана емес, сонымен бірге құрғақ та болуы мүмкін. Сонымен, жан қарама-қарсы екі құбылысты – ылғалды және құрғақ жаннан тұрады. Ылғалдық жаман жандарға тән. Мысалы, ылғалды жан маскүнемдерге, ауруларға, күнделікті ләззат іздеген адамдарда кездеседі. Ал құрғақ жан данышпан, ақылды адамдарда кездеседі. Жанның құрғақтығы – оның логосы. Мұндай логос Ғарышты билейтін объективтік Логос сияқты шексіз, терең келеді. Сондықтан жанның шегіне жетемін деп талпынсақ, жан логостың тереңдігі соншама – оған жете алмайсың.