Оқу әдістемелік кешен


Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы



бет27/42
Дата09.02.2023
өлшемі0,55 Mb.
#66417
түріБағдарламасы
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   42
7.6. Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы

1. Қайта Өрлеу дәуірі философиясының ерекшелігі.


2. Гелиоцентрлік ілім жүйесінің қалыптасуы мен дамуы. Н.Кузанский, Н.Коперник, Д.Бруноның философиялары.
3. Ренессанс кезеңіндегі утопиялық социализм идеялары.

1. XV ғасырдың аяғында өндірістің, сауданың, әскери құралдың жедел қарқынмен өсуі техниканың, табиғаттану ғылымдарының, математиканың, механиканың дамуына себепші болды. Ал қоғамдық өмірде қалыптасқан бұл жайлар схоластикалық ой-пікірлерден тазарып, таза табиғаттану ғылымдары тұрғысынан әлемдік процестерді және адам табиғатын түсініп-білуге жол ашты. Адамдардың өмірі мен іс-әрекеттері тікелей бағынышты табиғат заңдылықтарын танып-білуде барлық ғылымдарға тән универсалдық тәсілдің маңызы зор деп есептелініп, сондай әмбебаптық тәсіл ретінде көбінесе логикалық ойға және тәжірибеге сүйенген математикалық, кейінірек механикалық тәсіл ұсынылды.


Қайта өрлеу кезеңі философиясының гуманистік сарында болуына католиктік шіркеудің рухани қыспағынан құтылуға ұмтылған адамдардың еркіндік, бостандық туралы идеялары ықпал жасады. Жалпы алғанда, қ.ө.ф. негізгі үш бағытта дамыды. Біріншісі (Н.Кузанский, Пико делла Мирандолла, Леонардо да Винчи, т.б.) адамның еркін, бостандығын өздерінің философиялық ілімдерінің негізгі өзегі етіп қабылдап, рухани өмірде, мәдениетте гуманизм деген бағытты дүниеге әкелсе, екіншісі (Н.Макиавелли, Томас Мор, Томазо Компанелла) адам бостандығын жүзеге асыруға кедергі болып отырған қоғамдық құрылысты сынап, утопиялық социалистік идеяға бой ұрса, үшіншісі (Н.Коперник, Д.Бруно, Г.Галилей) табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, христиан дінінің әлемнің пайда болуы және оның құрылысы туралы іліміне сәйкес келмейтін, табиғат құбылыстарын өз заңдылықтарына сүйеніп түсіндіруге болатын көзқарастың дамуына үлкен әсер еткен революциялық жаңалықтар ашты.
2. Схоластикалық философиядан гуманистік идеяға толы философиялық көзқарасқа жол ашқан неміс ойшылы Николай Кузанский – шын аты-жөні Николай Кребс (1401-1464 жж.) болды. Негізгі еңбектері: «Мүмкіндіктің болмысы туралы», «Жер шарының айналуы туралы», «Құдайдың көріпкелдігі туралы», т.б. Кузанский пікірі бойынша, әлем қарама-қарсы заттардан тұрады және олар, математикадағы теңдеудің екі жағындағы мүшелерінің бір-біріне өте алатыны сияқты, бір-біріне ауысып отырады. Ауысқан қарама-қарсылықтардың теңесуі тек Құдайға ғана тән. Жалпы алғанда, материалдық денелер Құдай жаратқаннан кейін өз заңдылықтары бойынша дамып, өзгеріп отыратын болғандықтан, оларды танып-білуге болады. Бұл ретте адамдарға математикалық тәсіл мен тәжірибе көмектеседі. Кез-келген теориялар мен концепцияларды тәжірибеде дәлелдеуге, не болмаса теріске шығаруға болады. Адамдар да заттар сияқты микрокосмосқа жатады және ол Құдайдың көрінісі болып табылады. Бірақ өзінің ақыл-ойының, іс-әрекеттерінің арқасында Құдаймен қатар тұрады. Осыдан келіп: «адам дегеніміз – оның ақыл-ойы», - деп тұжырымдайды. Ақыл-ойды табиғаттың заңдылықтарын білу арқылы үздіксіз толықтырып отыру қажет.
Гуманистік ойды қалыптастырып, оны жалпы адамзаттық мәдени құбылысқа айналдыруда Италияның ұлы суретшісі, табиғат зерттеуші ғалымы, көрнекті философы Леонардо да Винчидің (1452-1519 жж.) қосқан үлесі зор болды.Да Винчидің философиясы беделділіктің әсерінен бас тартып, тәжірибеге, адамның ақыл-ойының күшіне сену негізінде табиғаттың бірлігін, адамзат мәдениетінің өміршеңдігін дәріптеумен ерекшеленеді. Ол осы тұрғыдан ортағасырлық схоластиканы сынға алып, оны софистика сияқты пайдасы жоқ ілім деп есептеді. Жалпы алғанда, Да Винчи «философиялық тас» іздестірудің өзі пайда бермейтін іс, себебі табиғат Құдайдың заңдылығына емес, өзінің қажеттілік заңына бағынады да, үздіксіз өзгерісте, даму үстінде деп тұжырымдайды. Мысалы, белгілі бір жағдайда су буға, бу мұзға, мұз қайтадан суға айналады.
Да Винчи Әл-Фараби мен ибн Рушдтың «екі ұдайы ақиқат» теорияларына қарсы болды. Оның ойынша, діни ақиқат деген жоқ, себебі Құдайдың өзі жоқ, шын ақиқат – тек ғылыми ақиқат қана. Ғылымда табысқа жетудің бірден-бір жолы – математика тәсілі және тәжірибе. Жалпы ғылыми жетістіктердің құндылығы олардың практикада қолданылуға мүмкіндігінің болуымен айқындалады. Осы тұрғыдан ол механикаға (теория мен практиканың бірлігі ретінде) аса зор көңіл бөліп, өзі осы айтылған қағидалар негізінде көптеген инженерлік идеяларды жүзеге асыруға тырысты (парашют, ұшатын қанат, тоқыма станогі, т.б.)
Да Винчи алғашқылардың бірі болып сурет өнері саласында сынның мазмұны туралы пікір айтып, эстетикалық талғамның қалыптасуына үлкен әсер етті.
Адам еркін, бостандығын жүзеге асыруда қоғамның мемлекеттік рөлін көрсететін ағымдардың ішінде ерекше орын алатын италияндық саяси қайраткер және тарихшы Николай Макиавеллидің (1469-1527 жж.) ілімі еді. Негізгі шығармалары: «Билеуші және Тит Ливидің бірінші декадасы туралы пікірлер», «Олардың принциптері (қағидалары)» т.б. Макиавелли Тит Ливидің шығармалары негізінде саяси іс-әрекет тәртібін жүйелеп, христиандыққа дейінгі Рим империясының этикасы мен күшін дәріптейді. Мемлекеттің қайсысы болса да, римдіктердің күші мен ұлылығы сияқты қасиетке ие болуы үшін, өз іс-әрекеттерінде дұрыс деп тапқан тиісті шараларды қолданулары қажет. Ал бұл жолда әдептілік қағидалары мен азаматтық бостандық ығыстырылып, ескерілмей қалса, онда тұрған ештеңе де жоқ, билеуші оған көңіл бөлмеуі керек. Макиавеллидің бұл ілімі «макиавелизм» деп аталып кеткен, саясатта өз мақсатыңа қалай жетсең де дұрыс деген қағиданың қалыптасуына әкеліп соқты.
Сол кездегі қоғамның, халықтың әлеуметтік талап-сұраныстарын шеше алмауы негізінде утопистік (қияли) социалистік идеялар пайда болды. Томас Мор (1478-1535 жж.) «Утопия», Томазо Кампанелла (1568-1639 жж.) «Күн қала» атты шығармаларында «беймәлім жерде», «күн қалада» әділетті қоғам орнаған, оларда байлар да, кедейлер де жоқ, бұл мемлекеттерде меншік иесі – қоғам, ал жеке адамдар сол қоғамның мүшелері ретінде еңбек нәтижелерін тең бөліседі, оларда билеушілер де, қарапайым адамдар да заң алдында тең және олар әртүрлі тыйым салатын қағидалар аз болуы керек. Жастарды тәрбиелеу ісі қоғамның қолында болады да, оны дінбасылары басқарады.
Т.Мор мен Т.Компанелланың идеалды мемлекет пен қоғам туралы ой-пікірлері әлжуаздығына, қиялилығына қарамастан, кейінгі социалистік ілімдердің қалыптасуына үлкен әсер етті.
Әлемдегі процестерді өз заңдылықтарына сүйеніп, түсіндіруге бағытталған Н.Коперниктің (1473-1543 жж.) «Аспан денелерінің айналуы туралы» негізгі еңбегінің «Күн - Әлемнің орталық жаратылысы» қағидасының негізінде Джордано Бруноның (1548-1600 жж.) философиялық көзқарастары қалыптасты. Негізгі еңбектері: «Себептілік, бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы», т.б.
Бруноның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру тәсілі. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем мен құдай бір. Әлем – универсум (әмбебап бастама), жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан ол мәңгі және өзгермейді. Ал әлемге кіретін денелер сансыз көп, олар үздіксіз қарапайым және өзгерісте болады. Барлық заттар өшпейтін, мәңгі, қозғалыста, бөлшектерден тұрады. Оларды Бруно монада деп атайды. Монаданың материалдық денелерге ғана емес, психикаға да қатысы бар. Ал психикалық құбылыс барлық заттарға тән болғандықтан, әлемде жансыз денелер жоқ. Осыдан келіп, Бруно әлемде шексіз және сансыз көп тіршілік түрлері болуы әбден ықтимал деген тұжырым жасайды. Бруноның көзқарасынан жүйеленген түрде қолданылған Демокрит пен Гераклит ілімдерінің ықпалын байқаймыз.
Коперник пен Бруноның ілімдерін әрі қарай жалғастырған – итальян астрономы, физигі, математигі, философы Г.Галилей (1564-1642 жж.). «Ғылымның жаңа екі саласына байланысты математикалық дәлелдемелер мен пайымдаулар», «Табиғат туралы кітап», т.б. еңбектер жазған. Галилейдің ғылымда ашқан екі жаңалығы: 1) қатты және серпілмелі заттардың сыртқы күштерге қарсылығы; 2) денелердің құлау заңдылықтары оның философиялық көзқарасының қалыптасуына үлкен әсер етті. Оның пікірінше, философия алфавит әріптерінен басқаша әріптермен жазылған табиғат кітабын оқуы керек. Табиғаттың кітабы үшбұрыш, квадрат, дөңгелек, шар, т.б. тәріздес. Оларды оқу үшін схоластикалық ойланып-толғанудың қажеті жоқ, керісінше, таза тәжірибеге сүйенген математикалық тәсіл керек. Ғылыми-зерттеу жұмысында ешқандай беделді мойындамау керек, тек күмандану ғана оны ілгері дамытады. Теория, концепцияларды бақылау, эксперимент негізінде, индуктивтік тәсілді қолданып тұжырымдауға болады. Тек механикалық әдіс қана әлемдегі құбылыстарды және олардың мәнін түсініп-білуге мүмкіндік беретіндіктен, бос схоластикалық ойлауға әкелетін дедуктивтік (жалпыдан жалқыға) тәсілдің өміршеңдігі жоқ.
Ол Коперник пен Бруно сияқты Жер өз осімен Күнді айналып жүреді және ол Күн жүйесіндегі көптеген планеталардың бірі ғана, ал Күн жүйесі сияқты жұлдыздар жүйесі әлемде сансыз көп және олардың көпшілігінде жердегідей тіршілік болуы ғажап емес деген пікір айтты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет