Джон Локк (1632-1704 жж.) – ағылшын философы, психологы, педагогі. Негізгі еңбектері: «Адамның ақыл-ойы туралы тәжірибе», т.б. Таным концепциясын психологиялық теория тұрғысынан негіздеп, психологияның ғылым ретінде қалыптасуына жол ашты. Егер Бэкон білім тәжірибеден шығады десе, Локк оған қосымша тәжірибенің өзі сезімдік түйсінулер арқылы қалыптасқан дейді. Локктың таным теориясы негізінен үш қағидадан тұрады:
1. Адамда «туа біткен идеялардың» болуы мүмкін емес, себебі идеялардың өзі тәжірибе арқылы пайда болады.
2. Адамның дүниеге келген кездегі ақыл-ойы ештеңе жазылмаған таза тақта немесе «ақ қағаз» сияқты, ол тек тәжірибе арқылы мазмұнға толады.
3. Ақыл-ойда тек сезімдік түйсіктер арқылы қабылданған мәліметтерден басқа ештеңе жоқ, себебі дүниеге шығатын терезе – түйсік.
Сезімдік түйсінудің өзі сыртқы түйсіну және ішкі рефлексия (өзін өзі бақылау) деп екіге бөлінеді. Сыртқы түйсінудің қайнар көзі сезім мүшелеріне әсер ететін материалдық денелер болса, ішкі рефлексияның негізі – адамның өз көңіл күйін іштей сезінуі, қиналуы немесе мақұлдауы.
Психиканың қалай қалыптасатынын түсіндіру мақсатында Локк идеялардың екі түрін қарастырады. Олар: бірінші – сапалы идеяларға денелердің түр , сан, орын, қозғалыс, тыныштық, т.б. сол сияқты қасиеттері жатады, біз оларды шындығында қандай болса, тура сол күйінде қабылдаймыз. Ал екінші сапалы идеяларға денелердің иіс, бояу, дәм, т.б. сол сияқты қасиеттері жатады, оларды біз субъективтік тұрғыдан қабылдаймыз. Осы екі сапалы идеялардың түйсіктерге әсер етуі арқасында біздің санамызда екі түрлі ұғымдар мен пайымдаулар, ұғымдар қалыптасады. Олар тек тәжірибе арқылы қалыптасады да, ой белсенділігін талап етеді. Осы негізде ғылымдар дамиды. Ал екіншісі – сыртқы денелердің түйсіктерге әсер етуінен, не болмаса рефлексия арқылы пайда болған қарапайым ұғымдар, пайымдаулар. Мысалы: «көк» ұғымы – көру түйсігі, ал «қозғалыс» ұғымы – көру және сезіну түйсіктері арқылы пайда болған. Мұндай ұғымдар енжар болу себепті ой белсенділігін талап етпейді. «Бірінші» және «екінші» сапалы идеялар адамның көңіл күйіне байланысты әртүрлі қабылдануы мүмкін.
Ақиқат дегеніміз, Локктың пікірінше, идеялардың өзара сәйкес келуі (ұғымдардың, пайымдаулардың «бірінші», «екінші» идеяларға) және көпшіліктің өзара келісімі.
Адамның қуанышын тудыратын және күшін өсіретін істің барлығы – игілік, ал оған қарама-қарсы іс-әрекет – бақытсыздық. Ең жоғары заң, адамды қуанышқа бөлейтін болғандықтан, ең басты игілік болады. Локк мемлекет туралы ілімінде халықтың егемендігі негізінде қалыптасқан конституциялық монархияны жақтайды. Мемлекет билікті бөлу (заң шығару, атқарушы және сот биліктері) арқылы әлеуметтік топтарға бостандық және құқықтық теңдікті сақтауға кепілдік жасауы тиіс.
Қорыта айтқанда, Бэкон, Гоббс, Локктың ілімдері механикалық-метафизикалық философияның іргетасын қалап, ғылыми зерттеудің индуктивтік және геометриялық тәсілдерін универсалдық тәсілдер дәрежесіне дейін көтеріп, өзінен кейінгі ғұлама ойшылдарға үлкен әсер етті.
XVII-XVIII ғасырларда Англияда философияда «идеалистік сенсуализм» деп аталып кеткен бағыт қалыптасты. Оның іргетасын Дж.Беркли және Д.Юм деген ойшылдар қалады.