Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
Көне қыпшақ жазба ескерткіштері.
Көне қыпшақ ауызекі тілінде жазылған ескерткіштер. Бұл топқа өз заманының ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін бойына жинақтаған, қыпшақтардың тарих сахнасына шығып, гегемондық рөл атқарып тұрған кезінде ХІІ – ХІV ғасырларда жазылған «Кодекс Куманикус», «Терджуман турки уа араби», «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак», «Китаб ат-туһба аз-закия фи луғат ат-туркийа» т.б. сөздіктерді жатқызамыз.
«Кодекс Куманикус» ( «Кумандардың кітабы») ХІІІ ғасырдың екінші жартысында құрастырылып, ХІҮ басында ғана аяқталған. Авторы белгісіз. Түпнұсқа бір-ақ дана. Ескерткіш екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі таза практикалық мақсатта жазылған. Онда тіл үйрету құралы ретінде латынша-парсыша және куманша сөздік, куман тіліндегі үстеу сөздер және олардың латын тіліндегібаламалары, куман тіліндегі есімдер мен есімдіктердің септелу үлгілері жәнелатын тіліндегі баламалары, лексикалық мағыналарына қарай 40 топқа бөлініп берілген латынша-парсыша және куманша сөздік бар; Екінші бөлім кумандар арасында христиан дінін уағыздау үшін жазылған да, діни кітаптардан әр түрлі үзінділер әдейі куман тіліне аударылып берілген. Оның ішінде куманша-немісше-латынша сөздік, куманша мәтіндер, латын тілінде жазылған куман тілінің қысқаша грамматикалық очеркі, итальян тіліндегі өлеңдер, латын тіліндегі мәтіндер бар. Сонымен қатар жеке сөздер, сөз тіркестері мен сөйлемдер, жұмбақтар, дін басылардың өмірі туралы хикаялар да ұшырасады.
Тарихшы ғалым Қ.С.Анарбаевтың айтуынша “КК”-тің зерттелу деңгейін тарихнамалық жағдайда үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Бірінші кезең - “КК” туралы алғашқы мәліметтердің пайда болуы және ескерткішке байланысты алғашқы ғылыми зерттеулер (XVI - XIX ғғ.);
Екінші кезең - “КК”-тің толық ғылыми басылымының жарық көруі
(Г. Кун) мен одан кейінгі кезеңдегі филологиялық тұрғыдан түрлі ғылыми бағыттарда зерттелуі (XIX ғ. - бүгінгі күнге дейін);
Үшінші кезең – eскерткіштің материалдарын ішінара тарихи дереккөз ретінде қарастырған зерттеулер (ХІХ - ХХ ғғ.).
Зерттеу нысаны болып отырған ескерткіш шығыстану ғылымында төрт ғасырдан бері белгілі. “КК” туралы алғаш 1540 жылы итальяндық библиограф Я.Ф. Томазиустың “Petrarcha redivivus”, яғни “Қайта жаңғырған Петрарка” деген еңбегінде айтылды. Автордың келтірген деректері бойынша Италияның Қайта өркендеу (Ренессанс) дәуiрiнiң атақты ақыны Франческо Петрарка 1362 жылы өз кiтапханасы қорының бiраз бөлiгiн Венеция Республикасына сыйға берген. Олар “Alfabetum Persicum, Comanicum et Latinum Anonymi scriptum Anno 1303. Die 11 Julii” деп белгіленіп, “Петраркадан алынған кодекстер” деген атпен әулие Марктың храмындағы үлкен кiтапханада сақталған ”КК” солардың бiрiне саналады.
Немістің ұлы ойшылы, көрнекті математигі Г.В. Лейбництің (ХVІІ ғ.): “Мен Ф. Петрарка кiтаптарының тізбесін көрдiм. Солардың iшiнде көңiл аударғаным куман мәтінінiң сөздiгi болды, бiрақ қанша әрекеттенсем де одан ештеңе түсiне алмадым” деген жазбаларынан “КК” туралы екінші бір мағұлматты көреміз. Ескерткішті алғаш ғылыми тұрғыда зерттеуші шығыстанушы Г.Ю. Клапрот (1783-1835 жж.) болды. Ол “КК”-тi француз тілінде ғылыми айналымға түсiрiп, арнайы зерттеп, “КК”-тiң бiрiншi бөлiмiндегі (ғылымда “КК I” немесе “итальян бөлімі” деп берiлiп жүрген) куман-қыпшақ тілі бөлігін латын әліпбиі негізінде, арабша транскрипциясы мен французша аудармасын көрсете отырып, 1828 жылы өзiнiң диссертациялық еңбегiнің қосымшасы ретінде жарыққа шығарды.
Енді ескерткіштің түпнұсқасы бойынша жұмыс жасау қажеттілігі туындады. “КК”-ті толығымен транслитерациялап, яғни “Кодекстiң” екiншi бөлiмiн анықтап (“КК” ІІ), латын тiлiнде ғылыми айналымға қосқан мажар ғалымы - граф Геза Кун. 1880 жылы Будапешт қаласында “КК”-тің ғылыми басылымы (транслитерациясы) жарық көрді (KUUN G. Codex Cumanicus Bibliotecae ad templum Divi Marci Venetiarum. – Budapest, 1880. – 395 р). Бұл “КК”-тің зерттелуінің екінші кезеңінің басы еді. Ескерткішке “Кодекс Куманикус”, яғни “Кумандар кітабы” деген атау алғаш рет Геза Кунның дуалы аузымен айтылып, жеңіл қолымен жазылып, кейінгі түркітануда сол қалыпта ғылыми айналымға енді. Еңбек жалпы түркiтануға үлкен жаңалық әкелдi. Осыдан кейін “КК”-ті жан-жақты филологиялық бағыттарда зерттеу жұмыстары басталды. Ал 1981 жылы Г. Кунның 100 жылдығына орай, Л. Лигетидің алғы сөзімен қоса, бұл нұсқа cол күйінде екінші рет басылды [4]. Осы еңбек қазiргi кезеңге дейiн “КК”-тiң толық мәтiнi берiлген бiрден-бiр еңбек ретінде құндылығын жоғалтқан жоқ.
1884 жылы академик В.В. Радлов Г. Кун басылымын негiзге ала отырып, кұман тiлiнiң фонетикасы туралы еңбек жазды да, үш жылдан кейiн, 1887 жылы “КК”- тiң екiншi бөлiмін Санкт-Петербургте бөлшектеп, iшiнара қайта бастырды. Бұл басылымдарындағы кемшіліктерді Э. Теза және В. Банг көп сынға алса да, В.Радловтың бұл еңбегі әлі күнге құнды еңбек болып табылады.
Дания ғалымы К. Гренбек 1936 жылы “КК” түпнұсқасының фотокөшірмесін (факсимилесін), ал 1942 жылы кұман сөздерiн немiс тiлiне аударып, “Куманша-немiсше сөздiк” құрап, баспадан шығарды. Бұған зерттеушілер жоғары баға берді.
Енді түркітанушы-филологтар тарапынан “КК”-ті жан-жақты қолға алуға мүмкіндік ашылды. Ескерткіште қамтылған қыпшақ және парсы тілдерінің лексикасына зерттеу жүргізу, жұмбақтар мен діни мәтіндерді ішінара транскрипциялау және аудармасын жасау, куман күнтізбесіндегі ай атауларын қалпына келтіру, В.В. Радлов, Ю. Немет, С.Е. Малов, А. фон Габэн, Д. Монкизаде, А. Бодролигетти, А. Титце, М. Моллова, Ә. Құрышжанов, Х. Махмутов, Д. Дрюлль, Қ.И. Мандоки, Т.М. Гарипов, А. Вамбери, А.Н. Самойлович, Т. Ковальский, А. Зайончковский, А.Н. Гаркавец еңбектерінде ескерткіш тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, кейбір сөздердің этимологиясы қарастырылды.
Енді куман-қыпшақ тілін түркі және басқада тілдермен салыстыра зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. В.В. Радлов татар-мишарлар және қарайым тілінің Галич диалектісімен, ал құмық, ноғай, қарашай-балқар тілдерімен А.Н. Самойлович, мәмлүк қыпшақтар тілімен Н.А. Баскаков, латын тіліне қатысты Г. Кун, С. Дезимони, парсы тілдерінің мәселелерімен Д. Монкизаде және А. Бодроглигетти, неміс тілі мен ол тілдегі мәтіндерге орай Д. Дрюлль еңбектерінде, орыс тіліндегі сөздерге қатысты О. Блау мен Д. Расовский, қарайым тіліне қатысты А. Зайончковский, К. Мұсаев, армян-қыпшақ тілі ескерткіштері тілімен қатысты жағы Ж. Дени, Т.И. Грунин, И.А. Абдуллин, А.Н.Гаркавец еңбектерінде қарастырылды. Соңғы уақыттарда қырғыз тілімен тарихи арақатынасы Р. Қоңырбаева жұмыстарында салыстырыла бастады.
Осы бағыттағы зерттеушілер арасынан С.Е. Малов, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, Э. Тенишев, Ә. Құрышжанов, А.Қ. Жұбанов, А.Б. Белботаев, Э. Фазылов, К. Мұсаев, А.А. Чеченов, Б. Сағындықұлы, С. Дүйсен, С. Боранбаев, Ә. Ташауов, М. Ескеевалар еңбектерінде “КК” ескерткішін қыпшақ тіл тобындағы халықтарға ортақ мұра деп қарастырылған.
Қазақ ғалымдары арасында ескерткішті алғаш зерттеу нысаны етіп алушы Н. Сауранбаев пен Ә. Құрышжанов жәдігерді қазаққа да жаттығы жоқ жазба ескерткіш деп бағалап, филологиялық тұрғыда әр қырынан қарастырды Аталмыш ескерткіш материалдарынан қазіргі қазақ тіліне ұқсас көне қыпшақ тілінің үлгілерін көптеп кездестіреміз. Мысалы, алғыш (алғыс), аманат, бұйруқ (бұйрық), бірлік, егілік(игілік) т.б. Қазақ ғалымдарының ішінен бұл ескерткішті лексика-грамматикалық тұрғыдан зерттеген Ә.Құрышжановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Қазақстандық ғалымдар тарапынан “КК”-тегі лексикалық қорын этнолингвистикалық тұрғыдан түгел қамтып, індете зерттеудің құнды тұстарын көрсеткен пікірлер де айтылды. Дегенмен бұл жұмыстардың бәрі “КК”-тің, негізінен, филологиялық бағытта саралаудан өткенін және өтіп жатқанын көрсетеді.
Алайда осындай жұмыстар арасында жазба ескерткіштің тарихи дереккөз ретіндегі маңызына алғаш назар аударған ерекше зерттеулер де бар. Бұл үрдісті ескерткішті зерттеудің үшінші кезеңі десе болады.
П.В. Голубовский, И.Г. Добродомов (О половецких этнонимов в древнерусской литературе // ТС 1975. – Москва: Наука, 1978. – С. 102-129), С.Г. Кляшторный (Кыпчаки в рунических памятниках // Turcologica, 1986. – Ленинград: Наука, 1986. – С. 153-164), С.А. Плетнева , П. Голден сияқты ғалымдар зерттеулерінде КК”-тың лексикасындағы терминдерді - этникалық атауларды, кісі аттарын, жер-су атауларын ортағасырлық түркілер, оның ішінде куман-қыпшақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы, шарушылығы мен мәдениетінің деңгейі мен тарихи сабақтастығын анықтауда тарихи дереккөз ретіндегі пайдаланды. Ономастикалық атаулардың негізін анықтауда дереккөз ретінде қарастырған В.А. Бушаковтың (Термины, обозначающие селения и крепости, в топонимии Крыма // СТ. - 1985. № 2. – C. 28-37)еңбегін атауға болады.
Академик В.В. Бартольд, археолог Г.А. Федоров-Давыдов еңбектерінде “КК” мәдениет тарихының тамаша дереккөздерінің бірі ретінде бағаланды. Музыка зерттеушілері “КК”-те келтірілген ноталарға арнайы назар бөле келе, оның қазақтың халық әні “Елім-айдың” әуеніне өте жақын екендігі туарлы пікір білдірді.
Қорыта айтқанда, “КК” негізінен, филологиялық тұрғыдан біршама зерттелді десек те, әлі де талай сараптауды қажет етеді. Шығыстанушы, тарихшы, археолог ғалымдар тарапынан оның кейбір терминдері дереккөз ретінде ішінара пайдаланылған. Ал ортағасырлық куман-қыпшақтар тарихына байланысты тарихи дереккөз ретінде арнайы зерттеген жас ғалым Қ.С.Анарбаев.
Ортағасырлық қыпшақ тiлдi ескерткiштердің қатарында “КК”-ті зерттеуде Ә. Құрышжановтың сіңірген еңбегi зор. Зерттеуші тарапынан жазба ескерткішке байланысты арнайы ғылыми кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Ғылыми мақалаларында “КК”-тегі лексиканың жарық көрген басылымдарда әлі де болса дұрыс оқуды қажет ететін тұстары көп екенін айта келіп, ескерткіштегі жүзге тарта сөз әлі дұрыс танылып, оқылған жоқ деп көрсетеді. Әсіресе, ғылыми баспа бетiн көрген басылымдар мәтiнiндегi сөздердiң көлемi мен жиілігіне қатысты жарық көрген еңбегінде бұрынғы басылымдарда қарастырылған сөздер көлемі де әртүрлі екенін анықтағаны байқалады. Мысалы, Г.Ю. Клапрот басылымында 2500, Г. Кун басылымында 2800, В.В. Радловта 3000 сөз, ал К. Гренбек басылымында 2700 сөз қамтылған. Қазақ ғалымдары өз еңбектерінде 2940 сөзді тізіп көрсеткен (Құрышжанов Ә.Қ., Жұбанов А.Қ., Белботаев А.Б. Куманша-қазақша жиілік сөздік. – Алматы: Ғылым, 1978. -277 б.). Бұл еңбе ескерткіш материалдарын қазақ оқырмандарына таныстыруда маңызы зор.
Қазақстандық ғалым А.Н. Гаркавец 2006 жылы ескерткіш ішіндегі куман жұмбақтары мен христиан діні уағыздарының мәтіндерінің мағыналарының орыс тіліндегі аудармасын жасап, баспадан шығарды. Аталған басылым ескерткіштің материаладарын толық қамтымаса да, ескерткіштің түпнұсқасын әліпбилік жазылуы мен дыбысталуын дұрыс оқуда терең талдау жасалған еңбектердің бірі және “КК” жәдігерлігін, оның деректерін орыс тілді оқырмандарға таныстыруда пайдалы жұмыс болды. Бұл еңбектегі кейбір аудармаларды әлі де этнопсихологиялық тұрғыдан саралау керектігі байқалады.
Куман-қыпшақ-половец тілінің ерекшеліктері бар:
Достарыңызбен бөлісу: |