Дәріс-№ 1.
Қыпшақтанудың зерттеу обьектісі және мақсат-міндеттері
Еліміздің басты рухани дамуының көзі – қазақ тілінің тарихын, қазақ ұлты тарихын зерделесек байырғы қыпшақтардың көне іздеріне соқпай кете алмаймыз. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деді. Халқымыз мекендеген ұлан-ғайыр аймақтағы руханияттың алты мың жылдық тарихи дамуын 12 кезеңге бөліп көрсетті. Осы кезеңдердің ішіндегі жетінші, сегізінші кезеңдердің мәні зор. Жетінші кезең – XI ғасырдан бастау алып, түркілердің тұңғыш сопысы Қожа Ахмет Яссауидің ілімімен өрнектеледі. Сегізінші кезең -XII-XIV ғасырлар. Бұл -тарихтағы қарахандықтар дәуірі, Қыпшақ конфедерациясының қалыптасуы, Монғол шапқыншылығы, Алтын Орданың өркендеуі сияқты елеулі оқиғаларға толы кезең. Осы кезеңдерде телегей теңіз біртұтас түркі тілінен бүгінгі қыпшақ тілдерінің даралану үрдісі басталды. Қазақ тілінің, қазақ ұлтының және басқа да қыпшақ тектес ұлттардың бастауларын көне түркі заманынан бастау алып, орта түркі заманында дәуірлеген қыпшақтар қауымдастығынан іздейміз. Қыпшақтар қауымдастығы, олардың тарихы мен мәдениеті туралы соңғы кездерде жазылған тарихи, лингвистикалық еңбектер қыпшақтану саласының түркітанудан бөлініп шыға бастағанын көрсетеді. Сондықтан Қыпшақтану - Қазақтанудың басты бағыты деп, ал Қыпшақтанумен шұғылдану - қыпшақ әлемінің қара шаңырағы - Қазақстанның тарихи миссиясы деп санауға болады.
Қыпшақтану – түркітанудың құрамдас бөлігі болғанымен, өзіндік бағыт-бағдары, мақсат-мүддесі бар сала. Қыпшақтану – далалық көшпелі өркениеттің қыпшақтық тарихын, ділін, тілін, этнографиясын, мәдениетін т.б. қырларын тұтас зерттеуді көздейді. Бүгінгі қыпшақ тектес этностардың арғы тегін, түп-тамырын бүгінгі қалпымен салыстырып, тарихи жалғастық сабақтастық ізін ашып көрсетуді мақсат етеді.
Араб ғалымдарының ғылыми еңбектеріне сүйенсек, қыпшақтар IX ғасырда белгілі болған. «Қыпшақ» сөзі ең алғаш Селенга өзенінің бойынан табылған Элетміш Күл Білге қағанының (747-757) басына қойылған құлпытаста кездеседі. Онда «түрк кыбчак еліг йыл ол дурмысың» (түрік қыпшақтар бізді елу жыл басқарғанда) деп жазылған. XI ғасырларда қыпшақ тайпалары өсіп-өркендеп, оғыздарды ығыстырып, тарих сахнасына шықты. Гегемондық жағдайда қыпшақ қауымдастығына басқа тайпалар да қосылып, қыпшақтанып, қыпшақ тілінің шеңбері кеңейе түсті. IX-XIII ғасырлардағы Еуразиялық қуман қыпшақтары мен Дешті-и-Қыпшақ мәдениетінің таралу өрісі ғылымда белгілі. XI-XIII ғасырларда Шығыс Дешті-и-Қыпшақ даласында қыпшақтардың негізгі этникалық кеңістігі қалыптасты. Бұл кеңістік қазіргі Қазақстан аймағын толығымен қамтыды. Кейін монғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Алтын Орда және мәмлюктер билігі тұсындағы Мысыр мен Сирия жерлерінде негізгі қатынас тілі қыпшақ тілі болып, халықаралық тіл дәрежесіне көтерілді. Осы кезеңдерде көне қыпшақ тілінде жазылған шығармаларды лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу қажет. Олардың тілін бүгінгі жекелеген қыпшақ тілдерімен салыстыра зерделей отырып, көне қыпшақ әдеби тілінің бүгінгі мұрагері қай тіл екендігін анықтау. Қыпшақтану проблемасы ең әуелі тілге байланысты өріледі. Көне қыпшақ тілі туралы ең алғаш мәлімет берген автор – М.Қашқари. «Диуан лұғат ит – түрік» атты еңбегінде қыпшақ тілінің кейбір грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін талдап көрсетеді. М.Қашқари түркі тілдерін зерттей келе ХІ ғасырда жеке қолданылған “қыпшақ тілі” болғандығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, ол “қырғыз, қыпшақ, гуз, тухси, яғма, чығыл, арғу, йаруқ тайпалары – бәрі бірдей түрікше бір тілде сөйледі” деп жазады. Белгілі ғалым Н.Т.Сауранбаев осы деректерге сүйене келіп “бұл аталған тайпалар тілдері өзара бірігіп кетіп, бірегей тілге айналған да, ортасынан бір топтан қыпшақ тілін шығарған” дейді. Шынында да ХІІ ғасырларда қыпшақ тайпаларының салмағы саяси аренада арта түсті. Қыпшақтардың мемлекеттік одағына әр алуан тайпалар бірікті. Қыпшақ тілі сондықтан аралас тіл болды. Бірақ басқа тайпалардың тілінен гөрі үстем тайпа қыпшақтардың тілі гегемондық роль атқарды.
М.Қашқари түркі тілдерінің лексикалық ұқсастықтарын айта отырып, олардың дыбысталу жүйесіндегі кейбір айырмашылықтарды ашып көрсетті. Қыпшақ тілінің мынадай басты фонетикалық ерекшеліктерін назарға ұсынды:
й дыбысының орнына дж(ж) дыбысын қолданады: йанджу емес джанджу (шуда).
ш дыбысының орнына с дыбысын айту: талыс, қысыр.
д дыбысының орнына т дыбысын қолдану: дәуә емес тәуә (түйе), бүгде емес бүкте (қанжар).
д дыбысының орнына й дыбысын қолдану: қадық емес қайық.
ғ дыбысының айтылмай түсіп қалуы: чумғақ емес чумуқ (шымшық торғай, қара торғай), тамғақ емес тамақ.
Демек, ХІ ғасырдың ортасында қолданылған қыпшақ тілінің фонетикалық негізгі көрсеткіші – дж(ж), с, т, й дыбыстарының қолданылуы мен ғ(г) дыбысының айтылмай түсіп қалуы болып отыр.
Осы фонетикалық ерекшеліктер бүгінгі қазақ тілінің бойында сақталған. рта ғасырлардағы «қыпшақ тілінің» тілдік заңдылықтары бүгінгі 10 шақты қыпшақ тілдерінің ішінен қазақ тіліне әлде қайда жақын, ұқсас келетініне дәлел көп. Мағжан ақын сөзімен айтсақ, «қыпшақтардың бір кезде дәуірлеп жасаған жазира даласының қара шаңырағының мұрагерлері де сол қазақтар». Яғни, қазіргі қазақ тілі - көне қыпшақ тілінің жаңа заманға сай өзгерген, дамыған, түрленген түрі. Қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт тілдерінің қалыптасуына негіз болған көне қыпшақ ауызекі тілі және көне қыпшақ әдеби тілі осы тұста өркендеді. Орта ғасырларда қыпшақ тілінде көптеген грамматикалық еңбектер, сөздіктер, әдеби шығармалар жазылды.
Достарыңызбен бөлісу: |