Профессор блогы 23 мамыр, 11:22-де жарияланды. Таңертең тереземнен қарағанымда Рапа-Нуиде тұрған кезде ұнатып үйренген көріністі тағы бір рет көрдім, кейбір елдерде бұл арал Пасха аралы деген атаумен де белгілі. Көгал мен бұталар – жап-жасыл, аспан – көгілдір, ал көкжиекте – әлдеқашан сөнген көне жанартаулар.
Бұл менің аралдағы соңғы аптам екенін есіме алсам, жаным жабырқап қалады. Зерттеу жұмысымды аяқтадым, енді үйге қайтуым керек. Бүгін кешке төбелерді аралап, тоғыз ай бойы зерттеген моаимен қоштаспақпын. Аталмыш алып ескерткіштің бірнешеуін мына суреттен көре аласыз.
Биыл блогымды зейін салып оқып жүрген болсаңыз, Рапа-Нуи тұрғындары моаи мүсіндерін жүздеген жылдар бұрын жасағанын білесіз. Таңғалдырарлық бұл мүсіндер аралдың шығыс бөлігінде орналасқан жалғыз тасқашау орнында жасалған. Олардың кейбірінің салмағы мыңдаған килограммға дейін жеткен, бірақ Рапа-Нуи тұрғындары мүсіндерді көтергіш, не өзге ауыр жабдықтың көмегінсіз тасқашау орнынан басқа орынға көшіре алған.
Ауыр мүсіндерді орнынан қозғалтудың қалай мүмкін болғаны жылдар бойы археологтарға белгісіз болды. Бұл 1990-жылдарға дейін жұмбақ болып келді, алайда Рапа-Нуи тұрғындары мен археологтар тобы моаи мүсіндерін өсімдіктен жасалған арқандар мен аралда кезінде жайылып өскен ірі ағаштардан жасалған дөңгелектер мен тіреуіштердің көмегімен көтеріп, тасымалдауға болатынын көрсетті. Осылайша моаи мүсіндерінің құпиясы ашылды.
Алайда ашылмаған тағы бір құпия бар. Моаи мүсіндерін жылжытуға пайдаланылған өсімдіктер мен ірі ағаштар қайда жоғалып кетті? Айтып кеткенімдей, тереземнен қарағанда көгал мен бұталар, екі-үш ағаш көрінеді, бірақ алып мүсіндерді орнынан қозғалта алатындай ешнәрсе көрінбейді. Бұл таңғажайып жұмбақты алдағы жарияланымдар мен дәрістерімде сөз етемін. Оған дейін бұл құпияны өзіңіз де зерттеп көрсеңіз болады. Ол үшін Джаред Даймондтың «Коллапс» кітабынан бастауға кеңес беремін.
Жиһанкез_14 24 мамыр, сағат 16:31 Сәлеметсіз бе, профессор! Сіздің Пасха аралындағы жұмысыңыз жайында оқу маған қатты ұнады! «Коллапс» кітабының шолуын оқуға асықпын!
КБ_Арал 25 мамыр, сағат 09:07 Маған да Пасха аралындағы тәжірибеңіз туралы оқыған ұнайды, бірақ меніңше, қарастыруға тұрарлық тағы бір теория бар. Мына мақаланы оқып шығарсыз: www.sciencenews.kz/Polyneziyalik_ egeukuirik_Rapa_Nui
Блогтағы ақпаратқа сүйенсек, профессор зерттеу жұмысын қашан бастаған?