Татарлар. Қазақстанға татарлардың келуі патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлауға кіріскен кезінен басталды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда патша үкіметі қазақ даласына ислам дінін тарату саясатын жүргізді. Бұл ретте қазақтардың арасына молдалар татарлардың дін қызметкерлері қатарынан ғана жіберілді. Мұның өзі қазақтарды Орта Азиядағы діни орталықтардың ықпалынан оқшауландыру мақсатымен жасалды.
Қазақ хандары мен сұлтандарының басым көпшілігі өздерінің жеке хатшылары етіп Орынборға таяу жердегі Сейітов слободасынан шыққан сауатты татарларды ұстады. Татар көпестер Ресей мен қазақ даласы арасындағы сауда-саттықтың дамуына байланысты өздерінің белсенділігін күшейте түсті. Қазақтардың тілін, әдет-ғұрып және салт-санасын жақсы білгендіктен де татарлар сауда-саттық саласында делдалдық рөл атқарды. Татар көпестерінің қазақ даласындағы ықпалы мен беделі бірте-бірте күшейе түсті. Татарлардың ауқымды бір тобын Қазақстан аумағына Еділ бойы губернияларының помещиктері жер аудартып жіберді. Татарлар өлкенің ірі Петропавл, Семей, Орал, Көкшетау, Верный, Ақмола, Павлодар, Зайсан және Өскемен қалаларында тұрды. Олардың неғұрлым жиі орналасқан жерлерінде татар слободкалары пайда болды.
Бұл халықтың өкілдері қазақ даласында жаңа әдіспен оқытатын жәдиттік мектептер ашудың бастамашылары болды. Қазақтар татар зиялылары шығарып тұрған газеттер мен журналдарды зор ықыласпен оқыды. Қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарын көбінесе татар көпестері қаржыландырып тұрды. Кейінірек патша үкіметі исламның қазақ даласында күшейіп бара жатқанынан қауіптеніп, сауатты және іскер татарлардың қызметінен бас тарта бастады. 1897 жылы Қазақстанда тұратын татарлардың жалпы саны 56 мыңға дейін жетті. Мұның өзі Қазақстандағы бүкіл халықтың 1,3 пайызы еді.
Белорустар. Белорустар Қазақстан аумағына Белоруссияда 1863-1864 жылдары К. Калиновский бастаған көтеріліс қатыгездікпен басылғаннан кейін келді. Ол кезде Белоруссиядан шет аймаққа 12 мыңнан астам адам жер аударылған болатын. Солардың кейбір топтары Қазақстанның солтүстік аймағын қоныс етіп, орналасып қалған еді. XIX ғасырдың 70-жылдарында Қазақстанның солтүстігіне төңкерісшіл белорус халықшылдары жер аударылды. Кейінірек бе- лорус социал-демократтары да осы өңірден бір-ақ шықты. Белорус социал-демократтар ұйымының белсенді мүшесі П. Румянцев өзінің жер аударылған мерзімін Ақмола облысында өткізді. Кейін Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде көптеген белорус Қазақстанның селолық жерлеріне қоныс аударды. Белорустардың негізгі кәсібі егіншілік болды.