5. Көтерілістің жеңілу себептері және тарихи маңызы. Қасым Абылайұлы мен Саржан Қасымұлы бастаған көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Өйткені олар көтерілісті отаршылдыққа қарсы кең көлемде ұйымдастыра алмады. Көтерілісшілер патша үкіметінің жақсы қаруланған тұрақты әскер бөлімшелеріне қарсы тұра алмады. Дегенмен де бұл көтерілістің қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихындағы алатын маңызы зор. Ол қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған қуатты ұлт-азаттық көтерілістің басталуына негіз қалады.
Десятина –1,09 гектарға тең жер көлемі
Шерғазы (Серғазы) Айшуақұлы – Кіші жүздің ханы. 1812-1824 жылдары билік етті. 1835 жылы қайтыс болды.
Сұлтан Қасым Абылайұлының Орынбор әскери губернаторына Көкшетау округтік приказын жоюды өтініп жазған хаты. 1825 жылғы 24 маусым Өтініш «Омбыдағы генерал Капцевич мырза қырғыз-қайсақ даласына қарайтын Көкшетау қаласында мекеме ашып, біздің сұлтандарымыз бен старшындарымызды сонда еріксіз түрде шақыртып алып, олардың намысына тиетін мәжілістер өткізіп жүр. Біздің сұлтандарымыз бен старшындарымыз бастаған ордалықтар бұған келіспейді, ондағы сот орындары мекемесінің болуына қарсы. Өйткені Абылай ханға адал адамдардың ешқайсысы да мұндай мекеме орындарын ашуды ешқашан сұраған емес. Ал Омбы генералы мәртебелі император тақсырға өз бетінше кіріп, осындай сот орындары мекемелерін ашуды Абылайға адал адамдардың, сұлтандар мен старшындардың өздері сұрады және оның мәжілістеріне қатысуға ықылас білдірді деп өтірік айтып, өте әділетсіз әрі дұрыс емес мәлімдеме жасаған. Осы себептерге байланысты қарамағымдағы сұлтандарым мен ордалықтарым, барлығымыз Жоғары мәртебелі ұлы тақсырдан біздің бұдан былай да менің әкем Абылайдың тұсындағыдай, яғни өзіміздің ежелгі дәстүрлі әдет-ғұрыптарымыз бойынша өмір сүре беруімізге рұқсат етуді өтініп сұраймыз... Біз жоғарыда айтылған мекеме орындарының құрылуымен келісе алмаймыз және ондағы мәжілістерге қатысқымыз да келмейді...» Қазақстанның саяси құрылымының тарихы жөніндегі материалдар. Алматы, 1960, 1-том, 197-бет.