XIX ғасырдыц 60-90-жылдарында жүргізілген әкімшілік реформалар қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Ол реформалар Қазақстанды шаруалар арқылы кең көлемде отарлап алуға берік негіз қалады. Орыс шаруаларын ішкі Ресейден жаппай қоныс аударту көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жүзеге асырылды. 1. Шаруаларды Қазақстан аумағына жаппай қоныс аударту себептері. Егер XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аударту ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.
Мұның бірқатар себептері болды. Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті. Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аударту арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді. Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын. Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді.
Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай оңды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ. Оның үстіне, Ресейдің ол жақта қалған жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлар мен хаттар еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.