4. Столыпиннің 1906 жылғы аграрлық реформасы. Қазақ халқының заңды құқығын мүлде елеп-ескермеудің бір белгісі қоныс аударушы шаруалар санының одан әрі арта түсуі болды. Бұл ретте жергілікті халықтың өкілдерімен алдын ала кеңесу, ақылдасу деген атымен болған жоқ. 1906 жылы Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы П. А. Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аударту туралы шешім қабылдады. Шаруалар қауымын ыдырату, оларды Қазақстанға қоныс аударту жөніндегі реформа Столыпиннің аграрлық реформасы деп аталды.
Бұл реформаның көздеген негізгі бағыты қоныс аударушы шаруалар қозғалысының кеңінен етек алуын қамтамасыз ету болатын. Шаруалардың шығысқа қарай, атап айтқанда, Қазақстан аумағына қоныстануына құқық берілді. Ал олардың бұрынғы жерлеріне қайтып оралуына елеулі түрде шек қойылды. Шаруаларды жер телімдерімен қамтамасыз ету қазақтардан тартып алынған жерлердің есебінен құрылған отаршылдық қоныс аударту қорынан жүзеге асырылды.
Жергілікті қоныс аударту мекемелері шаруаларға хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттелінді. Жер бөлумен айналысатын мекемелерге жергілікті халықтың жерін тартып алып, олардың жеріне келімсек шаруаларды орналастыруына рұқсат етілді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазақтардың егін суару құрылыстары да тартып алынды.
Шаруаларға ең құнарлы жерлерді іздеп тауып, көріп келетін адамдарды кедергісіз жіберіп тұру құқығы берілді. Шаруалардың теміржолмен жүруге де жеңілдіктері болды. Оның үстіне, патша үкіметі шаруалардың қазақ жеріне емін-еркін қоныс аударуын кеңінен насихаттады.
1917 жылға қарай жергілікті байырғы халықтың пайдалануындағы 45 миллион десятина жер тартып алынды. Бұл кезде Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтап қалған болатын.
5. Жергілікті халық жағдайының нашарлай түсуі. Ішкі Ресейдегі шаруалардың Қазақстан аумағына қоныс аудару тасқыны мұндағы байырғы халықтың жерін жаппай тартып алуға ұласты. Қазақтар өздері ғасырлар бойы отырған ежелгі қоныстарын, ондағы қыстауларын, ата-баба зираттарын тастап, қиыр шеттегі әрі құнарсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды. Отаршылдық саясат келімсек орыс шаруалары мен жергілікті қазақтардың арасында ғана емес, қазақтардың өз араларында да жанжалды дау-дамайлар тудырды.
Тартып алынған жерлердің ең жоғары мөлшері Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы неғұрлым құнарлы жерлер еді. Мәселен, қоныс аударып келген шаруалар қорына деп Омбы уезінде бүкіл жердің 52% -ы, Қостанай уезінде - 54% -ы, Ақмола уезінде - 73% -ы тартып алынды.
Мұның өзі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды күйзелтті. Кедейленіп, қайыршыланған қазақтардың күнкөріс қамымен түрлі кәсіпшіліктерге, соның ішінде тау-кен өнеркәсібіне жұмыс іздеп кетуіне тура келді. Олар жатақтар деп аталды.
XIX ғасырдың аяғына қарай жатақтардың қалалар мен казактар поселкелеріне қарай ағылуы күшейді. Осыған байланысты патша үкіметінің жергілікті өкімет билігі Дала генерал-губернаторының алдына оларды бұрынғы тұрғын орындарына қайтару мәселесін қойды. Жатақтар аянышты хал кешті, бір күндік ұсақ-түйек жұмыстар атқаруға жалданып күн көрді. Ондаған мың қазақтар зауыттар мен фабрикаларға, кен орындарына, тұз өндіру кәсіпшіліктеріне жұмыс іздеп кетті. Қазақстанмен көршілес Томск және Тобыл губернияларының аумағында 50 мыңға жуық қазақ билет бойынша тұрып жатты. Олардың көпшілігі маусымдық жұмыстар атқаруға жалданды. Іс жүзінде Батыс Сібірдегі қоныс аударушы орыс шаруаларының малын тақыр кедейге айналып, әбден қайыршыланған қазақтар бақты. Олар өздерінің жүрген жерлерінде түтін салығын да, жалданып жұмыс істеу үшін жиналатын алымдарды да толық көлемінде төлеп тұрды.
Күн көру, тіршілік ету және өздерінің жерлерін аман сақтап қалу мақсатымен қазақтар отырықшы өмір салтына көшуге мәжбүр болды. Оларды бұл жағдай да құтқара алмады. Дәстүрлі бақташылықтан бірден егіншілік кәсібіне көшу оңай тиген жоқ. Қазақтардың көпшілігінде егіншілікпен айналысуға қажетті құрал-саймандар болмады, тұқымдық дән де жеткіліксіз еді. Оның үстіне, жер өңдеудің дағдылы әдістерін де білмеді.
Аймақтағы демографиялық жағдай да өзгерді. Бір жағынан, қазақтардың, екінші жағынан, шаруалар мен казактардың арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткин былай деп мойындауға мәжбүр болды: «Қырғыздар (қазақтар. - авт.) соңғы 30 жылда, әсіресе соңғы 12 жылда барлық жағынан да қыспаққа алынды. 1904 жылдан бастап тек Жетісу облысы бойынша ғана олардан бірнеше миллион десятина жер тартып алынды».