3. Орынбор казактары. Орынбор казак әскерлері 1748—1755 жылдар аралығында құрылды. Олардың Жайық казактарынан айырмашылығы - өз беттерімен келіп, стихиялы түрде құрылған жоқ, патша үкіметінің бастама көтеруі бойынша арнайы мақсатпен құрылды. Орынбор казактарының негізгі ұйытқысы Самара, Уфа, Алексеев казактары болды.
Олар шекараны қорғау күзетінде қызмет етті. Бұл әскер өзінің құрамы жағынан көпұлтты еді. Орыстардың басым болуымен қатар, оның құрамына украин, башқұрт, қалмақ т.б. халықтардың өкілдері енді.
Орынбор казак әскерлері Орынбор губерниясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекараларында орналасып, осы өлкенің шамамен төрттен бір бөлігін алып жатты.
1840 жылы «Орынбор казак әскерлері туралы Ереже» шықты. Ол бойынша, Орынбор казак әскерлерінің жерінде тұратын барлық шаруалар казактар тобына қабылданды. Бұл казак әскерлері өзінің ұйымдастырылуы жағынан тұрақты орыс әскеріне жақын келді. Орынбор казактарының қатарына Ставрополь қалмақ әскері келіп қосылды. Орынбор казак әскерлерінің орталығы Орынбор қаласында орналасты.
Казактар негізінен селолық жерлерде қоныстанды. Қалаларда казактардың небәрі 2% -ы тұрды. Орынбор казактары негізінен егіншілікпен, мал өсірумен, балық аулаумен айналысты. Казак әйелдері ешкінің түбітінен түрлі орамал тоқыды. Бүкіл Ресейге және одан тыс жерлерге кеңінен танымал болған Орынбор шәлісі, орамалы, бөкебайы, бетперделері мен қолғаптары солардың қолымен тоқылатын.
Орынбор казактары өзінің күнделікті өмірінде қазақ халқымен ұдайы араласып тұрды. Казак әскерлерінің аумағындағы жалға алған жерлерде қазақтар көшіп-қонып жүрді.
4. Сібір казактары. Сібір казак әскерлерінің негізін полиция қызметіндегілер құрады. Олар XVI ғасырдың аяқ кезінен бастап Сібір әскери бекіністерінде күзет қызметін атқарды. XVIII ғасырда Батыс Сібірдің оңтүстігінде бірқатар шекаралық бекініс қамалдар бой көтерді. Сібір казактары XVIII ғасырдың аяғына дейін Сібірдегі орыс шаруаларының есебінен толығып отырды. Казактардың қатары солдаттардың ержеткен балаларының, саяси жер аударылып келгендер мен башқұрт, мещеряктар және Дон казактарының есебінен де толықтырылды. 1808 жылы Сібір казактары Сібір шекара шебінің казак әскерлері деген ресми атқа ие болды. Әскердің штабы Омбы қаласында орналасты. Олардың әскери атаманы Батыс Сібір генерал-губернаторына, ал кейінірек Дала өлкесінің генерал-губернаторына тікелей бағынды.
XIX ғасырдың аяқ кезінде Сібір казак әскерлері екі облысқа - Ақмола және Семей облыстарына орналастырылды. Олардың тағы бір бөлігі Томск губерниясының Бийск округіне жайғастырылды.
Сібір казактарының әрқайсысына тиесілі жер телімінің көлемі орта есеппен алғанда 30 десятинадан айналды. Жерді тек ер-азаматтар ғана алды. Офицерлерге жер әлдеқайда көп берілді. Олар жерді өмір бойы пайдалану құқығына ие болды. Бірақ олар әдетте ол жерлерді қазақтарға және қоныс аударушы орыс шаруаларына жалға беріп отырды. Сібір казактарына су көздері бар ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінетін. Казактар Ертістің оң жағалауындағы Долон, Шульба және Қарағайлы ормандарын да иеленді. 1904 жылы патша жарлығымен ені он шақырым келетін далалық алқап Сібір казактарының «мәңгілік меншігіне» бекітіліп берілді.
Сібір казактарының негізгі кәсібі егіншілікпен айналысу болды. Бірақ далалық ауа райының құбылмалылығы, құрғақшылықтың жиілігі, қақаған күшті аязды күндердің көптігі егін егуде қыруар қиыншылықтар туғызды. Казактардың арасында бау-бақша, темекі өсіру де жақсы дамыды. Петропавлмаңында бау-бақша өсірумен айналысатын тұтас казак поселкелері құрылды. Шекара шебінің темекісі «махорка» бүкіл Сібірге кеңінен тарады. Казактар сонымен қатар кендір өндірумен де айналысты, сора өсірді.
Казак әскерлері мал да ұстады. Мұның өзі егін шаруашылығына және жорыққа да қажет еді. Өзендер мен көлдердің көптігі балық аулау ісін де дамытты. Олар Ертіс өзені мен Зайсан көлінде балық аулауды өздерінің иелігіне айналдырып алды. Казактар сонымен қатар жүк тасымалымен, тері илеу және тоңмай дайындау кәсіпшіліктерімен де айналысты. Сауда-саттықпен де шұғылданды, жергілікті қазақтармен сауда жасасты.
Жол жөндеу жұмыстары үшін алынатын баж салығы да казактардың пайдасына түсетін. Кедейленіп, қайыршылық күйге түскен көптеген қазақтар казактарға жалданып жұмыс істеді. Жалпы алғанда ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында Ертіс шекара шебінде 100 мыңға жуық қазақ жалданып жұмыс істеген. Сібір казактары өз жерлерінің бір бөлігін қазақтарға жалға беріп, табыс тауып отырды. XX ғасырдың басында Батыс Сібірдің бұрынғы генерал-губернаторы И. Бабков:«Казактар Дала өлкесінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, жергілікті қазақтарды қанап отыр», - деп жазды.
Сібір казактарының тарихын, олардың Ертіс бойындағы қазақтармен қарым-қатынасын зерттеумен белгілі тарихшы және өлкетанушы генерал Г. Е. Катанаев айналысты.