2. Жұмысшы қозғалысының күшеюі. 1905-1907 жылдары жұмысшылардың бірқатар толқулары болып өтті. Жұмысшылар алғашқыда жоғары жақтағы аймақтық бастықтардың атына арыз айтып, шағым түсіріп көрді. Жұмысшылардың кәсіпорындарды тастап, қашып кетуі де аз болған жоқ. Кейінірек жұмысшылар бұйрыққа бағынбау және ереуіл сияқты наразылық түрлеріне көше бастады. 1904 жылыЗайсан уезіндегі Надеждинск кен қазу орнында жұмысшылардың ереуілі болып өтті. Оған Мейірхан Кемаловбасшылық етті. 1905 жылы Қазақстандағы теміржол жұмысшылары Бүкілресейлік саяси ереуілге қатысты. Жұмысшылар тез арада саяси кепілдіктер мен бостандықтар берілуін, Құрылтай жиналысын шақыруды талап етті.
1905 жылғы 15 қарашада Қарқаралы қаласында жұмысшылар мен шаруалардың, солдаттардың, сондай-ақ енді қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары өкілдерінің саяси шеруі болып өтті. Шеруді ұйымдастырушылардың бірі Жақып Ақбаев Семей түрмесіне қамалды.
1905 жылғы желтоқсанда Спасск мыс балқыту зауытында, сондай-ақ Қарағанды кен қазу орындарында үлкен ереуілдер орын алды. Оларға іле-шала Павлодар қаласындағы өзеншілер де бас көтерді. Жұмысшылар жалақыны көбейтуді, азық-түлік бағасын арзандатуды, жұмыс күнін шектеуді, тағы басқа жеңілдіктер беруді талап етті.
Осымен бір мезгілде Успенск кенішінде жұмысшылардың ірі баскөтеруі басталды. «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» құрылды. Жүмысшылар жалақыны көбейтуді, тұрмыс жағдайын жақсартуды, орыс-қазақ училищесін ашуды талап етті. Кеніш иелері олардың талаптарын ішінара қанағаттандыруға мәжбүр болды. Жалақы мөлшері едәуір көбейтілді, 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді, азық-түлік өнімдерінің бағасы аз да болса арзандатылды. Жұмысшыларға су өтпейтін арнайы киім-кешек, аяқкиім берілді. Мұның өзі қазақ және орыс жұмысшыларының алғашқы бірлесіп жасаған іс-қимылының нәтижесі еді.
Қазақстандағы жұмысшылардың мұндай баскөтерулері мен ереуілдері, әсіресе теміржолшылардың арасында кеңінен қанат жайды. Революция жылдарында өлкедегі теміржолдарда пойыздардың жүріп-тұруы талай рет тоқтап қалды. Теміржол жұмысшылары 8 сағаттық жұмыс күнін ешкімнің, ешқандай әкімшіліктің келісімінсіз-ақ өз беттерімен орнатып алды. Олар алғашқылардың бірі болып жұмысшы кәсіподақтарын құрды. Жұмысшылардың бекеттерге, жол бөлімшелеріне, кейде тіпті бүкіл теміржолға басшылық жасауды өз қолдарына алған кездері де болды. Олар патша үкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы тұру үшін жауынгерлік жұмысшы жасақтарын құрды.