5. Ағартушының қоғамдық-саяси қызметі. 1869 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар
оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің арқасында ақталып шықты. Халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...» Ы. Алтынсарин патша үкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің ұшан-теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Қазақ мемлекеттік Білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның құрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп тұрады.